Ахмет Байтұрсынов бүкіл саналы өмірін қазақ қоғамында білім-ғылымның дамуына, ағартушылық ісінің жанданып кемелденуіне бағыштады. Ол оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру саласында өзіндік өшпес ізін қалдыра білді. “Әліпби”, “Тіл құралы”, “Әдебиет танытқыш” т.б. оқу құралдарын жазып, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың әдістемелік мәселелерін зерттеу ісімен айналысты. Қазақ тілінің табиғаты, өзгешеліктері, араб алфавитін жетілдіру, терминдер туралы ғылыми өресі биік еңбектер жазды. Оның 1926 жылы Баку қаласында өткен түркологтардың Бүкілодақтық І съезіне қатысып, араб, түркі тілдері мен сол тілдерде қолданылатын әліпбилер туралы баяндама жасауы, бірнеше комиссияның жұмысын басқаруы, Қазақстан Оқу-ағарту халық комиссариатындағы, баспа ісін басқарудағы жұмыстары оның қоғамдық, мәдени-ағартушылық, ғалымдық қызметінің алуан арналы қомақтылығын танытады.
А.Байтұрсынов өзінің ұстазы ұлы Абай салған жолмен орыс әдебиетінің мысалшыл классигі И.А.Крыловтың туындыларын аударып, “Қырық мысал” деген атпен 1909 жылы Петерборда бастырып шығарып, оқулық ретінде ұсынды.
Ахмет Крылов мысалдарын аударуда да белгілі ағартушылық мақсат көздеді. Ол қазақ халқының әлеуметтік өміріне, тұрмыс-тіршілігіне сай келетін, надандығын, жалқаулығын, алтыбақан алауыздығын әшкерелейтін мысалдарды таңдап, талғап аударды.
Патша өкіметінің отарлау саясатының қазақ халқының хал-ахуалын әбден төмендетіп, шымбайына батқанын көре білген Ахмет Байтұрсынов 1913 ж. “Жиған-терген” атты өлеңінде:
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып,
Қанған жоқ па әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың! –
деп қалың елі қазағының хал-ахуалын тебірене жыр етті.
А.Байтұрсыновтың ағартушылық ой-пікірлері 1911-1915 жылдары шыққан “Айқап” журналы мен 1913-1917 жылдары Орынборда шыққан “Қазақ” газетінде (ол 5 жыл бойы осы газеттің жауапты редакторы болған) жарияланған мақалаларынан айқын көріне бастады. Ол өзінің 1911ж. “Айқап” журналына жазған “Қазақтың өкпесі” атты мақаласында “Өзге жұрттар өнер-білім қуғанда, қазақтың хандары да, халқы да ғылым, өнерді керек қылмаған. Ханы надан, халқы надан жұрт мықты мемлекет жанында өз алдына хандық құрып тұра алмайтын болғандықтан… хандарымыз халқыменен Ресейге қосылған” деп тарихи шындықтың бетін ашады. Қалың елі қазағына ұлы ақын Абайша өсиет айтып, “Шаруаңды түзет. Жалқаулықтан арыл, адал еңбек ет, кәсіп үйрен, тер төк… Дүниеде елге теңдік, кемге кеңдік беретін, азды көпке теңгеретін ғылым мен өнерді үйренейік ағайын!” – деп көпке жар салды.
Ал 1913 ж. “Қазақ” газетінде жарияланған “Оқу жайы” атты мақаласында мәдениетті елдермен мәдениетсіз, оқу-білімсіз елдерді салыстыра келіп, “Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның бар байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші. Мұның себебі бұл заманда не нәрсе болмасын машинаға айналды. Адам баласын көкке құстай ұшырған, суда балықтай жүздірген ғылым. Дүниенің бір шетінен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған да ғылым. Отарба, откемелерді жүргізген ғылым” деп өнер мен ғылымның жасампаздық күшін паш ете келеді де, қазақтың басқа жұртқа жем болуының, теңдіктен құр алақан қалуының басты себебін А.Байтұрсынов оқусыз надан қалуынан деп санайды.
