Егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғалы бері, қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілу жолында мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыра түсетін саласы терминология болып отыр. Терминология немесе терминдер ғылым тілінің негізін құрайды.
Терминология – жаңа кезеңнің ғылымы. Ол ғылым мен техниканың, өндірістің өрлеуіне байланысты. Қоғамда болып жатқан өзгерістерге сай тіліміздегі терминдер едәуір өзгеріске ұшырап, қайта қаралып, өңделіп, дамуда, жаңаруда. Жаңа сөз, термин жасау ісіне зиялы қауымның өкілдері белсене араласуда. Ұлттық термин жасау ісіне Ахмет Байтұрсынов бастаған XX ғасырдағы зиялы қауым өкілдерінен бастап бүгінгі қазақ зиялылары белсене атсалысып отыр. Жалпы, қазақ тілінде термин жасау ісі Ахмет Байтұрсынов еңбектерінен бастау алады.
Қазіргі ғылым мен техниканың қарқынды даму кезеңі термин саласында салалық терминологияға көп көңіл бөлуді қажет етеді. Салалық терминология дегеніміз – ғылым мен техникада, өндіріс пен шаруашылықта және т.б. түрлі салаларда қолданылатын терминдер мен ұғымдар, солардың жиынтығы.
Осы кезеңге дейін салалық терминдер ішінде мал шаруашылығы мен жағрафия, ботаника ғылымының терминдеріне көп көңіл бөлінген. Бұл ғылым терминдерінің ертерек дамып қалыптасуының себебі: қазақтың ұлан-байтақ жері менертеден мал шаруашылығымен, әсіресе, жылқы, түйе, қой шаруашылығымен айналысқандығы. Сондықтан осы кезеңге дейін ауыл шаруашылығына қатысты терминдер кеңінен қарастырылды.
Соңғы кезде қалыптасып, дамып бітпеген терминдік салалар қатарындағы үлкен бір сала – техника ғылымдары. Техника саласына көптеген шетелдік технология енгізіліп, жаңа құрал-жабдықтар өндірісте пайдаланылуда. Осыған байланысты мамандарға қойылатын талап – техникалық терминдерді де байытып, уақыт талабына сай түбегейлі жаңғырту қажет.
Дегенмен, қазір терминология ғылымының түрлі саласына қатысты сөздіктер шығару барысында терминдер сараланып келеді.
Бұған дәлел – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкесжоспарланған 31 томдық «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік». Бұл аталған сөздіктің 5-ші томы «Энергетика», 6-шы томы «Электроника, радиотехника және байланыс» саласы терминдеріне арналған. Қазіргі кезде бұл сөздіктер энергетика саласына қатысты мамандарға құнды еңбек болып отыр.
Кез келген ғылым саласындағыдай энергетика саласында да өзіне тән терминдердің жасалу жолы бар.
Ғылымның кез-келген саласындатермин жасауда әр түрлі көздер қолданылып, олар қазақ тіліндегі терминдер қорын толықтырып келді. Терминтануда ғалымдар терминжасам тәсілдерін түрліше жіктеді. Бірақ, бұл жіктеулердің ішінен негізінен тілдің лексика-семантикалық, синтетикалық немесе морфологиялық, аналитикалық немесе синтаксистік және калькалау тәсілдерін қарастыру терминтану саласындағы еңбектерде жиі кездеседі.
Лексика-семантикалық тәсіл – терминжасамның негізгі тәсілдерінің бірі ретінде терминологиялық лексика қабатының толыға, байи түсуіне үлкен септігін тигізетін негізгі амалдың бірі. Сол арқылы жасалған терминдер терминжасамның өзге амалдарына қарағанда әрі қысқа әрі нұсқа болып шығады. Семантикалық тәсіл дегенде, ең алдымен, ұлттық тіліміздің өз мүмкіндігін толығырақ пайдалануды көздейміз. Ішкі мүмкіндіктер – жалпыхалықтық немесе жалпы әдеби тіл құрамында ежелден қолданылып, тіл мұқтажын өтеп келе жатқан байырғы сөздердің арнайы қызметке көшуі. Немесе олардың бір мағынасының терминдік қызметке бейімделуі.
