Абылай ханның ата-бабалары Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханның ұрпағы болып табылатын – Қазақ Ордасының негізін қалаған әз Жәнібектен тараған. Көрнекті майталман жазушы Сәбит Мұқанов «Жарқын жұлдыздар» кітабында Шоқанның ата тегі туралы былай деген: «…Шоқан өзінің арғы атасын Жәнібек ханнан алып келеді. Алтын Орда құлап, ұлысы: Қазан, Астрахань, Қырым аталатын үш хандыққа бөлінгенде Жәнібек Астраханьды билеп, Еділдің Каспийге құятын сағасына Астрахань қаласын салған да, сонда 1456-1480 жылдар арасында хан болып тұрған. Бұған дейін Алтын Орда мен Көк Ордаға (астанасы Самарқан қаласы) бөліне бағынып жүретін қазақтар Жәнібек тұсында түгелімен соның қол астында болған сияқты. Қазақ шежірешілерінің Жәнібекті «бірінші ханымыз» дейтіні, «әз Жәнібек» деп көтермелейтіні сондықтан болу керек. «Желмаясына мініп, қазаққа бақыт іздеді… Қазақ даласының бар өлкесіндегі жер-суына татымды баға берді» дейтін Асан Қайғыны, атақты Жиренше шешенді, оның данышпан әйелі Қарашашты шежірешілер Жәнібек ханмен байланыстыра, оның тұстасы ете сөйлейді.
Астрахань хандығын орыс патшасы 1554 жылы құлатады да, бағынышты етіп өзіне қаратады. Көшпелі қазақтар Түркістан және Арқа жаққа ауып кетеді. Одан кейін Түркістан қаласында тұрып, қазақ руларының көпшілігін 1598-1635 жылдары билеген хан – ер Есім. Шоқанның арғы бір атасы сол. Қазақта «Қасым ханның (Жәнібек ханның баласы, оның ордасында 1503-1523 жылдары хандық құрған) қасқа билігі, Есім ханның ескі билігі» деп аталған заңдар осыдан қалған. Есім өз тұсындағы қазақ руларын түгел билеп, жан-жағындағы жауларына алдырмай, күшті хандық боп тұрған. Халық есінде оның берік сақталуы да содан.
Шоқанның одан кейінгі білікті атасы – Орта жүздің ханы Абылай (1713-1781). Қазақтың өлеңінде «Абылайдың атасы Әбілфайыз» деген сөз бар. Дәл әкесі екені әзірге мәлімсіз» (1.19-20).
Қазанқап Байболұлының «Еңсегей бойлы ер Есім» және «Төле бидің тарихы» атты тарихи жыр-дастандарында негізінен жоңғар шапқыншылығы кезіндегі ел тәуелсіздігі жолында жігерлі де қажырлы күрес жүргізген ардақты қайраткерлеріміздің іс-әрекеттері бейнеленген. Сондай кемеңгер ірі тұлғаның бірі – Абылай хан жөнінде дерек мағлұматтар берілген.
Қазанқаптың кейінгі жыр-дастанында ұшырасатын Абылай хан жайындағы дерек көзінің бір ерекшелігі, ақын оны өзгелермен (мәселен, Әбілқайыр ханмен) салыстыра отырып, кемеңгер билеушіні өте жоғары қасиетке ие етіп көрсеткен. Абылайды үш жүздің жайын ойлаған, елді елге қосқан, бүтін хандыққа жеткен деп мінездеген.
Абылайдың 12 әйелінен 40 қызы, 30 ұлы болған.
Қ.Байболұлы «Еңсегей бойлы ер Есім» атты дастанының соңында Абылай туралы сөз етіп, оның текті төре әулетінен өрбіп шыққанын, Есім ханның ұрпағы екенін былайша баян етеді:
«Есім хан балаларын үйлендірді,
Тегі бар сұлу қыздан деректетіп.
Екі ұл – екі қатыннан пайда болған,
Қояйын аттарын да мәлім етіп.
Деуші еді Көркем Уәли, Уәли Бақы,
Хан болды бұларға да кезек жетіп.
…Арасын есептесең төрт атамен
Тоқтайды Абылайдай ханға жетіп» (2.170). Бірақ ақын Есім ханға немере боп келетін Уәли Бақыны оның бел баласы деп жаңсақ көрсеткен.
Шоқан «қазақ тарихының Геродоты» деп атаған А.И.Левшиннің «Қазақтың ордасы мен даласының сипаттамасы» атты кітабында қазақ хандарының әулеттеріне арналған төрт кесте келтірілген. Соның бірінші кестесіне жүгінсек, Есім ханнан – Жәңгір хан және Сырдақ сұлтан (3.161-164) деген екі ұл туғанын көреміз.
