Резюме
В статье проанализированы проблемы гармонии духовности: соотношение всеобщего, единичного и особенного; общих критериев цивилизации и национальной культуры в условиях глобализации.
Summary
The spiritual harmony problems are analyzed in the article in the article: i.e. common, unique and special correlation common civilization criteria and national culture in global conditions.
Адамзат мәдениетінің тарихы — адамзат ақыл-парасатының қозғалысының тарихы. Рухани мәдениет — құрылымы күрделі, бір-бірімен түрлі қатынастар арқылы байланысатын көпқырлы құбылыс. Кең мағынадағы «руханият» — саяси, құқықтық сана, мораль, өнер, ғылым, философия, дін, қоғамдық идеология мен психология және т.б. бірлігінен құралатын тұтастық. Ғылыми әдебиетте руханияттың әрқайсысын белгілі әлеуметтік және кәсіпқойлық ортаның ықпалымен дамитын үш түрге жіктеу қабылданған:
- Рухани дамудың шырқау шегі, көркемдік интеллигенция қалыптастырған эстетизм;
- Басқару және ғылыми интеллигенция саласындағы қайраткерлердің еңбегінің нәтижесінде жасалатын теоретизм;
- Көркем әдебиет, педагогика, публицистиканың имандылық., адамгершілік мәселелері қарастырылатын бөлігі негізінде қалыптасқан этизм.
1) Руханияттың бірінші түрінде қоғам мен тұлға санасының рухани-эстетикалық деңгейі жүйеленеді. Ұлттық сана деңгейі қоғамдағы үстемдік етуші идеалдарды, көзқарастарды, талғамдарды бейнелейтін эстетикалық руханияттың — эстетизмнің жоғары болуын талап етеді. Айта кету керек, материализация, заттану арқылы көрінетін, өнерден туындап, өнерге тікелей негізделетін көркемдік мәдениетпен салыстырғанда эстетизмнің ауқымы кең де терең. Ол әлеуметтік өмір, еңбек, қатынас пен мәдениет түрлерін түгел қамтиды.
2) Эстетикалық руханиятпен салыстырғанда теоретизм көпдеңгейлі, дерексіз (абстрактылы) түрде ғылыми салада жетілдіріліп, ғылыми деңгеймен анықталады. Оны негізінен мынадай деңгейлерге жіктеуге болады:
а) романтикалық-сыни теоретизм (мысалы германдық романтизм);
б) догматикалық (шығыс философиясындағы көркем және діни текстер).
Шығыс философиясындағы ұлттық тек-тамырлары ортақ болғандықтан осы тұста теоретизм мен эстетизм арасы жақындай түседі;
в) сызбаларды (схемаларды) жоғары қойып, тіршілік пен теорияның арасын алшақтата түсетін схемалық теоретизм.
Теория тіршілікті өзгертуі немесе өмірлік практика өз кезегінде теорияның негізсіздігін көрсетіп беруі мүмкін. Демек, тіршілік пен теория сәйкес емес, өмір көптүрлі, көпмазмұнды, сондықтан әлдеқайда бай. Кеше дәлелденіп, қабылданған, бүгін терістеліп жатқан дүниетанымдар қарама-қарсылығы практика жүзінде бірігіп, синтезделіп рухани биіктерді мақсат еткенде ғана теориялық ой позицияға айналып, көркеймек.
3) Этизмді мынадай бағыттарда қарастыруға болады:
а) шығысқа тэн сипаттағы діни және көркем текстердегі имандылық қағидалары бейнеленген діни этизм;
б) діни емес этизмнің екі ағымы:
1) қоғамдық өмірде сақталуға тиісті қалыптар (нормалар) мен инструкциялар түріндегі қатаң догматика, яғни мораль және имандылық жөніндегі ғылым ретінде;
2) мораль және имандылық реалды өмірмен, оның мазмұнымен тығыз байланыс, шынайы өмірді оған жанаса, бейімделе отырып игеруі, яғни өз бастауын этизм халықтык салт-дәстүрден, ұлттық тек-тамыр мен тарихи байланыстардан алуы;
Руханият кұрылымы өте нәзік, әртекті және қозғалғыш: руханилықтың қарама-қарсы түрлері өз дамуында бір-біріне азық беріп, толықтырып және турден-түрге ауысып отыруы да мүмкін. Мамандар пікірінше, XX ғасырдың басты сипаты — бір индивидтің өмірінде бірнеше мәдени дәуірлердің жедел алмасуы. Соның нэтижесінде «әлеуметтік және мәдени циклдер алшақтығының пайда болуы». Адамның өзін қоршаған орта мен дүниеден келіп жатқан ақпаратты игеріп үлгірмеуі — экономикалық, әлеуметтік және рухани прогрестердіқ сәйкессіздігі нәтижесінде қоғамда рухани вакуумның пайда болуы.
