Бос уақыт – адамның физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыру, рухани және материалдық қызығушылықтарын өз қалауына сәйкес жүзеге асыруға қолданылатын, оқу және еңбек әрекеттерін орындаудан тыс қалған жалпы уақыт көлемінің бөлігі. Әлеуметтанушы Г.П.Орлов: «Бос уақыт бұл- адамның еркін әрекет аймағы мен дамуы болып табылатын әлеуметтік уақыттың бір бөлігі. Ол әр адамның рухани даму деңгейі мен барлық әлеуметтік қатынастар жиынтығымен қамтамасыз етілген». Орлов педагогикаға қатысты мынадай пікір білдірген: « … бос уақыт-бұл ең алдымен өсіп келе жатқан жас ұрпақтың мектептегі, одан тыс отбасындағы тәрбиелеу мәселесі»[1, 30-31 бет].
Қазіргі таңда жоғарғы сынып оқушыларының психологиялық мәселелері педагогтарды ерекше алаңдатуда. Зерттеушілердің пікірі бойынша оқушылардың тұлғалық деңгейінің негізгі бағыттарына мыналар жатады: 1) танымдық қызығушылықтарымен қабілеттерінің дамуы; дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуы (В.Б.Бондаревский, В.С.Шевченко және т.б ); 2) кәсіби бағдар, дербес еңбек етуге даярлық (А.А.Давыденко, Е.М.Бабосов және т.б ); 3) шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асыру, қабілеттерді өзіндік жүзеге асыру (Н.Ф.Маслова, Б.С.Кобзарь және т.б ); 4) әлеуметтік адамгершілік ұстанымдары және құндылық бағдарларын қалыптастыру (Е.В.Бондаревская, Л.Ю.Иванова, С.А.Конюх-Синида және т.б); 5. өмірлік жолды таңдау ( К.В.Бербова, Л.М.Николаева, В.Г.Гурова және т.б );
Бос уақытты тиімді пайдалану мәдениеті оқудан тыс әрекеттерін ұйымдастырудан ғана емес, күнделікті осы әрекеттің мазмұнын, формаларын дұрыс таңдаудан, танып, білуге деген қатынасынан тұрады.
Жоғарғы сынып оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану мәдениетінің төмендегідей деңгейлерін атап өтуге болады:
- Пайдалы әрекеттік . Оқушы өзінің оқудан тыс әрекеттерін жоспарлау дағдысын меңгергендігін көрсетеді; қандайда бір әрекет түрін жүзеге асыруды бастамас бұрын алдына мақсат қояды. Олар үшін оқудан тыс ұжымның жұмыстарға қатысу ғана емес, меңгерген рухани құндылықтарын тәжірибеде жүзеге асырып көруге талпыныс болып табылады. Бұл типтегі қатысушылар мәдени қажеттіліктерді дамытудың жоғары деңгейіне ие, сондай-ақ оқудан тыс және жалпы мектептік іс-шаралардың ұйымдастырушылары немесе жетекшілері бола алады.
2.Танымдық қажеттілік. Бос уақытты пайдаланудың бұл деңгейі көп жағдайда оқушылардың жекелік қызығушылықтары және қабілеттіліктері негізінде анықталады. Оқудан тыс ұжымдық жұмыстарға қатысу олар үшін қажеттілік болып табылмайды. Мұндай оқушылар ұйымдастырушылық қабілетке ие емес, көбіне уақытша тікелей берілген тапсырмаларды ғана орындайды. Олардың әртүрлі сыныптан тыс тәрбиелік іс-шараларға қатысуға ынталандыру, педагогтардың оларды қажетті және қызықты жұмыстарға қызықтыруы мен қандайда бір әрекеттерді орындауға талпындыруға байланысты.
- Енжар-пайымдаушы. Бос уақытты пайдалану мәдениетінің бұл деңгейіндегі оқушылар өз тынығу уақытын тиімді ұйымдастыру жайлы еш ойланбайды, оны жоспарлаудың қарапайым дағдыларында меңгермеген. Олар телебағдарламалар көру, қыдыру, көңіл-көтеру, би кешіне бару сияқты ойын-сауықтық сипаттағы әрекет түрлеріне баруды жөн санайды. Оларда мәдени игіліктерді пайдалану өте төмен, мұндай оқушылар сыныптық ұжымда енжарлық танытады. Оқудан тыс және жалпы мектеп ішілік іс-шараларға аз қатысады.
- Тиімсіз. Мұндай деңгейде оқушыларда рекреациалық қызмет тіпті деструктивті мінез басым болады, әлеуметтік маңызы бар бағыттағы бос уақытты тиімді пайдаланудың барлық формаларына жағымсыз қатынас білдіреді. Өзіндік талпынысы ұйымдастырылмаған, жоспарланбаған қарым-қатынас немесе ауладағы топтарды іздеуінен байқалады. Бос уақыттық жұмыстары ретсіз, қауіпті және әлеуметтенуге қарама-қарсы сипатта болады. Оқушыларының бос уақытын ұйымдастырудың мұндай мәселелерін шешу үшін оқушылардың бос уақыт қызметтерін, құрылымын және мазмұнын анықтап алу қажет.
