Қазақ оқушысы көзі қара таныған күннен бастап, Абайды жаттап өседі. Мектепке барған баланың көз алдында құс жолындай сайрап, ақын өмірі жатады.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Абай бұл сөзді өлең туралы ғана емес, өзі жөнінде айтқандай; қай-қайсымыз болсын, өмірге Абай әлдиімен келіп, өмірден Абай гөй-гөйімен аттанатын тәріздіміз.
Қысқасы, Абай – біздің рухани әкеміз. Александр Твардовскийдің «комунизмге Пушкинсіз бару қиын» дегені сияқты, бізге Абайсыз тіршілік ету қиын. Сондықтан ақын өмірін мектеп қабырғасынан байыптап, өлеңін ғұмыр бойы пайымдауымыз қажет. Осы мақсатта қазіргі таңда «Абайтану» ғылыми-зерттеу, оқу орталықтары үлкен қалаларда ЖОО орындарының жанынан ашылып, жалпы білім беретін орта мектептің 9, 10, 11-сыныптары мен ЖОО барлық мамандықтарына «Абайтану» пәні енгізіліп отыр.
Абайдың ғылыми ғұмырнамасын Мұқтар Әуезов жазды. Ақынның өмірі мен өнер жолын одан асып талдау да, толғау да қиын. Демек, Абай туралы Әуезовке жүгінбей сөйлеу мүмкін емес.
Алдымен, Абай қандай ортада өсті дейтін болсақ, ол кедей шаруаларды сүліктей сорып, алдау мен арбаудан «жиған малын қорғалатып жүрген байлардың» өтірігі мен өпіремдігін, «күш сынасқан күндестігін» көріп, озбырлар ортасынан жирене, түңіле өсті.
Қатал әкенің ызғарынан ығысқан Абай «ықтасын жерді» анасы Ұлжан мен әжесі Зренің маңынан тапқанын да Әуезов тұжырымдаған [1,25-б.]. Бала күнінен зерек, ойлы немересіне кәрі әже өзі білген ертегі-әңгімелерін айтып, оны талай қызық қиялға шомдырады; болашақ ұлы ақынды сәулелі сұлу сезімдерге баулиды.
Абай алғашқы кезде ауыл молдасынан хат танып, он жасында Семей қаласындағы медресеге түседі. Мұнда бар болғаны үш-ақ жыл оқиды.
Медреседегі діни схоластикалық оқу Абайды қанағаттандыра алмайды. Ол енді өз бетімен білімін толықтырмақ боп, одан әрі ізденеді. Туысқан Орта Азия халықтарының Навой, Низами, Фирдауси секілді жұлдызды шайырларының шығармаларымен танысады. Солардың әсерімен алғашқы өлеңдерін жазады.
Абай медреседе оқи жүре, бір жағынан сол Семей қаласындағы приходская школаға түсіп, орыс тілін үйрене бастайды. Бірақ, бұл да ұзаққа созылмайды: бас-аяғы бірнеше айдан кейін орысша оқу да үзіледі, әкесі Абайды қаладан ауылға қайтарып алады. Құнанбайдың ондағы мақсаты – баласын ел басқару ісінде өзіне ізбасер етіп дайындау. Абай бұл әмірге де еріксіз көнеді, әке ықпалымен ел жұмысына араласады. Ақынның кейінірек ызамен айтқан:
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен, түспе ізіме…
деген сөздері осының өкініші еді.
Бірақ Абай үшін бұл әрекет те ізсіз кеткен жоқ, бірқыдыру өмір талқысынан өтеді. Феодалдық ортаның түрліше қайшылықтарына кездесді. Бұқара халықтың ауыр өмірін танып, оның мұң-мүддесін ұға түседі. Бұл Абайдың өз ортасынын жиренуіне себеп болады. Кедей шаруалардың қанау мен қараңғылық астындағы азапты тұрмыс-тіршілігі болашақ ұлы ақынның адамгершілік, азаматтық сезімін оятады.
Абай өмір сүрген ХІХ ғасырдың екінші жартысы, әсіресе аяқ шені Қазақстанның әлеуметтік өміріндегі әралуан қайшылықтардың әбден шиеленіскен кезі болатын.
ХVІІІ ғасырдан Қазақстан тағдыры Россия тіршілігімен тығыз байланысты болғаны тарихтан мәлім.
Россия біреу емес, екеу еді. Бірі – ресми билеп-төстеуші, кертартпа патшалы Россия да, екіншісі – азаттық идеясының қайнары, орыс халқының ілгерішіл Россиясы. Мұның біріншісі қазақ халқын орыс мәдениетінен аулақ ұстауды, қараңғы қапаста қалдыруды мақсат еткенімен, екінші Россия арқылы Қазақстанға орыс ағартушыларының прогресшіл идеялары тамыр жайып, тарала беруін тоқтата алмады.
