Болашаққа сенімді беталысы бар Қазақстанның келер күні — тілі мен мемлекетінің өркендей түсуінде екені сөзсіз. Ертеңгі елінің өрендей ұл-қыздарының болашағы үшін ең қажеттісі – болашаққа нық аяқ басқан мемлекетінің қамқоры мен төл тілінде берілетін жан-жақты әрі сапалы білім. Бұл дегеніңіз – заманның талабына сай жоғарғы технологиялы өндірісті басқару және ел игілігіне жарату мүмкіндігі. Ал саналы білім алуда да, отандық өндірісті басқаруда да, сала термин сөздерінің орны ерекше. Мемлекеттік тілде салалық терминологияның дамуы мен нығаюы – қазақ тілінің кемелденуі мен мейлінше бай ғылым тіліне айналуына жол ашады. Ахмет Байтұрсынов айтып кеткендей: «арнаулы пән сөздерімізді ғылыми зерделеу өз зәрулігін жоймаған өміршең мәселе».
Қазіргі кезде де өндіріс салаларындағы арнаулы тілді дамыту өзектілігін жойған емес. Әсіресе, арнаулы сала терминдерінің қазақ тіліндегі қолданысын нығайту, дамыту мәселесі. Бұл бағытта мемлекеттік тілде сала тілін қалыптастыру ұлттық кәсіби мамандардың қатарының өсуіне ықпал етіп, өз ортасында кәсіби тілдің дамуына жол ашады. Кәсіби тіл мен терминология бір-бірімен тығыз байланыста. Табиғи жағдайда кәсіби тілден термин тууы шарт, алайда керісінше де болып жатады. Яғни термин ғылыми ортада сұрыпталып, сараланып туса, кәсіби сөз өндіріс адамдарының жұмыс ерекшелігіне байланысты туған атау сөздер. Термин сөздерді қалыптастыруда өндіріс мамандарының кәсіби тіліне зер салып жүйелеу, саралау, талдау жұмыстарын жүргізу ең дұрысы болмақ.. Өйткені салалық термин сөздердің қолданысқа енуіне де сол кәсіби маманның үлесі зор. Дей тұрғанменде өндіріс қызметкерлері мен жұмысшыларының кәсіби сөздерін термин дәрежесіне жеткізу үшін сұрыптау, талдау жұмыстары мен қатар ғылыми анықтама берілуі тиіс. Кәсіби маман мен салалық терминология арасындағы тығыз байланысты ғалым Ө.Айтбайұлының пікірімен сабақтай түссек:
«Жалпыға бірдей қарапайым сөздер қоғамдағы өзара қарым-қатынас қажетіне байланысты туындап және оны сол тілде сөйлейтін кез- келген адам жасай алатын болса, терминдер белгілі бір кәсіп пен мамандыққа тән ұғымды білдіру үшін жасалады да күнделікті практикалық мұқтаждық тудырады, сол саланың мамандары арасында ғана қолданылады. Оны сала мамандары жасайды. Осыдан байқалатындай термин дегеніңізді саналы түрде қадағалап, қолдан жасап, сұрыптап отырмаса, ғалымдар бірін-бірі түсінуден қалуы ықтимал. Өйткені ғылымның мазмұны оның формасымен яғни, керісінше айтсақ, ғылым түрі оның мазмұнымен тікелей байланысты болмақ. Бұл- ғылым мазмұны оның формасын тудырады да, соған тәуелді болады деген сөз» [1].
