С. Көбеев (1878-1956) қазақ прозасының іргетасын қалаушылардың бірі, сонымен қатар, орыстың классикалық әдебиетінің үлгілерін ана тілімізге аудару ісіне үлес қосқан белгілі тәржімашы. Ол ұзақ өмірінде жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеумен шұғылданған адам. Сол себепті С. Көбеевтің жазушылық қызметі мен ұстаздығы бірі-бірімен тікелей байланысты. Ол бала оқытумен шектелмей, шәкірттерінің сыныптан тыс оқуына лайықтап, орыс ақындарының мысал өлеңдерін ана тіліне аударады. «Үлгілі тәржіме» (1910) және «Үлгілі бала» (1912) кітаптары қазақ балалар әдебиеті қазынасына қосылған татымды үлес болып табылады.
«Қалың мал» төл басы, тырнақ алды роман болумен бірге, оның қазақ прозасы тарихында алар орны ерекше, мұнда 1905 жылғы төңкерістен кейінг қазақ аулында бой көрсете бастаған қат-қабат өзгерістер, жаңалықтар нышаны нанымды суреттеледі. «Күш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» деп, ел билеуші әкімдер мен үстем таптарға тісін қайрап, ашынып жүрген кедей жігіттер бейнесі романда өздеріне лайық, қимыл-әрекеттерімен көрінеді, жазушының позициясы ашық та айқын – ол замандастарын феодалдық әдет-ғұрыпты бұзып, Ғайша мен Қожаш сияқты мұратқа жетуге меңзейді. Роман тілінің тазалығы, көркемдігі жағынан өзімен тұстас прозалық шығармалардан өзгеше, жарты ғасыр бойы мектеп хрестоматиясынан түспей келе жатқаны да сондықтан болса керек.
Жазушы өмірінің соңғы жылдарында өзінің ұзақ та жемісті ұстаздық жолы туралы «Орындалған арман» атты мемуарлық кітап жазды. «Орындалған арман» тек автордың естеліктері ғана емес, өз алдына көркем шығарма. Жазушы онда тарихи негізге сүйене отырып, сол кездегі әлеуметтік-қоғамдық жағдайда адамдар образын көркемдікпен ашқан.
«Жетімнің өлеңі» — «Үлгілі бала» кітабында С. Көбеевтің өзінің авторлығы көрсетіліп берілген бірден-бір өлеңі. «Үлгілі баладан» соң жазушының таңдамалы шығармаларында басылған.
«Сауысқан мен қарға», «Құмырсқа мен көгершін», «Ат һәм есек», «Екі соқа», «Қоян мен көлбақалар» — бұл шағын әңгімелер Л. Н. Толстойдың «Азбукасынан» алынған, «Үлгілі баладан» соң автордың «Таңдамалы шығармаларында» берілген.
«Қалың мал» романының негізгі басылымдары: 1913, Қазан, Ағайынды Кәрімовтер баспасы; 1934, Алматы, Көркем әдебиет баспасы; 1954, А., МКӘБ, түзетіліп, толықтырған үшінші басылым; 1960, А., Таңдамалы шығармалары кітабында. Бұдан басқа 1939 жылдан бері орта мектеп және жоғары оқу орындарына арналған хрестоматияларда басылып келеді.