Үй құрылысына, үй шаруашылығына, бұйымдарға, заттарға байланысты бірсыпыра атаулар бар. Жеркепе/жертөле. Жер үй, жерді қазып жасаған үй. Бұрын әр шопан жеркепеде отырушы еді. (Қызылорда). Жер қазылып, үстіне ағаш , шырпы, топырақ салынады. (Шымк.).
Дәліз. Ауыз үй, сенек. Аяғыңдағы галошыңды дәлізге қой (Қызылорда). Екінші бөлмеде ауылдық советтің кеңсесі. Оның дәлізінде 500 семьяны сауаттандыратын 5000 әдеби кітап жатыр («Мәд. ж/е тұрмыс», 4, 1964.).
Семей облысы Мақаншы ауданының тұрғындары ауыз үйді бодам дейді. Мысалы: Көркемөнерпаздар концерті колхоз конторында өтті. Колхозшылар көп жиналып, төргі үйінен бодам үйіне дейін толып отырды. («Қызыл жұлдыз», 24.6.56). Үйдің бодамы кішкене екен (Сем. Үрж). Күн батар алдында Евросинья Ниловна пешке от жақпақ болып, ауыздағы бодамға шықты (К. Оразалин). Әулі. Есік алдындағы қоршалған алаң, ашық қора. Әулінің ішінде мал да тұрады (Шымк.). Жетісуда аула.
Шошала. Ас пісіретін үй. Бұл шошаладан келген түтін ғой. (Көкшетау. Шорт.). Ауыл үйлер шошалада, күн суық. Жел де азынап, аш қасқырдай ұлып тұр. (С. М.) . Шымкент облысы қазақтарының тілінде шошала дейді. Тошалаға сойған малдың етін қояды, кептіреді. Анау тошала іргесінде жатқан дөңбекші жаңқаны, самаурыны жылдам қайнайды. («Қ. Ә», 28.9.58). Жозы/жуазы. Аласа дөңгелек стол. Қонақтар жозының айналасында отырды (Алм.). Ертеңгі шайға бәріміз бір қора болып, жозыны айнала келіп отырамыз. (Б. Соқп.). Кейде жуазы деп атайды.
Отырғыш. Орындық. Ана үйден отырғыш алып келші (Орал). Еңбекшілердің өскен талабына сай стол, отырғыш т.б. мебельдер шығарылды («Коммунист», 11,1959).
Жар. Үйдің қабырғасы. Бұл сөз шамамен алғанда Ақтөбе, Орал, Гурьев облыстарын мекендеген қазақтардың тілінде кездеседі. Сурет жарда ілулі тұр. Қазір сағат не, жардағы сағатқа қарап жіберші (Ә.Н.). «Большевик» колхозында екі сиыр қорасының жары тұрғызылып, бұзау үйі салынып болды («Колхоз жолы», 21.8.54). Қыз білегіне маңдайын сүйеп еңкейіп қалған. Басы жарға тіреліп, жүзі көрінбейді (Х. Есенжанов). Ашық-машық. Есіктің топсасы. Есіктің ашық-машығының шегесі босап тұр (Шымк.).