Демек, сала тілін анықтап оған жан-жақты талдаулар жүргізу үшін терминология мәселесімен шұғылданатын лингвист маман болу жеткіліксіз. Термин тек тілдік тұрғыдан қарастырылып (дыбысталуы, морф. құрлымы, ситаксистік құрылысы), белгілі саладағы қолдану жағдайы ескерілмей, өндірістік процестен ажыратыла қарастырылса, ауытқулар мен қателіктер туындайды. Сондықтан да лингвист маман үшін зертеуге алынған терминдер қолданылатын өндірістік процесті жете меңгеру маңызды. Алайда бүтіндей өндірістік процесті қамту қиынның қиыны. Сондықтан өндіріс процесінің бірнеше сатыға бөлінетінін ескере отырып топтау және жіктеу тәсілдері арқылы арнаулы сала термин сөздерінің қатарын ажыратып алуға болады. Мұнай-газ саласына қатысты терминдерге талдау және топтау жұмыстарын жүргізген кезде саланың өндірістік іс-шараларын білдіретін арнаулы сөздермен қоса өзге де салаларда ортақ бір мағынада қолданыс тауып жүрген терминдердің қатарын анықтадық. Бұл терминдер сала аралық байланысты дәлелдеп тұрады, ғылымның дамуына жол ашып, салалық тілді байытады. Сондықтанда сала термин сөздері туралы сөз еткен кезде сала аралық термин сөздер жөнінде де айтылуы керек. Өйткені ғылым салаларында ортақ қолданыс тауып жүрген бір мән-мағынадағы сөздерді жекелеген саланың терминдері қатарына жатқызып үсті-үстіне қайталай берсек шын мәніндегі сала тілін анықтау қиынға соғады. Сала аралық терминдерді белгілі бір өндірістік іспен шұғылданатын сала тілі көлемінде қарастырып қолданыс аясын дұрыс белгілемеу де жөн емес. Бұл терминдер саланың қалыптасуына негіз болған ғылым тілінің ауқымында анықталып бекітілуі тиіс. Әр ғылымның өзіндік ерекшелігі бар. Алайда жекелеген ғылымдар да олардың салалары да өз-ара байланыссыз болуы мүмкін емес. Өз-ара байланыстың, даму мен күрделенудің нәтижесінде жаңа ғылым салалары туып отыратыны заңды. Ал бұл өз кезінде сала аралық байланыстың кепілі. Егер сала аралық байланыс жекелеген ғылым салаларын о бастағы негізгі ғылымға жақындатып тұрса, сала аралық ерекшелік алшақтатып жаңа бағыт сілтейді. Бұл табиғи процеске ешкім тосқауыл бола алмайды. Өйткені бүкіл ғылым атаулының барлығы философиядан тарқағаны сияқты кемеліне жеткен ғылым өз салаларын туғызбаса, ғылыми даму тежеледі. Ғылым саласының дамығандығын өзіндік ерекшеліктеріне қарап бағалауға болады. Сала тіліндегі терминдерді де жоғарда көрсетілген ой жүйесі арқылы бақылап білеміз. Сала тіліндегі термин сөздер саланың даму айғағы іспетті күрделеніп, дараланып тұрады. Мысалы, геология ғылымын алар босақ, жер қойнауын, жердің құрылысын, қыртыстар мен қабаттарды және жер асты табиғи байлығын зерттейтін күрделі ғылым. Ғылымның зерттеу нысаны аса күрделі болған соң, нақты зерттеу нысандары анықталып геологияның саласы ретінде мұнай және газ, көмір, түрлі-түсті металл, уран, алтын тағыда басқа өндіріс шаруашылықтарының түрлері көбейді. Аталған өндіріс салаларының барлығы да түпкі геология ғылымынан өз бастауын алғаны сөзссіз, дейтұрғанмен де бұл салалардың да өзіндік бағыты, ерекшеліктерін жоққа шығаруға болмайды. Осы тұрғыдан қарасақ шаруашылық ерекшеліктер былай тұрсын, барлығында дерлік жиі ұшырасатын қыртыс, қабат, иірім, шоғыр, ұңғыма, штрек, кен орны, лықсыма, ойыс, төбе, ойпат, қырат, тау жынысы, құм, саз, тақтатас, тұз, тұзды дөң тағыда басқа жалпы геологияға қатысты өз-ара ортақ терминдермен қоса