Бос уақыт мәселесіне зерттеушілер үнемі ерекше назар аударады. ХХ ғасырдың 70-жылдары М.Г.Бушканец педагогтың оқушылардың оқудан тыс әрекеттерін ұйымдастыруын қарастыра отырып, бос уақыттың бірнеше қызметтерін бөліп көрсетті:
1) Тұлғаның рухани және физикалық күштерін толықтыру және қалпына келтіру (демалу қызметі).
- Кәсіби және рухани-адамгершілік бағытталу, салауатты өмір жайлы көзқарас қалыптастыру (бағыттау қызметі).
- Тұлғаның шығармашылық мүмкіндігін өзіндік жүзеге асыру, қарым-қатынастағы қажеттіліктерін қанағаттандыру;
- Танымдық, тәжірибелі-қолданбалы және көркемдік-шығармашылық дамыту, эмоционалды-эстетикалық түзету (дамытушы қызмет) [2, 41-47б].
Бос уақыт мазмұны оқушының осы уақыттағы негізгі әрекет түрлерін қамтып көрсетеді.
Оқушылардың бос уақыт құрылымын төмендегідей үлгі түрінде көрсетуге болады.
1 сурет. Оқушылардың бос уақытының құрылымы.
Оқушылардың қызығушылығына негізделе отырып бос уақытын ұйымдастыруда бос уақыттың әрбір құрамдас бөлігінің қызметтік бағыттарын ескеру қажет.
Демалыс физикалық және психикалық күштерін қалпына келтіруге қызметтік бағытталумен сипатталады. Тынығу уақыты тиімділікке негізделе отырып дамытушы әрекет түрлерін қамтиды. Жоғары әрекетте дамытушы қызмет басымдылық көрсетеді.
Педагог зерттеушілердің еңбегіне талдау жасау және мектеп тәжірибесін зерттеу негізінде оқушылардың бос уақытының құрамдас бөліктерінің мазмұнын жалпылама түрде келесідей кесте арқылы көрсетуге болады.
Оқушылардың бос уақытының құрамдас бөліктерінің мазмұны
Бос уақыттың құрамдас бөліктері | Әрекеттер түрі |
Демалыс (төмен деңгей) | Белсенді демалыс: құрбы-құрдастарымен қарым-қатынас, қыдыру, табиғат аясында қыдыру |
Тынығу уақыты (орта деңгей) | Енжар-репродуктивті немесе ойын-сауықтық әрекет: телебағдарламалар, кинофильмдер көру, музыка тыңдау; би-ән кешіне қойылымдарға және т.б. бару. Бірлескен отбасылық тынығу уақыты. Ұйымдастырылған ұжымдық тынығу уақыты. |
Жоғары /дамытушы/ әрекет (жоғары деңгей) | Интеллектуалды-танымдық әрекет: факультативтер, пәндік және профильдік үйірмелерге қатысу, әдебиеттер оқу.
Шығармашылық әрекет: техникалық және көркемдік шығармашылықпен айналысу, декораттивті-қолданбалы және көркем өнермен айналысу; Әлеуметтік-пайдалы әрекет: сынып және мектеп жұмыстарына белсене қатысу, жастардың қоғамдық ұйымдарына, экологиялық, еңбектік және т.б. бірлестіктердің, қайырымдылық жұмыстарына белсене араласу. |
Оқушылардың бос уақытын пайдалану тиімділігін арттыру жолдары.
Қазіргі таңда оқушылардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесін шешуде төмендегідей қызметтерді жүзеге асырушы мектептер мен мектептен тыс мекемелердің рөлі артуда:
а) Өзіндік шығармашылық ұжымдарда, қызығушылықтары бойынша клубтарда, әуесқойлық бірлестіктерде, көпшілік мерекелік іс-шараларда ересектер мен оқушылардың бірлескен әрекетін ұйымдастыру;
б) Оқушылардың өз құрбы-құрдастары және ересектермен қарым-қатынасындағы қажеттіліктерін қанағаттандыру;
в) Шығармашылық әрекеттің үздіксіздігі мен сабақтастығын қамтамасыз ету;
г) Отбасындағы бос уақытты пайдалану мәдениетінің деңгейін арттыру (оқушылар және ата-аналары);
д) Оқушылардың бос уақыт аумағында қоғамдық бақылау мен педагогикалық жетекшілікті іске асыру;
Мектеп тәжірибесі оқушылардың бос уақытты тиімді пайдалануын арттыру үшін екі жолға сүйенеді:
— оқушылардың бос уақытына жетекшілік ету;
— бос уақытты тиімді пайдалану үлгісіне негізделе отырып оқушылардың өз бос уақытын дербес ұйымдастыру;
Жоғары сынып оқушыларының бос уақыттарын ұйымдастыруда оған педагогикалық жетекшілік жасау шешуші рөл атқарады. Педагогикалық жетекшілік жасау мазмұны оқытушылардың оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануға әсер ете білуіне, шығармашылық әлеуетін үнемі арттырып отыруға, қоғамдық маңызы бар қызығушылықтарын анықтау және ашу оларды көптеген өмірлік тіршілік әрекетінде жүзеге асыруына жағдай жасауға негізделген тәрбие жұмысының бір бөлігінен тұрады.
