- М.Әуезовтің алғашқы шығармашыларының көлемдісі де, көркемі де прозалық әңгіме, повесть түрлерінде жасалды.
М.Әуезов жиырмасыншы жылдардың бас кезі мен орта шенінде көптеген әңгімелер («Қорғансыздың күні», «Жетім», «Жуандық», «Ескілік көлеңкесінде», «Кім кінәлі», «Барымта» т.б.) жазып, оларда ескі қазақ ауылының алуан түрлі әлеуметтік шындығын, реалистік дәстүрде бейнелейді.
«Қорғансыздың күні» (1921)—жазушының алғашқы жарық көрген әңгімесі. Мұнда Ғазиза деген панасыз жетім қыздың адам айтқысыз озбырлық, қорлыққа шыдамай, боранға ұрынып, үсіп өлгені айтылған. Бұл шығармада Ақан сияқты қара ниет ауыл әкімінің тағылық қылықтары әшкереленеді.
- «Қорғансыздың күні» өзінің көркемдік бітімі жағынан қазақ әдебиетіне жаңа өрнек енгізді. Адам өмірінің қайталанбас, дара ерекшелігі әңгімеде шебер ашылған. Шығармада болыс Ақан, оның серігі Қалтай, пәк, сәби қыз Ғазиза, оның қарт әжесінің бейнелері өте шынайы көрінеді.
«Жетім» деген әңгімеде Қасым атты жетім баланың қасіретті балалық шағы, Иса деген жамағайынның қорлығына шыдамай, ауылдан қашып шыққан бетінде, қараңғы түнде, тоғай ішінде өлгені айтылады. Өмірден зәбір көргендердің мұңы мен наласын үлкен әлеуметтік толғақты мәселе ретінде сипаттау сыншыл реализмнің негізгі белгісі еді.
«Ескілік көлеңкесінде» ескі салт бойынша өлген апасының орнына кәрі жездесіне тоқалдыққа баруға ризалық білдірген, өзін сүйген жігіт Қабыштың тілегімен есептеспеген Жәмеш деген қыздың халі әңгімеленген. М.Әуезов өмір қайшылықтары мен теңсіздіктерін әр қырынан көрсету арқылы қазақ әдебиетінде психологиялық, прозаның үлгілерін тудырды.
- М.Әуезовтің жиырмасыншы жылдардағы шығармашылығындағы негізгі тақырыптың бірі — әйел теңдігі. Шығармаларында өмір шындығына берік табан тіреп отыратын жазушы сол кезеңдегі қазақ әйелінің басындағы хал-ахуалды асырмай да, жасырмай да, қаз қалпында көрсетеді. Бірде жазушы ата-анэсының еркімен куйеуге шығып, тағдырына мойын ұсынған әйел тарихын («Сөніп-жану») әңгімелесе, екінші шығармасында сүйгеніне қосыла алмай, құсадан өлген Ғазиза («Кім кінәлі») жайын сөз етеді. Тағы бірде («Үйлену») әке әміріне көнбей, көңілі сүйген жігітімен қашып кеткен кыз хикаясына тоқталады, «Қараш-қараш оқиғасы» төңкеріс қарсаңындағы қазақ қоғамының шындығынан туған, ескі ауылдағы әлеуметтік теңсіздік тәрізді өткір тартысқа құрылған. Мұнда 20 жылдардың әңгімелеріндегідей дала билеушілерінің заңсыз жуандығы — байлардың кедейлерге жасар өктемдігі, зорлығы, кедейлердің байлардан көрер қиянаты қорлығы сөз болады.
Бірақ повестің бас кейіпкері Бақтығұлдың ісі ме мінезі өзіне дейінгі өзі секілділерден өзгеше. Бұл — олар секілді өз тағдырының құлы емес, қожасы болуға ұмтылған адам.
Қырықыншы-елуінші жылдарда жазылған драмалық шағырмаларда да («Қарақыпшақ Қобыланды» басқасы) түгел дерлік қазіргі заман тақырыбын толғайды. Олардың ішінде, әсіресі, Отан соғысының майдандағы совет жауынгерлерінің естен кетпес ерлігін шабытпен суреттеген «Сын сағатта», «Намыс гвардиясы» (Ә.Әбішовпен бірлесіп жазған), «Қынаптан қылыш» (Ғ.Мүсіреповпен бірлесіп жазған драмаларының көрермен қауымды патриотизм және интернационализм рухында тәрбиелеуде, адамдардың ұлы жеңіске деген сенім арттыруда атқарған ролі орасан зор болды. Қанша дегенімен, — суреткер өз заманының ұлы, өз замандастарының үні.
1961 жылғы май айында жарияланған «Қазіргі роман және оның геройы» деген мақаласында Мұхтар Әуезов былай деп жазды: «Аяулы Абайыммен қош айтысқаныма міне екі жыл; содан бері бүгінгі шындықтан шығарма жазсам деген ойдан бір күн ажырап көрген емеспін».
1954 жылы Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру жорығы басталған тұста дереу «Түркістан солай туған» (1955) атты көлемді көркем очерк жазып, бүкіл халықтық тарихи оқиғаға ізін суытпай үн қосты. Сондай-ақ, жазушының Индияға, Америка Құрама, Штаттарына барып қайтқан сапарларынан туған «Индия очерктері» (1958) мен «Америка әскерлері» (1960) де оның әрі қаламгер ретінде, әрі қайраткер ретінде азаматтық келбетін танытатын мәнді дүниелер еді.
Дей тұрғанмен Мұхтар Әуезовтің творчестволық жоспары бұлардан әлдеқайда терең және биік жатты: ол енді туған халқының осы ғасырдағы елу жылдық тағдыры мен тұрмысынан бес томдық, жаңа эпопея жазбақ болды. 1961-жылғы 27 июньде ұлы жазушы кенет дүние салғанда қолжазбасы жазу столының үстінде қалған «Өскен өркен» романы сол эпопеяның бірінші кітабы еді.