Сондай-ақ, өзінің 1913 жылы “Қазақ” газетінде жарияланған “Қазақша оқу жайынан” атты мақаласында “Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі… қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктердің көбі түзелгенде оқу-біліммен түзеледі” – дейді. Оқудың қоғамды өзгертуші күш екенін, жауыздық пен надандық атаулының бәрі білімсіздіктен, надандықтан туындап отырғанын тап басып тура айтты.
А.Байтұрсынов туған халқының ғылым-білімге ұмтылуын, әр қазақтың ең болмаса бастауыш білім алуын аңсады. “Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білім де сондай керек”, – деп жазды ол. Бірақ осындай білім беретін ауыл мектебінің сол кездегі хал-күйі оның қабырғасына қатты батты. Бұл жөнінде: “Осы күнгі ауыл мектебінде оқуға керекті құрал жоқ. Оқыта білетін мұғалім аз. Сонда да хат білетін қазақтардың проценті мұжықтардан жоғары… Бұл мектептің халыққа жақындығы, балалардың білімді ана тілінен үйренетіндігі…” деп ауылдық қазақ мектептерінің жайын сөз ете келеді де, “орыс школдарында тәртіп те бар, құрал да сай, мөлшер, жоспар – бәрі де бар. Сонысына қарай пайдасы аз. Олардың пайдасын кемітіп отырған бір-ақ нәрсе: қазақты орысқа аударамыз деген пікірі (орыстану саясатын айтып отыр. – С.Қ.) бүлдіріп отыр”– деп қазақ даласында патшалық Ресейдің отарлау саясатының қалай іске асырылып жатқанын әшкерелейді.
Ол патша әкімдерінің оқу-ағарту ісіндегі бұл саясатының түпкі мақсатын одан әрі айқындай түсіп, “Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болуы, әр халыққа керегі өз дінін, тілін, жазуын сақтау. Солай болған соң бастауыш мектеп әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек… Қазақты басқа дінге аударамын деу құр әурешілік. Қазақты дінінен аударуға болмаса, жазуынан да аударуға болмайтын жұмыс” деп, өз пікірін батыл білдірді. А.Байтұрсынов “Қазақ” газетінің 1914 жылғы 62-санында “Мектеп керектері” деген мақаласында “…Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар оқыта білетін мұғалім. Екінші – оқыту ісіне керек құралдардың қолайлы, һәм сайлы болуы. Құралсыз іс істелмейді, һәм құралдар қандай болса, істеген іс те сондай болмақшы. Үшінші – мектепке керегі белгіленген программа” – деп оқытуға қажетті мәселелерді ғылыми тұрғыда талдап береді.
Автор қазақ бастауыш мектептерінде қандай пәндер оқытылу керек дегенге де арнайы тоқталып, ол пәндерді: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, шаруа-кәсіп, қолөнері, жағрафия, жаратылыс болуы керек деп саралап көрсетеді. А.Байтұрсынов осы пәндердің оқулықтарын шығаруды қолға алынғанын, алайда арнайы баспахана болмағандықтан, кейбір оқулықтарды шығару ісіндегі қиындықтарды қынжыла баяндайды.
“Қазақтың өмірі орыс халқымен тығыз байланысты” деп келешекке көрегендікпен қарап, “орысша оқу орыс қол астында тұрған жұртқа керек. Жаңа жолдың көшбасшысы жаңа оқып шыққан жас мұғалімдердің қолында. Бұлардың күштері тың, білімдері соны, пікірлері жаңа – ниетті, жұртына қызмет ету…” екенін атап көрсетеді. Қазақ арасына білім нұрын шашуға нағыз қолайлы деп ауыл мұғалімдеріне үлкен үміт артады.
