Күш қуатты жетілдіру жолдары мен күш қуаттың табиғи көздері

Балуандық өнерде үнемі жеңіс тұғырынан көрінуі оның қандай дәрежеде күш қуатын өз бетінше дайындағандығында болады. Қара күшпен, белдесу шеберлігі бір арнаға тоғысып келген кезеңде ғана күрестің эстетикалық ажары көрермен назарына ілігіп жекпе-жек

Шығармашылық дәрежеге дейін көтеріледі. Сондықтан – күрес техникасы мен тактикасы, әдістемесі балуанға тән қасиеттер жиынтығы деуге болады. Бұл қасиеттерге жеке-жеке тоқталып өтсек, ең алдымен күш қуатқа мән берген орын алады.

Күш тек әдіс-тәсілді қолдану кезінде ғана емес қорғану мен қарсы шабуыл, үдемелі, мезгілдік шабуыл тактикасындағы да негізгі балуан құралы. Сондықтан да мүшеміздегі бұлшық еттердің әрбір тобын жетілдіру ниеті мен арнайы спорттық жаттығуларды пайдалану және оларға анатомиялық тұрғыдан талдау жасау жаттығушылар мен бапкерлер жұмысындағы теориялық сабақтың негізі болғаны дұрыс бағыт алмақ. Мұндай жаттығулар тобын спортта “атлеттер гимнастикасы” деп атайды. Балуандар жекпе жегіндегі шешуші роль атқаратын күш-қуат көзі бұлшық еттер қызметі болып саналады, себебі бұлшық еттер – тірек қимыл аппаратының негізгі бөлігі. Мысалы, бұлшық еттің жекпе-жек белдесу кезіндегі бір сәттегі жиырылғыштық қасиеті арқылы қарсыласын кілемнен көтеріп кетуге, ол оның сіресу кезінде төрт тағандап кілемге жербауырлап қалу сәтінен байқау қиын емес. Сөйтіп күш-қуат көзі – бұлшық еттің негізгі атқаратын қызметі механикалық, егер бұлшық ет жиырылу кезінде дене бір орнынан екінші орынға ауысса динамикалық, ал бір сәт бұлшық ет жиырылғанда, дене қозғалыссыз қалғанда статикалық жұмыс деп аталады. Көріп отырғандарыңыздай – бұлшық еттердің жоғарыда балуанның басты тірегі болатын факторлар. Олай болса бұлшық еттердің “жиырылғыштық” және “сіресу” қызметтерін арнайы жаттығумен күрделілендірмей күрес шебері болу да мүмкін. Адамның денесінде 600-ден астам қимыл қозғалысты қамтамасыз ететін бұлшық еттер бар. Олардың негізі күш қуатқа тікелей қатыстылары сүйектерге жабысып тұрады, оның екі ұшы негізінде тарамыс сіңір арқылы сүйекке бекиді. Спорт өнерінің жеке түрлеріне байланысты адам денесіндегі бұлшық еттің орналасуына қарай жаттығу кезеңінде арнайы дене жаттығулары сұрыпталуы керек. Мысалы балуандық өнеріне машықтанушылар үшін негізгі бұлшық ет жаттығуы қолдың, аяқтың бұлшық еттерін шынықтыруға арналады.

