Тұрмағамбет Ізтілеуұлы төңкерістен бұрын да, кейін де көптеген эпикалық шығармалар жазған. Сыр бойының саңлақ ақындарының бірі. Өзімен иықтас кітаби ақындар сияқты Т. Ізтілеуұлы да діни медреселерде оқыған. Ауыз әдебиетімен қатар, шығыс әдебиетінен мол нәр алған, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік білген адам. Ол шығыс әдебиетінің классикалық үлгілері – «шахнама» мен «Тотынамадан» «Мың бір түн» мен «Іскендірнамадан» үзінділер аударған, жеке сюжеттерін негізге алып, мысалдар, хикаялар, дастандар жазған. Ақынның артында қалған әдеби мұрасында ғмибраттық, үгіттік өлеңдері,лирикасы, сондай-ақ Кеңес үкіметі жылдарында Октябрді, Ленинді, партияны жырлаған шығармалары өз алдына бір сала. Т. Ізтілеуұлының творчестволық табысы — өмірдің соңғы кезеңінде жазған. «Рүстем — дастан» кітабы. «Мынау еңбекті Фирдаусидің», «Шахнамасынан» тікелей жасаған аударма демейміз. Сол Фирдауси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастаны дейміз» (М. Әуезов).
Ақынның көзі тірісінде шығармалары жинақтар мен мектеп хрестоматияларында, газеттер мен журналдарда жарияланғаны болмаса, жеке кітап болып шыққан жоқ. Тек кейінгі кезде екі кітабы жарық көрді. «Рүстем — дастан» (1961) және «Назым» (Таңдамалы шығармалар) (1972). Ақынның хрестоматияға кіріп отырған өлеңдерінің бәрі «Назым» кітабынан алынған.
XX ғасыр бас кезінде Сыр бойында қисса, айтыс поэзиясы өріс алған еді. Т. Ізтілеуұлы осы жаңалықтың басында тұрған адам. Тұрмағамбеттің өлеңге енгізген жаңалығы қос ұйқас, Тұрмағамбет мектебіндегі қара өлең бунақтары 3-4-4 болып келетін болса, мұның өзі Сыр бойында әннің жаңа түрін туғызған. Соның бірі 4-3, 4-4-3 болып келетін «Түркмен күйі» өлшеуі дейміз.
Ақынның тағы бір ерекшелігі — өлеңдерінің дыбыстық құрылысында аллетерация мен ассонастың інжудей төгіліп тұруы. Т. Ізтілеуұылының ақындық стилі Орта Азияның орта ғасырлық реализмнен туған еді. Сол стилді ақын «Назымға» енген 7 қиссада қолданған. Ондағы сатира элементі Науаи дәстүрінің көрінісі. Тұрмағамбет Науаидің романтизмін емес, реалимтік сатирасын алған. Бұл да шағатай әулетіне тән реализм. Т. Ізтілеуұлының қисса стилі де елеулі 7 қиссасын айтпағанда, оның «Шахнамасы» қиссалардың алыбы еді. Ақын үшін қисса реализмнің басы.