- Ғабит Мүсірепов – аса көрнекті қазақ жазушыларының бірі. Ол прозаның жұрт таныған шебері. Қазақ халқының тарихи тағдыры туралы жазылған оның шығармалары бейнеленген харектерлердің айқындығымен, тілінің байлығымен көзге түседі.
Ғ.Мүсірепов- Қостанай облысының қазіргі Пресногорьков ауданында кедей шаруаның отбасында туды. Жазушы балалық шағын туған аулында өткізеді. Ол кедейлердің қайыршылығымен қағажулығын, байлардың асып төгілуі мен билеп-төстеуін өз көзімен көрді. Балалық шағының өзінде-ақ Ғ.Мүсірепов қазақ халқының ауыз әдебиетімен танысады, Абай поэзиясына зейін салады.
14 жастағы Ғабит Обаған ауданындағы орыс мектебіне, ал екі жылдан кейін жоғарылатылған типті Пресногорьков мектебіне түседі.
Жазушының алғашқы шығармалары колхозды ауыл өмірінен алынған «Қосшалқар», «Алғашқы адым», «Күсен», «Талпақ танау», «Көк үйдегі көршілер» тағы басқа әңгімелері қазақ кедейлерінің психологиясы мен санасындағы өзгерістерді көрсетеді.
1934 жылы Ғ.Мүсірепов М.Горькийдің романтикалық әңгімелерінің әсерімен ана тқуралы бірнеше новелла жазды. Ананың образын ашып көрсететін оның әңгімелері драматизмімен көзге түседі.
Мүсірепов қазақ драматургиясына зор үлес қосты. Ол «Қыз Жібек» операсының либреттосын, халықтың мақтанышына айналған «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Ақан сері Ақтоқты» музыкалы пьесаларын жазды.
Ғ.Мүсірепов 1919 жылғы ұлт азаттық көтерілісінің негізінде 1936 жылы халық батыры Аманкелді Иманов пьесасын, ұлы Отан соғысы уақиғасына арнап «Қазақ солдаты» романын жазды. Мұнда кәдімгі адамдардың қиын-қыстау жылдарда нағыз батырларға айналып, Отан үшін тамаша ерліктері жасағаны көрсетіледі.
Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» раманын Қазақстанда жұмысшы табының туып, қалыптасуына арналған, романның тілі жатық та нәрлі.
Ғ.Мүсірепов кинодраматургия саласында да жемісті еңбек етіп келеді. 1936 жылдың өзінде-ақ ол Всеволод Ивановпен бірігіп, қазақтың тұңғыш көркем фильмі «Амангелдінің» сценариін жазды. 1954 жылы Ғ.Мүсіреповтің сценарийі бойынша Алматы киностудиясы «Махаббат туралы дастан» көркем фильмін жарыққа шығарды.
1955-1957 жылдан Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы жазушының таңдамалы шығармаларының үш томдығын шығарды.
1974 жылы 10 декабрьде әдебиетті дамытуда зор еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін және Жазушылар одағының құрылуы қырық жылдығына байланысты Социялистік еңбек ері атағы берілді. Қазақ жазушысы, Қазақ ғылым академигі Ғ.Мүсіреповке Ленин ордені мен «Орақ пен балға» алтын медалы тапсырылды.
- Ғ.Мүсіреповтың ана жайында, өмір үшін күрескен ананың ұлы махаббаты жайында жазылған әңгімелері үлкендер мен қатар балалардың да сүйіп оқитын шығармалары.
Егер біз ана мен бала тағдыры бір мәселе деп қарайтын болсақ, баласы үшін егіліп, бар өмірін солардың жолына сарп ететін ананың асыл бейнесі балаға жат емес.
