- Сәбит Дөнентаев 1864 жылы Семей губерниясының Ақсу болысындағы №4-ші ауылында дүниеге келді. Алғашқы дәрістерді жергілікті молдадан алып, 13 жасар Сәбит Маралды ауылына барып, татар Джаледдиннің медресесіне түседі, сонан соң Павлодарда Қасым қажының медресесінде оқиды. Бұл жерде ол Абай поэзиясымен танысады, қазақ және татар тілдеріндегі ғылыми және көркем шығармаларды қызыға оқиды. «Айқап» журналдарының мұқият қарап танысады, сол жылдары (1911- 1912) өзі де жазумен айналыса бастайды. 1915 жылы Уфада алғашқы «Уақ -түйек» өлеңдер жинағы шығады. Ақын қазақ оқырмандарының жүрегіне жол табады. Зор беделдерге ие болады. Мұғалім болады, Екібастұз- Жармық темір жолы құрылысында жұмысшы, кейіннен хат тасушы қызметінде атқарады. 1916 жылы Рига түбіндегі солдат окоптарын да көреді.
Жазушының өмір тәжірибесі оған қазақ поэзиясына алғашқылардың бірі болып жұмысшы табы тақырыбын енгізуге себеп болды. Сәбит туған өлкесіне 1917 жылғы ақпан төңкерілісінен кейін оралып, Семейдегі мұғалімдік курсқа түседі.
1924-1930 жылдары Сәбит шығармашылығының ең жарқын гүлденген шағы деуге болады. Бұл жылдары оның баспасөзге көптеген өлеңдері, сықақтары, очерктері, әңгімелері мен мақалалары жарық көрді.
1930 жылдан бастап ақынның үздік туындылары оқулықтар мен хрестоматиялардың беттеріне шыға бастады. Дөнентаев шығармалары балалар әдебиетінен өзіндік орын алды.
1933 жылы 23 мамырда Семейде қайтыс болды. Ақынның соңғы өлеңдер жинағы 1935 жылы жарыққа шықты. 1950 жылы қазақ әдебиетінің баспасы С. Дөнентаевтың таңдамалы өлеңдер жинағын шығарды. 1951 жылы қазақ және орыс тілдерінде бір томдық өлеңдер жинағының академиялық басылымы шықты.
- Б. Майлин ( шын аты – Бимағамбет) Жармағамбетұлы 1894 жылы қазіргі Қостанай облысы Таран ауданында, кедей шаруаның жанұясында туған. Екі жасында әкесінен айырылған Бейімбетті бай қолында сауыншы болып жүрген анасы тәрбиелейді. Жастық шағы жоқшылықпен өткен Бейімбет жеті жасқа толысымен, бұғанасы қатпастан, қозы бағуға жалданады. Ауыл молдасынан аздаған сауатын ашып, хат танығаннан кейін Бейімбет енді оқуға ынта білдіреді. Жасы он жетіге келгенде, ағайындарының жәрдемі мен Уфа қаласындағы Медресе Ғалияға келіп оқуға түседі. Білімге сусап келген Бейімбет оқуды өте жақсы оқиды. Медресенің әдебиетке ынталы шәкірттері «Садақ» атты қолжазба журнал шығарып тұратын. Өлең жазуға талабы бар Бейімбет көп кешікпей осы журналдың белсенді мүшесінің бірі болды. Кейін оны сол журналдың редакторы етіп сайлады. Әлеуметтік маңызы бар, дінді әжуа-сықақ ететін «Мұсылмандық белгісі» атты өлеңі, жазушылық талабының зор екендігін танытқан «Шұғаның белгісі» атты ұзақ әңгімесі осы «Садақ» журналында жарияланады.
1915 жылы науқастануының салдарынан Бейімбет медресе оқуын бітіре алмай еліне қайтады. Ол өз ауылында екі – үш жыл мұғалім болып істейді. Халық ағарту жұмысына араласады.
Бейімбеттің дүниеге көзін ашқаннан көрген – баққаны көбіне ауыл өмірі. Төңкерістің бұрынғы, төңкеріс қарсаңындағы және одан кейінгі қыр тіршілігі, дала тұрмысы. Сондықтан оның ширек ғасыр бойы, сөз өнерінің қай жанрында болсын, жазған шығармалары түгел ауыл өміріне арналуы тегін емес. Осыны өзі де білген. «Жаңа әдебиет» журналының 1931 жылғы6 – 7 – сандарында ол өзі туралы: «Менің бұл күнге дейін жазған тақырыбым ауыл туралы ғана болып келеді, — деп ашып айтты. Өндіріс өмірін суреттеуге мен әлі күнге дейін кірісе алғаным жоқ. Өйткені әлі күнге өндіріс өмірімен таныстығым жоқ».
Жә, бірақ мұнда тұрған не бар? Қазақта ауылды, даланы жырламаған ақын бар ма? Өйткені «қоғалы көлдер, құм, сулар кімдерге қоныс болмаған?» ( Махамбет). Бейімбеттің дала жырындағы – ауыл әуеніндегі өзіне дейінгілерден оқшау ерекшелік те дәл осы арадан келіп шығады.
Сенің зарың – зарлайтыным өмірге,
Сенің арың — арлайтыным өмірде.
Сен жыласаң – көзден жасым тамшылар,
Сен қуансаң – қайғы шерім аршылар.
Ауыл өміріне кедей мүддесі мен мұратының тұрғысынан қараған Бейімбет шығармаларының идеялық мазмұнында, сөз жоқ, қазақ, қоғамындағы қилы – қилы қайшылықтар, адамдар арасындағы әлеуметтік теңсіздіктер желі тартып жатты.