Сәбит Мұқановтың өзі де, оның шығармалары да халыққа қажет болған, халықтың рухани қажетін өтеген дүниелер.
Әрине, қазіргі өлең өскелең өнер биігіне көтерілген уақыт биігінен қарап, Сәбит Мұқановтың жиырмасыншы жылдары өмірмен біте қайнаса, араласа, арпалыса жүріп жазған туындыларын «е, қойшы» деп, ескіріңкі көзқараспен қарауға болмайды. «Шабыттың бәрі ғажайып, әрі тепе-тең. Өзгешелігі оның иініндегі бір-ақ киімде» – деген Баратынский. Сәбит Мұқанов шығармаларында өз кезеңі кейіпкерлерінің, кейіпкерге айналған адамдардың, олардың замандастарының жан дүниесі, адами әлемі бар.
Қаламгер қандай ортада өмір сүрді, басынан қандай қуаныш, қайғы кешті, оның айтары да соған байланысты, оның жазары да сол болмақ. “Поэзия өз дәуірінің үні болмай тұра алмайды және болуға міндетті де. Ал кім де кім өз дәуірінің болашақпен қабыстыратын айырым белгілерін тауып көрсете білсе, ол мәңгілік ақын болғаны” – депті А. В. Луначарский.
Сәбиттің бала жасында көргені бай мен кедей теңсіздігі, басынан кешкені батырақтық, жалшылық. Енді, батырақ өмірін ол жазбағанда кім жазады?
Шашы күн сасыған, үсті сауыс-сауыс бай үйінің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген күңді Сәбит жазбағанда кім жазады? Анасы Балсары бай есігінде жүріп, шаршап келіп талаусырап бесіктегі баласын емізіп отырып, ұйықтап кетіп сәбиі тұншығып өлсе, қыз-апаларының бәрі дерлік тоқалдыққа әйел үстіне кетсе, олар жалғыз інісі – жалғыз ерқара, төркіні – жетім Сәбитті сыйғыза алмаса. Ол жүрекке шер болып байланады емес пе?
Анасы «Бесік жырының» орнына жоқшылық тақсіреті, жесірлік зарын айтты емес пе? Соның бәрі бала шақтан есітіп, құлағына құйып өскен мұңды әуені, көз алдында өткен өмір көріністері еді ғой. Олай болса, Сәбит тапшыл ақын болып қалыптаспағанда қайтеді? Сәбит Мұқановты «неге кедей өмірін жырлайсың?» – деп кіналауға бола ма? Әбден өскен, көркейген, байлыққа мелдектеген, демократия мызғымастай орныққан дерлік Америкада Теодор Драйзер кемшілікті өмір, кедейшілікті бейнеледі. Америка жазушысы Льюис Синклердің көзқарасы – коммунистік. Ол кедейшілік, қайыршылықты шығармаларына арқау етті. Америка жұртшылығы Льюис Синклердің бұл әрекетін айып көрген жоқ. Қайта Нобель сыйлығын берді. Сондықтан қаламгер қауымына ана тақырыпты неге жазды деп кіналай қарау – ерсілік. Қай тақырыпты да қаламгер қалай жазды деп қарасақ, жарасады. Осы «қалай жазды?» деген сұрақтың ішінде әдеби әдеп, адами талғам, талдау бәрі де сыйып жатыр.
Сәбит Мұқанов поэмалары – жиырмасыншы жылдардың аяғында («Сұлушаш»), дені, негізінен, отызыншы жылдары жазылған. Шығармашылық мәселесінде уақыт құдіреті деген бар. Әр шығарманың жақсы, жаманын – өміршең не өлімсек екенін уақытқа қарай бағалап, бағасын уақытқа қарай бағамдайтынымыз сондықтан.
Жиырмасыншы жылдары – қазақ әлі бай, кедей дегендей таптық жіктеліске түспеген. Арада жалпы сызат бары рас. Бірақ жиырмасыншы жылдарыәдебипроцестебасымшылықты оқыған, білімді А. Байтұрсынов,
М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Әуезовтің жастай береқоймағаныәмбеге аян. С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов секілді жастар әдебиет есігінен сығалап жүргенде – Алашордашылар аталатын олар әдеби процестің ішінде жүр еді. Ұлт әдебиетін жасау амалына жан-жақты кірісіп кеткен. Бар жанр үлгілерін дамыту, жоқ жанр үлгілерін жасау – бар мақсаты. Міне, сондай кезде алдындағы Алаш ағалары үмітін оятып, М. Әуезовтің тамаша әңгімелер, «Қилы замандай» классикалық роман беруі, С. Мұқановтың «Сұлушаштай» поэтикалық туынды, «Адасқандар» секілді роман беруі – үлкен жетістік.
