Әлеуметтік-экономикалық қайта қалыптасулар жағдайында халықтың өмір сүру деңгейін көтеру мәселесін шешу Қазақстан Республикасын нығайтудың негізгі міндеттерінің бірі. Бұрынғы кеңестік ғылыми әдебиеттерде «кедейлік» түсінігі болмады, өйткені оның болуының өзі жоғарғы билік тарапынан мойындалмады, сондықтан барлық зерттеулер жабық сипатта болды. Кедейлік феномені бұрыннан адамзаттың ең өзекті және аз зерттелген мәселесі болып қалуда. Әлемдік ғылым мен тәжірибеде кедейлікті әлеуметтік-экономикалық құбылыс ретінде анықтау мен өлшеудің үш тұжырымдамасы қалыптасқан.
Біріншісі кедейлікті абсолюттік категория ретінде қарастырады. Сәйкесінше, абсолюттік кедейлікпен күрестің идеальды мақсаты – абсолютті түрде оның алдын алу, яғни дамыған қоғамда ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар адамдар болмауы қажет.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде дамыған екінші тұжырымдама кедейлікті салыстырмалы категория ретінде қарастырады және кедейлерге табысы қоғамдық орташа әл-ауқат деңгейінен төмен отбасыларды жатқызады.
Соңғы уақыттарда кедейлік шекарасын анықтау мен өмір сүру деңгейін субъективті әдіспен зерттеуге негізделген үшінші тұжырымдама кеңінен таралуда. Бұл зерттеуге сәйкес адамның өмір сүруде қамтамасыз етілуінің екі типін бөліп көрсетуге болады: бұл өзінің ресурстарын қолдану немесе негізінен басқаның ресурстарына сүйену. Қоғамның дамуы жағдайында индивидтің өзіндік дамуын, оның қоғамдық өндіріске қатысуын қарастыратын тәуелсіз өмір сүрулік қамтамасыз етілу оның «позитивті» формасын көрсетеді. Бұл әдіс голландтық және белгиялық ғалымдармен жасалған. Оның негізін материалдық жағдайды субъективті бағалау табыстар туралы ақпаратқа қарағанда шынайы жағдайды дәл көрсетеді деген көзқарас құрайды[1].
Қазақстанда кедейлік, әлеуметтік қорғау мәселелері әлеуметтік салада тәуелсіздік алғаннан кейін зерттеле бастады. Оған екі жағдай себеп болды. Біріншісі субъективті себеп, яғни бұл уақытқа дейін қазақстандық (кеңестік) халықтың кедейлігін жабық тақырыпта қарастырған идеологиялық табу толықтай алынып тасталды. Ғылыми көзқарастың дамуы дәстүрлі қоғамның орнына индустриальды қоғамның келуімен басталады. Осы уақыттан бастап кедейлер мен кедейлікке байланысты жалпы қоғамдық санада түсініктер өзгерді, мәселені танымның арнайы сферасында бөліп қарастыру және оны шешу мен зерттеудің ғылыми әдістерін іздеу жүргізілді. Екіншісі объективті себеп, яғни әлеуметтік-экономикалық реформалардың басталуы халықтың жинақтарының құнсыздануына, жұмыссыздықтың өсуіне, әлеуметтік жәрдемақы мен жалақы бойынша қарыз феноменінің пайда болуы мен дамуына, аймақтардың кенеттен әлеуметтік-экономикалық дифференциациясына алып келді. Соған байланысты мемлекет әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жүргізе бастады. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде реформалар жасалынып, көптеген заңдар мен бағдарламалар қабылданды. Халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауы 90 жылдардың соңына дейін жоғары деңгейде болды, яғни кедейлік деңгейі жоғары болды деген сөз. ҚР-ның 2000 жылдардың басында басталған экономикалық өсімі әлеуметтік салаға өз әсерін тигізді. Оны төмендегі 1 кестеден байқауға болады.
