- Әдебиет — өнердің бір түрі, сөз өнері дедік. Ал өнер жайлы сөз қозғап, сол өнерді жасаушы шебер жөнінде үндемей өтуге болмайды.
- Әрине, бұл – тым күрделі мәселе. Мұны жан – жақты сөз ету творяествоның психологиясын байыптау болып табылады. Ал творчествоның психологиясы — өз алдына жеке пән (предмет). Демек, әдебиеттің теориясы мен творчествоның психологиясын шатастырмау керек.
- Дегенмен суреткер кім, оның қоғамдық тұрпаты, тұлғасы қандай ? Талант табиғаты деген не ? Мұны жауапсыз қалдыру жөнсіз.
- Талант атаулы қашаннан халық құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленген.
- Асылы, суреткер сипатын оның азаматтық рухынан, қоғамдық бітімінен бастаған жөн.
- Тума көркемдік қабілет кез келген кісі де бар. Олай болмаса, кез келген кісі өнерді де, көркем әдебиетті де жан – жүрегімен қабылдап, сезіне, түсіне алмас еді. Дегенмен матералистік эстетика нағыз суреткерге тән бірнеше ерекшеліктерді тізіп, талап, сол арқылы талант табиғатын сипаттайды.
- Ол қандай ерекшеліктер ?
- Біріншіден, сезім. Нәзік сезімталдық. Өзін қоршаған өмірден әрқашан тың құпиялар іздеп, айрықша әсер алу, көз алдындағы құбылыстарды ерекше сезіну, нәзік түйсіну, сезінген – түйсінген шындығына бейтарап қала алмай, тербеле тебірену, көкірегінде көл – көсір сыр ұялату, — бәрінен бұрын, — ақынға тән қасиет. Ал суреткер, — бәрінен бұрын, — ақын. Бұл ерекшелікті “Гетенің қазынасы” деген өлеңінде Баратынский дәл суреттеген :
- Жасыл шөптің тілін ұғып кезінде
- Жапырақтың сәл дірілін сезінген,
- Жұлдыздармен жымыңдасқан, ымдасқан,
- Жал толқынмен ақылдасқан, мұңдасқан.
- Жаратылыс – табиғатпен бір туған
- Жан еді ол кеудесіне нұр тұнған,
- Одан бүгін қалған адам сыры жоқ !
- Мұншалық тамаша эмоция ірі таланттың табиғатындағы аса мағыналы сипат екені даусыз : Пушкин мен Абай, Достоевский мен Әуезов, Маяковский мен Мұқанов … – бәрінде де сондай ерекшелік болған.
- Екіншіден, бақылау. Жіті бақылағыштық. Нәзік сезім көреген, дәл бақылауымен ұштасып жатады. Көрмесе, сезім қайдан болмақ. Мұның өзі талант табиғатына тән сезімталдықтың ақиқат шындыққа, өмірдің өзіне негізделген мазмұнын танытпақ.
- Үшіншіден, қиял. Творчестволық фантазия. Бақылап білген, сезген шындықты кең өріске шығаратын қанатты творчестволық қиял – таланттың серігі. Мұның өзі ойдан шығара білушілік. Ал ойдан шығару жоқ жерде жалпы әдеби шығарма болуы мүмкін емес. Гегель: “… суреткердің творчестволық фантазиясы – ұлы ақыл мен жүрек адамының фантазиясы”, — десе, Ленин де фантазияның барлық творчествоға тән сипат, ұлы қасиет екенін айтқан : “Тіпті, ең бір дәл ғылымның өзінде де фантазия роль зор екенін жоққа шығару бекер”…
- Төртіншіден, интуиция. Мәселен, өлең жазу – есеп шығару емес. Есеп шығаруда белгілі ереже, амал, тәсіл болса, өлең – ішкі терең, табиғи тербелістің, тебіреністің нәтижесі. Бұл арада да ақынды салқын ақыл емес, ыстық сезім билемек.
- Бесіншіден, өмірбаян. Ғұмырнама. Тәжірибеде молдығы. Тіршілікте көрген-білгені, ұққан – түйгені көп адамның таланты да күшті, мықты. “Өмірі мазмұнды кісінің творчествосы да мазмұнды” болатынын Ибсен біліп айтқан.
- Алтыншыдан, парасат. Сананың саралығы. Құр соқыр сезіммен, бір ғана интуициямен ұзаққа, билікке шырқау мүмкін емес. Шын талантқа шындықтың парқын білетін сарабдал сана, мол парасат керек. Бүгінгі буржуазиялық эстетика бұған қарсы, суреткердің саналылығын емес, сәбилігін жақтайды, өмірдің қайшылығын көрмеуін қалайды.
- Жетіншіден, шеберлік. Нағыз маман суреткерге тән кәсіби шеберлік болмаған жерде суреткерлік даналық та жоқ. Даналық – еңбек сүйгіштік. Талант – бәрінен бұрын еңбек, содан соң батылдық деп те тегіннен – тегін айтылмаған. Қатал тәртіп, азабы ауыр еңбек жоқ жерде жібі түзу қаламгер де болмақ емес.
- Өнердегі шын шеберлікке апарар жол – шыдамды еңбек, дилетанттыққа (үстірттікке) – шыдамсыз шалағайлық. Шын шебер шеберленген сайын қинала, терлей түсуге тиіс. Ал шеберлік шексіз. Бұл туралы әйгілі жапон суретшісі Хокусай былай деген : “Алты жасымнан – ақ айналамнан не көрсем, соның бәрінің суретін сала беруге талпындым. Жарты жүз жыл ғұмыр сүріп, көп гравюра жасадым, бірақ біріне көңілім толған жоқ. Құстың, балық пен өсімдіктің дәл түр – тұрпаттарын қандай болатынын жетпістің үшеуіне келген соң ғана аздап ұға бастадым. Сондықтан жасым сексенге жетпей өнерім өсіп – жетіліп болар емес. Тек тоқсан жаста ғана күллі дүниие құпияларын тереңірек түсіне алсам керек. Өзім жүзге жеткенде ғана өнерім әбден жетілер деп жүрмін, ал егер жарық дүниеде жүз он жыл жасадым бар ма, қаламым тиген жердің бәрі аумаған өмірдің өзі болар да шығар еді”.
- Сегізінші. Шабыт. Шалқыған шабыт болмайынша, шеберліктен де ештеңе шықпайды. Шабытсыздық, қабілетсіздік, қабілетсіздік- дарынсыздық, дарынсыздық – талантсыздық. “Ең арғы жағы геометрияға да шабыт керек” (Пушкин). Адам биік мақсатқа, асыл мұратқа іс жүзіндегі шабытты еңбек арқылы ғана жетпек. Суреткердің шабыты кең көлемдегі халық мүддесіне негізделуге, ақиқат өмірге тамыр тартуға тиіс. Сонда өнер өзінің биік мағынасын табады. Өйткені нағыз шалқар шабыт, творчестволық құлшыну мен құштарлық, Станиславский айтқандай, суреткердің өнердегі өзін сүюін емес, өзіндегі өнерді сүюінен туады.