Жалпы, лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалған терминдерді ғылым мен техниканың, соның ішінде біз сөз қозғағалы отырған энергетика саласында да кездестіруге болады. Олардың ішінде жаңадан жасалып жатқандары да, бұрынғы қазақша баламалары жоқ терминдердің орнына ұсынылып жатқандары да бар. Мысалы, энергетика саласындағы «қуат» — «мощность», «желі» — «линия», «өріс» — «поле», «торап» — «сеть», «күш» — «сила» сияқты терминдер жалпыхалықтық тілдегі сөздердің терминденуі арқылы жасалған.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «қуат» сөзінің бес мағынасы ашылып көрсетілген. Бұған «қуат» сөзінің қолданыстағы семантикалық мағынасы тірек болған. Осы мағынасы сөздікте де қамтылған. Мәселен, 1. күш, жігер, қайрат, әл, дәрмен. 2. күнделікті ішетін тамақтан алынатын, адам мен жан-жануарлардың тіршілігіне қажетті қызу; калория. 3. өндіргіш күш, пәрмен, қарқын. 4.физикалық: нақты уақыт бірлігі ішінде істелген жұмысқа тән физикалық шама, энергия.5. ауыспалы мағынада: медеу, тірек, сүйеніш.
.«Ұлттық энциклопедияда» «қуат» сөзіне мынадай анықтама береді. «Уақыт бірлігі үшін істелінген жұмыстың сол уақытқа қатынасымен өлшенетін физикалық шама.
«Қуат» жалпытілдік қолданыстағы сөзі энергетика, физика саласына термин ретінде өте отырып, электр күшінің мөлшерін білдіретін термин ретінде қолданыс тапқан. «Қуат» сөзі сырттан (жалпытілдік қолданыстан) терминологиялық өріске өтіп терминденіп отыр. Яғни, ауызекі сөйлеуде қолданылатын сөз терминологиялық өріске өзек болып, термин ретінде қалыптасқанын көреміз.
Жалпы қолданыстағы «қуат» сөзіне берілген анықтамаға тоқталатын болсақ, арнаулы саладағы терминнің туындауына «қуат» сөзінің бірінші, яғни тура мағынасы себеп болған.
Бұдан байқағанымыз, сөздердің терминденуіне ұғымдар арасындағы ұқсастықтың негіз болатыны белгілі.
Ғалым Ө.Айтбаев терминжасамның бұл тәсілі жөнінде: «Негізінен, семантикалық тәсіл терминологиялық жүйені жасаудың алғашқы кезеңіне тән. Неге десеңіз, ғылым мен техниканың қанат жайған қазіргі жағдайында терминжасамның басқа сөз тіркесін, сөз біріктіру, қосымшалы түрлері белең ала бастағанын дәлелдейтін дерек көп. Соған қарамастан семантикалық тәсіл өзінің термин жасаудағы өнімділік қасиетінен сәл де болса тежеле түскен тәрізді» деген пікір білдіріп, лексика-семантикалық тәсілден гөрі басқа тәсілдердің басым екендігін атап өтеді [1, 139].
Қазақ тілі лексикасының ішінде терминдер дамуының басты өзегі – синтетикалық немесе морфологиялық тәсіл арқылы жаңа сөз тудыру. Түркі тілімізде соның ішінде қазақ тілі сөз тудырушы қосымшаларға бай және жүйеленуі де күрделі. Кейбір сөз тудырушы жұрнақтар тек қазақ тілінің төл сөздеріне ғана емес, сонымен бірге халықаралық және орыс тілінен енген терминдеріне де жалғана береді. Қосымшалар туралы сөз қозғағанда, зерттеушілердің термин жасауда өнімді жұрнақтар қатарына жатқызатыны:
-у жұрнағы. Етістіктерге жалғанып, қимыл есімдерін тудырумен бірге зат есімдерді де тудырады. Термин ретінде осы зат есімдер қолданылады. Қазақ тіліндегі терминологияның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан А.Байтұрсынұлының енгізген көптеген терминдері тұйық етістік — қимыл атау (есім) тұлғасында келеді: аңдау, әсірелеу, көріктеу т.б. Біздің қарастыратын энергетика саласында да бұл әдіс ең өнімді болып табылады. Ш. Құрманбайұлы өзінің «Қазақ лексикасының терминденуі» атты еңбегінде «Қазақ тілі терминологиясындағы қимыл атау формасымен келетін терминдер көбінесе орыс тіліндегі –ени(е), -ани(е) суффикстері арқылы жасалған терминдерге сәйкес келетінін байқауға болады» деген [2, 44]. Мысалы, «жылыту» — «отопление», «балқу» — «плавление», «тежеу» — «торможение», «өлшеу» — «измерение», «ажырату» — «выключение».