Егер де, әдебиет осы даму қарқынын тежемей отызыншы жылдары одан әрі қарай осылай еркін дами бергенде әрбір ұлт әдебиеті, соның бірі – қазақ әдебиеті де кеніш олжаға кенелер еді. Бірақ еркін әдебиетті еркіндікке жібермей саяси жүйе ауыздықтауға көшті. Ал Алашордаға сөз жүзінде кеңшілік берілді де, іс жүзінде жиырмасыншы жылдардың өн бойында Кеңес өкіметі тарапынан қуғындау, әдебиеттен шеттету, соттаумен айналысты. РАПП, КазАПП-тар бірыңғай пролетарлық әдебиет жасағысы келді. Кадр тәрбиелеуде – талапкердің талантына емес, шыққан кедей табына қарады. Отызыншы жылдың өн бойында орыс символистері, декаденттері не атылды, не аштан өлді, немесе шет елге қашып кетті. Қазақта Алашорда өкілдері әдебиеттен біржолата шеттетілді. Сондықтан, отызыншы жылдардағы әдебиетті – бірыңғай пролетариат жазушылар жасаған әдебиет деп қарау керек.
Біз мұны мақтанышпен айтып отырмағанымыз кім-кімге де түсінікті. Бірақ тарихи шындық солай. Отызыншы жылдары да әдебиет жасалды. Аз ба, көп пе – әдебиет туындылары өмірге келді. Көркемдігі көңіл көншіте ме, жоқ па, әйтеуір жаңа уақыт талабына орай әдебиет жасалып жатты. Оның бағыты – біз жаңа қоғам орнату үстіндеміз. Біз жаңа дәуірді жасаушы жасампаз елміз. Сол жасампаз елдің жаңа адамдары – әдебиет пен өнердің жаңа кейіпкерлері!
Ақын, жазушы алдына коммунистік партия тарапынан тартылған міндет, міне, осындай еді. Бұл – бір жағы қызыл империяның әдебиет пен өнерге зорлығы. Бір жағы – жаңа қоғам, жаңа типті әдебиет пен өнер дүниесін жасауы керек деген жалған ұғым, жалған түсінік. Осыдан келіп әдебиет пен өнер жасаушы өнерпаздар екі жарылды. «Өнер – өнер үшін» – деген концепциясын ұстаным тұтқандар шет елге кете бастады. «Өнер – бұхара халық үшін» – деген көзқарасты ұстаным тұтқандар қарабайыр әдебиет, қарабайыр өнер үлгілерін тудыра бастады. Бұл – уақыт тезіне көну, қоғам талабына көндігу болатын.
ХХ ғасырдан басталған процесс отызыншы жылдарға келіп жеткенде бас пен жақтай бір-бірінен біржолата ажырады. Отызыншы жылдардағы поэзия туралы әңгіме, міне, осындай ала-құла. Бір жай анық – жиырмасыншы жылдардан бастап ақын, жазушыларды қыспаққа алған саяси билік отызыншы жылдары советтік идеология қамытын олардың мойнына біржолата іліп тынды. Тұтастай алғанда, отызыншы жылдардағы әдебиет – ерекше саясиланған әдебиет. Бірақ қандай болғанда да әдебиет. Бірі – үздік, бірі – орташа, енді бірі (дені) идеологиялық жабдықтау (оформление) ғана. Бәрібір олар да зерттелуі керек. Тарихи тұрғыдан қарастырылуы керек. Зерттеу мұраты – мақтау, марапаттау ғана емес, кемшіліктерді талдап көрсету.