А.Байтұрсынов Қазан төңкерісіне дейінгі ауыл мектебінің кемшіліктерін де дұрыс көрсете білді. “Бұлардың кемшілігі сол – деді ол – бала оқыту ғылымын (методикасын) меңгергендер, оқығандар ішінде кем болуы. Дыбысты жақсы білмей тұрып, усул төте (жаңаша буындап оқыту) жолымен жақсылап бала оқытуға болмайды. Дыбыспен жаттықтырудың оқуды, жазуды жеңілдетуге пайдасы көп екенін я білмегендік, я білсе де істеп көрмегендік-тәжірибесіздік” деп оқытудың әдістемелік мәселесін қазақ топырағында тұңғыш рет сөз еткен де Байтұрсынов болды.
Ол осы пікірін әрі қарай жалғастырып, “Оқыту жайынан” атты мақаласында “… оқу жұмысы үш нәрсеге тіреледі: бірі ақшаға, бірі құралға, бірі мұғалімге. Осы үш тіреуі бірдей тең болса, оқу қисаңдамайды, ауытқымайды, түзу жүреді…” дегенді айтты. Ол осы пікірін іске асыру жолында нақтылы еңбек етті. А.Байтұрсынов 1912 жылы тұңғыш қазақша сауаттандыратын “Оқу құралын” жазды. Бұл оқулықтың фонетикаға арналған 1-бөлімі “Тіл құралы” деген атпен алғаш рет 1915 жылы жарық көрді. 2-бөлімі 1914 жылы, ал синтаксиске арналған 3-бөлімі 1916 жылы басылып шығып, 1928 жылға дейін әлденеше рет қайта басылып, пайдаланылып келді.
Ол осы оқулықтарда қазақ грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына тұңғыш қазақша терминдерді ұсынды. Күні бүгінге дейін қолданылып жүрген зат есім, сын есім, сан есім, етістік, есімдік, үстеу, шылау, одағай, бастауыш, баяндауыш т.б. сан алуан лингвистикалық ғылыми терминдердің баршасы А.Байтұрсыновтікі.
Оқулықтың тағы бір құндылығы – қазақ тілі грамматикасының басты салалары – фонетика – дыбыс туралы ғылым, морфология – сөз құрамын зерттейтін ғылым, ал синтаксис – сөйлем құрылысын зерттейтін ғылым деп, тұңғыш рет қазақ тіл білімін ғылыми зердемен саралап берді. Ол қолданбалы грамматиканы да жазып, “Тіл жұмсар” деген атпен екі бөлімді кітап етіп ұсынып, 1928 ж. Қызылордада бастырып шығарды.
Бұрынғы қадім жазуы бойынша әр әріптің таңбасы сөз басында біртүрлі, сөз ортасында біртүрлі, сөз аяғында біртүрлі болып белгіленетін. Және бас әріп, кіші әріп таңбасы болатын, сөйтіп 28 әріптің 145-150 таңбасы бар еді. Ал ол баланың тез сауаттануына үлкен кедергі келтірді. А.Байтұрсынов осы әріп таңбаларын 56-ға түсіріп және жаңартып, мүлде жеңілдетті. Бұдан балалар тез сауаттанып, жылдам оқи, жаза алатын болды. Сондай-ақ, А.Байтұрсынов 1926 ж. “Әліпбидің” жаңа суретті түрін кітап етіп қайта бастырып шығарды. Бұл “Әліпбидің” мазмұны қазақ жағдайына қарай, мемлекеттік білім кеңесінің жаңа программасына үйлесімді болып шықты. Әңгімелері балалар үшін қызық, жеңіл, заманға лайық болды.
Жаңа “әліпбидің” тағы бір ерекшелігі қазақтың ежелгі ауыз әдебиеті үлгілері, төрт түлік туралы өлең-жыр, жұмбақ, мақал-мәтел, аңыз, әңгімелер үзінділерін әр әріпті өтуге байланысты орынды пайдалануы және олардың тәлімдік те, танымдық та маңызын ескере отырып іріктелуі еді.
А.Байтұрсынов қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің теориялық мәселелерін қарастырумен бірге, ол пәндерді оқыту әдістемесінің де іргетасын қалаушы болды. А.Байтұрсынов 1928 ж. “Жаңа мектеп” журналының 8-санында жарияланған “Қай әдіс жақсы” деген көлемді мақаласында орыстың ұлы педагогі Л.Н.Толстойдың “Үйрету әдістері туралы” деген еңбегіне талдау жасай отырып, “Әдіс деген қатып-семіп қалған догма емес. Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс жоқ. Олақтықтың белгісі – бір ғана әдісті болу, шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу” деп тұжырымдайды.