-лық, -лік. –дық, -дік, -тық, -тік түркі тіліндегі ең өнімді сөз тудырушы жұрнақекені белгілі [3,71]. Ол көбіне қоғамдық, әлеуметтік, ғылыми — техникалық терминдерді жасауда жиі қолданылады. Сонымен бірге, кірме терминдерге де жалғанады. Мысалы: «беріктік» — «прочность», «тұтқырлық»- «вязкость», «сыйымдылық» — «емкость», «қауіпсіздік» — «безопасность», «электрлік» — «электрический». Мысалдарда көрсетілгендей, бұл қосымшалар жалғанатын тұлғалардың морфологиялық құрылымдары бірдей болмайды. Олар түбір де, туынды да болып келе береді.
Бұл қосымшалардың тағы бір ерекшелігі — тіркескен терминдерде анықтауыштық қызмет атқарады. Ол сөздің басында да, ортасында да, соңында да келе береді. Мысалы: сөздің басында «автоматтық ажыратқыш» — «автоматический выключатель», сөздің ортасында «аудандық энергетикалық жүйе» — «районная энергосистема», сөздің соңында «әмбебап электрқозғалтқыш» — «универсальный электродвигатель».
-ғыш, -гіш, -қыш, -кіш жұрнақтары терминолог – ғалым Ш. Құрманбайұлының пікірінше, активтігімен көзге түседі. Бұл туралы ғалым «энергетика саласында термин жасауда соңғы жылдары -қыш, -кіш, -ғыш, -гіш жұрнағы арқылы жасалған терминдердің молайғандығын, оның орыс тіліндегі -тель суффиксімен жасалған қосымшаларға сәйкес келеді» деп атап көрсетеді. Мысалы, «қозғалтқыш» — «двигатель», «қосқыш» — «включатель», «қыздырғыш» — «нагреватель», «ажыратқыш» — «выключатель». Ғалым бұл жұрнақтар арқылы жасалған терминдерде, біріншіден, мұнда бірізділік барын, екіншіден, тіларалық сәйкестік сақталғанын, үшіншіден, бұл көмекші морфема арқылы жасалған терминдердің ықшамдылығымен, қолдануға қолайлығымен ерекшеленетіндігін де атап кетеді [4,146].
-уыш, -уіш жұрнағы туралы белгіліғалым А.Ысқақов:«Бұл жұрнақтар -у және -ыш қосымшаларынан құралған күрделі жұрнақ. Бұл (-уыш, -уіш) форма етістіктерге жалғанып, олардан түрлі құрал-жабдық аттары мен басқа да әр алуан абстракт атаулар жасайды» деп термин жасауға қатысын ескереді [5, 155]. Мысалы: «өлшеуіш» — «измеритель», «орауыш» — «катушка», «реттеуіш» -«регулятор», «бөлектеуіш» — «отделитель». Бұл жұрнақтар арқылы жасалған терминдер көбіне еңбек құралдары мен техника тетіктеріне, машина саймандарына етістіктен шығарып ат қоюда неғұрлым қолайлы екені байқалады.
-ма, -ме жұрнағы арқылы жасалған терминдерді де энергетика саласында кездестіруге болады. «Батырма» — «кнопка», «орама» — «обмотка», «жүктеме» — «нагрузка».