Абай өз елінде болып жатқан осындай тарихи оқиға мен өзгерістердің қалың ортасында болды. Ел жайын барлап, әлеуметтік өмірге, халықтың саяси-экономикалық хәліне, мәдени тұрмысына назар аударып, көп ойланып, көп толғанады; өз дәуірінің заман ағымын сыншыл да, шыншыл пайымдайды.
Айрықша атап айтарлық нәрсе: орыс халқының маңдай алды прогресшіл мәдениеті мен классикалық әдебиеті болмаса, бүгінде біз білген дәрежедегі Абай да болмаған болар еді. Өзінің тума таланты мен қабілетіне орыс өнегесі дарығандықтан Абай қазақ халқының аймақтық емес, әлемдік өлшемдегі кемеңгер ақыны, ойшыл азаматы, қоғам қайраткері, ағартушы-демократы дәрежесіне көтерілген.
Қазақ еліндегі қараңғылыққа қарсы қаламмен күреске бел шешіп шыққан Абай өз бетімен ізденіп, Белинскийдің, Чрнишевскийдің, Добролюбовьтың озат идеяларымн танысты; Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың, Салтыков-Щедриннің, Лев Толстойдың көркем туындыларын оқыды; өзінің дүниетанымын осы негізде қалыптастырды. Оның «бұрынғы дүниенің асты-үстіне шығып өзгеріп, күншығысым күнбатыс, күнбатысым күншығыс болып кетті» — деуі, тіпті де, тегін емес.
Абай орыс классиктерінің шығармаларын өзі оқып-біліп қана қойған жоқ, оны ана тіліне аударып, туған еліне рухани сусын етті. Қалың жұрттың сана-сезімін оятты. Сөйтіп, езілгендердің ертеңге – жарқын болашаққа деген үмітін, сенімін күшейтті. Данышпан ақынның туған халқына көрсеткен перзенттік қызметінің бірі осы еді.
Абай орыс классиктерінің көптеген өлеңдерін (Пушкиннің «Евгени Онегинінен» фрагменттер, Лермонтовтың «Қанжар», «Ой», «Теректің сыйы», «Жалғыз жалау жалтылдап», Крыловтың «Қарға мен түлкі». «Шегіртке мен құмырсқа», «Есек пен бұлбұл» т.б) қазақ тіліне аударды. Абайдың бұл аудармалары күні бүгінге дейін өзге тілден өлеңді шығарма аударудың үлгісі болып қалды.
Орыс ақындарының өлең жасау шеберлігін, пішін сұлулығы мен мазмұн тереңдігін, осыдан туған өршіл пафос пен биік идеяны кемітпей, солғындатпай дәл жеткізу – Абай аудармаларының негізгі ерекшеліктері. Оның үстіне аударма екенін ұмыттырып жіберетін ұғымға да, тілге де жеңіл мінсіздік тек Абай аудармаларына тән қасиет.
Орыс классиктерін аудару үстінде Абайдың өзі де шарықтап өсті. Оның ойына орыс әерімен сіңген асыл қасиеттердің басқасын қоя тұрып, тек бірден көзге түсетіндерін ғана айтсақ: Абай, алдымен, Пушкин поэзиясының мұхиттай тереңі мен өмірдің өзіндей кең құлашын, Лермонтов өлеңдерінің сол кездегі қоғамдық қысымға қарсы бұрқана атылған кегі мен отты ызасын түсіне білді. Крылов мысалдарының өз дәуіріндегі қараңғылықты нажағайдай тіліп түсіп жатқан ащы сықағы мен күлкісін ұқты. Міне,осының нәтижесінде ғана Абай өз шығармаларын тақырып, идеялық мазмұн, түр, тіл, стиль жақтарынан мейлінше байытып, өлеңдерінің сыншылдығын, шыншылдығын күшейтіп, қоғамдық маңызын биік сатыға көтерді.
Орыс мәдениетін құшақ жая қарсы алып, орыс әдебиетін өзіне үлгі тұтқан Абай орыс ғылымын «дүниенің кілті» деп ұқты [2,156-б.]. Халықты сол ғылымға, білім мен өнерге бастап, еңбекке тәрбиеледі.
Ол халықтың жарқын келешегіне сенді және оның тетігін тауып қаланар кірпіші – жастар деп білді. Ақылы мен өсиетін соларға арнады. Бір өлеңінде:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, —
деп, өзінің өткен өміріне өкінішін айта келіп, жастарды содан сақтандырса, енді бір өлеңінде олардың алдына «ғылым таппай мақтанба» деп қатал талап қойды.