Жәңгірден соң оның қалмақ қызынан туған ұлы Тәуке хан болып сайланған. Ал екінші әйелінен туған Уәли Бақының еншісіне Түркістан билігі тиген. Кейбір тарихи әңгімелерде Уәли Бақы хандыққа таласқандай боп өкпелеп, Үргеніштегі Ғайып ханға, нағашы жұртына кеткен (4.25-27) делінеді. Қазанқап та:
«Баласы бәйбішенің хандық тимей, Араз боп Үргенішке кетті өтіп» (2.170), – деген мәліметті айтқанда, ақынның Уәли Бақыны меңзеп отырғаны аңғарылады.
А.И.Левшиннің жоғарыда аталған еңбегінде берілген үшінші кестесінде (3.161-164) де, Шәкәрім Құдайбердіұлының шежіре кітабында (4.25-27) да Уәли Бақыдан – Абылай сұлтанды, одан – Көркем Уәлиді, одан – Абылай ханды өрбітіп шығарады. Сонда Көркем Уәли Есім ханның бел баласы емес, оның шөпшегі болып шығады. Ал Абылай хан Есім ханның бесінші ұрпағы екеніне көзіміз жетеді.
Жыр-дастандардың біріне сүйеніп, Абылайдың атасы (әкесі) Әбілфайыз деп көрсеткен С.Мұқанов: «…Ертегінің айтуынша, осы Әбілфайыз Бұхар қаласында хан болып тұрған шағында, Персия шаһы (патшасы) – Нәдір шабады да, қаланы алып, Әбілфайызды ұлыс-отанымен қырып тастайды, содан кейін «Абылай» атанған Әбілмансұр есімді жас баланы ханның бір құлы қора ішіндегі нан пісіретін тандыр пешке тығып, аман алып қалады. Содан кейін Әбілмансұр Түркістан қаласында тұрып, қазақ даласына хандық құрған туысы Әбілмәмбетке келіп қорғалайды. Атақты Бұхар жырау Қалқаманұлының Абылайға:
«Мен көргенде, Абылай,
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің», – деуі содан. Әбілмәмбет кемшілікте ұстағаннан кейін, Әбілмансұр «өз қорлығынан жат қорлығы», – дейді де, одан кетіп, Ұлы жүздің Қазығұрт тауын мекендейтін (зираты да сонда) атақты биі Төле Әлібековке 1725 жылдар шамасында қамқоршы құлмен бірге барып, «осының баласымын, атым – Сабалақ» дейді де түйесін бағады (Төленің түйе саны мыңға тарта бар екен деседі). Бұхар жыраудың:
«Үйсін Төле бидің
Түйесін баққан құл едің», – деуі содан. Әбілмансұр біраздан кейін Төленің де қорлығына шыдамай, құл «әкесімен» Арқаға қашады. Қазіргі Жамбыл облысының «Хан тауы» аталатын жеріне барғанда, Әбілмансұр «әкесін» ұйықтап жатқанда өлтіреді, себебі: «Ол кездегі құлдың оң құлағы кесік болады екен». Әбілмансұрдың енді құл баласы боп жүргісі келмейді.
Әбілмансұр осы бетімен Есіл өзенінің қазіргі Петропавл (Қызылжар) қаласы орын тепкен жерінде мекендейтін Атығай (Арғын) руынан шыққан Дәулеткелді есімді байға барады да, жылқысын бағады» (1.20), – деп жазған. Тарихи деректер бойынша, Әбілфайыз сұлтан – Әбілмәмбет ханның баласы болып келеді. Көзінің тірісінде Қарлығаш әулие атанған Төле би қазіргі Қазығұрт ауданындағы Жігерген ауылы округіне қарасты Орда қонған, Ақбұрқан деген жерде қаза болған, ал сүйегі өз өсиетімен Ташкентке жерленген.
Әсілінде Абылай ханның ұлық атасы (яғни Абылай сұлтан) XVIII ғасырдың басында мұрагерлік жолымен әкесі Уәли Бақының орнына Түркістан әміршісі болып отырған. Бұл жөнінде Шоқан Уәлиханов «Абылай» атты зерттеу еңбегінде былай деген: «Абылай орыс жылнамаларында Сібірдің ханзадасы деп аталады.
ҰЛЫ ХАННЫҢ АТА ТЕГI
Абылай ханның ата тегi былай таратылады:
1. Шыңғыс хан.
2. Жошы хан.
3.Тоқай Темiр.
4. Өз Темiр.
5. Қожа.
6. Бәдiғұл оғлан.
7. Орыс хан.
8. Құйыршық хан.
9. Барақ хан.
10. Әз Жәнiбек.
11. Жәдiк.
12. Шығай хан.
13. Есiм хан.
14. Жәңгiр хан.
15. Уәлибақы.
16. Қанiшер Абылай.
17. Көркем Уәли.
18. Абылай хан (Әбiлмансұр).