Адам не үшін өмір сүреді? Өзін жүзеге асыру үшін. Нәтижесінде пенде — ұрпақ, тұлға-мұра, ұлт-руханият қалдырады. Соңғысынан — бірегей, төлтұма мәдениеттер жиынтығынан — әлемдік, жалпы адамзаттық рухани қазына құралады.
Өз азаматына дұрыс дүниетанымдық бағдар беретін руханият қалыптастыруына сол қоғамның өмірінің ұзақтығы тікелей байланысты. Адамдағы адамилықты сақтап, дамытатын руханият ыдырағанда қоғамнан жұрнақ қалмай, мемлекет құлайтынына ұлы Рим империясының тарихы дәлел. Немесе тарихи болмысы жат, жалған идеяға негізделген руханият сол қоғамның мағынасын жоятынына кешегі Кеңестер Одағының баянсыз тіршілігі дәлел.
Қандай да болмасын қоғамның түпкі мақсаты — өзіне сенімді, әрненің шегін ажырата алатын, творчествалық инициативалы, дүниедегі өз орнын сезінетін және өзі құрған өмір үшін жауапкершілік ала алатын тұлғаны, өз ұлтының өкілін қалыптастыру десек, ол мақсатқа ақиқаттығын, табиғилығын, дұрыстығын өмір көрсетіп берген ұлттық мәдениетке, ұлттық рухани қазынаға сүйенгенде ғана жету мүмкін екеніне көз жетті.
Сондықтан бұрынғы «нағыз ақиқат білімді» «білетін, түсіндіретін» аз ғана топ пен оған бас шұлғуші, табынушы көпшіліктің орнына өз ұлтымыздың руханиятын нақтылауға, ұлттық сананың қалыптасуын қадағалауға, бағыттауға, әр бір өкіліне ұлттық рухты дарытуға міндетті зиялы қауым келді. Бұл — толассыз терең жауаптылық пен жоғары сапалы ой қызметін талап ететін күрдеді міндет.
Мәселенің күрделілігі — ұлттық руханияттан сусындау, ұлттық санаға ие болу -адамның туа бітті қасиеті еместігінде. Оған қоса, жетпіс жылдық «ұлтсыздану» тарихымызды ескеретін болсақ, бұл жолдың рухани рахатынан азабы көп болары түсінікті. «Ұлттану» құбылысының деңгейі мен сапасы ұлт азаматтарының танымы мен әрекетінен көрініс береді де, сол таным мен көрініс үшін жауапкершілік — ұлттың зиялы қауымында жатады.
«Ұлттың өсіп-өнуіне екі жағдай қажет: азаттық пен білім» — деп еді Шоқан Уалиханов. Саяси жүйемізден бастап білім беру жүйесіне дейінгі өзгерістер мен жаңалықтар кезеңіндегі ұлттық сананы қалыптастырып, рухты ояту жолындағы міндеттің алғашқысы — тарихи нәубеттердің, саяси-тарихи алаяқтықтың салдарынан алынған «тарихи контузия» зардабын жою, тарихи танымды қалыптастыру. Өз ұлтының өмір-салты мен тек-тамырын білу арқылы адам өзінің тарихи-болмыстық жаратылысын сезініп, дүние сырын, даму заңын түсініп, өзіне сенімді артып, ішкі дүниесіне творчестволық қолдау табады.