Ол өзінің ғақлиясында ауыл қазақтарына: — Балаңа барыңды салсаң да орыстың ғылымын үйрет! Балаң бала болсын десең оқыт! – деп, қайткен күнде де «орысша оқу керек» («Жиырма бесінші сөз») екенін табанды түрде талмай насихаттаған [3, 114-б.].
Енді біріңғай Абайдың ақындығына көшейік.
Ақын кім? Ақындық дегеніміз не? Бұл сұрақтардың жауабын кезінде Абайдың өзі берген. Ұлы ақынның «Адамның кейбір кездері» деп басталатын өлеңінде мынадай керемет жолдар бар:
Сылдырап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай…
Шын мәнісіндегі өнер туындысының айрықша асыл қасиетін, сыртқы түрі мен ішкі сырының тамаша үндестігін, сайып келгенде, оның күллі идеялық-көркемдік құнын осыдан артық дәл тауып айту қиын. Сөз өнеріндегі мазмұн мен пішіннің бірлігі дегеннің өзі де осы — әдеби шығарманың адам таң қалғандай әдемілігі, яки «тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімі». Александар Блоктың «ақын – үндестік ұлы» деген тамаша тұжырымының түп төркіні де осыған саяды.
Сөз өнеріндегі сыр мен сымбаттың үлгісі қандай? Мұның жауабын да Абайдан табамыз. Ол үшін Абайдың лирикасын пайымдап байқау шарт.
Абайдың лирикасы – кең көлемді мол қазына; биігі бітпес, тереңі таусылмас сырлы мұра. Алдымен, Абай – ақын. Ақын болғанда бүкіл бір халықтың ұлттық мәдениетінің ғасырлық мерейі, әдебиеттің заңғар биігі болған данышпан, классик ақын. Олай болса, Абай творчествосының дені – поэзия. Ал сол Абай поэзиясының дені – лирика. Осының өзінен-ақ әлгі айтқанымыздай, мұның қаншалықты шалқар теңіз екендігі белгілі.
Абай лирикасы сала-сала. Жалпы лирика деген ұғымға қандай қасиеттер тән болса, Абай бірыңғай қайғының, яки қуаныштың ақыны деуге, не күлкішіл ақын деуге тіпті де болмайды. Абай лирикасында осының бәрі түгел, тұтас жатыр. Оның сырлы жырларындағы сәл ғана, ең бір жәй сезінудің өзі оқушысының жан жүйесін, көңіл күйін тебіренте толқытып, «барлық пернені түгел басып, барлық шекті түгел сөйлеткендей сайрайды» (Белинский). Бұл – ғажайып құбылыс.
Абай лирикасын талдауға кіріспес бұрын, әуелі жалпы лирика туралы бір-екі ауыз сөз айту артық емес.
Лирика – поэзияның негізгі үш (эпос, лирика, драма) түрінің бірі. Лирикалық шығармаға көбінесе ақынның ішкі дүниесінің сезім күшімен тебірене толқуы, оның жеке өз басының көңіл күйі, күйініш-сүйініші тән. Ақын басында болатын мұндай толғаныс оның өзі өмір сүрген мезгілге, өзін қоршаған әлеуметтік ортаның моральдік бітіміне тығыз байланысты екені даусыз. Ақын қуана шалқыса да, жабырқай толғанса да, лирикада сол өз кезінің шындығы жатады. Оқушы мұнан ақын өмір сүрген дәуірдің рухын, жай-жағдайын байқап, хал-күйін аңғарып отырады.
Жалпы, сөз өнерінің өзге түрлері секілді, лириканың эпосқа, яки драмаға принциптік қайшылығы жоқ. Жалғыз-ақ, жанрлық жағынан айырмасы – эпостық шығарма қат-қабат, шытырман оқиғаларды суреттеуге лирикадан гөрі әлдеқайда кең құлаш жая алады. Сюжетке құрылады. Шындық құбылыстарды жан жақты, толық суреттеуге, бір оқиғадан екінші оқиғаға көше баяндауға мол мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, лирикалық шығармадан ақынның өзін, өзіне тән айрықша мінездерін тануға да болады. Өйткені лирикада ақынның оқушыға бұрын онша мәлім бола қоймаған сыры мен сезімі жалт етіп сыртқа шығап, жалт етіп бір көрініп қалады. Оның өзі ғана емес, оқушыны да тебіренте, сезіндіре біледі. Оқушы енді бір ауық ақын басында болған күйініш-сүйінішті өз басынан кешіреді: «Оның қайғысымен, қуанышымен, шаттығымен, үмітімен ттыныстайды, оның көзімен көріп, құлағымен естіп, тілімен сөйлейді». Талантты ақын өз лирикасында осылайша жарқ етіп, терең ойы мен сезгіш жанының жалпы жұртқа бұрын мәлім емес белгісіз түкпірін нәзік толқынымен осылайша ап-айқын ашып, танытады. Мұны ұғу да, әрине, оңай емес.