жеке-дара қайталанбайтын термин сөздері де көптеп кездеседі. Бұл қайталанбастық өндірістік іс-шараға, қолданылатын амал-тәсілге орай болып отырады. Тіпті бір ғана мұнай-газ саласының өзінде-ақ өнімді жер қабаттарынан алу және өңдеу іс-шаралары кезінде қолданылатын терминдерді де жалпы-жалқыға салып қарастыруға болады. Сала тіліндегі терминдік жүйенің күрделене түскені соншалық бір-біріне өз-ара жақын салалардың тіліндегі термин сөздермен қатар бастауы мүлде бөлек терминдер де саладағы өндірістік іс-шараларды атқаруға қызмет етеді. Бұл заңды. Өйткені әлемдегі ғылымдардың өз-ара байланысы болмайынша ешбір іс-шара жүзеге аспайды. Қарапайым айтсақ, физикасыз химия, химиясыз геология болмайды. Негізгі ғылымдардың байланысы табиғи заңды болған соң, өндірістік іс-шара кезінде қолданылатын термин сөздерінің өз-ара аралас-құралас болуы міндетті түрде. Белгілі бір терминдердің қатары бірнеше салада айнымас бір лексикалық мағынада қолданылса, ешбір жағдайда лексико-семантикалық мағынасын жоймаса, бұл терминдер сала аралық байланысты құраушы сөздер. Өзгеше айтсақ, сала аралық терминдер. Сала аралық терминдердің басты белгілері:
- Бірнеше салада бірдей терминдік мағынаға ие;
- Қалданысында бірдей лексикалық мағына береді;
- Әр салада белгілі дәрежедегі ыңғайлас іс-шараларға қатысты болып келеді;
- Жеке-дара терминдерге қарағанда жалпы халыққа түсінікті болады;
Жалпы сөзжасамның негізгі мақсаты – сөздік қорды молайту, сөздің көркем әрі әлеуметтің қолданысына икем, оңтайлы болуын реттеу деп ұғамыз. Бұл ретте терминология саласы қандай болмасын ғылымның арнайы тілі бола отырып сол ғылымды қоғамға жеткізетін негізгі құрал ретінде айқын қадамдар жүргізуі керек. Қоғамдық ортада тілдердің қолданылу аясына орай және сөйлеу стилдеріне байланысты біз ғылым тілі, газет-журнал тілі, әдеби тіл, ауызекі сөйлеу немесе жалпы халықтық тіл деп топтадық. Бұнымыз ақиқат. Алайда ғылым мен техниканың жетістігінен туған термин сөздің «өмір сүру тарихына» қарап отырсақ, о баста ұғым ретінде белгілі бір ортаға ғана түсінікті болып, бірте-бірте газет-журнал тілінде қолданылады. Тіпті ақыры жалпы халық түсініп білетін дәрежеге жетеді. Бұл іс-шара Құрманбай Шерубайұлының еңбегіндетөмендегіше пайымдалып, аталған: «Жалпы қолданыстағы сөздердің негізінде ғылым мен техниканың, өнердің әр түрлі салаларындағы мыңдаған терминдердің жасалатындығы сияқты, терминдердің есебінен де жалпы лексика үнемі байып отырады. Тілде бұрынан бар сөзді термин ретінде дайын қалпында пайдалану терминделу делінсе, оған қарама-қарсы процесс, яғни терминнің терминологиялық жүйеден тыс қолданылып жалпылық сипатқа ие болуы – бейтерминдену деп аталады» [2:25].
Бұл терминологияның тіл білімі ғылымының саласы ретіндегі маңызды қызметі іспетті. Жалпы тілдік қорға сүйене отырып белгілі ұғымды білдірер сөз туғызу, қағамда жұмыс жасату және уақыты келген кезде жалпы халық тіліне қайта қосу – бұл терминологияда үздіксіз жүріп жататын жүйелі түрдегі процесс. Мысалы, бір кездері тек қана кәсіби мамандар мен ғылыми ортаға түсінікті болып келген автомокөлік, автобус, трактор, ұшақ, тік ұшақ, пойыз секілді көлік атаулары немесе антибиотик, бактерия, вирус, вакцина сияқты медицина терминдері, сорап (насос), бұранда (винтель), шүмек (кран) сынды механикаға қатысты термин сөздер бүгінгі таңда көпшілікке жақсы таныс.
