Поэзияда өлеңді өлең ететін ырғақ, бунақпен қатар ұйқастың да айрықша қызметі бөлек. Ұйқас өлең табиғатына сай өзге қызметтерімен қатар (ырғақты күшейтетін немесе тармақ жіктерін ажырататын) оның көріктеу – бейнелеу құралы ретінде де мәні бар, демек өлеңдегі негізгі айтылмақ ойды білдіруге көмектеседі. Ұйқастырылған сөздерге ой екпіні түседі де, оған оқырманның көңілі аударылады [1].
Ұйқас өлең мазмұнына, идеясына, стиліне тікелей қатысты, соған орай ұйқастырылатын сөздердің сипаты (қай сөз табы екендігі) мен тұлғасының қандай екендігінің үлкен мәні бар. Сөйтіп, ұйқас яки рифма – клаузуладағы, кейде тіпті цезурадағы дыбыс қайталаулар, дәлірек айтқанда, өлең тармақтарындағы сөз соңының үндестігі, өзара ұйқас, дыбыстап естілуі. Ұйқас өлеңнің сыртқы түрі сонымен қатар, ішкі сырына да тікелей қатысты. Ұйқас (рифма) бізді алдыңғы қатарға қайтарады, оны еске алуға, мазмұнды құрайтын барлық қатарларды бірге қарастыруға мәжбүр етеді [2].
Ұйқас (рифма) туралы көптеген анықтамалар бар (В.Жирмунскидің [3], Б.Томошевскидің, Л.Тимофеевтің [4] және басқалардың еңбектері). Солардың ішінде ұйқас жөнінде ең жалпы және теориялық тұрғыдан дәл анықтама төмендегідей:
«Өлең метрикалық композициясында ұйымдастырушылық қызмет атқаратын әрқандай дыбыстың қайталануы» [5]. Ұйқас (рифма) поэтикалық мәтіннің (тексттің) мазмұндық, композициялық құрылымында, структурасында ең мәнді элемент.
Ұйқастың көркемдік функциясы ритмдік бірліктердің функциясына өте жақын келеді. Қазіргі ұйқас ритмо теориясының негізін В. Жирмунский 1923 жылы өзінің “Рифма, ее история и теория” атты кітабында жан – жақты негіздеген болатын. Ол өлең фонетикасын үйрену мектебінен өзгеше, ұйқас та (рифма) тек дыбыстардың бірге қайталануын ғана емес ырғақ (ритм) құбылысын көре білді.
“Әр қандай дыбыстық қайталауларды ұйқас (рифма) ұғымына жатқызуымыз қажет, өйткені ол өлеңнің композициялық өлшемінің қызметтерін ұйымдастырушы болып есептелінеді” деп жазды В.М. Жирмунский. Сондықтан да ғалымның бұл ереже анықтамасы кейінгі ұйқас анықтамаларына иегі болып келеді. Бірақ ұйқас (рифма) өлең жолдарын ұйымдастырушы құралдың бір түрі ғана деп білгеніміз жөн. Өлең қатарларын оның мазмұнын прозалық, эпикалық шығармаларды ұйымдастырушы басқа да элементтер бар. Ырғақтық (ритмика) қайталаулар – позициялық қайталаулар деп білуіміз қажет. Ю.М. Лотманның пікірінше [6] алғашқы ұйқастар грамматикалық және түбірлік болып жасалған және флективтік сипатта болды.
Мұндай ұйқастар ежелгі дәуір және орта ғасыр әдебиеттерінің прозалық шығармаларында кездеседі. Флективтік және түбірлі ұйқастар қайталауларға морфологиялық және лексикалық дәрежедегі, деңгейдегі бірліктерді кіргізе отырып, оларға семантикалық мағына үстейді.
Ұйқас поэтикалық құрылымның семантикалық параллелизм қызметін атқара отырып өлең қатарларын жұптайды, екі бөлек айтылған пікірлерді біріктіреді, яғни морфолого – лексикалық деңгейде ұйқас анафораның синтаксистік деңгейдегі қызметін атқарады.
Поэзияға тән мағыналық құрылым ұйқастан басталады.
Ұйқас (рифма) өлеңнің өлшем, фонологиялық және семантикалық құрылым қатынастарына тікелей ықпал етеді. Рифма өте күрделі табиғатына байланысты, басқа өлең категорияларына байланыста, жеткілікті зерттелмеген.
Ұйқас (рифма) мәселелеріне қазіргі поэзияда көптеген ғалымдар аса көңіл бөледі [7]. Ұйқас, екі не одан көп өлең қатарлары соңында келіп, ритмдік мәңге ие дыбыстардың қайталануы. Егер де ұйқас екі қатар келген өлең жолдарының соңғы сөздері бірдей, не бірдейге жақын естілсе, онда бұл дұрыс ұйқас болып есептелінеді.
Бұл не өзі, әлде даңққа ғашықтық?
Талайлар жүр өлең – жырды кәсіп қып,
Десек – дағы іскерміз һәм батылмыз,
Біз солармен күресе алмай жатырмыз.
Кедергілер көлденеңдеп күтпеген,
Пәле болды көңіл жықпастық деген.