Ол балаларға жылдам хат таныту үшін дыбысты ажырататын жаттықтыру әдіс-тәсілдерін терең қарастырды. Сауаттылықтың негізі жазуға жаттықтыру деп қарады. Көркем жазу мен мәнерлеп оқу дегендер жазу ісі мен оқу ісінің жетілдірілген түрі деген қорытынды жасайды.
А.Байтұрсынов методикалық бірнеше әдістемелік мақалалар жазып, соның негізінде 1920 ж. қазанда “Баяншы” деген атпен тілді оқытудың методикасына арналған әдістемелік құрал шығарды. Онда автор мұғалімдерге “Әліппені” оқытудың, сауат ашудың әдістерін ғылыми тұрғыда көрсетіп берді.
А.Байтұрсынов оқытудың білімдік-танымдық жағымен бірге, тәлімгерлік жағына да баса көңіл бөлді. Оның жазған “Әдебиет танытқыш” атты оқулығы көркемсөз өнерінің қисыны әдебиет теориясының негізін тыңнан тұңғыш салған, жүздеген әдеби білімдік терминдерді тұңғыш тілімізге енгізген аса құнды ғылыми еңбек болды. “Өнер дүниесі ғылым арқылы да жасалады. Ол адам еңбегін жетілдіруге, жаңалық табуға, табиғатты меңгеруге, адамдардың әлеуметтік-өмірлік қажетін өтеуге қызмет етеді… Мұнан басқа адамның рухани қажетін өтеу үшін қызмет ететін түрлері бар. Ол көркемөнері (искусство), ол беске бөлінеді: біріншісі – сәулет өнері, екіншісі – сымбат өнері, үшіншісі – кескін өнері, төртіншісі – әуез (музыка) өнері, бесінші және ең бастысы сөз өнері (“өнер алды қызыл тіл”)” – дей келіп, бұлардың бәрі адамды әсемдікке бөлеуге, табиғаттың тамаша сырларын танып білуге тәрбиелейтіндігіне тоқталады.
Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ ауылында мектеп ашу, оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету, мұғалім кадрларын даярлау істері шешуін таппаған аса күрделі мәселелердің бірі болатын. А.Байтұрсынов бұл мәселелерге де ерекше көңіл бөліп, оны шешудің жолын көрсетіп берді.
А.Байтұрсынов мұғалімдерге педучилищелерді ашып, арнаулы оқу орындары арқылы даярлаудың тиімділігін айта келеді де, ондай оқу орындарының әзірге қазақ даласында жоқтығын ескеріп, орыс мектептерін, не қазақ медреселерін оқып бітірген жастардың талаптыларын таңдап алып, мұғалімдік жұмысқа қоса пайдаланайық деген ұсыныс жасайды. Олардың білімін жетілдіру мақсатында жаз айларында бір-екі айлық қысқа мерзімді курстар ашуды ұсынады.
Кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында ауылда сауат ашу, оқыту үлкен қиыншылықтарға кездесті. Мектеп салуға, мұғалімдер кадрларын даярлауға қаржы жетпеді. Оқу құралдары тапшы болды. А.Байтұрсынов 1923ж. “Еңбекші қазақ” газетіне “қазақ арасында оқу жұмысын қалай жүргізу керек” деген мақала жазып, бұл проблеманы шешуге де үн қосты. Школдың расходынан қашпай, школ ашу керек… школдың жанынан балалар жатып оқитын үй жатахана, не болмаса интернат ашылуы қажет” деді.
