ИННОВАЦИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІЛІКТІ АРТТЫРУ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІКТІҢ НЕГІЗГІ ФАКТОРЫ

Әлемдік экономиканың жаһандануы жағдайында отандық компаниялардың ел ішіндегі және шетелдегі тауарлар мен капитал нарықтарындағы бәсекеге қабілеттілігі өзекті мәселеге айналуда. Қазіргі таңда кез келген елдің экономикасының дамуы, халықтың рухани және материалдық игіліктерінің артуы, ең алдымен, сол елдің ғылымы мен білімінің, өндірістің инновациялық дамуына байланысты. Қазіргі кезеңде кәсіпкерлікті дамытудың әлсіз жақтары оны жетілдірудің нарықтық механизмдерінің инновациялық түрлерін одан ары жақсартуды қажет етіп отыр.
Дамыған елдерде инновациялық (ноу-хау) өнімдер мен технологиялар ЖІӨ өсімінің 70-85% беріп отыр. Инновациялық сфераның белгілі дәрежеде ұйымдастырылмауы Қазақстанның 30 дамыған елдер қатарына қосылуға кедергі болуы мүмкін. Мұндай жағдайдан шығудың бірден бір жолы кәсіпкерліктің түрлі инновациялық нарықтық құралдарын одан ары дамыту болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауында: «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Бұл – біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс. Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек» — деп атап көрсетті [1].

Кәсіпорынның инновациялық белсенділігі оның бәсекеге қабілеттілігінің стратегиялық маңызды факторларының бірі болып табылады. Бұл мәселені өз еңбектерінде жетекші шетелдік ғалымдар Кирнэн М., Кристенсен К., Сенге П., Сливотски А., Моррисон Д., Янсен Ф., Шумпетер И., Менш Г., Ван Дейн Я., Фримен Х. зерттеумен айналысты [2].

Қазақстандағы инновациялық өзгерістер, ұлттық экономиканың инновациялық бағыттылығын қалыптастыру, еліміздің индустриялық-инновациялық саясатын барынша ұтымды жүзеге асыру, инновациялық орта мен оның белсенділігін арттыру мәселелерін елімізге белгілі ғалым-экономистер С.А.Алпысбаев, Р.А.Алшанов, Ф.Г.Альжанова, Б.Ахметжанов, Ә.Ә.Әбішев, Ш.Р.Әбділманова, О.Б.Баймұратов, Н.А.Барлыбаева, Ф.М.Днишев, А.Н.Дәуренбекова, Г.Н.Доғалова, А.Қ.Қошанов, Г.К.Қуатбаева, С.В.Могильный, С.Ы.Өмірзақов, К.Ә.Сағадиев, О.Сәбден, Б.С.Серіков, А.М.Сейтқазиева, А.Н.Cаханова, З.А.Сальжанова, А.Б.Темирбекова, А.Н.Толыбаев, Ә.Д.Шелекбай, Е.Әмірбекұлы және басқалар өз зерттеулерінде қарастырып, олардың қолданыс табуына қомақты үлестерін қосты.

Экономикалық әдебиеттерде осы күнге дейін «инновациялық белсенділік» ұғымы анықтамасына бірыңғай көзқарас қалыптаспады. Инновациялық белсенділік — өзіндік категория. Оның көмегімен инновациялық қызметтің сипаты бағаланады. Инновациялық қызмет белгілі бір технология негізінде болатын нақты іс әрекеттердің құрамы және мазмұнымен сипатталады. Инновациялық белсенділік біздің түсінігімізде белгілі бір уақыт аралығында кәсіпорындардың, аймақтың, елдің инновациялық қызметті жүзеге асыруға қатысу деңгейі.

Инновациялық белсенділік әр түрлі әдістер көмегімен қалыптасады және өлшенеді. Олардың «қара жәшік» әдісі болып табылады. Ол талданатын жүйені үш бөлікке бөледі: 1) «ену» – инновациялар мен ресурстар; 2) «оператор» немесе ұйымдастырушылық-басқарушылық шешімдер; 3) «шығу» – жаңа білім, қызмет, өнім түріндегі нәтиже. Ол компаниядағы инновациялық үдерістің ең негізгі төрт факторын белгілеуге мүмкіндік береді. Ол «инновациялық белсенділік ромбысы» деп аталады [3]:

Сурет 1 Инновациялық белсенділік ромбысы

Кәсіпорындардың инновацияны белсенді қолдануы олардың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігінің жоғарылауын қамтамасыз етеді, жаңа нарықтарды игеруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектеседі, ал ол өз кезегінде өңірдің экономикалық дамуын, өмір сапасының жоғарылауын, салық базасының өсімін анықтайды. Төмендегі кестеде инновациялық белсенділікті бағалау өлшемдері келтірілген(кесте 1).