Сала аралық термин сөздер бейтерминдену кезінде де маңызды қызмет атқаратыны байқалады. Яғни терминнің бірнеше салада бірдей ұғым мен атауды иемденуі – сол терминнің қолданыс аясының кеңейіп, көпшілікке мәлім бола бастағанының белгісі. Түйінін айтқанда сала аралық термин сөздер терминнің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, жазба әдебиеттің әсерімен жалпы халық тіліне өту кезінде сатылық қызмет атқаратыны анық.
Сала аралық терминдерін бірыңғай сала терминдері және бірыңғай емес сала терминдері деп топтап алып қарастыруды ұсынар едік. Бірыңғай сала терминдері деп – белгілі бір ғылымнан таралған салаларда қолданылатын ортақ мәндегі арнаулы сөздер. Айталық, геология ғылымына қатысты қыртыс, қабат, ұңғыма, құмайт, төбе, ой, қыр, кен орны, тақтатас, саз, сор, шоғыр тағы басқа термин сөздер – жоғарда сөз етілгендей, осы ғылымнан бастау алып сабақтала түскен мұнай-газ, көмір өнеркәсібі, уран, алтын, түрлі-түсті металл өндірісі секілді салалардың барлығында дерлік кең қолданылып жүр. Бірыңғай емес сала аралық терминдер деп — мағынасы жағынан саланың негізгі іс-шараларынан алыс, бір-біріне мүлде жақыншылығы жоқ салаға қатысты боп келетін термин сөздерің қатарын айтамыз.
Бірыңғай емес сала термин сөздері — ғылымдар арасындағы үздіксіз байланыстың кепілі. Ғылым аралық байланыстың болмайынша ешбір ғылым саласының дамуы мүмкін емес. Өйткені бір ғылымның жетістігі екінші ғылымның өрлеуі үшін құрал, амал-тәсіл, аспап ретінде қызмет көрсетеді. Осыдан келіп өзге салаға тән терминдік атау екінші бір ғылым саласында кең қолданысқа ие болады. Мысалы, сорап, құбыр, бұранда, сырғытпа, термометр, газ, мұнай, азот, көмірсутегі, қышқыл тағы басқа термин сөздерді атауға болады. Бұл терминдік қатардың қалыптасып қоғамдық санада орнығуы сөздің жалпы халықтық қолданысқа енуіне жол ашады. Көрсетілге мысалдағы азот, көмірсутегі, күкірт деген терминдердің химия ғылымына тән екенін біз жақсы білеміз. Ал бұл атаулар өндірістік салалардың барлығында дерлік кең қолданыста. Сол секілді физика ғылымының терминдері: өлшеу аспаптары, монометр, термометр, қысым, тығыздық, газ тағы басқа атаулар көптеген ғылым салаларында жиі ұшырасып отырады.
Сала аралық терминдермен қатар мұнай газ-саласының ішкі шеңберінің өзінде-ақ бір-бірін қайталамайтын термин сөздер ұшырасады. Соған орай еліміздің әлемдік нарықта өресін аша түскен, даму қарқынына екпін берген мұнай-газ саласын да жоғарыда келтіргендей бірнеше өндірістік іс-шараға бөліп термин сөздерді талдауға алуды ұсынамыз.
Қазақстан жер қойнауының алтын құрсағындағы мұнай мен газды халық игілігіне жаратқанға дейін бірнеше сатылық жұмыстар жүргізіледі.
Атап айсақ:
- Барлау; 2. Бұрғылау; 3. Кен алу (шығару); 4. Жинақтау және тасмалдауға дайындау; 5. Шикізатты өңдеу;
Аталған өндірістік істердің әр қайсысында бір-біріне ортақ термин сөздермен қатар жеке дара қайталанбайтындары да бар. Ғылымда бұл процестерге қатысты арнаулы сөздерді мұнай-газ терминдері деп атаймыз. Алайда біздің ізденіс жұмысымыздың мақсаты жалпы сала термин сөздерінен арнаулы салалық терминдерді ажыратып топтау. Нақты айтқанда кен алу (шығару) ісі мен жинақтау және дайындау ісіне қатысты термин сөздерді қарастыру болып отыр. Өндірістегі кен алу және оны жинақтап дайындау ісі — жалпылама мұнай мен газды, конденсатты игеру және алғашқы өңдеу деп те аталады.
