Бізді әдебиет теориясымен тұңғыш таныстырған адам – адам Ахмет Байтұрсынов. Оның жазған әдебиет теориясы, ұмытпасам, “Әдебиет танытқыш” деп аталатын екі кітап болатын. Бірінші кітапта әдеби терминдермен таныстырып, әрбір термин сөздің мән-мағанасын ұғындырып, бірнеше мысал келтіріп, қалған мысалдары екінші кітаптан оқып, танысуға сілтеме жасап отыратын. Өнердің түр-түрімен таныстыратын. Мысалы, “архитектура” деген сөзді – сәулет өнері, “скульптура” дегенді сымбат өнері деп атап, түсіндіріп беретін.
Ахаңның ғалымдық еңбектері: “Оқу құралы”,бірінші кітап “Баяншы” — 8000, “Оқу құралы” — 50000 екінші кітап, “Тіл құрал” бірінші жылдық – 35000, “Тіл құрал” екінші жылдық — 25000, “Қырық мысал” – 5000, “Маса” – 5000 тиражбен шыққан.
Ахметтің «Маса» атты әйгілі өлеңдер жинағы 1911 жылы басылып шықты. «Маса» — патша заманында қазақ халқының басынан кешкен аса ауыр хал-ахуалын айнытпай суреттеп берген, шыншыл көркем шығарма. Қазақ әдебиетінде ешқашан тарихи маңызын жоймайтын дәуір (эпоха) туындысы.
Байтұрсыновтың «Қырық мысал» кітабы тұңғыш рет, 1903 жылы басылып шықты. Ол кітапта Пушкиннен аударған өлеңдері де болушы еді. «Қырық мысал» Крыловтан аударма дегенімен, сөзбе-сөз аударма емес. Байтұрсынов Крылов мысалдарының тақырыбын ғана алып, өзінің төл шығармасындай емін-еркін жырлап кетеді. Және әрбір мысал өлеңнің соңында келетін ой-пікір түйіні (сентенция) – Ахметтің өз қорытындысы. өз пікірі. Мысалы, «Аққу, шортан һәм шаян» мысал өлеңнің қорытындысында:
Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,
Әуелі бірлік керек болсақ жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас, —
десе, «Үлес» өлеңінде баяндалатын уақиғаның қорытындысында былай дейді:
Ойласақ уақиға емес болжайтұғын:
Ел қайда өзін даудан қорғайтұғын,
Қазіргі пайдасына бәрі жетік,
Адам аз алдын қарап болмайтұғын.
Аңдыған бірін-бірі жуадан жаман,
Байқасақ, ел белгісі оңбайтұғын,
Бұл белгі табылып тұр біздің жұрттан,
Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан.
Алданып арадағы дау-шарына,
Қатерден қапері жоқ келер сырттан.
«Қалың қазақ жұртының алғашқы естіген төңкеріс рухындағы сөзі «Қырық мысал» болатын», — дейді Мұхтар Әуезов.
Бізді әдебиет теориясымен тұңғыш таныстырған адам – Ахмет Байтұрсынов. Оның жазған әдебиет теориясы, «Әдебиет танытқыш» деп аталатын екі кітап болатын. Бірінші кітапта әдеби терминдермен таныстырып, әрбір термин сөздің мән-мағынасын ұғындырып, бірнеше мысал келтіріп, қалған мысалдарды екінші кітаптан оқып, танысуға сілтеме жасап отыратын. Өнердің түр-түрімен таныстыратын. Мысалы, «архитектура» деген сөзді – сәулет өнері, «скульптура» дегенді – сымбат өнері деп атап, түсіндіріп беретін. Орыс ғалымдарының Ахмет Байтұрсыновты: «Основатель теории казахской литературы» — деп және қазақтың ең тұңғыш әрі аса ірі лингвист-ғалымы, қазақ тілінің емлесін жасап берген реформатор, қазақ тілі грамматикасының негізін салып, қалыптастырушы деп атап көрсеткен. Байтұрсыновтың осындай баға жетпес, тарихи ерекше еңбегін терең зерттеп, талдап жазып, қалың жұртшылыққа ұғындырып беру қазақтың оқымысты, тілші, әдебиетші мамандарының абыройлы борышы.
Елдің бәріне түсінікті, қарапайым мысал ретінде айтсақ: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік,, үстеу, демеу, жалғау, септеу … дегендерді Ахмет Байтұрсыновқа дейін кім білуші еді!
Ұлы ағартушы Алтынсариннің бастамасын ілгері дамытып, нағыз ғылымдық дәрежеге көтеріп, жетер жеріне жеткізіп берген – Ахмет Байтұрсынов.