Ұқпассың үстірт қарап бұлғақтасаң,
Суретін көре алмассың, көп бақпасаң,
Көлеңкесі түседі көкейіңе,
Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң –
деп, кемеңгер Абай тегін айтпаған.
Суреткер өзі өмір сүріп отырған қоғамнан тыс, жеке-дара қалып, томаға-тұйық өмір сүре алмайды. Ендеше, оның өзі өмір сүріп отқан қоғамда қалыптасқан белгілі бір таптық көзқарасы бар. Сондықтан, өмір құбылыстарын суреттегенде оған өз қарым-қатынасын көрсетпей қала алмайды. Өз шығармасында сәулеленген өмір шындығы туралы өз кесімін айтып, өз «үкімін» шығарады.
Абай да өз лирикасының керекті жерінде кейбір қоғамдық қатынастардан белгі бере отырып, өзінің таптық көзқарасын, идеялық бетін айқындайды.
Абай — өз дәуіріне қатал сыншы болған адам. Қараңғы даладығы қат-қабат қарау әрекеттер – заңсыздықтар мен зұлымдықтар ақынды қатты күйзелтеді де, дәл осы жеке басқа тән жәй-күйлер енді бірде арнасынан асып, қоғамдық сипат алған. Сонда, ақынның бір адамды сынағаны – сол сияқты бүтін бір қауымды сынағаны, тілін болыс пен ұлыққа түйресе, сол кеселді туғызып отырған патша әкімшілігіне түйрегені болып шығады.
Болыс болдым мінекей,
Бар малымды шығындап,
…Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырыңдап…
Осында сол тұстағы ел билеушінің екіжүзді кескін-кейпі, мінез-құлқы оқушының дәл көз алдына келмей ме?
Осы секілді саяси сипаттағы сатиралық өлеңдерінде Абай болыс-билердің адам шошығандай қылығын, құлқын ғана суреттеп тынған жоқ, есте қаларлық образын жасады.
Қараңғылыққа, надандыққа жаны күйген Абай дүйім жұртты қайткенде түзеудің жолын көздеп, бір тоқтаған түйіні – ғылым, өнер болса, соның ізінше еңбекті тауып, халықты соған үндеді:
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын…
Еңбек қылсаң ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.
Абай лирикасынан махаббат, табиғат тақырыбы да айрықша орын алады.
«Әдемілік дегеніміздің өзі — өмір» (Чернышевский) десек, Абай да сұлулықты қиялдан емес, діни ұғымға байланысты қиялдағы «періштеден», «хор қызынан» тапқан жоқ, кәдімгі адамға тән шынайы асыл, аяулы қасиетті шыншыл жырға айналдырды [4, 78-б.].
Абайдың ақындығы туралы әңгімемізді қорыта келіп, Абай творчествосының тарихи мәнін жүйелегенде, ең алдымен, Абай бұрын езілуде болған өз халқының орыс мәдениетімен бір мақсатта болу қажеттігін түсінген. Ол орыс мәдениетінің қазақ даласындағы жаршысы болды да, өз халқын сол халықпен шынайы достыққа шақырды. Бұл — бір.
Екіншіден, Абай творчествосының мәні ақынның бұқарашылдығында, өзі өмір сүрген қоғамдық ортадағы әлеуметтік теңсіздікті көре білуінде, халық тұрмысына назар аударуында, қанау мен әділетсіздікті батыл сынауында, теңдікті жырлауында, адамгершілікті насихаттауында, халықты оқу-білімге, өнер-ғылымға, талап-еңбекке үгіттеуінде, сайып келгенде, халық бұқарасының сана-сезімін оятып, ой-өрісін кеңейтіп, жарқын келешекке сенім нығайтуында жатыр.
Резюме
В статье рассматривается раскрытие проблемы содержания творчества писателя- классика Абая широкому кругу читателей и влияние его творчества на системное воспитание молодого поколения.
Summary
In the article, opening of problem of maintenance of work of writer — classic Abay is examined to the wide circle of readers and influence of his work on system education of the young generation
Әдебиеттер
1.Қабдолов З. Арна.- Алматы, «Жазушы», 1988 ж.
2.Сүйіншалиев Х. Қазақ әдбиетінің тарихы. – Алматы, «Санат», 1997 ж.
3.Абай. 2 томдық шығармалар жинағы. — Алматы, «Жазушы», 2002 ж.
- Мырзахметов М. Абайтану тарихы. – Алматы, «Жазушы», 1994