Қорытынды

XX ғасырдың алғашқы кезінен бастап қазақ арасында оқу-ағарту жұмыстарында, өткендегімен салыстырғанда аз да болса, дамығандық болды. Бұл кезде оқыған қазақ интеллигенттері шыға бастады. Қазақ тілінде кітап бастыру, газет, журнал шығару ісі жанданды, халықтың сана-сезімі ояна бастады. Қазақтың демократтық-ағартушылық бағыттағы ақын, жазушыларының қатары көбейе түсті.

XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетін идеялық, көркемдік дәрежесі төмен, ескішіл, ұлтшыл әдебиет деп бір жақты, ұшқары бағалаушылық та болды. Шындығында, бір дәуірдің әдебиетіне бұлай бір жақты қарау, ондағы қол жеткен табыстарды жоққа шығару, барымызды жоқ деу дұрыс емес еді. Бірақ бұл дәуірдегі әдебиетімізде, қайсыбір олқылықтар бола тұрса да, сол жәуір жағдайында қоғам өмірінің әр түрлі күрделі мәселелерін прогресшілдік тұрғысынан сөз етуге талпынудан туған әдеби мұраларды жоққа шығара алмаймыз.

XIX ғасыр басында қазақ тілінде тек бір ғана «Дала уалаятының газеті» шыққан болса, XX ғасырдың алғашқы он жеті жылы ішінде қазақ тілінде 6 газет, журнал шығарылды. Сондай-ақ қазақ тілінде XIX ғасырда не бары 70 шақты кітап басылып шыққан болса, XX ғасырдың басында (1900-1917 жылдары) 200-ден астам кітап басылды. Сол кітаптардың ішінде 65-70 шақты кітап қазақтың сол кездегі ақын, жазушыларының күнделікті тақырыпқа, сол заман тақырыбына жазған шығармалары: өлең жинақтары, дастан-поэмалары, әңгіме, романдары болды.

XX ғасыр басында қазақ ақын, жазушыларының саны аз да болса өсті. XX ғасыр басындағы жазушылардың көпшілігі қазақтың өз арасынан, жаңа ояна бастаған жас күштері арасынан шықты.

Сөйтіп, XX ғасыр басында қазақтың жазба әдебиет стилінде шығармалар жазатын өзіндік стилі бар ақын, жазушыларының қатары артты. XX ғасырдағы ақын, жазушылардың жазба әдебиет стилінде өз жанынан оригиналдық шығарма жазатындары тіпті аз болушы еді. Олардың бәрі дерлік қазақтың, араб, парсы елдерінің ертедегі ауыз әдебиет нұсқаларын жинап, соларды аударып бастыратын-ды. Яғни XIX ғасырдағы қазақтың жазба әдебиетінің басым көпшілігі көшірме, аударма әдебиет болатын.

Ақырында, XX ғасыр басында қазақ әдебиетінде әдебиеттік жаңа жанрлар туа бастады. Бұрын қазақ әдебиетінің негізі поэзия болып келсе, XX ғасыр басында бірді-екілі повесть, роман, драмалық шығармалар көрінді. Қысқасы, XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті өзінің кадры жағынан да, жанры жағынан да әдәуір ілгері басып, профессионалдық әдебиетке айналды.

XX ғасыр басындағы қазақтың ақын, жазушылары қазақ өміріндегі бірқатар күрделі мәселелерді қозғағаны рас, бірақ, тақырыбы, идеясы жағынан демократтық-ағартушылық дәрежеге көтерілгенмен, қоғамдық, таптық құбылыстарды материалистік дүние тану, революциялық даму тұрғысынан барлай алмайды. Қайсыбір ақын, жазушылар замана, қоғам дамуы алға тартқан жаңа талаптар дәрежесіне көтеріле алмады, әр алуан қоғамдық құбылыстардың, ұлы оқиғалардың мән-жайын аңғармады. Замана туғызып келе жатқан жаңа талаптарға жауап беру үшін өмірдің, заманның егжей-тегжейін, қоғамдық құбылыстар мен ұлы оқиғалардың мән-жайын жете аңғару үшін тек бір ғана жазушылық дарын, талантпен бірге дүние тануда, қоғам құбылыстарын бағалауда қалыптасқан саяси-әлеуметтік берік көзқарасы, алдыңғы қатарлы мәдениеті мен білімі болуы қажет.

XX ғасыр басындағы қазақ ақын, жазушыларының басым көпшілігі ескі, діни мектеп, медреселерде оқып тәрбиеленді. Соның салдарынан көзқарастарында діни қайшылығы бар ақын, жазушылар да болды.

XX ғасыр басындағы кітап шығарып, газет, журналдарға өлең, жыр, әңгіме, мақала жазып көбірек көрінген, демократтық-ағартушылық бағыт ұстаған қазақтың ақын-жазушылары: Мұхаметжан Сералин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әріп Тәңірбергенов, Спандияр Көбеев, Сәбит Дөнентаев, Бекет Өтетілеуов, Ығылман Шөреков, Тайыр Жомартбаев т.б.