Ұлттық психология және ұлттық мінез

Бұл өте күрделі, әлде де толық зерттеліп, шешімін тапппай келе жатқан мәселе. Осы жайтты жақсы аңғарған Н.Назарбаев былай дейді: «Менің ойымша, қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі әле жете зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние».

Ғасырлар бойы көшіп қонып жүрген халық өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік экономикалық жағдайларына, мәдениеті мен тарихына, табиғатына орайлас жас буынға тәлім-тәрбие берудің айрықша талап-тілектерін дүниеге әкелді. Мәселен бұлар жас адамның жұртқа танымал моральдық-психологиялық нормасын «сегіз қырлы, бір сырлы» делінетін қанатты нақыл сөздермен қисындады. Осынау аталы сөздің мән мағынасы мыналар еді:

  1. Мал шаруашылығын жете игеру;
  2. Еңбек сүйгіштікпен қиыншылыққы төзе білу;
  3. Ел намысын қорғау;
  4. Жаудан беті қайтпау;
  5. Ата тегін жадында сақтау;
  6. Сөз асылын қастерлеу;
  7. Тапқырлық пен алғырлық, ат құлағында ойнау; ата салтын ьбұзбау (жасы үлкенді силау, құдайы қонақтың меселін қайтармау, көрші хақын жемеу, т.б)

Көшпелі өмір тіршілігі қара күшке мығым, қиыншылыққа төзімді құбылмалы табиғат жағдайына тез икемделгіш болумен бірге, жан-жүйесі жағынан да жан жақты жетілген, кемел адамдарды қалыптастырды. Үйде де түзде де бала ес білгеннен бастап із кесіп, жол қарап, жұлдыз санап өсті. Олардың көзі қырағы, құлағы сақ қияңдағыны шалатыны болды. Аң аулап, мал бағып, күнделікті күйбең тіршілікпен жүрседе жас өскін ақынның сөзін, жыраудың жырын, әншінің әні мен әуенін қалт жібермей тыңдап, ел аузындағы ұтымды мақал мәтелді ртегі мен жұмбақты, терме мен шежірені жадында сақтап, халық даналығын өзіне рухани азық етіп отырды. Әрдайым көшіп қонуға дайын отырған қазақтар үшін аң аулау, мал күзету, жау түсіру-тұрмыстың дағдылы машығына айналды. Әрбір көшпенді әрі жауынгер, әрі малшы, әрі шаңырақ иесі болып табылады. Осы айтқанымыздың дәлелі болып табылатын кейіннен мақал болып кеткен «Өнерді үйрен де, жирен», «Жігітке жетпіс өнерде аз», «Шебердің қолы ортақ», «Жауда жүрсе ат ойнатқан батырым, үйде жүрсе, құрт қайнатқан батырым» сияқты бес аспан адамның психологиясы жайлы қанатты сөздер біздің заманымызға дейін жетті. Психологиялық тұрғыдан «бірауызды» болып қауымдасқан жандар ұнемі өздерінің рулық одағына етене сіңіскен салттар мен дәстүрлерді ұстанды. Осыған орай көшпелі тұрмыс тәліміне лайықталған бата беру, ант ішіп ақталу, айтысқа, дау дамайға төрелік айту сияқты этностық таптаурындар (стереотип) кең өріс алды. Әрине осы таптық санамен бірге әркімнің жеке басының әлеуметтік және биосфеералық факторларға орайлас жеке дара, жас , жыныс ерекшеліктерінің де болатындары еске алынды. Мәселен, көшпелі халық қыз баланы ерекше қадірлеп, қастерлеп, әлпештеді.Оны әдемілік пен әдептіліктің, сұлулық пен іңкәрліктің символы деп, ал мінезі жайсаң, әдепті жігітті «қыз мінезді жігіт екен» дейтін болды.

«Бұрынғы уақытта- деп жазды Ж Аймауытов пен М.Әуезов «Қазақтың өзгеше мінездері» деген мақаласында; қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы ірі, бітімді, қайратты, сауықшыл ел болған екен. Досымен достасып табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен»-дейді. (алаш, 1917, 30 наурыз, №16)

Төменде қазақтың ұлттық мінез бітістерінің кейбір жақтарына сипаттама беріліп отыр.