-лану, -лену, -дану, -дену, -тану, -тену, -ландыру, -лендіру, -тандыру, -тендіру, -дандыру, -дендіру тұлғасындағы қосымшалар көмегімен өзге тілдердегі бірқатар теминдер түбір тұлғасын сақтай отырып, қазақ тіліне кірігеді де, етістік мәнді терминдерді құрайды. Мысалы, «автоматтандыру» — «автоматизация», «газсыздандыру» — «дегазация», «полярлану» — «поляризация». Мысалдарда көрсетілгендей, бұл жұрнақтар арқылы жасалған терминдер қазақ тілінде берілу үшін өзге тілдегі тұлғасын сақтай отырып жасалады.
Жоғарыда көрсетілген жұрнақтарды талдай отырып, оның қазақ тіліндегі энергетика терминдерін жасау ісінде маңыздылығын айқындағандай болдық.
Аналитикалық немесе синтетикалық тәсіл — қазақ тіл білімінде ертеректен қолданылатын және өнімділігімен ерекшеленетін тәсілдің бірі. Сөзжасамның аналитикалық тәсілі туралы белгілі ғалым «аналитикалық тәсіл бойынша жаңа сөз кемінде екі түбір сөзден жасалады, яғни бұл тәсілдің сөзжасамдық элементтері түбір сөздер» деп атап көрсетеді [6, 35].
Энергетика саласында аналитикалық тәсіл бойынша жасалған терминдердің басым бөлігі тіркестіру тәсілі арқылы жасалып отыр. Терминолог Д.С. Лотте өз еңбегінде грамматикалық сөз тіркестерінің лексикалануы арқылы терминдерге ауысатынын ескерген.
Жалпы, кейбір зерттеушілердің көрсетуінде, сөздердің тіркесуі арқылы жасалған атаулар кез келген арнаулы саланың терминологиясында жетекші орын алады. Осы тәсіл арқылы жасалған терминдерді тіркесуші компоненттердің санына қарай екі компонентті, үш компонентті, төрт компонентті, бес компонентті деп бөлуге болады. Мысалы:
- екі компонентті: «айнымалы өріс» — «переменное поле», «жылу торабы» — «тепловая сеть», «реактивті кедергі» — «реактивный ток».
- үш компонентті: «сәуле шығару реакциясы» — «реакция излучения», «сыртқы электр өрісі» — «внешнее электрическое поле», «трансформаторлы қосалқы станция» — «трансформатная подстанция».
- төрт компонентті: «ұзақ мерзімді жұмыс режімі» — «длительный режим работы», «үлкен көлемді майлы ажыратқыш» — «многообъемный масляный выключатель»,
- бес компонентті: «жүктелген күйінде кернеуі реттелетін трансформатор» — «трасформатор с регулированием напряжения под нагрузкой», «жерге тұйықталу тоғының жайылу аймағы» — «зона растекания тока замыкания на землю».
Ғалым Ш. Құрманбайұлы «Біздің терминологиялық лексикамыздағы сөздердің тіркесуі арқылы жасалған терминдердің үлес –салмағы әзірге статистикалық тұрғыдан дәл көрсетілген емес. Дегенмен, кейбір арнаулы салалардың терминдер жүйесін зерттеген еңбектердің нәтижесіне қарағанда, қазақ терминологиясында да көп сыңарлы терминдердің 60 пайыздан (ең кем дегенде) аз болмайтыны байқалады» деген пікірі құптарлық [7, 134]. Бұл пікір біздің мақаламызда қозғалып отырған салаға да қатысты.
Ғылыми-техникалық терминжасамда да біріккен сөздерден де жасалған терминдер молынан кездеседі. Олардың көбісінің алғашқы түбірі аударылмай алынып жүр: «электржетек»-«электропривод», «газтазартқыш»-«газоочиститель», «фотоөткізгіш-«фотопроводимость», «энергиясыйымдылық» — «энергоемкость».
Мұнымен қатар, қазақ тіліндегі екі немес үш түбір бірігу арқылы жасалған терминдер де кездеседі. «Көпұштық»-«многополюсник», «ауабаптағыш»-«кондиционер», «деңгейөлшеуіш»-«уровномер», «дірілбасқыш» — «виброгаситель», «суөлшеуіш» — «водомер» терминдері екі түбірдің бірігуімен жасалған.