Жоғарыдағы кесте 1 көретініміз 2001 жылы кедейлік үлесі 46,7 %-ды құраса, 2006 жылы 18,2%, ал 2009 жылы 8,2%-ды құраған. Оның ішінде 2009 жылы қала халқы 5,6%, ал ауыл халқы 12,1%-ды құраған. Бұдан көретініміз ауылдық жерлерде қалаға қарағанда кедейлік деңгейінің жоғары болуы. Тұтынушылық қоржыны құнынан төмен табысы бар халықтың үлесі 2001 жылы 16,1%-ды құраса, 2009 жылы ол 0,6%-ға дейін төмендеген. 2009 жылы кедейлік тереңдігі 1,3%, ал кедейлік өткірлігі 0,3%-ды құраған. Орташа жан басына шаққандағы үй шаруашылықтарының табысы 2001 жылғы 5729 теңгеден 2009 жылы 21348 теңгеге ұлғайған. Яғни, 4 есеге жуық өскен. Мұның барлығы мемлекеттің әлеуметтік салаға көңіл бөлуінің нәтижесінде жүзеге асып жатыр [2]. Соған қарамастан қазіргі кезде кедейлік мәселесі елімізде өткір мәселелердің бірі болып қалуда. Өйткені табыстардың өсуіне қарамастан инфляция деңгейі де жоғары болып тұр. Ел президенті Н.Назарбаев озінің жыл сайынғы жолдауларында, сонымен бірге Қазақстан Республикасының 2020 жылғы даму бағдарламасында халықтың әлеуметтік жағдайының дамуына, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге нақты шараларды жүзеге асыруды атап көрсетті [3].
Халықтың өмір сүру деңгейінің көрсеткіштері | ||||||||||
Кесте 1 | ||||||||||
№ | Көрсеткіштер | 2001 | 2002 | 2003 | 2004 | 2005 | 2006 | 2007 | 2008 | 2009 |
1 | Ең төменгі өмір сүру деңгейінен төмен табысы бар халықтың үлесі, % | 46,7 | 44,5 | 37,5 | 33,9 | 31,6 | 18,2 | 12,7 | 12,1 | 8,2 |
қала | 36,0 | 33,0 | 24,7 | 23,4 | 20,2 | 13,6 | 6,9 | 8,1 | 5,6 | |
ауыл | 59,4 | 58,4 | 53,2 | 47,1 | 45,6 | 24,4 | 18,1 | 15,9 | 12,1 | |
2 | Тұтынушылық қоржыны құнынан төмен табысы бар халықтың үлесі, % | 16,1 | 13,8 | 9,1 | 6,3 | 5,2 | 2,7 | 1,4 | 1,2 | 0,6 |
қала | 10,7 | 8,6 | 4,9 | 3,9 | 2,4 | 1,8 | 0,7 | 0,6 | 0,2 | |
ауыл | 22,6 | 20,1 | 14,2 | 9,4 | 8,5 | 3,8 | 2,1 | 1,7 | 0,9 | |
3 | Кедейлік тереңдігі, % | 14,8 | 13,3 | 10,2 | 8,3 | 7,5 | 3,9 | 2,4 | 2,3 | 1,3 |
4 | Кедейлік өткірлігі , % | 6,5 | 5,5 | 3,9 | 2,9 | 2,5 | 1,3 | 0,8 | 0,7 | 0,3 |
5 | Орташа жан басына шаққандағы (тұтынуға жұмсалған) үй шаруашылықтарының табысы, теңге | 5729 | 6518 | 7569 | 8387 | 9751 | 13723 | 16935 | 20037 | 21348 |
қала | 6787 | 7799 | 8988 | 9860 | 11504 | 16121 | 19865 | 23365 | 25008 | |
ауыл | 4477 | 4989 | 5828 | 6560 | 7599 | 10527 | 13687 | 16271 | 17136 | |
6 | Ең төменгі өмір сүру деңгейімен тұтынуға жұмсалған табыстардың арақатынасы, % | 101,3 | 108,6 | 117,2 | 123,6 | 128,0 | 163,2 | 175,4 | 162,1 | 168,6 |
7 | Орташа жан басына шаққанда халықтың номиналды ақшалай табыстары, теңге | 7670 | 8958 | 10533 | 12817 | 15787 | 19152 | 25226 | 30781 | 33877 |
8 | Нақты ақшалай табыстардың индексі, % | 111,3 | 110,3 | 110,5 | 113,8 | 114,5 | 111,7 | 118,9 | 104,3 | 102,6 |
9 | Орташа жан басына шаққандағы халықтың ақшалай шығыстары, теңге | 4918 | 5671 | 6674 | 7500 | 8800 | 12602 | 15516 | 18324 | 19718 |
қала | 6255 | 7267 | 8424 | 9349 | 10990 | 15535 | 19172 | 22569 | 24220 | |
ауыл | 3336 | 3765 | 4527 | 5206 | 6111 | 8691 | 11465 | 13520 | 14537 | |
10 | Ең жоғары 10% және ең төменгі 10% қамтамасыз етілген халықтың арақатынасы, есе | 8,8 | 8,1 | 7,4 | 6,8 | 6,8 | 7,4 | 7,2 | 6,2 | 5,3 |
11 | Табыстардың шоғырлану коэффициенті (Джини индексі) | 0,339 | 0,328 | 0,315 | 0,305 | 0,304 | 0,312 | 0,309 | 0,288 | 0,267 |
Ескерту: ҚР статистика агенттігінің мәліметтері негізінде
Кедейлік мәселесін еліміздің әлеуметтік-экономикалық потенциалын, аймақтық ерекшеліктерін, әсіресе ауыл халқының тұрмыстық жағдайын ескере отырып кешенді зерттеу қажет. Кедейліктің аймақтық ерекшеліктерін төмендегі 2 кестеден көруге болады.