Отансүйгіштік

Халқымыз кір жуып, кіндік кескен атамекенін аялап, елінің тілі мен мәдениетін, әдебиеті мен тарихын, біртуар аяулы перзенттерін мақтан тұтын, қадірлеп-қастерлеуді ұрпағына аманат еткен.

Бізде қай жүзге жататыныңды, қайрудан екеніңді білу ес жиып, есейгеннің белгісіндей дей отыра, мұның түпкі мақсат-мұраты біреу, ол ынтымақты ел болуға бағытталған. Ер азамат үшін туған халқын жан-тәнімен сүю, оның шаруашылығы мен мәдениетінің өркендеп, көркеюіне бар күш-жігерімен білімін, еңбегін жұмсап, үлес қосу перзенттік парыз болған. Қаз дауысты Қазыбек би: «Алтын ұяң-Отан қымбат…туып өскен елің қымбат, кіндік кесіп, кір жуған жерің қымбат»- деп тебіренген ғой.Қазақ елі –біздің Отанымыз, атамекеніміз, қастерлеп келе жатқан туған жеріміз.Осы жерді жан тәнімен сүйетіндер де, оны көздің қарашығындай қорғап, сақтайтындар да ең алдымен қазақ халқы, оның сендердей ізбасрлары.. Қаршадайынан өз отбасынан , әкесі мен шешесін, бауырлары мен туған туысқандарын қастерлеп, қадір тұтқан адамғана есейе келе туған халқы мен ел жұртын, атамекенін шын көңілмен сүйетін болады. Өйткені халқымыз «Отан от басынан басталады», деп бекерге айтпаған.Ата-анасын, өз үрім-бұтағын жанындай жақсы көріп сүймеген баланың ел-жұртын, халқымен ұлтын сүйетін толыққанды азамат болуы екіталай. Ұлтжанды кісінің имандылық-адамгершілік қасиеттері,- сондай-ақ, оның жекжат-жұрағатқа деген оңды көзқарасынан да жақсы байқалады.

Намысқойлық

Бұл әр этностың өз халқының ар-ожданын, имандылық қадір-қасиетін көздің қарашығындай сақтай білуінен, қажетті жерінде бұл үшін жанын пида етуден көрінетін қасиет.

Қазақ халқы өзінің ұлы мен қызын қаршадайынан намысқойлыққа баулып, Отанына, кір жуып, кіндік кескен жеріне дақ түсірмеуді қатты ескерткен, «арым жанымның садағасы»-деп, ар намысты бәрінен де жоғары бағалаған.

Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасындағы Баян батырдың інісі Ноян жастық пен махаббатың сезім күшін ақылға жеңдіре алмай, қолға тұтқын болып түскен қызбен бірге қалмақ еліне қашып кеткенін білесіздер. Ағайын-туысқандардың «елін сатып кетті» дегн бір ауыз сөзі намысына тиген Баян батыр оларды қуып жетіп, өлтіреді ғой. Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде өз ұлтының намысын қызғыштай қорыған қазақ жауынгерлері қаншама! Атақты Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаевтың намыс сезімі қандай жоғары деңгейде болғаны белгілі. Осы соғыста жүзге жуық қазақ жауынгерлерінің Совет Одағының Батыры атағын алуы да ұлттық намысқойлығымыздың белгісі емес пе ? Қазақ халқының арғы-бергі тарихынан мұндай мысалды көптеп табуға болады. Мәселен, 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда қазақ жастары жүрек әмірімен ұлттық намысты қорғап, халқымыздың ардагер ұлы Дінмұхамед Қонаев (1912-1993) жұмыстан алынғанда оның орнына қазақстанның басшысы қазақ ұлтынан, не болмаса қазақстандық болсын деп заңды талап қойған жоқ па ? Осынау әділетті талап-тілек аяққа тапталып, арты қанды қырғынға ұласып, қаншама адам қаза болды. Қазақ қыздарына қол жұмсап жатқан қарулы милиция қызметкерлерінің анайы ісіне шыдай алмаған Қайрат Рысқұлбков, жігіттік намыспен арашаға түскені үшін аяусыз жазаланып, өмірін қиды.Ол өлімге қасқая қарсы қарап тұрып, тергеушілер алдында басын имеді. Оның «Атам десең атыңдар, Еркек тоқты құрбандық» -деген сөзі кейін нақылға айналып, ұлт намысын қозғаудың тамаша ұраны болды.Қайраттың осынау жүректілігі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі боларлық, ұлттық намысты жанынан артық бағалаудың тамаша үлгісі.

