М. Қашғари – XI ғасырда өмір сүріп, еңбек еткен ұлы филолог, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеуші ғалым, белгілі саяхатшы. Ол “Диуани лұғат ат-түрік” атты еңбек жазып, өз заманындағы түркі тілдерінің тұңғыш ғылыми грамматикасын жасады.
Болашақ ғалым Баласағұн шаһарында туылған, кейін Қашқарға көшіп келген. Оның “Қашғари” атануының себебі осында. Ол өсе келе Самарқан, Бұхара, Бағдад шаһарларында оқиды. Араб философиясымен және араб – парсы тілдеріндегі шығыстың классикалық поэзиясымен көбірек айналысады. М. Қашқаридың ерекше зейін қойып, ұзақ жылдар бойы зерттеген мәселесі-түркі тектес түрлі ру тайпалардың тіл ерекшеліктері, әдет-ғұрып, салт-санасы, ауыз әдебиет үлгілері, өткендегі тарихы т. б. болды. Осы жинаған, зерттеген материалдарының нәтижесінде ғалым тіл білімі мен әдебиетке қатысты көлемді де күрделі екі ғылыми еңбек жазды. Бірі — “Жавохирун-нахв фи луғотинт турк” (“Түркі тілдерінің синтаксисі, қағидалары”) деп аталады, бірақ бұл еңбегі бізге жетпеген. Екінші еңбегі- “Диуани лұғат ат — түрік” (“Түркі сөздерінің жинағы”). Бұл еңбек 1074 жылы жазылған.
“Диуани лұғат ат-түрік”-қазіргі түркі халықтарының бәріне ортақ мұра. Сөздікте орта ғасырдағы түркі ру-тайпаларының бәріне ортақ алты мыңнан астам төл сөз бен жеке тайпаларға қатысты диалект сөздер бар. Мұнда тіл білімінің ең басты салалары бойынша теориялық тұрғыдан құнды түйіндер жасалады. Сондай-ақ сөздікте тіл мен әдебиетке ғана емес, сол кездегі ру- тайпалар мен халықтардың қоғамдық-экономикалық жағдайына, көне тарихы мен әдет – ғұрпына, салт-санасы мен наным-сеніміне т.б. қатысты аса бағалы деректер берілген. Еңбектің осындай ерекшеліктерін ескеріп белгілі кеңес түркологі А. Н. Кононов сөздікті энциклопедиялық туынды деп бағалайды.
“Диуани лұғат ат-түрік” – тіл білімінің ең басты салалары бойынша теориялық тұрғыдан құнды түйіндер жасаған ғылыми еңбек. Көне түркі әдебиет ескерткіштерінің тілін үйренуге бұл зерттеу көп көмек көрсетіп келеді. Мәселен, осы “Диуани лұғат ат-түрік” табылғаннан кейін ғана “Құтты білік” дастанын оқу, аудару және транскрипция жасау кезінде бұрын жіберілген қателіктер түзетілді.
“Диуани лұғат ат-түріктің” көшірме қолжазбасы XX ғасырдың бас кезінде табылды. Түпнұсқа сақталмаған. Қолжазбаның көшірілген бір нұсқасы Стамбулдың Фатих кітапханасында сақтаулы. 1915-1917 ж. Стамбул қаласындағы Ахмет Рифат баспасынан үш томдық кітап түрінде жарық көреді.
Шығыстанушы неміс ғалымы Броккельмен бұл шығарманы неміс тіліне аударып, 1928ж Лейпциг қаласында бастырып шығады.
Түрік филологы Басым Аталай оны осман түріктерінің тіліне тәржіма жасап, 1939-1941 ж. Анкарада үш томдық кітап етіп шығарды.
Тілші –ғалым С. Муталлибов сөздікті өзбек тіліне аударып, 1960-1968 ж. Ташкенттен үш кітап етіп шығарды.
Көрнекті кеңес лингвист ғалымдары Н.А. Баскаков, А.Н. Кононов, А.К. Боровков, С. Муталлибов, В. Решетов т.б. осы сөздікке қатысты көптеген құнды зерттеулер жүргізді. Сөздіктегі өлең-жырлар мен мақал-мәтелдерді ақын Фариза Оңғарсынова қазақ тіліне аударды.
М. Қашқари сөздігінің әдеби мәні зор. Бұл кітапты көне түркі әдебиет ескерткіштерінің қысқаша хрестоматиясы деуге болады.
Сөздікке екі жүзден астам өлең, үш жүзге тарта мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, көркем теңеулер енген.
Мұндағы әдебиет үлгілері дидактикалық сарында берілген. Ондай өлең-жырлар оқушысын оқу-білімге, өнерге, әдептілікке үндейді. Адамгершілік, мораль, этика мәселелерін сөз етеді.
Сөздікте табиғат туралы, аңшылық жайындағы, еңбек тақырыбына арналған өлең-жырлар және қыс пен жаздың айтысы беріледі.
Алғашқы қауымда тіршілік еткен адамның ерекше назар аударған нәрсесі – табиғат құбылыстары болды. Қар, мұз еріді, тау суы аға бастады. Көгілдір бұлт көтерілді, ол суда жүзген қайықтай аспанда жүзіп бара жатты.
“Дивани лұғат ат-түрктегі” ауыз әдебиетінің үлгілері табиғат көріністерін бейнелейтін пейзаж лирикасы мен жыл маусымының ауысуына арналған өлең-жырлар болып келеді. Табиғат лирикасы да, жыл маусымын суреттейтін өлеңдер де, ежелгі заман адамдарының өзін қоршаған, өзі тіршілік ететін ортадағы табиғат құбылыстары жөніндегі түсінігін, сол жөніндегі наным-сенімін аңғартады.
“Дивани лұғат ат-түрктегі” ауыз әдебиетінің ғажайып үлгілері ішінде аңшылық, еңбек тақырыбына арналған өлең-жырлар көп. Мұндай өлеңдерде тайпа мүшелерінің бірігіп аң аулауға шыққаны, егін салғаны, мал. баққаны жырланады. Әрбір қадамы қатерге толы ежелгі дәуір адамдары жүрек жұтқан ерлікті, батырлықты ерекше қастерлеп, жырға қосқан. Жан түршігерлік үрейлі аңдармен арпалыста немесе түрлі тайпалар арасындағы соғыста ерекше ерлігімен, қыруар күш-қуатымен, әскери айла-тәсілімен көзге түскен батырларды көкке көтере мадақтайтын өлең жолдары “Дивани лұғат ат-түркте” жиі ұшырайды.
Қорыта айтқанда, Махмуд Қашғаридың теңдесі жоқ бұл шығармасы біздің еліміздегі түркі тілдес халықтардың бәріне бірдей ортақ асыл қазына, тілдік,әдеби,тарихи, этнографиялық т.б. тұрғыдан мейлінше бай мұра болып табылады.