2009 жылғы өндіруші аймақтардағы ауылдық кедейлік деңгейі
Кесте 2
Өңірлер | Халықтың үлесі, % |
Қазақстан | 12,1 |
Ақтөбе облысы | 11,0 |
Атырау облысы | 14,2 |
Шығыс Қазақстан облысы | 9,7 |
Батыс Қазақстан облысы | 11,5 |
Қарағанды облысы | 8,8 |
Қызылорда облысы | 12,7 |
Маңғыстау облысы | 42,9 |
Павлодар облысы | 12,8 |
Оңтүстік Қазақстан облысы | 13,2 |
Ескерту: ҚР статистика агенттігінің мәліметтері негізінде
Жоғарыдағы 2 кестеде көрсетілгендей, ауыл халқының кедейлігінің ең жоғары деңгейі Маңғыстау және Атырау облыстарында тіркелген. Ал бұл аймақтар орташа жалақы деңгейі жөнінен республикада ең жоғары көрсеткішке ие. Мұнай өндіруші негізгі аймақтардың ауылдық кедейлігінің негізгі себебі өнеркәсіптің тек шикізаттық бағытта дамуы және ауылдағы жұмыссыздықтың жоғары деңгейі болып табылады.
Ауыл халқының әлеуметтік жағдайының төмен болуының тағы бір себебі, ауылдағы негізгі жұмыс істейтіндер мектеп мұғалімдері мен медицина қызметкерлері, ал олардың жалақысы республикалық деңгейде басқа салалармен салыстырғанда ең төменгі деңгейде, яғни 40-50 мың теңге аралығында болып отыр.
Кедейлік деңгейін төмендетуде негізгі міндет әлеуметтік әріптестіктің жүзеге асырылуы болып табылады. Бұл біздің елімізге ең керекті шарттардың бірі. Әлемдік тәжірибеде әлеуметтік әріптестіктің бірнеше моделі мен типтері бар.
Бірінші модель – мемлекет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар тең құқықты болатын үшжақты байланыс. Бұл тәжірибе Австрия, Швеция және ФРГ мемлекеттерінде 60-80 жылдары билік басында социал-демократтар болған кезде кеңінен қолданылды. Соның нәтижесінде бұл мемлекеттер кедейлік пен жұмыссыздық деңгейін төмендетуде, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруде жоғары деңгейге жетті.
Екінші модель – жұмыс берушілер мен жұмысшылардың қарама-қайшылығын олардың өкілетті органдары реттейтін екіжақты қарым-қатынас. Бұл жерде мемлекет заңды негізде еңбек қарама-қайшылықтарын шешу міндетін жүзеге асырады.
Үшінші модель – жұмыс берушілер мен жұмысшылардың мемлекеттің араласуынсыз қарама-қайшылықтарды шешуі мен келісімге келуі. Бұл тәжірибе Жапония мемлекетінде қолданылады.
Елімізде кәсіподақтар төмен дәрежеде дамыған. Бұл моделдердің алғашқысын біздің елімізде қолдану өте қажетті шаралардың бірі деп есептеуге болады.
Сонымен бірге, кедейлік шегін ең төменгі күнкөріс шамасының деңгейіне көтеру маңызды міндет. Ең төменгі жалақының деңгейін инфляция және басқа да факторларды ескере отырып, шынайы деңгейіне жоғарылату қажет. Кедейліктің негізгі себебі — жұмыссыздық деңгейін төмендету және өзін-өзі қамтыған азаматтарды жинақтаушы зейнетақы қорларымен жоғары деңгейде қамту керек. Базалық зейнетақы төлемінің көлемін ең төменгі күнкөріс шамасының деңгейіне дейін көтеру өзекті мәселе. Жүргізілген реформаларға қарамастан Қазақстан Республикасында кедейлік мәселесіне, оның ерекшеліктері мен алдын алу шараларын анықтауға кешенді ғылыми түрде зерттеу мен талдау жасау төмен дәрежеде қалып отыр. Сондықтан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан кедейшілікке қарсы күрес комитетін, не болмаса оның себептері мен салдарларын зерттейтін орталықтарды құру, ғылыми-зерттеу институттарын ашу әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруде тиімді механизмдердің бірі болар еді. Кедейліктің тағы бір себебі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңды қатайту және мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талапты күшейту, қызметке қабылдау критерийлерін жетілдіру қажет.