Егер кен орындарын барлап анықтауда негізінен жалпы геологияға қатысты қабат, жыныс, әктас, тақтатас, шоғыр, малтатас, тау жыныстары, ойпат, шөгінділер, лықсыма, қиық, қатпар, иірім, қыртыс, дөң сияқты термин сөздер қолданылса, бұрғылау сатысында бұл терминдермен қатар механикаға қатысты бұрғылау, дірілдеткіш, науаша, қашау, сорғы, ротор, қондырғы секілді арнаулы құрал-саймандардың аттары мен өндірістік іс-шара атауын білдіретін арнайы сөздер жиі қолданылады. Кен алу кезінде геологиялық терминдер де қолданбалы механикаға да қатысы бар термин сөздер де бір-бірімен байланысты түрде кең қолданыс табуда. Геологияға қатысты: қабаттың өнім бергіштігі, өнімді қабат, горизонт, миграция, т.б. сөздер қолданылса, барлау және бұрғылау сияқты өндірістік процестен соң ұңғы, кенжар, ернеу, оқпан, құбыр аралық кеңістік, өңдеу ұңғымалаының торы, мұнайлы алқап жиегі деген бір қатар арнаулы сала терминдері сөз айналымына түседі.
Кен алу және оны тасмалдауға жинақтап дайындау ісі аса күрделі өндірістік шараларды қамтиды. Сондықтан бірнеше ғылым саласымен ұштасып жатыр. Атап айтқанда геология, физика, органикалық химия, қолданбалы механика салаларында ұшырасатын термин сөздер жиі қолданылады. Яғни сала аралық терминдер тобына жатқызуға әбден болатын сөздер қатарын анықтаймыз. Осы бағытта мұнай-газ өндірісіне қатысты қолданбалы механика немесе физика термин сөздері, мұнай-газ және химия терминдері деп топтауға болады.
Қондырғы-жабдықтар мен құрал-сайман атауларының барлығы дерлік қолданбалы механика ғылымына қатысты. Ал кен орнынан табиғи газ бен мұнайды не конденсатты алу одан соң тасмалдауға жинақтау ісі кезінде алуан түрлі құрал-саймандар мен қондырғы-құрылғылардың аттары мен өндірістік процестердің атаулары бұл саладағы терминдер қатарын көбейте түсуде. Мысалы кенді шоғырдан алу кезінде қолданылатын құрал-сайман атаулары: сорапты колоналы құбыр (НКТ), лықсыма арматурасы, құбыр және колонна тізбектері, құйрықша, т.б. немесе жинақтау кезінде қолданылатын құрал-сайман мен қондырғы-жабдық атауы: жылуалмастырғы, қақпақша, сорап, сепаратор т.б.
Шикізаттың құрамы және оның құрлысы мен құрамына әсер етер заттар міндетті түрде химия ғылымымен байланысты. Мұнай-газ саласында бұндай химиялық терминдер де молынан кезедседі: ингибитор, метанол, метан, көмірсутек, азот, сутегі, газ, мұнай, ДЭГ(диэтилен глюкол), күкірт т.б.
Кенді игеруде оның химиялық құрамы мен жер ана құрсағында орналасу жағдайы, қоршаған ортамен байланыстылығын дұрыс бағалау міндетті. Яғни оның химиялық құрамы мен құрылысынан басқа физикалық жағдайы да маңызды. Осыған байланысты физика ғылымының терминдері де мейлінше кең қолданылады. Мысалы: қысым, салмақ, кеуектілік, өткізгіштік, сығымдылық т.б. кеннің физикалық жағдайын білдіретін сөздермен қатар бұл жағдайды анықтайтын термометр, монометр, дифманометр, газажыратқыш, бақылау-өлшеу аспабы сияқты аспап атауларын да атауға болады.
