Тайыр Жомартбаев (1884-1937)

Тайыр – қазақтың XX ғасыр басындағы әдебиетіне өзінің шығармалары арқылы үлес қосқан, халықты оқуға, өнерге, ғылымға, мәдениетке шақырып, прогрестік, үлкен мәні бар күрделі мәселелерге үн қосқан ақын, жазушылардың бірі. Тайыр – көрнекті педагог-ағартушы Ыбырайдың, ұлы ақын Абайдың шығармаларынан, осы алдыңғы ағалар арқылы орыс әдебиетінің классикалық үлгілерінен идеялық әсер алып өскен жазушы.

Тайыр 1884 жылы Семей облысының қазіргі Абай ауданында туған. Тайырдың әкесі Жомартбай — өте кедей, оның үстіне балалары да көп болған кісі. Кедейдіктің салдарынан Жомартбайдың балаларының кейбірі байларға жалданып мал бақса, кейбірі қала маңындағы Венков, Яков деген орыс кулактарының жұмысын істеген.

Абай туып өскен елде туып, балалық шағы сонда өткендіктен Тайыр Абай шығармаларымен жасынан-ақ таныс болады. Ұлы Абайдың жастарды оқу-өнерге, ғылымға шақырған, надандықты сынаған өлеңдері Тайырға зор әсер етті. Жасында ауыл молдаларынан азын-аулақ оқығаны бар Тайыр есейе келе оқу оқуды, білім алуды арман етеді де, ауыл байларының жұмысынан шығып, 16-17 жасында Семей қаласына келеді. Қала маңындағы ауылда тұратын Жақия деген бай қажыға жалданады. Бір жағынан ауылда оқыған аз білімін дамыта жүріп, медреседен сабақ алады. Кейін ағайындарының көмегімен қаржы жинап алып, Уфа қаласындағы Медресе-Ғалияға түсіп, оқып, оны бітіреді.

1910-1911 жылдарда Тайыр Семей қаласына келіп татар медресесінде мұғалім болып істейді. Бұл кезде Абайдың, Ыбырай Алтынсариннің, татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың және орыс классиктерінің шығармаларымен едәуір танысады, әдебиетке шын ынтасымен құмартып, өзі де өлең, әңгіме жаза бастайды.

Тайыр өзінің жазғандарын жинақтап екі кітап етіп баспаға ұсынады. Бұл шығармалары: «Балаларға жеміс» атты өлеңдер жинағы, автордың өзі роман деп атаған «Қыз көрелік» атты ұзақ әңгімесі 1912 жылы Семей қаласындағы «Жәрдем» типографиясында жеке-жеке кітап болып басылып шығады.

Тайырдың 1912 жылы басылып шыққан «Балаларға жеміс» атты өлеңдер жинағына, негізінде, ақынның балаларға арналған шығармалары енген.

Тайыр ақын бірқатар өлеңдерінде («Ыждаһатты баланың надан атаға айтқан сөзі», «Балаға атаның айтқан сөзі» деген өлеңдерінде) тек балаларды ғана емес, ата-аналары да ғылым, білім, еңбек жолына шақырып отырады.

Тайыр шығармалары адам тәрбиесі тақырыбының басты бір саласы – қайырымдылық, адамның адамға деген адамгершілік, аталық, аналық, жолдастық, достық қамқорлық. «Жетім баланың мұңы», «Рақымды кемпір», «Рақымды жолдас», «Үлкен әке және немере» атты өлеңдері адамгершілік, адал достық, шынайы қамқорлық мәселелесіне арналған.

Тайыр Жомартбаев, негізінде, оқу-ағарту тақырыбын көп жырлаған ақын. Әрине, бұған қарап Тайыр Жомартбаев шығармаларында кемшілік, көзқарасында идеялық қайшылықтар жоқ деуге болмайды.

Ақын өз шығармаларының басты нысанасы етіпеңбек адамын жырласа, елді қараңғыдан жарыққа бастайтын еңбек пен оқуды, өнер мен ғылымды ашық насихаттайды. Сөйтіп, ол демократиялық-ағартушылық бағытта дамыған прогресшіл әдебиетімізге өзіндік үлес қосты. Тайыр бұл бағыттағы әдебиетіміздің басты салаларының бірі балалар әдебиетінің Ыбырай Алтынсариннан соңғы көрнекті өкілінің бірі болды.