Зорлық құрсауы ыдырап, рухани демократияға қол жеткізгенмен төлтума дәстүр мен талғам қалыптаспаған ортада ұшқарылықтың келесі түрі — рухани біліксіздік пен руханн анархия орын алуы мүмкін екендігіне көз жеткізе бастадық: мысалы Шыңғысханның тұлғалық және образдык бейнелерінің сәйкестігі төңірегіндегі дау (Оңтүстік Қазақстан, 15,5, 02. 2002), Қазақфильм қойған «Бала Абай» фильмі (1998ж) т.б. Бір қуанарлығы, аудиториясы кең кино өнеріне талғаммен қарайтын, негізді пікір айтатын көрерменнің бар екендігі («Абай туралы фильм қойылмаса деймін» (Шымкент келбеті, 4, 1999). Өнер арқылы адамдағы адамшылық, ұлттық құндылықтар насихатталатындықтан, мәдениет — тұлғалық мәдениетке, ал тарихи шындықтан, адамзат идеалдарынан алшақ, діни, моральдық абсолюттермен шектелмеген «мәдениет» — мәдениетсіздікке апаратын даңғыл жолға айналмақ. Сондықтан қоғамда ең нәзік, эстетикалық талғам үшін тоқтаусыз күрес жүреді. Өйткені жан жадырап, рухани өсу үшін сұлулық қажет. Организмге қажетті дәрумендердің бірі жетіспеген жағдайда тән ауруға шалдығатыны секілді болмыстық құндылықтардың (А.Маслоудың пікірінше барлығы 14) қатыспауынан адам жан дертіне ұшырайтыны анықталды. Мысалы, өтірікші-суайттар арасында жүрген адамның басқаларға сенімінің азаюы сияқты, т.б.
Нағыз өнер туындылары өмірдегі, тұрмыстағы тұрпайылықпен коса сұлу да нәзік сезім, жан шуағын қатар бейнелеп, жоғарғы мен төменгінің, шарықтау мен құлдыраудың нақты көрінісін беретін көркемдік контрастар арқылы өмірлік аномалияларды ашып көрсетеді. Ал сезімде, өмірде, өнерде жеткілікті мөлшердегі қарама-қарсылықтардың болуы — дамудың, жетілудің кепілі. Өнердің күші осында. Осылайша ғылым мен өнер қоғам бейнесін жақсартады.
Жалпы әлеуметтік тәртіпсіздіктің, тағылық пен аморализмнің бір тамыры — рухани өмірді «жеңілдетуге» бағытталған бұқаралық өнер мен ойын-сауықтардан құралған мәдени саясатта жатыр. Өнер саласындағы қаражат саясаты прокатты, театрды, кітап баспаларын коммерциялық табыс жолына бағыттап, талғамды төмендетіп, өнердегі ойын-сауық саясатын көтермелеуде. Адамдардың төмен талғам атмосферасында өмір сүруі, коммерциялық манипуляциялардың ерікті тұтқыны болуы негізінде рухани өндіріс саласындағылардың пайдакүнемдігі мен жауапсыздығы, «ұлттық идея» әлсіздігі жатыр.
Нағыз мәдениетпен емес, суррогатпен, өнердің бұқаралық түрімен ғана қанағаттанатын тоғышар алдымен сезімдегі, одан соң әрекеттегі адамшылықтан айрылу, азғындау арқылы есептеседі. Эстетикалық сұлу сезім, әсерленуден айрылған ол біртіндеп этикалық қасиеттерден алшақтайды. Адамгершіліктің өмірден алшақтауы көп жағдайда нағыз эстетикалық көңіл-күйден айрылудан басталады. Өлі жанды адамның қылмысқа, экстраординарлық әрекетке оп-оңай баруы сондықтан.
Әлеуметтік зұлымдыктың наркомания, бұзақылық деген түрлері өлі жандылықтан құтылудың мәдениетті емес әрекетін көрсетеді. Зерігу — адам жанының жұмыс істегісі келмейтін және жұмыс істей алмайтын жағдайын бейнелейді. Руханияттан сусындаған адам мұндайда өзін кінәлайды және жабығуынан арылып, өзі үшін тіршіліктің мән-мағынасы айқындалғанын күтеді. Ал «рухани мүгедек» өзінің бұл күйі үшін қоғамды кінәлайды және одан кек алады.
