Нармамбет Орманбетұлы(1860-1918)

Нарманбет Орманбетұлы Қарағанды облысында қазіргі Ақтоғай ауданында 1859 жылы дүниеге келген. Ақын Нарманбеттің әкесі Орманбет және шешесі Балбырауын сөз қасиетін білетін, тілге шешен адамдар болыпты. Нарманбет балалық шағынан бастап тілге, әсіресе шешендік сөздерге жақын жүретіндігін көрсетіп, өз үйірлігін танытқан. 8 жасынан бастап мұсылманша сауат ашқан. Нарманбет тек қана жадитше білім алып қоймай, Шығыстың ұлы ақындарының асыл сөздерінен сусындап өседі. Оңай өлең шумақтарын төгіп салып, естіген сөздерін тез есінде сақтайды. Өз жанынан жырларды он үш жасынан бастап шығара береді. Ең бірінші өлеңі апасы Қалиманға арналады. Бала ақынның талабын байқаған, ғылым-білімге ұмтылысын сезген әкесі Нарманбетті он төрт жасында Қарқаралыдағы екі сыныптық орыс мектебіне апарады. Бұнда екі жылдай оқыған ақын қалған уақыттарда өз қабілетіменен, ізденуімен білімін толтырады. Жасынан-ақ елге білімді азамат есебінде танылып, тілмәш атанып, орыс, қазақ тілдерін бірдей меңгерген кісі болып көрінеді. Әкесі ауқатты жан 29-30 жасында болыс болып, ел ісіне араласып, қай кезде де болмасын жұрт ісінен қолын үзбейді. Бұл оның өлең жазуына, ел ішіндегі қатпар тұстарды түсінуге көп көмектеседі. Ақын өмірінің соңғы кездерінде Қарқаралыда болып, 1917-18 жылдары уездік соттың төрағасы болып сайланады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Қарқаралыда құрылған Уездік советтің төралқасы болды. 1918 жылы елге қайтып, кенеттен қайтыс болады.

Шығармалары. Ақынның жырлары бұған дейін кеңес дәуірінің елегінен өтпей, жат саналып, көп есепке алынбады. Тек 1939 жылы «Нарманбеттің өлеңдері» деген атпен жарық көрді. 1941 жылғы 9-сыныптың оқулығында ақынның шығармалары жөнінде біраз сөздер айтылып, өлеңдері жарық көрді. 1966 жылы Алматыдан шыққан «Айтыс» кітабының екінші томында Жуасбаймен айтысқаны жарық көрді. 1978 жылы Ленинградта басылып шыққан Мұхтар Мағауиннің жинақтауымен «Поэты Казахстана» делінетін антологиялық жинақта өлеңдері Одаққа танылды, 1976 жылы Қазақ кеңес энциклопедиясының 8-томында ақын жөнінде айтылды. Тек кейінгі кезде ғана Нарманбет жөнінде зерттеулер мол көріне бастады. Нарманбеттің шығармалары көркемдік бояуы мол, тақырыптық танымы терең, лирикалық жырлар. Ол кейбір тұстарда Абаймен сабақтасып кетіп, өмірдің өзін сыншыл көзбен жырласа, кей шақтарда орысқа жақпақшы болған болыс-билерді өлтіре сынап кетеді. Оның «Шал қайғысы», «Сарыарқа сайран жерім-ай», «Қазақ ұлы біз тұрмыз», «Жасқаншақ бас», «Сарыарқа», «Замана», «Сахараға қарасақ» секілді жырлары мұра болып жеткен. Ол осы жырларында орыс езгісіне түскен қазақ сахарасының қайғылы халін жылай, зарлай айтады. Ресейдің қомағай, қанды ауыз күйін сол қалпында береді.

Нарманбет өз заманының озық тұрған ақындарының бірі. Қазақ халінің қадірсіз заманында туып, қарапайым қаймана жұртты қай қатарға қосу керек деген ойлар мазалап өткен ірі ақын. Ол бізге сонымен қадірлі.