XX ғасырдың бас кезінде демократтық ағартушылық бағытта дамыған қазақ әдебиеті бір ғана белгілі кезеңнің жемісі емес, қайта өткен ғасырда Ыбырай, Аьайлар негізін салған прогресшіл демократиялық-ағартушылық бағытта дамыған жаңашыл әдебиетіміздің заңды жалғасы, жаңа кезеңдегі көрінісі болып табылады.
XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің көптеген өкілдерінің шығармалары өз кезінде баспасөз беттерінде, әсіресе “Айқап” журналында жарияланып немесе өз алдына жеке кітап болып басылып шығып, жарық көріп отырды.Мысал ретінде осы дәуір әдебиетінің көрнекті өкілдері болып табылатын С. Торайғыров, С. Дөнентаев, С. Көбеев, Т. Жомартбаев, М. Сералин, Ә. Тәңірбергенов, Б.Өтетілеуов, Ә. Ғалимов шығармаларын атауға болады. Бұл аталған ақын, жазушылардың, демократтық бағыттағы әдебиет өкілдерінің шығармаларында XIX ғасырдағы классикалық әдебиетімізде, әсіресе Ыбырай мен Абай творчествосы арқылы келіп қалыптасқан жаңашыл дәстүрлер әрі қарай дамыды.
Бұл дәуірдегі демократтық-ағартушылық бағыттағы әдебиет өкілдері өздерінің шығармаларында қазақ тұрмысындағы ескілік қалдықтарын, патша үкіметі мен қазақ феодалдарының халыққа, еңбек адамына істеп отырған озбырлықістерін батыл сынады.Әйелдердің бостандығы мен теңдігін сөз ете отырып, қалың мал тәрізді ескі салт-сананы, қожа-молдалардың бойындағы теріс істерді әшкереледі. Халықты еңбекке, оқу-өнерге, мәдениетке шақырды. Олар осы тәрізді қоғамдық, тарихи үлкен маңызы бар соны тақырыптарды кеңінен сөз ете отырып, жаңа өмірді, әділет заманын, бақытты тұрмысты болашақтан күтті, келер күнге зор үмітпен, сеніммен қарады.
Сөйтіп, XX ғасырдың бас кезіндегі, ұлы төңкеріс қарсаңындағы демократтық бағыттағы әдебиетіміз сол кезеңнің ілгерішіл сипатымен сана-сезімі ояна бастаған халқымыздың қоғам дамуы алып келе жатқан жаңалыққа барынша бой ұрып, еркіндікке ұмтылу талаптарымен тығыз байланысты болады. Қазақ халқы өзін ілгері ұмтылып іргелі, мәлениетті ел болуға, еңбекке, өнер-білімге, ғылымға шақырған демократ жазушылардың, ақындардың прогресшіл үніне қатты құлақ қойып, олармен бірге келер жаңа заманды, әділдіктің туан көтерер еркіндік заманын асыға ынтыға күтті.
XX ғасыр басындағы демократтық-ағартушылық бағытта жазған ақын, жазушылар саны жағынан да, шығармашылық сапасы жағынан да біршама баршылық.