Отырарда жаны жайқын дария,
Ойы безбен бар еді бір қария.
Сол қария бір күні екі шәкіртті
Құрметпенен өз үйіне шақыртты:
— Балақайлар, балапандар, көк өрім,
Сендерге бір сауал қойсам деп едім.
Көріп тұрғанымыздай, алғашқы тармағымыз екінші тармаққа бағынып, ұйқасып келуде. Ақын «Барселона әуежайындағы сұңқарлар» деген өлеңінде ұйқасты орынды қолданған, сонымен бірге «Арман» деген өлеңінде бір уақытта туылып, бірге оқып, бірге өскен дарынды екі жігіт туралы әңгіме етпек. Екеуінің алға қойған мақсаттары мүлдем екі бөлек. Бірінің арманы мал, дүние таппақ болса, екіншісінің арманы: «ғылым мен өнердің шамын жақпақ», — еді. Қария екі жігіттің ой – толғаныстарын есітіп,біріне күрсіне, біріне сүйсіне пейіл танытты. Өлеңнің бар мазмұнын, мәнін өлеңнің соңғы жолдарында келтірілген ұйқас қорытындылап, тұжырымдап тұр, айтылмақ болған ойды одан әрі күшейте түскен сияқты:
Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға.
Ұлтымыздың әр мұңының басында,
Салт пен сана, тіл мен дәстүр қасында,
Арал зары шапқан кезде насырға,
Қорғаушы боп тағы да біз жүргенбіз
Мейірім қосып мейірімсіздеу ғасырға.
Көз жасыңды көрсетпе, сұранамын,
Әй, әй, жігіт, сен маған ұнамадың.
Жас нәресте көруге тиісті емес,
Әкесінің еңкілдеп жылағанын,
Әкесінің тым күйреп құлағанын.
Ұйқастың бұл секілді құбылуларының талай түрін көрсетуге болады және олардың әр бірінің өзіне лайық аты бар.
В. Маяковскийдің пікірінше: «Ұйқас — өлең жолдарындағы соңғы сөздердің үндестігі деу бекер, ол өлең тармақтарын бір –біріне көгендеу тәсілдерінің тек бір түрі, ең қарапайым және қарадүрсін түрі ғана», — дейді [8]. В.Маяковскийдің пікіріне В. Жирмунский сын айтады: «Ұйқас деген ұғымға – дейді ол, өлеңнің композициясын қиыстыруға қатысы бар кез келген дыбыс қайталауы кіруге тиіс» [3-с.669].
Ал, профессор З.Ахметов былай дейді: «Ұйқас – жеке дыбыстардың жай қайталануы емес, кейде бір, көбіне бірнеше буындардың үндес үйлесімі», — дейді [9].
Сөйтіп, өлең ұйқасы жайлы даулы – даусыз пікірлер өте көп. Ұйқастың түрлеріне келетін болсақ, академик Қ.Жумалиев ұсынған түрлері: қара өлең ұйқасы; шұбыртпалы ұйқас; ерікті ұйқас; кезекті ұйқас; шалыс ұйқас; егіз ұйқас; аралас ұйқас; осы күнгі ерікті ұйқас.
М. Шаханов шығармаларында жоғарыда келтірілген ұйқастардың ішіндегі ең көп қолданыс тапқаны: қара өлең ұйқас, шалыс ұйқас, егіз ұйқас түрлері болып табылады. М. Шахановтың «Эверестке шығу» [10] атты өлеңдер, поэмалар, балладалар жинағын талдай отырып, ұйқастың осы төрт түрін ақын өз шығармаларында көп қолданған демекпіз. Мысалы,
Жағымпаздық – бұл заманда басты өнер,
Шындық оған бола алмай жүр тас кемер.
Қазіргі бақ қайсар рухты ерді емес,
Арын сатқан жағымпазды ескерер.
Дәуірдің де даңқы солар төс керер,
Оны ойласаң жанарыңа жас келер.
Кеудесінде жалғандықтың мұзы бар,
Қажет кезде мұз үстінде қызынар,
Басшы алдында жас келіндей сызылар,
Кілең табан жалағыштар – ТЖ-лар.
Оларды ертең адалдықтың тұзы ұрар.
ТЖ-ларға егер бөгет қоймасақ,
Ұлтымыздың ауа райы бұзылар.
Бұл өлең жолдарында біз ұйқастың қара өлең ұйқасы түрін көруіміз мүмкін. Себебі, қара өлең ұйқасында барлық өлең жолдары бір –бірімен үйлесіп, ұйқасып келеді, бірақ, ортада бір қатар ғана үзіліс жасап отырады. Қазіргі замандағы жағымпаздықтың бетін ашып, әшкерелеп, қара өлең түріндегі (11-12 буынды) ұйқасты қолдана отырып, жағымпаздарға – табан жалағыштарға («ТЖ-ларға») жан – жақты сындық сипаттама берген. Бірақ, ақын өлеңнің соңғы қатарларында жағымпаздық, табан жалағыштық арқылы тау шыңына шыққан адамдардың өмірі мазмұнды болуы екі талай екендігін аңғартады, ескертеді:
Жағымпазын тау санаған,
Шыншыл ұлын жау санаған ұлттың
Мүмкіндігі аз мазмұнды өмір сүрерге…
Мінезсіз ұлт айналмайды ұлы елге.