Шымыр болу үшін шыңдалуды қажетсінетін қолдың бұлшық еттері иық белдеуінің тарамды не дельта тәрізді кіші жұмыр, үлкен жұмыр, жауырын асты, тоқпан жілік, білектің, шыбық жіліктің бұлшық еттері. Аяқтың бұлшық еттері – мықым – бел, жамбастың, бөксенің үлкен санның, балтырдың бұлшық еттері. Күрес барысындағы күрделі дене қимылдарын биомеханикалық түсі арқылы жаттығу барысында талдау шәкірттердің дене күшін, ептілік, шыдамдылық, ширақтық және жекпе-жек кезіндегі нерв жүйесі қызметтерінің қалыптасу жолдарын дұрыс түсінуге жәрдемдеседі. Мысалы, қарсыласын қапсыра құшақтап көтеріп алған сәтте дене ауырлығы және қарсыласының салмағы әсерінен арқаның бұлшық еттері жамбас сан бұлшық еті, бөксенің үлкен бұлшық еті, санның артқы топ бұлшық еті, әсіресе үш басты бұлшық еттер қатайып жирылады. Қарсыласын көтеріп алып кілем ортасына бет алған кезде аяқ бұлшық еттерінің жұмысы өзгереді де, ол динамикалық сипатқа ие болады. Балуан тұлғасы мен қол бұлшық еттерінің статикалық жұмыс күші осы сәтте жайбарақат сәттегіден 10-даған есе күші арта түседі. Жас адамдарға шамасына қарай ауырлықты кеудеге дейін, бастан асыра көтерудің (ер балалар үшін) ешқандай зияны жоқ.

Қол бұлшық еттері жақсы ширатылған балуандардағы сәтті шабуылға іліп лақтыру, үйіру, жамбастан асыра тастаудың кеудеден асыра шалқалай лақтыру әдісін орындауы өте сәтті шығады. Мысалы, күш-қуатты асыруды ғана мақсат етіп дене тәрбиесіне көңіл бөлмеген шәкірттерде нашар сымбат қалыптасады, жүріс тұрысы дене қозғалысы-мен жараспайтын кезеңге душар болу мүмкін. Спорт тек қана жеңіс емес өте дұрыс сымбат, сымға тартқандай түзулік.

Мысалы, сымбатты дене құрылысына мән бермеу нәтижесінде жаттығушылар ішінен – басы төмен иіліп жүретін не мойын бұлшық етінің шамадан тыс шиырлуынан ойға қарай қалғандар (аспан көздер) да кездеседі. Кеуде бұлшық еттерінің арнайы бір бөлімдері ғана шыныққан балуандардың, күреспен айналысуды қойған кезде нашар сымбаттыларды кездестіреміз. Олардың кейбіреулері – көкірек иіні мен бел иіні шығыңқы яғни қарт адамдардай арқасы доғадай иіліп бүкір адам сияқты көрінсе екінші біреулерінің – құрсағы шығыңқы, көкірек қуысы ішке қарай кетіп, басы жас баланың мойынындай салбырап, иығы алға кетеді. Нәтижеде дене еңкіш болып, аяқ басуы қиындайтын кезеңге душар болуы мүмкін. Мұндай денесі дұрыс қалыптаспаған жаттығушылар өздерін өздері спорт бабында ұзақ ұстай алмайды, кілеммен ерте қоштасып, бұрынғы тепсе темір үзер шымырлығынан тез- ақ айырылып қарапайымдық халге келе қалады.

Сымбаттылық адамдарда туа пайда болатын өмірлік қалып емес. Бұл әр адамның арнайы жаттығу мен белгілі дағдылану арқылы қалыптасатын тұлға бітімі. Спорт жаттығулары арқылы қалыптасқан дұрыс сымбатын үлкен физиологиялық маңызы ерекше. Мұндай сымбат бүкіл организмнің жекпе – жек кезіндегі жұмысына қолайлы жағдай жасайды, әсіресе ішкі мүшелер өкпенің, жүректің жұмысын жақсартады.

Балуанға тән қасиеттер болып есептелінетін – сергектік, шымырлық, шыдамдылық, ептілік, шапшаңдықтарды қалыптастыру мен күрделендіру-ді тек қана күрес өнері үшін керек деп бір жақты түсіну дұрыс емес, сондықтан да бұл қасиеттердің әрбір адам өмірінің мазмұнында екендігін, өз шәкірттерімізге түсіндіргеніміз өте қажет. Күрес өнеріне тән қасиеттер-дің өзіндік гигиенасы туралы да мәлімет беру жаттықтырушылар борышы болмақ. Мысалы, спорт пен тыңғылықты машықтану және оның күнделік-ті режиммен тәртібі (жаттығу тәртібі мен ережесі) жаттығуды саралау гигиенасына да тән.

