Дауыссыз дыбыстардың алмасуы

Бірі қатаң, бірі ұяң дыбыстан басталатын сөздердің қазақ сөйленістеріндегі ара салмағы бір-бірімен тең емес. Бір сөйленістердегі т-мен айтылатын сөздердің сөйленістердің, енді бір тобында д-мен айтылатынын, сондай-ақ кейде бұл жағдайдың керісінше болатыны байқалды. Мысалға Орта Азияның көптеген аудандарындағы қазақтардың тілінде кей сөздердің басындағы д-ның өзге өңір қазағының тіліндегі қатаң т-ның орнына қолданылатыны аңғарылады. Бұл құбылыстың жиі кездесетін жері Қарақалпақстанның оңтүстік аудандары мен соларға іргелес қазағы бар қоныстар, Өзбекстанның Хорезм, Бұхар облыстары мен Түркменстанның Ташауз облысының көршілес аудандары. Осы төңіректегі қазақ сөйленістерінен терілген д/т алмасуына қатысты сөздерді былай көрсетуге болады:

Орта Азия қазақтарының тілінде Қарақалпақ тілінің оңтүстік диал. Қазақ сөйленісінің көпшілік тобында Әдеби тілде
Дегершік Дегершік Тегершік Тегершік
Ділмәш Дилмаш Тілмәш Тілмәш
Дор/дүр Дур Тұр Түр
Дөгөрөк Дөгерек Тоқұкүрек Төңірек
Дүмән Думан Түмен Тұман
Дүшшү Душшы Түшшү Тұщы
Дерезе Дәрәзә Терезе Терезе

Әңгіме болып отырған тіс дауыссыздарының сөз басында қолданылуы соншалық тұрақты емес. Осы құбылысқа қатысты әр жердің қазағының тілінде бірде т, енді бірде д-мен, әр түрлі айтылып жүрген біраз сөздерді кездестіре аламыз. Мәселен, әдеби тілімізде емлесі т – тізгін, тіз, тізбек, түс, тұздық, тиірмен,түзіліс, тізе, тізерле, тұзақ, тот, тақ болып қалыптасқан сөздердің басқы дыбысы ұяңмен келетін нұсқасын қазақ жерінің өз табанындағы сөйленістеріміздің талайынан ұшыратуға болады. Мұның бұлай болуын Ж. Досқараев, қазақ сахарасында ертеректе 9-11 ғасырларда өмір сүрген оғұз тайпаларымен арадағы тілдік ауыс-түйістің нәтижесі деп қарайды. Шынында да сельджук қозғалысынан (11 ғ.) арғы дәуірлерде Сыр бойының, солтүстік Каспий, Арал маңының, Қаратау, Жетісу алқабының көп жерінің ежелгі оғұз мемлекетінің қол астында болғаны тарихтан мәлім. Оғұз тілдерінде д-дан басталатын сөздер де, т-дан басталатын сөздер де бар. Тілдердің бұл тобының қыпшақ тобындағы тілдерден айырмасы оғұз тілдерінде бас шебінде де қолданатын сөздердің саны қыпшақ тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда көп.

Қыпшақ тілдерінде бас шебінде т-айтылатын сөздер д-мен келетін сөздерге қарағанда сан жағынан анағұрлым басым.

Түркі тілдерінің бірқатарында ш дауыссызының орнына с-ның қолданылуы кездеседі. Мұны қазақ, қарақалпақ, ноғай әдеби тіліндегі бес деген сан есімнің ұйғыр, түркмен, тілінде бәш, әзербайжан, түрік, гагауз, қырым татары, құмық, құмық, қырғыз, өзбек тілінде беш болып айтылатынын еске алсақ та жеткілікті. Біраз сөздердегі с-ның тіліміздегі заңдылыққа қарама-қарсы ш дауыссызымен алмасатын жайы бар: мосқал, мосы, ұйқас, сері деудің орнына мошқал, мошы, ұйқаш, шері деп қолдану кездеседі.