Жан туралы алғашқы ғылыми түсінік ежелгі гректерден әмбебап ғалымы Аристотелъ есімімен байланысты. Ол өзінің «Жан туралы» атты кітабында жан тәннің өмір сүру формасы екендігін, ол ес, қиял, ойлау, эмоция секілді процестерге бөлінетіндігін айтқан еді. Грек ғалымы Демокрит жанды заттың атомдары секілді өсіп, өшіп отыратын, үнемі қозғалыста болатын қасиет деп түсіндірді. Ілкі орта ғасырда Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Нәсір әл-Фараби адамның жан қуаттарынаң мәнін ғылыми тұрғыдан түсіндірген аса кемеңгер ойшыл болды.
Психологияның тарихы екі кезеңге бөлінеді. Оның біріншісі –шамамен 2400 жылға созылып, көш басы Аристотельден басталатын жан дүниесі жайлы түрлі ой-пікірлердің ілкі тарихы. Осы кезеңде Герофил, Эразистрат, Гиппократ, Гален, Әбу әлі Ибн Сина, Декарт, Гоббс, Спиноза, Лейбниц, Локк, Руссо, Дидро, Кант, Гегель, т.б. ғұламалар адамның жан дүниесінің сыры мен қыры туралы небір сындарлы пікірлер айтқан. Мәселен, Декарт жануар сыртқы ортаның әсеріне рефлекс арқылы жауап береді десе, Спиноза адамның еркі мен эмоциясы денемен тығыз байланыста болатындығы жайлы айтты.
Жан туралы қазақ ойшылдары да аз айтпаған. Асан-қайғы, Шалкиіз, Мұхаммед Хайдар Дулати, Өтей бойдақ Тілеуқабылұлы, Қадырғали Жалайри, Ақтанберді, Бұхар, Шал, Дулат, Махамбет, т.б. ақын-жыраулар мен ғұлама-ойшылдардың шығармаларында көшпенгді ата-бабаларымыздың жан дүниесіәр қырынан сөз болғаны байқалады.
Жан құбылыстары туралы өресі биік, ғылыми мәні зор , тың пікірлерді Шоқан, Ыбырай,Абай Шәкәрім,Әлихан, Ахмет, Хәлел, Міржақып, Жүсіпбек , Мағжан, т.б. шығармаларынан да көптеп кездестіруге болады. Мәселен, Шәкәрім Қадайбергенұлының «табиғат неше түрлі жан жаратты,… жәндіктен адам жаралған… айуаннан өсіп болдық адам… жан тәнге, ақыл жанға маталып тұр» деп, терең мәнді тұжырым жасаған еді.