Не нәрсенің болса да теориясын пайымдамас бұрын, алдымен, оның өзін анық танып, біліп алған жөн.
Ал осы әдебиет дегеніміздің өзі не?
Әрине, ана тіліміздегі әдебиет деген сөздің түп төркіні арапша атаудан шыққанын – сөз, асыл сөз деген мағанасы бар екенін, орысша литература деген атаудың латын сөзі екенін — әріп, жазу-сызу деген мағанада қолданылғандығын білу онша қиын емес.
Әдебиет — өнер. Өнердің түрі коп емес пе: кескін өнері (живопись), мүсін өнері (скульптура), сәулет өнері (архитектура) т.б. Ал әдебиет қандай өнер?
Әдебиет – сөз өнері.
Мүсіншінің құралы – саз балшық, суретшінің құралы – бояу, әдебиетшінің құралы – тіл. «Сөз әдебиеттің құрылыс материялы» (Федин).
Қоғамдағы сананың айрықша саласы — өнер десек, мұның жалпы адамзат мәдениетінен алар орны өзгеше, адамдардың парасат әлемінде атқарар қызметі орасан зор.
Өнердің көп салаларының ішінде ең бір қадірлісі әрі қасиеттісі – көркем әдебиет. Оның өнердің өзге түрлерімен әлгідей бірлігі бола тұра өзгешелігі де мол. Сөз өнері сурет пен музыка секілді жалпыға бірдей жетімді деу қиын; сөз – бояу немесе дыбыс емес, барлық халыққа бірдей түсінікті бола алмайды. Әр ұлттың өзгеден ерекше өз тілі бар; әдеби шығарма сол тілде ғана туады. Бұл – көркем әдебиеттің халықаралық өрісіне біраз бөгеу, тіпті тұсау екені рас. Бірақ мұның есесіне, әдебиеттің тілі музыка тілінен гөрі нақты, театр тілінен гөрі затты: симфонияны тыңдаушының бәрі нақты түсіне бермейді,театр сахнасында бүгін кеште жүріп жатқан спектакльдің ертеңгі ұрпаққа мұра болып қалғандай қолға ұстар затты дерегі бола бермейді,ал әдебиетте екеуі де –нақтылық та,заттылық та бар.Бейнелеу,сәулет,мүсін өнерлері затты,нақты болғанымен жансыз,қимылсыз,ал әдебиет кез келген шындықты қимыл,қозғалыс үстінде құбылта,құлпырта көрсете алады.Дәл осы тұрғыдан алғанда ,сөз өнерін-бар өнердің басы, «өнер атаулының ең қиыны және күрделісі»(Бальзак), «ең жоғары түрі» (Белинский)десек, асырып айтқан болмаймыз.Қазақ халқының «өнер алды-қызыл тіл»деген білгір тұжырымы да тегіннен-тегін тумаған-ды.
Көркем сөз-құдыретті нәрсе! Оны әзілге саю да, оны әжуалау да – ақылдан кенде пенденің қылығы. Тарих мұнары бұлдыратып тастаған заманалар мен дәуірлерге қараңыз! Парасат дүниесінің биік шыңдары ғана ақыл ой аспанының алып тіреулеріндей қадау-қадау шаншылып тұрып қалған. Олар кімдер? Хан ба, патша ма? Жоқ, мен өнер иелері – ғалымдар жазушылар… Осы ғасырдың нақ басында А. С. Суволрин өзінің күнделік дәптеріне былай деп жазды: «Біздің патшамыз екеу: II Николай мен Лев Толстой. Екеуінің қайсысы күшті? II Николай Толстойға түк қыла алмайды, оны тақтан қозғай алмайды, ал Толстой ше: қаһарға мінсе, Николайдың тағын династиясымен қоса теңселтіп, төңкеріп түсіре жаздайтыны күмәнсіз».
Бұл арада сөз өнерінің адам қоғамындағы аса зор қуат күші жатыр.
Максим Горький 1912 жылы И. Д. Сургучевқа жазған хатында «Русьтегі ең жауапты және қиын қызмет» — патшаның қызмет емес, әдебиетшінің қызметі екенін айта келіп, «егер әдебиетші өзін шын мәнінде әдебиетшімін деп сезінсе, тек әдебиетші қалпында қалуын» талап еткен болатын. өйткені әдеби талант деген нәрсе – қолдан жасалмайтын, өзінде жоқ болса, өзгеден қарызға алу мүмкін емес, жер-жаһаннан қанша іздегенмен таптырмайтын нәрсе! «Ақындық оқуы» деген оқу да жоқ.