Ғабиттің «Ана туралы аңыз» деген әңгімелері ананың балаға дегшен құдіретті қамқорлығы жайында жазылған. Ана мен бала арасындағы жылы сезімдер және өмірінің жалғасы деп танылған балдырғанның болашағы, алдағы бақыты үшін күрескен ананың ерлік істері жайында әңгімеленеді. Ана жайындағы оқиғаның барлығы бала тағдырына байланысты өрістейді. «Ананың анасы»деген әңгімеде: «Менің атым — әйел, мына қыздың анасымын. Бәрің де анадан тудыңдар. Анамен алыспайды да, атыспайды да. Нең бар еді менің жалғызымда. Кел ботам өзіме!» деп барымталап тартып алып бара жатқан қызын қырық жігіттің ортасында Жалпақ батырдан ана суырып алады. Жалпақ балуанға ол тағы да: «Сен де еліңе жеткенше ғана ерікті батырсың, еліңе барған соң сен де еркіңнен айырыласың, не байдың, не бидің сойылы боп қаласың. Батыр – балуанды көріп жүрміз ғой. Сені батыр деп жұмсайды да, мені қатын деп жұмсайды, айырмасы осы – ақ. Солай емес пе, батыр?» — дейді ана. Ақылға келтіре сөйлеген ананың осындай уытты сөздері Жалпақ балуанның сай – сүйегін сырқыратып, оны үлкен ойға қалдырады. Кімнің сойылын соғып жүргенін сонда ғана сезініп, сонда ғана бармағын тістейді. «Өлімнен ұят күшті» дегендей, өзінің ақымақ боп жүргенін Жалпақ балуан сонда ғана сезінеді. Автор бұл оқиға арқылы бала алдында ана қадірін арттырып, оларды адамгершілік моральға баулуды көздеген.
Аналар жайындағы әңгімелер кейіпкерлерін жинақтап айтқанда, олар шындық үшін, әділет үшін күресте өзінің ұлылығын айқын сезінетін, айбатты күрескерлер, өршіл, өжет анның типтік образы ашылады. Олар күрескер бейнелермен қатар тұра алатын алып адамдар бейнесінде суреттеледі. Бұл әңгімелерді оқыған бала анасы үшін өзін әрқашанда борыштымын деп санайтын болады. «Алақаныңа қуырдақ қуырып берсең де ана борышын өтей алмайсың» дейді армян халқының мақалында. «құрмғеттейік, көтерейік те әйелді. Ана әйелді құрметтейік. Оның сүті таусыла ма, бүкіл дүние соның емшегін еміп ер жеткен емес пе адамда не қасиет болса, бәрі күннің көзі мен ананың сүтімен алынған қасиет », дейді Ғабит. «Өлімді жеңген ана» деген әңгімесінде. Ана жайлы айтылған осындай құдірітті сөздердің балаларға қандай зор әсер ететінін түсіну қиын емес. «Тарихтың бір өзінде қаншама материалдар бар. Кіршіксіз, таза уылжыған жас жанға адамзат өкілдерінің ізгі іс — әрекеттерінің үлгілерін, жақсылықтың шындығын, зұлымдықты жасыруға болмайтындығын көрсету дегеніміз – сол жас жанды шыңға өрлету емес пе. Балаларды үш әлем табиғатымен таныстырып, толып жатқан халқы бар, ұлан – байтақ жерлері мен мұхиттары бар бүкіл жер шарын олармен бірге аралап өту керек.
Оларға әр алуан мінез – құлықтары, әдет – ғұрыптары, ұғымдары, нанымдары бар адамзат ұрпақтары мен қоғамдарын көрсету керек» дейді В.Г.Белинский. Жазылған шығармалар тек осы сияқты жақсы, қызықты болса нұр үстіне нұр. Ал ондағы сөз болып отырған әңгіме қандай қиын мәселенің айналасында болса да оны балалар еркін және табиғи түрде ұға алады.
Балалар әдебиеті тақырыбына жазылған кітаптардың көркемдігі мен тәрбиелік мәні осындай дәрежеде болуға тиіс. Сонымен қатар балаларға арналып жазылған кітаптарды жас өспірімдермен бірге үлкендердің де сүйіп оқитын шығармасына айналдыру дәрежесіне дейін көтеру керек.