Әдеби жанр (французша genre – тек, түр) термин ретінде шартты, неі мағынада қолданылады : 1) әдебиеттің тектері-эпос, лирика, драмма ; 2) әдеби шығарманың түрлері — әңгіме, роман, баллада, поэма, коммедия, трагедия т. б.
Жанр мәселесінің маңында шартты пікірлер көп. Әдебиет теориясын толғайтын кітаптардың көбінде әдебиеттің тегі-жанр, әдеби шығарма – жанрлық түр деп танылып жүр. Сонда, мысалы, эпосты – жанр деп білсек, оның шағын, орта және кең көлемді үш түрі белгіленеді де, шағын көлемді эпикалық түрге –очерк, новелла, оқиғалы өлеңдер, орта көлемді эпикалық түрге –повесть, поэма; ал кең көлемді эпикалық түрге –роман, эпопея тәрізділер жатады. Бұл ретте, лириканы да дәстүрлі әдетпен ода, идиллия, мадригал, элегия, романс, эклога, сонет, эпиталама дегендей ондаған түрге бөліп жатпай –ақ, саяси, не философиялық лирика, махаббат, не табиғат лиркасы деген секілді санаулы түрлерге ғана бөліп, бұлардың әр қайсысына тән ерекшеліктерді пайымдауға болады.
Әр бір әдеби шығарма –белгілі дәуірдегі қоғамдық шындықтың сәулесі. Әр дәуірдің өз шындығы бар. Бұлар бірін-бірі қайталамайды. Олай болса, әр дәуірдің шындығын сәулелендірген шығармалар да бірін-бірі қайталамайды.
Әдеби шығарманың өзгешелігін осылайша тарихи тұрғыдан пайымдай тура, қай дәуірде жазылсын, қандай қоғамдық шындықтан тусын бәрі бір, тектес туындыларда адам өмірін бейнелеу жағынан заңды ұқсастық, композициялық құрылым жағынан бірлік болатынын тағы ескерту қажет: лирика жеке басқа тән сан иірім сезімге құрылса, эпос адам өмірінің кезең-кезеңіне кеңіріек қанат жаяды да, драма нақты қимыл әрекеттен өрбіп, өрістейді.
Эпос (грекше epos-баяндай, әңгімелеу, тарихтап айту) – көркем әдебиеттің байырғы, негізгі тектерінің бірі, дәлірек айтқанда, өмір шындығын мейлінше мол қамтып кең суреттейтін адам мінезін мүмкіндігінше терең ашып, жан-жақты танытатын іргелі, күрделі жанр.
Эпос жан-жақты жанр: эпикалық шығармада адамның өмір жолы кеңінен баяндалады, оның басынан кешкен тағдыр мен тіршілік толық жинақталады, ол қатысқан оқиғалар молынан суреттеледі, ол жасаған іс -әрекеттер тұтас бейнеледі, сайып келгенде, адамдар арасындағы қарым-қатынастар әр қырынан айқын көрсетіледі.
Өмір шындығын қамту, адам мінезін ашу мүмкіндіктеріне қарай эпикалық жанр үш түрге бөлінеді: 1) шағын көлемді эпикалық түр; 2) орта көлемді эпикалық түр; 3) кең көлемді эпикалық түр.
Шағын эпикалық шығармалар әдебиет тарихының әр кезеңінде әр сипатта болған. Мәселен, ежелгі көне дүниедегі бұл тектес көркем туынды – миф, одан кейінгі әр тұстардағы үлгілері –аңыз, ертегі, мысал, новелла т.б.
Лирика (грекше lyra- ежелгі гректер үніне қосылып ән салған музыка аспабы) -әдебиеттің Аристотель заманынан бері келе жатқан дәстүрлі үш тегінің бірі, шындықты адамның ішкі көңіл күйіне бөлеп, ойымен сезіміне астастыра суреттейтін терең психологиялық шығармалардың түрі. Көбіне, өлеңмен жазылады.
Лирикалық шығармаға ақынның ішкі дүниесінің сыртқы себептермен, жалпы ақихат шындықтың әсерімен аса қатты толқын,уы, автордың өз басымын алуан-алуан нәзік түйсіктері, күйініш-сүйініші тән болып келеді. Ақын басынан кешкен сезім ақын басында болған, түрлі-түрлі толқаныс – субъективті нәрсе; бірақ, сонымен қабат кәдімгі объективті дүниенің әсері. Ақынның көңіл күйі әр қашан өз өмір сүрген қоғамдық ортаның хал- жағдайына байланысты, өзін қоршаған шындықтың саяси-әлеуметтік сырымен сабақтас. Ол қуана шалқыса да жабырқай толғанса да, -лирикада сол өз кезінің шындығы мен сыры жатады. Оқушы әр бір лирикалық шығармадан оны жазған автор өмір сүрген кездің жай жапсарын аңғарып отырады.