Ал, шалыс ұйқас тақ қатарлар бір – бірімен, жұп қатарлар бір – бірімен үндесіп, үйлесіп жасалатын ұйқастың түрі. Мұндай ұйқас түрлерін ақын шығармаларында жиі кезедестіреміз. Мысалы,
Сен ең көне жырысың санамыздың,
Рухи шаттығымсың тасып толған.
Сені тойлап, бабасы бабамыздың
Әжемнің әжесіне ғашық болған.
Сен бүгін арнасысың дара күйдің,
Сан пейілдің төрінен күлімдейсің.
Сен менің ұлы бабам Фарабидің
Кешігіп елге жеткен үніндейсің.
Ғасырды көктеп өтіп сұңқар сезім,
Немерем тік көтеріп уақыт туын,
Ғашығына арналған іңкәр сөзін
Өзіңнің тойыңда айтса – бақыттымын!
Мұнда, ақын шалыс ұйқас түрін қолдана отырып, 62 жылдан соң қайта оралған «Наурыз» мерекесін, жермен көктің күәсі болып келген ата салтымызды, яғни «Наурыз» мерекеміздің бұрын қалай тойланып келгендігін көз алдымызға қайта елес етіп көрсеткендей ұғындырады.
Ақын өз шығармаларында егіз ұйқасты орташа жиілікте қолданған. Егіз ұйқасты анафораларда қатарлар егіз, жұп болып ұйқасып келеді. Мысалы,
Неткен жұмбақ ғұмыр еді бұл тәтті,
Тоғыз айда жас тоқалы ұл тапты.
Нәрестесін құшып, иіскеп шал сорлы
Сәл де болса тағдырынан бал сорды.
Жомарт көңілін шуақты ойға батырып
Той жасады елді түгел шақырып.
Ат мінгізді жігіттерге санатты,
Балалы үйге сауын сиыр таратты.
Мәрттік нұры асқақтатып қиялды,
Жетім – жесір тоғыз қойдан сый алды…
Пейіл барда зейін қалай қалғысын,
Шын жүректен білдірді жұрт алғысын,
— Бойлайтындай ел мен жердің сырына
Ұзақ ғұмыр берсін алла – ұлыңа!
Бұл өлеңдегі қатарлар бір – бірімен ұйқасып, ұласып келуде. Егіз ұйқасын қолдана отырып, өлеңнің мазмұнын, мән – мағынасын дәл, анық ашып беріп отыр. Ақын: «Адамзаттың бақыты — байлығы түгел болуымен емес, бала-шағасының түгел, аман болуымен өлшенеді», — дейді. Өлең басында кездесетін мына өлең жолы: «Байлығымды кімге сеніп кетемін» деген қатар бұған дәлел болып тұр. Перзентінің амандығы, болашағы, келешегі баянды болу үшін ата – ана жомарттықтың барлық қасиетін ешқашанда аямайды. Елдің, көпшіліктің алғысын әрдайым алуға дайын тұрады. Өлеңнің соңғы қатарлары бұған айқын дәлел:
Жомарттық – бұл мәңгі арымас қайсар күш,
Саған алғыс айтқандарға айт алғыс!!!…
Сонымен, жоғарыда айтылған пікірлерімізді тұжырымдай отырып, мынадай қорытындыға келуіміз мүмкін:
Мұхтар Шаханов шығармаларында синтаксистік анафора, лексикалық анафорадан бөлек ұйқастық анафораларды да жиі кездестіреміз.
Ұйқастық анафорада өлең қатарлары бір – бірімен ұйқасып, үндесіп келеді. Қара өлең, шалыс, егіз ұйқас түрлерін ақын өз шығармаларында ұйқастың басқа түрлеріне қарағанда басым қолданған.
Өлеңнің мазмұн – мәнін, айтылмақ болған ойды көркем сөзбен жеткізуде ұйқастың қызметі ерекше екендігі, қажет екендігін ақын ұйқастарынан толық, айқын аңғаруға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Сыздықова Р. Абай өлеңдерінің синтаксистік құрлысы. Алматы, 1970, 147,166 бет.
- Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі. Алматы, 1995, 131-142 бет.
- Жирмунский В.М. Теория стиха. Л., «Советский писатель», 1975, с.664.
- Тимофеев Л. Словарь литературоведческих терминов. М., 1974, с.578.
- Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. Алматы, 1967, 43 бет.
- Лотман Ю.М. Лекции по структурной поэтике. Вып.І (Введение), Тарту, 1966, с. 84.
- Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, 2002, 360 бет.
- Маяковский В.В. Как делать стихи Соч. В 3-х томаз 1-2 М., Художественная литература. 1973. стр 463- 500;
- Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Алматы, 2001, 111 бет.
- Шаханов М. Эверестке шығу (өлеңдер, балладалар, поэмалар). Алматы, 2002. 37 бет.