Қазақтың үлкен жазушысы Сәбит Мұқанов – кеңестік қилы-қилы кезеңде өмір сүрді. Уақыт, заманаға орай коммунистік көзқараста қалыптасты. Кеңестік идеологияға жегіліп, советтік саяси науқандарға араласауға мәжбүр болды. Соған қарамастан халық бағы мен сорын, қуанышы мен қайғысын арқау еткен көп шығарма берді. Ол шығармалар кезінде халықтың рухани қажетін өтеді, жақсылыққа, игілікке үндеді. Ол шығармаларда жазушы кеңестік тар шеңберде қалып қойған жоқ. Көркем шығармалар әлі де гумманистік ой, ізгілік міндет жетегінде. Шығармалары – кеңестік идеология рухында тәрбиеленіп өскен, коммунистік идеалда қалыптасқан қаламгер еңбегі. Ендеше, тарих аренасынан кеткен кезең көзқарасы, социалистік қоғам мұраты ол шығармаларға да ықпал етеріне дау жоқ. Солай екен деп Сәбит Мұқанов әдеби мұрасынан безіну – нағыз солақайлық болар еді. Қандай жағдайда туды, қалай жазылды, кеңестік көзқарас шеңберінде қалып қойды ма, әлде адамзаттық ізгілік биігіне көтеріле алды ма ол шығармалар? Біз жазушының шығармашылық шеберханасын қарастырғанда осындай сұрақтарға жауап іздедік.
Сәбит Мұқановтың да кейбір поэмалары отызыншы жылдары жазылған. Расын айту керек, сол шығармалардың кейбірінің көркемдігі бәлендей мықты емес. Бірақ өзіндік ерекшеліктері бар: өз дәуірінің өлең (поэтикалық) шежіресі; жаңа адамды сахнаға алып шықты; бір тақырыпта бірнеше поэма жазылды.
Ал ол процестердің бәрі де әдебиет тарихы тұрғысынан қарастырылуы керек. Зерттелуге тиісті.
Сәбит Мұқанов Кеңес өкіметінің қазақ даласындағы, тіпті СССР шеңберіндегі ірі оқиға, іргелі өзгерістерін өзінің күнбе-күндік саяси, саяси- публицистикалық, саяси-лирикалық өлеңдерімен бірге әр алуан тақырыпты үлкенді-кішілі поэмаларына да арқау етті. Олардың көркемдік деңгейі біркелкі емес. Кейбірі қоғам бойынан өтіп жатқан оқиғаны жалаң баяндауға түсіп кететін тым қарапайымдау дүниелер де, кейбірі уақыттық өзгерістерді кейіпкер табиғаты арқылы бақылайтын, бақылай отырып, оны көркем образ дәрежесіне көтеретін туындылар. Ақын кейде кеңес өкіметі ойға алған, істеген істің ізімен жүріп отырамын деген ойдың жетегіне еремін деп тақұл-тұқыл қалыпқа келеді. Ол өлеңдерді осындай талантты адамның қолынан шықты деуге аузың бармайды. Ондай жағдайлар кейде ақын жырлап отырған тақырып өткіншілігінен туындаса, кейде сол тақырыпты пролетариатқа түсінікті өте қарапайым тілмен жеткіземін деген талап жетегінде айтылып, қарабайырлық ауылынан келіп шығатынын білмей де қалады.
Бірақ Сәбит Мұқанов – үлкен суреткер. Оның бір шығармасы әлсіз болса, екінші бір шығармасы шоқтықты шын көркем дүние!
Демек, С. Мұқанов шығармаларын бүгінгі күн тұрғысынан зерттеп, асылы мен жасығын, жетістігі мен кемшілігін ажырата талдауымыз керек.
Біз солай етуге тырыстық.
Алдымен, Сәбит Мұқановтың дастаннан поэмаға келу жолын айқындадық. Асылы, белгілі бір жанр бірден қалыптаса қоймайды. Осы орайда дастан – поэма тудырушы фактор. Ғасырлар бойы халықтың рухани қажетін өтеген дастанның поэмаға ұласу жолындағы әдеби процесс ақынның «Жетім қыз», «Сұлушаш» және «Жұпархан» поэмаларын жан-жақты талдау үстінде дәлелденді. Бұл поэмалар романтикалық сарындағы дастан дәстүрін реалистік поэмаға желілей әкелуге жақын тұрған туындылар.
Сәбит Мұқанов «Жетім қыз» поэмасында күй сарынды аңызды жырласа, «Сұлушашта» халық эпосынан поэма жазды. Ал «Жұпарханда» – тарихи-аңыздық тақырыпқа бара отырып, аңыздық поэма туғызды.
