Қазақ халқының өз атымен өмір сүруі XV ғасырдың орта шені десек, осы кезден басталатын қазақтың төл әдебиетіне өзіндік үлес қосқан, сол замандағы әлеуметтік іс-шаралардың бел ортасында болып, ерлігімен де, өрлігімен де, хас батырлығымен де, өр рухты жырларымен де ел құрметіне бөленген көрнектіақын, жыраудың бірі — Доспамбет жырау.
Доспамбет – тарихи тұлға. Ноғайлының атақты биі Мамайдың заманында, яғни XVI ғасырдың орта тұсында Азов теңізі түбінде өз алдына жеке ел болған Азаулы ноғайлыларының басшысы, ел қорғаны, қол бастаған батыры.
Жыраудың бүгінге жеткен мұрасы аз ғана – бар-жоғы 160 жолдың көлемінде. Осы жыр үзінділерінің өзіне қарап оның шығармаларының тікелей жорық үстінде, ұрыс майданында туғанына көзіміз жетеді. Себебі, оның қазір қолда бар шағын толғауларында жырау өмірімен қоштасар алдындағы адам кейпінде өткен дәуренінің мән-мағынасы туралы тебіреніп ой қозғайды.
Жаралы жауынгер – жыраудың көркем бейнеленген шұрайлы тіл арқылы өткен өмірімен қимай қоштасуы, ішкі қайғы мен өкініштен ақтарылып шыққан зарлы мұңы, кейінгі ұрпаққа арнай сөйлеген жыр – аманаты елес береді. Солай болғанмен де, оның жырларындағы басты қазық-ақынның туған жеріне, еліне деген ыстық махаббаты, ынта сезімі. Бұл қасиетті ұғым жолында туған жерін жаудан қорғау – жырау үшін басты азаматтық парыз. Сол себепті де ол жауынгерлік жорық жолдарын тебірене еске алып, жырға қосады.
Доспамбет жырлары – майдан, ұрыс кезеңінің жылнамасы іспетті. Оның жырларында ел үшін, жер үшін шайқас, жаралы жыраудың өлім мен өмір арасында қиналған арпалысты сәттері ерекше әсер қалдырып, жорық кезіндегі қайсар қылықтарымен өршелене жауға ұмтылған ержүрек ерлердің қимыл-әрекеті көркем бейнеленеді. Бұл жырлар – қазақтың қаһармандық поэзиясының нағыз бастапқы қайнар бастаулары.
Доспамбет поэзиясына тән үлкен бір ерекшелік – оның өлең-толғауларындағы айтылған ой қазақ мақал-мәтелдерімен астасып, ішкі мағынасы жағынан болсын, сыртқы айтылу түрі, ұйқасы, салыстыру өзгешеліктері жағынан болсын үндесіп, қоғамдық құбылыс жөнінде нақтылы сөз өрнегімен беріледі.
Арғымаққа оқ тиді
Қыл мықынның түбінен,
Аймадетке оқ тиді
Отыз екі омыртқаның буынынан…..
Доспамбет шығармалары аздығына қарамастан ғұмырлы, қашанда мәңгілік. Оның толғаулары өзінінің мән-маңызы, ішкі толғанысы жағынан алып діңгектер сияқты үлкен әлеуметтік жүк арқалап тұр. Жырау жырлары тарихтың талай аласапыран оқиғаларының арасында адасып, жоғалып кетпей, бізге келіп жетті де, рухани бастаулардың қуатты көзі бола отырып, шығармашылығы
мен күрескерлігі өзімен үндес XVIII ғасырдағы әдебиеттің ірі өкілі Ақтамберді мен XIX ғасырдағы өршіл рухты азамат ақын Махамбет поэзиясына және одан кейінгі бүкіл әдебиет дамуына игі әсерін тигізді