Кен орындарын игеру ісінде қолданылатын төл термин сөздердің қатары да аз емес. Бұлар негізінен тек қана осы процесті жүргізуге қатысты құрал-сайман атаулары, геологиялық әсер ету процестерінің атауы, геологиялық ерекшелік атаулары, химиялық және физикалық процесс пен құбылыс атаулары. Кен орындарын игеру – бірнеше ғылымның жетістігін қолдануды қажет етер аса күрделі іс-шара болған соң, жүзеге асыру кезінде қолданыстағы сала тілінде де бірнеше ғылымға тиесілі терминдер ұшырасып отырады. Әйтседе, саланың ерекшелігіне орай бұл терминдерді де өзіндік топтастыруға болады. Мысалы, «мұнай-газ геологиясы», «мұнай-газ физикасы», «мұнай-газ химиясы», «мұнай-газ механикасы» деп алып осы саладағы терминдердің қолданылуын төмендегідей кестелеуге болар еді:(кесте ықшамдалып алынған)
№ | Жалпы мұнай-газ терминдерінің топтамасы | Кен шығару (алу) іс-шарасына қатысты | Тасымалдауға жинақтау және дайындау іс-шарасына қатысты |
1. | Мұнай-газ геологиясы | 1.геологиялық тор
2.сығымдау ұңғымалары 3.суландыру 4.саиклинг 5.мұнайлы алқап контуры (жиегі) 6.газды алқап контуры (жиегі) 7.Су мен газ байланысы 8.Газ бен мұнай байланысы 9.өну алқабы (контур питания) 10.қабат |
— |
2 | Мұнай-газ физикасы | 1.дипресия
2.градиент 3.тепетеңдік (перепад) 4.дебит (мөлшер) 5.электрод 6.монометр 7.барометр 8.қысым 9.салмақ 10.кеуектілік |
1.Мұнай жабысқақтығы
2.газ айыру (сепорирование) 3.дренаждау (сорғыту) 4.буландыру 5.термометр 6.бақылау-өлшеу аспаптары 7.сорғыту 8.тұндыру 9.геотермалық саты 10.турболенттік |
3 | Мұнай-газ химиясы | 1.көмірсутегі
2.реагент 3.мұнай 4.табиғи газ 5.қышқыл 6.су 7.метанол 8.аэрозол 9.азот 10.күкірт |
1. ингибитор
2. су-метанол қоспасы 3. регенирация 4. утилизация 5. газол 6. парафин 7. тазартылған газ 8. гликоли 9. тот басу 10.Гидрат |
4 | Мұнай-газ механикасы | 1.Пакер
2.Тізбектелген сорғы құбырлар 3.Шегендеу тізбегі 4.Ілмек 5.Кондуктор 6.Кескіш-клапан 7.Науаша 8.Келте құбыр 9.Мұнара 10.Лықсыма арматурасы |
|
Кестеде көрсетілген термин сөздердің ішінде тек қана мұнай-газ ісіне қатыстысын анықтап бөле-жара көрсету қиынның қиыны. Мұнай мен газды барлау, бұрғылау, және игеру мен өңдеу бірнеше өндірістік іс-шаралар кезінде аса жиі қолданылатын терминдер қатарын топтап көрсетуге болады, бірақ дәл анықтап айту мүмкін болмас, өйткені бұл іс-шаралар бірінен кейін бірі туады, үздіксіз байланыста болған соң, бір термин барлығында дерлік кездесуі мүмкін. Сондықтан да мұнай-газ арнаулы салаларына қатысты термин сөздерді анықтау кезінде бөлшектеп емес кешенді түрде қарастыру жөн.
Әдебиеттер:
- Ө.Айтбаев «Қазақ терминологиясының қалыптасуы мен дамуы» Алматы, 1988
- Ш.Құрманбайұлы «Қазақ лексикасының терминдену үрдісі» Автореферат Алматы,1999