Ал шынында, Абылай – Орта жүз қазақтарының XVIII ғасырда өмір сүрген ханы… Атасы (оның да аты – Абылай) Түркістанның билеушісі боп тұрған. Батырлығымен, батылдығымен аты шығып, сол үшін қанішер деген қаһарлы да, құрметті атқа ие болған кісі. Бірақ баласы Уәли әкесінің даңқын асыра алмай, Түркістанды басып алған көрші билеушілерінің бірінің қолынан қаза тапты. Қалтқысыз берілген бір құлының арқасында ғана он үш жасар ұлы Абылай аман қалды.
Адал төлеңгіт өз түлегін ертіп, қазақ даласына тартты. Ағайын-туғандары сыртқа тепкен жас Абылай қырға келіп, жақсылық руының бір байына малшы болады» (5.12).
Қазанқаптың жыр-дастанында жетім қалған Абылай дағдарып, адасып, соңында алты Алаштың төбе биі Төлеге келіп, оның өз баласындай боп кетеді:
«Абылай ханның түрінен,
Аз сөйлейін білдіріп.
…Бала күнде тарынып,
Қазақты аңсап сағынып,
«Жолы үлкен аға ұлы» деп,
Төле биге кеп еді.
Өзінің сегіз ұлы бар,
Тоғыз болып көбейді» (6.54-55).
Абылай Төленің қолында жылқы бағып жүреді. Орайы келіп, жатқан жерінде құлашын керіп, төрт тағандап ұйықтайды. Төле оның тегін емес екенін сезіп: «Бұл бала болаттың сынығы», – деп болжам жасайды.
Бірде жас баланың өзі де түс көреді. Түсінде оң қолын көтеріп, аспан көгіне апарып сүйейді. Сол қолы айға жетеді. Оны Бөгежілі руынан шыққан Жақсығұл мергеннің үрім ұрпағы, Төленің он екі кеңесгөйінің бірі Көтен батырға айтып, жорытып байқайды. Сонда ол кісі: «Балам, көрген түсің жақсы екен. Бұл сырды ешкімге сездірме. «Ер тарықпай молықпас» деген, Құдай ісіңді оңғарып, халыққа хан боларсың», – дейді.
Жас Абылай сауыт-сайманға құмартады. Бірде іс жайымен Түркістанға келгенде, өзбек қолындағы сауыт-сайманға оқ-дәрісімен саудаласады. Сонда өзбек ашуланып: «Маған мұны теңге деп бердің бе?» – деп оқ-дәріні лақтырады. Абылай дағдарып, тұрып қалады. Осы арада оны Орта жүздегі Малайсары батыр көреді. Ол өте сыншыл кісі екен. Жас баланың сырт келбетінен-ақ оның асыл тектіден шыққан тұқым екенін таниды. Малайсары балаға кездесіп: «Осыған сауыт-сайман ал», – деп теңге беріп, бес жарамды атты сыйға тартады. Төле бидің қолында жүрген Абылайға ат сыйлайтын мұндай сюжет ақын Нұралы баласы Олжабай жырлаған «Сабалақ-Абылай хан» дастанында да кездеседі. Ол жырда атты сыйлаған адам Қанжығалы Бөгенбай батыр (7.135) боп суреттелген.
С.Мұқановтың көрсетуінше, намысшыл Әбілмансұр еш жерге тұрақтай алмай, соңында Атығай (Арғын) руынан шыққан Дәулеткелді есімді байдың жылқысын баққан. «…Сол кезде ол өлкені Алатауды мекендеген Жоңғар хандығы шабады да, қолына іліккен жандарын тұтқындап, мал-мүлкін талап алып кетеді. Жаудың қолына түспеген қазақтарды сол кездің рубасылары: Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақ Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай бастап, жоңғарлықтарды қуады. Балқаш көлінің тұсына жеткен олар жаумен соғысқанда, бір адам жауға «Абылай!» деген ұранмен тиеді де, кез келгенін найзамен түсіре береді. Жау жеңіліп қашады. Жаудан мал-жанын айырып қалған қазақтар бас қосқанда, «Абылайлап шапқан кім?» – деп сұраса, Әбілмансұр болып шығады. «Абылай» оның арғы атасы екен. Қазақтар оның хан тұқымы екенін көрген соң, әрі ерлігіне сүйінген соң, қазіргі Көкшетау облысының Щучье аталатын ауданындағы «Хан» аталатын көлдің жағасында «хан көтереді». Яғни үстіне алты ақ отау тігіп, алты қыз беріп, алты жүз жылқы, алты мың қой беріп хан сайлайды. Атығай Арыстан ақынның Кенесарыға:
«Атаңа алты қатын алып берген,
Атығай, Қарауылдың баласымын, – деуі содан. Содан кейін жұрт оны «Абылай хан» атап кеткен» (1.20-21).
Құралбек ЕРГӨБЕК