Әдеби тіл мен диалектілердің қарым-қатынасы жайында сөз болғанда, негізінен, екі мәселе ескеріледі. Бірінші, әдеби тіл мен диалектілердің бір-біріне тигізетін әсері, әдеби тілде диалектизмдерді пайдалану жайы, екінші, диалектінің әдеби тілге негіз болу жайы. Әдеби тілдің, яғни көркем шығарма тілінің негізінде сөз шеберлері шығармашылық жолмен дамытқан жалпы халықтық тіл жатыр. Әдеби тіл мен жалпы халықтық тіл бір-біріне бүтіндей қарама-қарсы құбылыс емес екендігі белгілі. Сондықтан бұл екеуінің арасында тығыз байланыс бар. Сөйлеу тілінің зор табысы ретінде әдеби тіл, бір жағынан халық тіліне, жергілікті диалектілерге өз ықпалын арттырып, қарапайым, тұрпайы сөздермен диалектизмдерді ығыстырып отырса, екінші жағынан сол халық тілі есебінен өзі де байып, толыға түседі.. Әдеби тіл бүкіл ұлттық тілдің байлығын түгелдей қамтымайтыны белгілі. Ұлттық тілдің жоғарғы формасы әдеби тілге халық тіліндегі неғұрлым дәл, айқын сөздер мен сөз тіркестері, тұрақталған морфологиялық тұлғалар мен синтаксистік құрылымдар ғана кіреді.
Осы тұрғыдан алғанда, тіліміздегі сан алуан сөздің әдиби тілге жататына да, тек сөйлеу тілінде ғана жұмсалатындары да бар. Бірақ әдеби тілге кірмейтіннің бәрі бірдей диалектизмге жатпайды. Мәселен, әдеби тілдегі түрлері анықталса да, сөйлеу тілінде қазір айтыла беретін сөздер аз емес: төрт-дөрт, тізе-дізе, және-жана, мағына-мағана, кәне-қане, қадір-кәдір, патша-патса, өмір-ғұмыр, доп-топ, т.б. Сонымен бірге әдеби тілде осы күнге дейін қатар жұмсалып, орфоэпиялық нормасы анықталмаған сөздер де бар: зәбір-жәбір, әшейін-әншейін, балуан-палуан, бәле-пәле, тілмар-ділмар, бірдеме-бірдеңе, пенде-бенде, нақыс-нақыш, бәйге-бәйгі, т.б. Бұл нақты сөздерді тіл байытатын синонимдер деп қарауға болмайды, себебі олар – айтылудағы аздаған өзгерісі болмаса, негізі бір сөздер. Сондай-ақ, бұларды диалектизм деуге де болмайды, өйткені белгілі облыс, аймақ көлемінде ғана емес, барлық жерде жаппай айтыла береді, жалпы халықтық сипаты бар. Дегенмен, сөздердің айтылуындағы мұндай тиянақсыздық әдеби тілдің нормалануына нұқсан келтіреді, сол себептен оларды бір ізге түсірген жөн болар еді.
Диалектизмдердің әдеби тілге қатысына келсек, олардың әдеби тілді байытуы сирек құбылыс. Әдеби тілге енген диалектизмдер көп емес. Тек белгілі бір ұғымды білдіретін сөздер әдеби тілде жоқ болса, сонда ғана жергілікті сөздердің кейбірін баспасөз арқылы әдеби тілге енгізуге болады. Мысалы, қазір баспасөзде, кейбір әдебиеттерде қолданылып жүрген пәрменді (қарқынды), бойынша, (аула), мелжемді (азулы), мүдежат, немелтай (шөберенің балалары) т.б. жергілікті халықтық тілден ауысып кірген сөздер.
Қазақ говорларында кәдеге жарайтын, тіліміздің, лексикамыздың баюына қажетті, ал әдеби тілде баламасы жоқ сөздер кездеседі. Мал егіз тапса, егіз дейміз. Үшеу, төртеу тапса, оны бір сөзбен атайтын әдеби сөз жоқ. Ақтөбе т.б. облыстарда мұны үшен (үшем), төртен деп атайды екен. Ал Жетісу тұрғындары әйелдердің көйлегін көйлек дейді де, еркектердің көйлегін жейде деп екеуін екі атаумен атайды. Сол сияқты зембіл (носилка), арасан (минералды бұлақ) деген сияқты говорлық атаулар бар. Әдеби тілімізді байытатын осындай сөздерді қалыптастыруға тиістіміз.