Жаттығу жасауға қолайлы орын оған түсетін жарық, жылу, ауаның дымқылдығы, кілем үстінде қозғалыс қимыл, жекпе-жек күш сынасу мен күш байқауы бәсекесі – міне мұның барлығы адамның күш жинау қаблеттілігін сақтап оның жоғары жаттығу сапалығына жетуіне мүмікіндік береді.

Жақсы да жарық жаттығу орны, ондағы өз орнымен қойылған спорт саймандары таза ауа табиғи немесе электр жарығының мол болуы, қолайлы жайылған жаттығу кілемі, жаттығушылардың зор септігін тигізеді, бапкер талабының мүлтіксіз орындалуына айтарлықтай әсер етеді.

Үзбей шынығудың шымырлыққа жеткізер жолы, жаттығу орнының дұрыс таңдалуына тікелей байланыстылығы туралы айтқанбыз, ендеше жаттығу бөлмесінің температурасы 18-20 градус, орташа дымқылдығы 40-60 процент, ауа қозғалысының жылдамдығы 0,20 м/с кем болмағаны дұрыс, әрбір жаттығушы шынығу кезінде суықты сезбеуі міндетті гигиеналық талап. Әрбір жаттығушы шәкірттердің күрес өнерін меңгеруде жақсы нәтижелерге жетуі, дененің саулығының күтімімен де байланысты екендігін естен шығармауымыз керек. Сүттен арнайы дайындалған тағамдар өсу үстіндегі, қоректі қажетсінетін организмге өте жұғымды. Себебі оның құрамында 100-ден аса жұғымды заттар бар екен. Сүт белогының құрамына казеин, альбумин, глобулин кіреді.

Дене тәрбиесі мамандығын алып шыққан мамандарға мәлім, сүт белогының құрамындағы глобулиннін бактерияларды жоятын қасиеттері-нің бар екендігі, сол сияқты А. Д. Е. Және К витаминдерінің малдың сүтінде мол болатындығы. Балуандарды жарысқа даярлау барысында да сүт тағамдарының олардың ас мәзірін ешқашан да қалдырмай, қажет-теріңізге пайдаланып отырыңыз.

Күрес өнеріне жаттықтыруға арналған арнайы бөлмеге төмендегілер-дей гигиеналық талаптар қойылады. Олар бөлменің температурасы 17-20 градус жылылықтан кем болмауы, 30-36 процент, ауаның қозғалу жылдам-дығы –0,25 м/секундына, сол сияқты жасанды жарық мөлшері 200 лк. “Ас — адамның арқауы”, “Ас тұрған жерде дерт тұрмайды” – деген халық мақал-дары да бар. Сондықтан да дұрыс тамақтануға үш нерсе жатады. Олар; тамақтың сапасы, оның мөлшері және тамақтану реті жатады. Спортшылар үшін бұларды білу нақтылы жүзеге асыра отыру – аса қажетті нәрсе.

Әдебиеттер

1.Дене тәрбиесі ілімі мен әдістемесі., Э.Ж.Тілеулов, оқу құралы, Шымкент, 2003 ж.2.Спорттық күрес әдістемесінің негіздері., Ж. Қобланов. Шымкент, 1992 ж.

3.Дене шынықтыру және спорттың теориясы мен әдістемесі.

Р.Р. Аманбаев. Типтік оқу бағдарламасы. Алмати, 2001 ж.

4.Дене тәрбиелеу мәдениеті және спорт ілімі мен методикасының түсініктері. Р.Р.Аманбаев, Б.К.Каражанов, М.К.Калдыбаев Алматы, 1992 ж.