Халық мұрасын кеңінен пайдаланған ақын ауыз әдебиеті үлгілерін өзінің шығармаларында ұтымды пайдалана білді. С. Мұқанов поэмаларын талдай отырып, ақынның фольклордан үйренуінің үш түрлі жолын байқадық: фольклор ізімен жырлау; фольклорлық сюжетке шығарма жазу; фольклорлық форманы пайдалану.
Ақынның дастаннан поэмаға келу жолдарын зерттеу арқылы ондағы көркемдік, реалистік ізденістер кезең сипатына, жанр табиғатына орай идеялық, тақырыптық, стильдік тұрғыдан талданады. Сәбит Мұқановтың сөз өнерін халық мұрасынан үйрене жүріп реалистік мәнерде мол сусындағаны өз замандастары мен орыс әдебиетінің шығармашылық ықпал жасағаны көрсетіледі. Ең бастысы, жас ақынның поэма жанрында өнімді еңбек ету арқылы көркемдік ізденістерге баруы. Тілдік, стильдік тұрғыдан жетілуі, кейіпкердің рухани-мәдени талғам дәрежесін тану жолындағы мақсаттары кеңінен қарастырылады. Бұл жерде көздеген негізгі нысанамыз – Сәбит Мұқановтың дастаннан поэма тудырудағы әр алуан көркемдік ізденістері: таптық шығарма жасаудағы ақын дүниетанымын көрсету.
Сонымен бірге, ақын поэмаларындағы өмір шындығы мен тарихи шындық көркемдік шешім тұрғысынан және характер қуаты мен тіл бедері, шеберлік сырлары да нақтылы поэмаларды талдау барысында айқындала түседі. Сондай -ақ ақын поэмалары жеке дара қарастырылмай, орыс әдебиетінің және төл әдебиетіміздің 1920-30 жылдарында жазылған, тақырыптары өзара үндес шығармалармен салыстыра, бірлікте зерттелінеді. Сол арқылы қаламгердің қазақ поэзиясындағы өсу, жетілу процестері диалектикалық сипатта сөз етіледі. Ақынның өмірді реалистік тұрғыдан терең түсінетініне зор маңыз беріледі. Өмір шындығы болсын, қарапайым халық өкілдерінің тұрмысы немесе адамгершілік, махаббат проблемалары болсын – бәрінде де өз дүниетанымындағы табиғатына тән дәлдік, айқындық, таптық көзқарас тұрғысынан ұтымды, жинақы, терең мағыналарымен ден қойғызады. Міне, қаламгер дүниетанымындағы бұл ерекшеліктер поэма жанры арқылы қарастырылады. Сондай-ақ зерттеу жұмысында ақын поэмаларының әр жылдар нұсқалары өзара салыстырылып, мұндағы өзгешеліктер көрсетіледі. Сонымен бірге, кейбір поэмалар бойынша жазылған әдеби сындағы артық айтып, кем ойланған жайттарға да назар аударылады. Ақын поэмаларының кемшін тұстары мен олқы жерлері де талданып, сын айтылады. Поэмалары жанрлық-тақырыптық тұрғыдан талданып, іштей бірнеше түрге жіктеледі: сюжетті-эпикалық, лирико-публицистикалық, лирикалық, айтыс формалы және очерк типтес.
С. Мұқанов — бар жанрда бірдей жазған аса дарынды қаламгер. Оныңалуан жанрды, түрлі тақырыпты қамтыған шығармашылық жолы – өзі өмірсүргенкезеңніңталап-тілегінегізіндетуды.Бұл ерекшелікбірғанаС. Мұқанов бастан өткерген жағдай емес, барлық қазақ зиялыларының төңкерістен кейінгі бірнеше буынына ортақ жай. Олар енді қалыптаса бастаған қазақ кеңес әдебиетінің бар жанрына белсене қалам тартып, уақыт талабына үн қосты. Қазақ қоғамы дамуында күрделі, қиын, қилы кезең болып табылатын осы тұста өзге қаламгерлер бастан кешірген жетістік, кемшіліктер С. Мұқанов табиғатына да тән еді. Бұл жолдан қазақ әдебиетінің көптеген өкілдері өтті.