Оқушылардың бос уақытына педагогикалық жетекшілік ету оқудан тыс уақытында әрекеттік дамытушы формалары мен түрлеріне, бос уақыт күндері мен сағаттарын белгілі бір тіршілік жүйесіне ынталандыруға негізделген. Оған екі компонент жатады: 1) Әртүрлі мемлекеттік құрылымдар көмегімен бос уақыттың қажетті материалдық базасын жасау; 2) Оқушыларда бос уақыт және оқу уақытын ұйымдастыруға, оларды реттеуге көмек беру[3].
Оқушылардың бос уақытына педагогикалық жетекшілік етудің тиімділігі мектептің педагогикалық үдерісі барысында төмендегідей жағдайларды жүзеге асырғанда қамтамасыз етіледі. 1) Оқушылардың бос уақыт мазмұны мен құрылымын анықтау; 2) Оқушылардың қызығушылықтары, қажеттіліктері мен бейімділіктерін зерттеу; 3) Оқушылардың бос уақытын пайдалануы үшін материалдық жағдай жасау; 4) Мектептің оқу-тәрбие жұмысының тиімді жүйесін құру; 5) Оқудан тыс уақыттарда танымдық және дамытушы әрекет түрлерін басымырақ ұйымдастыру; 6) Мектептің тәрбиелік жұмыс барысында оқушылардың бос уақытын ұйымдастырудың топтық, ұжымдық және дербес формаларын пайдалану; 7) Оқушылардың бос уақытын ұйымдастыру мәселелері бойынша мектептің мектептен тыс мекемелер, мәдени ұйымдармен өзара әрекет жүзеге асыру; 8) Оқушылардың ата-аналары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерін тәрбиелік жұмысқа тарту (қатыстыру); 9) Оқушыларды тұрғылықты орындары бойынша белсенді әрекетке қатыстыру;
Оқушылардың бос уақытына педагогикалық жетекшілік етудің төмендегідей әдістері бар:
1) практикалық әрекеттер жағдаяттарын сипаттаушы әдістер (мақсатты айқындау және әрекет міндеттерін, құндылық бағдарларын бағалау, өзін-өзі жүзеге асыру, әрекеттерді түзету).
2) тұлғаның ішкі жан дүниесіне және білім алу аймағына әсер етуші әдістер (хабарлау, сендіру, иландыру, мысал келтіру, әңгімелесу, диалог).
3) тұлғаның шығармашылық деңгейі мен әрекеттер тәжірибесін қалыптастырушы әдістер (тәрбиелеуші ситуацияларғ тапсырама, үйрету).
4) жаңа білім беру ортасын құру әдістері (әрекеттің жаңа түріне қатыстыру, әрекеттің жаңа түрлерін ендіру).
Бос уақыт аумағында оқушыларға педагогикалық әсер ету мәселесінде педагогикалық тұрғыдан реттелген, жан-жақты, үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыру және толық жетілдіру үшін, өмірлік жолды саналы таңдай білуге даярлау үшін қолданылатын бос уақыт анықтамаларын назардан тыс қалдырмау қажет.
Сонымен, оқушылардың бос уақыты екі компоненттен тұрады деп қорытынды жасауға болады. 1) педагогикалық тұрғыдан реттелген бос уақыт; 2) ұйымдастыру нәтижелілігі тиімді пайдалану моделі арқылы қамтамасыз етілетін дербес реттелген бос уақыт.
Көптеген зерттеушілердің пікірі бойынша бос уақытты тиімді пайдалану стилін қалыптастыру енжар-репродуктивті әрекеттен тұлғаның рухани дамуын қамтамасыз етуші белсенді шығармашылыққа, әлеуметтік-маңызды әрекетке ауысуымен тұжырымдалады. Озық педагогикалық тәжірибеге талдау жасау негізінде әлеуметтік-маңызы бар әрекеттер түріне келесілерді жатқызуға болады: а) оқушылардың логикалық тұрғыдан ойлана білу дағдысын қалыптастыруды, шығармашылық қиялын, есін, эмоционалды-эстетикалық сезімдерін, арнайы нышандар мен қабілеттіліктерін, кәсіби бағдарларын дамытуды қамтамасыз етуші интеллектуалды-танымдық және шығармашылық әрекет; б) оқушылардың адамгершілік-этикалық қасиеттерін, жағдайға сәйкес бейімделе білу қабілетін, жоғары әлеуметтік белсенділігін қамтамасыз етуші әлеуметтік-маңызды әрекеттер;
Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануын келесідей үлгіде көрсетуге болады:
|
Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану бос уақыт аумағында жан-жақты және үйлесімді даму мақсатында қоғамдық құнды және жекелік маңызды әрекет түрлеріне қатысуына байланысты болады, сондай-ақ қандай да бір әрекет түрінде қажеттілікті сезініп, оның мақсаты мен маңызын, мәнін ұғынуы үшін жағдай жасау болып табылады.