Тіл, сөз жайын тексеретін ғылым үш түрлі : тіл білімі, стилистика және көркем сөз теориясы. Бұл үш саланы бір – бірінен ажырата білу, әрқайсының өзіне тән сыр – сипатын айқын тани білу шарт.
Әдеби шығарма тіл арқылы жасалса, тіл сөзден құралады. Ал әр сөз о баста образдан туған (бұл туралллы біз бұрын да айтып өткенбіз – З. Қ), келе – келе көп образдар ұмытылған да, олардан туған сөздер ғана қалған. Сондықта образды тіл деген ұғымды жаңалық деу қиын. Бұл — әр сөздің табиғи қасиеті. Әңгіме осы қасиеттің күллі “құпиясын”, құбылысын, осынау образдылықтың ішкі сырын, сыртқы сипатын әрі нәзік, әрі терең түсініп, соны қаламгерлік қызметке шебер қолдана білуде жатыр.
Ахмет Байтұрсынов өзінің “Әдебиет танытқышында” сөз өнері адам санасының үш негізінде (ақылға, қиялға, көңілге) тірелетінен айта келіп : “тілдің міндеті — ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау” деп дәйектесе, біз енді тілдегі түрлендірулерге дәл осы дәйектеме тұрғысынан біраз көз тоқтатып, олардың сөз өнеріндегі шешуші сырларын байқап қараймыз.
Жазушының тілі шұрайлы, сөздік қоры мол болуы керек. Бұл – қалам иесіне қойылар бұлжымас талап. Тіл байлығы сөз өнеріндегі мазмұн байлығына әкеледі. Ал халыққа қажет шығарма – мазмұнды шығарма.
Жазушының тілі бай болуға тиіс дегенде : ол өзінің сөз қорын молайту үшін ылғи ғана тыңнан сөз жасасын деп ешкім де айтпайды және әрқашан олай ету мүмкін де емес. Жазушы өзінің сөз қорын молықтыру үшін жалпы халықтық тілдің телегей – теңіз бай қазынасын, мүмкіндігінше, молырақ игеру, оның қилы – қилы қиын әрі қызық құбылыстарын жете түсінуі, әр сөздің мәні мен мағынасындағы ұланғайыр өзгертулер мен өңдеулерді, ауысулар мен алмасуларды, құбылулар мен құлпытуларды дәл аңғара білуі қажет. Сонда ғана жазушы “өзінің сөз қорын мейлінше байытып, әркім бір қолданып әбден ығыр қылған арзан сөздерге жоламайтын болады” (Беранже). Сонда ғана жазушы әр сөзді таңдап, талғап тауып, ойды анық, сезімді нәзік жеткізер тың және тартымды суреттер жасай алады. Мұның өзі жазушы тілінің үш түрлі ұтымдылығынна – дәлдікке, ықшамдыққа, сұлулыққа – негізделуі шарт.
Тіл байлығының қайнар көздері көп. Солардың бірі – сөздердің көп мағыналығы (полисемия). Әр сөз жеке, атау күйінде тұрып – ақ бірнеше мағынаға ие.
Тілді байытар тәсілдер ұшан – теңіз. Полисемизмде бір сөздің бірнеше мағынасы болатын болса, енді бір ғана мағынадағы сөздің өзі өзге сздермен тіркесе келе бірнеше ұғымға көшетін жайы және бар. Мысалы, сынап деген сөз жеке тұрғанда зат болса, осыны өзге сөздермен тіркестіріп, сйталық, сынаптай ағады десек, жаңағы заттық ұғымы қолма – қол өзгеріп, енді әлдененің жылдамдығын немесе сынапша жылтырайды десек, тағы бір нәрсенің түсін таныта бастайды. Бұл да сөздің көп мағыналығы, мұны да шебер пайдалана білу шарт.
Әр сөздің тура мағынасымен қабат бұрма мағынасы да бар. Кей сөздерді сол кері мағынаға көшіріп, орнымен ойната білу де әсем тәсіл. Мұндай жағдайда бұрма мағынада айтылған сөзге айырықша астар, ойға юморлық, кейде, тіпті, ирониялық сипат беріледі де, суреттеліп отырған шындықтың мазмұны тереңдей түседі.
Айтқысы келген сырын, танытқысы келген шындығын жан тебірентер әсерлі суретке айналдырып, қағаз бетіне көңілдегі қалпынан айнытпай түсіру үшін ең қажетті бірден – бір сөз іздеп табу – шебер суреткердің қасиетті парызы. Оның дәл осы жағдайда сөз іздер атырабының бірі – синонимия (грекше sunonymos — заттас) – айтылуы, естілуі әр түрлі болғанмен, мағынасы бір – біріне жуық, мәні ұқсас сөздер.