Ойын-сауық адам жанын зерігуден құтқармайтыны белгілі, бар болғаны «мәдени допинг» ретінде оны уақытша қоздырады, нәтижесінде қайтадан іш пысып, одан да зор қоздырғыштар талап етіледі. Адам нағыз өнерге көңіл қойса, зерікпеген болар еді. Бүгінгі күні демалуға, көңіл көтеруге арналған салалар репертуары төменгі сортты шоу, сериалдардан тұратындықтан талғамсыздыққа тәрбиеленген адам ел өмірінде, өндірісте, тіпті өз өмірінде болып жатқан жағдайға жауапкершілік көрсете алмайды. Осылайша қоғам өмірінде орны еш бір материалды табыспен толмайтын рухани тәрбие шығындары көрініс беріп, бірін-бірі тудырып жатады: түсінісе алмаған жастар, баянсыз неке, тірі жетімдер мен жұбаныш-сенімді «жеңіл өмірден» іздеп сабылған жастар. Салауатсыздықтан туатын салауатсыздық.
Ұлттық мүдде мәселесінде мәдени демалыс, іс-шараларын дұрыс ұйымдастыру үлкен мәнге ие. Бірде-бір ұлт әлеуметтік-мәдени тұйықтықта тіршілік ете алмасы белгілі. Ұлттың рухани өндірісінің өнімдері сұраныстан төмен болса, бос уақыты мол тұрғындар бөлігі өз назарын тысқарыға аударады. Ұлттың демалысы мен бос уақыты «ұлтсызданады»: демалыс индустриясы мен рухани өндірісі дамыған ел аймақтарынан өз халқына ұсынары жок информациялық вакуум аймақтарына мәдени-әлеуметтік ақпарат ағыны тоқтаусыз жөңкіледі. Ұлтсыздану процесі — ұлттық бейненің, жан дүниенің түрленуі мен орны толмас әлеуметтік-экономикалық, моральдық шығындарға ұласып жатады. Нәтижесінде ұлттық кірістің жартысын қорғанысқа жұмсап, ұлт қауіпсіздігі ведомстволарын тиісті әскери дайындық жағдайында ұстағанмен мемлекет өз келешегінің интеллектуалдық ресурстары мен ел тыныштығының резервтерін жоғалтады. Ұлттық идеалы қалыптаспаған білімді жастар жат елдің отын тұтатып, азаматы санын көбейтеді, ал білімсіз бөлігі түрлі фанаттың ағымдар ықпалында кетуі немесе асоциалды тәртіпке бой алдырып, олардың өзін жүзеге асыру процесі қауіпті, ақылсыз жолмен жүруі де мүмкін.
Келесі шешуші фактор — қазіргі экономика тудырып отырған өмір салт. Ел экономикасы оның бейнесін анықтауда. Сондықтан орта табыс мөлшері жағдайында тұрмыс күйбеңінің түбінде жүрген адамнан ішер асының, киер киімінің қамымен қатар рухани өрлеуді күту жансақтық. Өйткені экономика өндіріп, қалыптастырған өмір салтты кезегі кешіккен таза тәрбиелік шаралар өзгерте алмайды.
Сыңаржақтыққа да салынуға болмайды: қоғам мәдениеті мен экономикасы рухани мәдениетке барабар емес. Рухани мәдениет жалпы экономикалық тоқырау, құлдырау жағдайында да тіршілік ете алады. Бірақ онда ол халық, ұлт мәдениетіне айналмайды. Экономикалық, әлеуметтік, рухани даму өзара тығыз байланысты болғанмен, олардың бірлігі автоматты түрде және бір мезгілде іске аспайды. Яғни төмен жалақы, тартымсыз тұрмыстың адамынан қандай адамгершілікті талап етуге болады, ондайда адамдар аңсары заттар дүниесіне ауады емес пе, десек те, тұрмыстық мәселенің шешілуі кенеттен адамгершілікке кенелу дегенді білдірмейді. Экономикалық даму барлық саланың негізі болғанмен, рухани кұндылықтардың алғашқы егушісі — ұлттық отбасылық тәрбие, оның ұзақ мерзімді еңбегі.
Диалектикалық және творчестволық ұлттық бастама ғана тұлға дамуының кепілі бола алады. Ал дұрыс, толыққанды дамудың бірден-бір жолы — руханиятты сақтау, насихаттау. Өйткені материалдық мұқтаждықпен салыстырғанда рухани мұқтаждық әлдеқайда маңызды да өзекті.
Әдебиет:
- Ш.Уалиханов. Таңдамалылар. Алматы. 1972.
- М.Хайдеггер. Бытие и время. Москва. 1996.