Шешендік

Халқымыздың жайсаң психологиясын аса биіктен көрсететін ұлттық ерекшеліктерінің бірі-суырып салма шешендік. Бейнелі, астарлы, тұспалдап айтатын шешендік сөзге аса үйір халық екендігіміз жайлы ғұлама-ғалым Шоқан Уалиханов: «қазақ шешендікке құмар, сөз өнерін әсіресе әзіл-оспақты жаны сүйеді»- деп , кезінде айтқан еді. Халқымыз «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады»-деп, сөз құдіретінің психологиялық астарын жақсы аңғарған. Шебер де, шешен сөйлей білу- адамның асыл қасиеттерінің бірі есептелініп, мұны олар өзгелерге психологиялық жағынан әсер етудің ерекше құралы, тәсілі деп те санаған.

Әдептілік

Бұл халқымыздың ұлттық психологиясының өзегі имандылық пен адамгершілігінің басты белгісі, оның ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көрінісі, барлық кісілік қасиеттрдің жиынтығы. Әрине, «Тауына қарай аңы, заманына қарай заңы», «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» дегендей, әдептіліктің әр елде тарихи, әлеуметтік өзіндік ерекшеліктері де болғандығы белгілі. Ал қазақ халқының әдеп сақтау дәстүрі ешбір тапты, ұлтты, нәсіл мен жыныс айырмашылықтарын алаламайды.. Онда релятивизм, абсолютизм, антитеза дегндер кездеспейді.

Әдеп сақтаудың экологиялық астары да да бар. Әдепті адам табиғаттың досы, оны қызғыштай қорғай да біледі. Табиғаттың әсемдігі мен сұлулығына, әдемілігіне әрбір адам зиян келтірмеуге тиіс. Мәселен, суды ластау, талды кесу, қайнардың көзін ашпау, жолдағы тасты алып тастамау, көкті жұлу, аққуды ату, құдыққа түкіру- барып тұрған әдепсіздік. «Әдептілік-әдемілік» дейді халық. Әдептілік: ізеттілік, кішіпейілділік, көпшілік деген сөз.

От басындағы әдептілікті де әлеуметтік қарым қатынастың негізі ретінде, әр адам қатаң қадағалап, бұзуға жол бермей, оны қалыптасқан ереже деп түсінуі қажет. Талап қою, әдептіліктің орындалуын талап ету- бүкіл қазақ жұртының, оның мың-мыңдаған әулеттерінің қастерлі міндеті.

Ұлылырдан ұлағат

Ұлттық мақтаныш-жеке адам мен ұлт үшін бұзылмас заң. Кімде кім өз ұлтын құрметтемесе және оны мақтан тұтпаса- ол адам сөзсіз арамза, қаңғыбас.

Бауыржан Момышұлы

«…өз ұлтын сүйген адам өз ұлтының бақыты үшін өз бақытын құрбан қылады»

Мағжан Жұмабаев

«Дүниеде туған еліңнен артық ел де, жер де жоқ»

Ғабит Мүсірепов

Кімде кімбасқалардың бақытын ойлап, өз ғұмырын сарп етсе, оның жаны сұлулана түсіп, жұлдызы жанады.

В.А.Сухомлинский

«Намысқа кір келтірушілік, моральдық рухтың асқақтығын қорлау-

масқара болушылық»

Бауыржан Момышұлы