Қосарлау арқылы сөз жасау — қазақ тілінде бұрыннан бар тәсіл. Бұл тәсіл терминжасамда да едәуір пайдаланылып жүр. Оған осы тәсіл арқылы жасалған төмендегідей терминдер мысал бола алады. «Ауа-отын қоспасы»-«воздушно-пластмассовая смесь», «жарық-техникалық арматура»-«светотехническая арматура», «вольт-секунд» — «вольт-секунд», «көлемдік-зарядтық полярлану» — «обьемно-зарядная поляризация», «қайталама-қысқа мерзімдірежім» — «повторно – кратковременный режим».
Сондай-ақ, ғылыми-техникалық терминологияда сөздердің өнімді тобын қысқарту (аббревиатура) тәсілі құрайды. Тілдегі ықшамдалу заңдылығына байланысты сөздерді қысқартып алу — қазақ тілінде ертеден бар тәсіл. Мысалы, «авто» (грекше autos-өзі) сөзімен – «автореттеу»- «авторегуляция», «автоберілістер» — «автоколебания», «автотрансформатор»-«автотрансформатор», «терм» (грекше therme — жылу) сөзімен — «термометр» — «термометр», «термоядролық энергетика»- «термоядерная энергетика», «поли» (грекше poly-көп)-«политроптық процесс»-«политропный процесс», «полидисперсиялық»- «полидисперность», «аэро» (грекше aer-ауа) сөзімен – «аэрология» -«аэрология» терминдері жасалған.
Ал калькалау тәсілі — бұл да аударма үрдісінің жандануына байланысты кеңес дәуірінде пайда болған өнімді амалдардың біріне айналған. Мұның, әсіресе, терминжасам мәселесіндегі рөлі айрықша. Энергетика саласындағы калька терминдердің басым бөлігі орыс тіліндегі терминдер үлгісімен жасалған.
Ғылыми-техникалық терминдерді қалыптастырудың Кеңестік терминология мектебінің негізін қалаушы Д.С.Лотте ғылыми-техникалық терминдердің қалыптасуы үшін бірнеше тәсілдердің қолданылатынын атап өтеді:
Соның ішінде терминді аудару жөнінде: «жаңа терминдерді қалыптастыру мен терминологияны қайта қараған кездебір жақтан ғылыми нақтылық талабын, екінші жақтан қысқа түрде (нақты) қалай қолдану керек деген сұрақ туындайды. Сондықтан кейде басқа тілден енген терминдерге жүгінеміз. Бұл жағдайда екі тәсіл қолданылатынын, яғни, терминдерді «дайын күйінде» алу немесе дәлме-дәл, яғни сөзбе-сөз аударма күйінде алу керектігін» атап көрсетеді [8, 4].
Жоғарыдағы тұжырымдарды жинақтағанда мынадай қорытынды жасауға болады.
- термин қандай тәсіл арқылы қалыптасса да, жаңа терминнің қалыптасуына бір сөздің лексикалық мағынасы тірек болады;
- термин жасауға негіз болған тәсілдің қай-қайсысы да терминжасауда өнімді қызмет атқара алады;
- арнаулы сала терминдерін жасауда, сөз тудырушы тәсілдердің актив, пассивтігін ажыратуға болады.
- термин — жалпы лексикалық қорымыздың бір бөлшегі. Сондықтан терминология жүйесінде морфологиялық тәсілдердің болуы — табиғи құбылыс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Айтбаев Ө. «Қазақ сөзі». — Алматы,1997ж.
- Құрманбайұлы Ш. «Қазақ лексикасының терминденуі». — Алматы, 1998ж.
- Аппакова Т.Г. «Аффиксы терминообразованиия». Термины и их переводы. — Алматы, 1990ж.
- Құрманбайұлы Ш. «Қазақ терминологиясы дамуының ғылыми қағидаттары». — Алматы, 2004ж.
- Ысқақов А. «Қазіргі қазақ тілі».- Алматы, 1991ж.
- Оралбаева Н. «Қазақ тіліндегі сөзжасам жүйесі».- Алматы, 1984ж.
- Құрманбайұлы Ш. «Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам». – Алматы, 2005ж.
- Лотте Д.С. «Краткие формы научно-технических терминов».- Москва, 1977г.