А.Байтұрсыновтың елінің көне мәдениетін жанындай сүйенетін қайраткерлігі, әсіресе 1918-1928 ж.ж. арасында, араб әрпінен латынға көшіруге байланысты шыққан дау-дамай, айтыста ерекше байқалды. Ахаң бұл мәселе жөнінде бірнеше мақала жазып, ақыры түркологтардың 1926 ж. Бакуде өткен Бүкілодақтық І съезінде жасаған баяндамасында өзінің табандылығын көрсетіп бақты. Онда ол араб алфавиті мен латын алфавитінің мәдени-экономикалық тұрғыдан қайсысы тиімді дегенді жан-жақты сөз ете келіп, “тұтынып отырған әліпбиді тастап, бөтен әліпбиге көшкенде, қанша сауатты адамдар сауатсызға айналмақшы, қанша мұғалімдер қайтадан хат үйренбекші, қанша баспаханалардың қаріптері жаңадан жасалып, жаңадан құйылмақшы, қанша қаржы шықпақшы, қанша еңбекті сарп етпекші. Ең сорақысы – халықтың ғасырлар бойы араб әрпімен жазылып, жиналған бай мәдени мұрасынан кейінгі ұрпақ “қол үзіп мақұрым қалмақшы” деп дәйекті дәлелдер келтірді. Кейін Ахаңның осы пікірлері өзіне кесел болып жабысып, “халық жауы”, “панисламист” деп айыпталып, атылуына себеп болды.
А.Байтұрсыновтың қазақ ғылымы мен мәдениетіне, оның ішінде ұлттық педагогика мен оқу-ағарту ісіне сіңірген өлшеусіз мол еңбегін М.Әуезовше бағаласақ,”Анама тарту“Ахаң түрлеген ана тілі”, Ахаң салған әдебиеттегі орны”, “Қырық мысал”, “Маса”, “Қазақ” газетінің 1916 ж. қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, оқу-ағарту, саясат жолындағы қажымас қайраты… тарих ұмытпас істер болмақ”.
- Міржақып Дулатұлы бұрынғы Торғай уезіндегі Сарықопа болысының №3 –ші ауылында 1885 жылы 25 қарашада дүниегк келді. Ата-анасынан ерте айырылған болашақ жазушы дәулетті тұратын ықпалды нағашысының қамқорлығына алынады. Оның үйінде бай кітапхана болыпты,қазақ зиялылырының өкілдері,француздар мен ағылшын зауыты иелері жиі қонақ болып келіп жатады екен. Міржақып жақсы білім алып,жан-жақты,дарынды боп өсті. Жас жазушы өзінің шығармаларын “Арғын” деген бүркеншік атпен жиі-жиі жазып жүрді. 1909 жылы оның “Оян қазақ!” деген өлеңдер жинағы шықты. 1910 жылы қазанда оның “ Бақытсыз Жамал” романы жарық көрді. Кітап оқырмандар жүрегіне жол тауып,таңқаларлық табысқа жетіп,орыс,неміс және француз тілдеріне аударылды. Ақжарқын мінез,нәзік сезімдер,жеңіл тіл,оқиға іс-қимылдарының қалыптан тыс өрбуі,еуропалық романдарының нышандарына тән болғанмен,кейіпкерлердің қарым-қатынастарында,табиғат суреттеулерінде қазақ ауылы өмірі,салт-дәстүр,ұлттық нақыштар байқалады.
М. Дулатов жарқ еткен ақын болатын-ол саяси лирикалық екі кітаптың иегері;философ ретінде,оның зорлық-зомбылықсыз қағидаларға негізделген идеялары Махатма Гандидің іліміне жақын; корректор ретінде- “Қазақ” газетінде редакторлық түзетуден өткізді.Сол заманның ең көкейтесті мәселелері бойынша мыңнан астам мақалаларын жариялады.
М. Дулатов қиын да ауыр шығармашылық жолдан өтсе де, артына бай мұра қалдырды. Қандай мәселені болсын көтерсе, ең алдымен ұлттық мүддені,халықтың мұратын алға қойды. Алғашқы қазақ журналистикасының негізін қалаушылардың бірі болды.
Ол халықтың саяси ой-өрісін,санасын оятқан қазақ зиялы қауымы өкілдерінің бірегейі еді.