Кесте 1 Инновациялық белсенділікті бағалау өлшемдері

Инновациялық белсенділіктің бағаланатын өлшемдері Өлшемдер сипаттамасы
1 Инновациялық мақсат пен инновациялық стратегияның сапасы Инновациялық стратегияның инновациялық әлеуетке, сыртқы ортаның мүмкіндіктері мен қатерлеріне, мақсаттарына сай келуі
2 Инновациялық әлеуетті қолдану деңгейі Басшылықтың қажетті әлеуетті: ресурстарды, ақпаратты, мамандарды және басқаларды тиімді қолдану қабілеті
3 Тартылатын инвестициялар деңгейі Қолайлы инвестиция көздерін анықтау
4 Инновациялық өзгерістерді жүргізу кезінде қолданылатын әдістер мен бағыттар Инновациялық қалыптасуларды ендірудегі белсенділік, нақты бәсекелік артықшылықтарды алуға бағытталған әдістер мен тұжырымдамаларды қолдану
5 Бәсекелік стратегия жағдайының сипаттамасына фирма әрекетінің сәйкестігі Ортаның жағдайы мен объектінің (инновацияның) жағдайын ескере отырып сәйкес стратегиялық жағдайды қолдану: реактивті, белсенді және жоспарлы-болжамдық
6 Инновациялық стратегияны жасау мен жүзеге асырудың жылдамдығы Инновациялық өзгерістерді жүзеге асыру мен инновациялық зерттеулерді жүзеге асыру бойынша интенсивті іс-әрекеттер
7 Инновациялық белсенділіктің жүзеге асырылатын деңгейінің негізділігі Белсенділік деңгейінің фирманың өзінің және сыртқы ортаның жағдайына сәйкестігі

Кәсіпорынның инновациялық белсенділігін бағалауда маңызды база ретінде инновациялық әлеуеттің элементтері болуы мүмкін. Ол элементтерге келесілерді жатқызуға болады: инновациялық-бағытталған бөлімшелердің болуы, мамандар құрамы, қаржылық ресурстар, материалды-техникалық қамтамасыз ету, интеллектуальды меншік, ұйымдастырушылық-басқарушылық көрсеткіштер.

Дамыған индустриялы елдерде технологиялардан, құрал-жабдықтардан, мамандар даярлаудан, өндірістерді ұйымдастырудан көрініс табатын жаңа ілімдер үлесіне ІЖӨ өсімінен 80-нен 95%-ына дейін келеді. Бұл елдерде жаңа технологияларды енгізу нарықтық бәсекелестіктің өзекті факторы өндіріс тиімділігін арттырудың және тауарлар мен кызметтер санасын жақсартудың негізгі құралы болып отыр. Қазіргі уақытта ғылымды көп қажетсінетін отандық өндірісті дамыту, бәсекеге қабілетті өнімдерді алуға бағдарланған ғылымды көп қажетсінетін жаңа технологияларды және ақпараттық технологияларды әзірлеу мен игеру республиканың өнеркәсіп пен ғылыми техникадағы әлеуетін сақтау мен дамыту есебінен ұлттық экономикалық кауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстанның ғылыми-технологиялық саясаты инновациялық үдерістерді жандандыруға, жаңа технологиялық құрылымдарды енгізуге өнеркәсіптегі жаңа қайта бөліністерді игеруге, ұлттық ғылыми-техникалық әлеуетті жандандыруға, ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтықты жоюға, индустриялық қызметті ынталандыруға, озық шетел технологиясының нақты трансферті мен халықаралық стандарттарды енгізуді қамтамасыз етуге бағытталған. Ғылыми техникалық салада кәсіпкерлік секторды қалыптастырмай инновациялық қызметті дамыту мүмкін емес. Соңғы жылдар ішінде өнеркәсіп өндірісі көлемінде және жұмыспен қамтылу санында шағын бизнес секторының үлесі өзгеріссіз қалып отыр және тиісінше 2,8-3,2% және 12,4-14,0%-ды құрап отыр, бұл индустриясы дамыған елдердегіден бірнеше есе аз. Қазақстан Республикасында инновация саласындағы белсенділік деңгейі жылдан-жылға артып келеді. Мұны төмендегі суреттен көруге болады (сурет 2) [4].

Сурет 2 Инновация саласындағы белсенділік деңгейі, %

Қазақстан Республикасында 2009 жылы инновациялық белсенділік деңгейі 4% -ды құраса, 2013 жылы 8%-ды құраған. Яғни соңғы 5 жылда екі есеге артқан. Ал облыстар бойынша инновациялық белсенділік деңгейі әрқилы қалыптасқан (сурет 3).

Сурет 3 Облыстар бойынша инновациялық белсенділік деңгейі, %

Облыстар бойынша инновациялық белсенділік деңгейі бойынша жоғарғы көрсеткіштерге 2013 жылы Қызылорда облысы 12%, Қостанай облысы 11,8%, Солтүстік Қазақстан облысы 10,9%, Жамбыл облысы 10,2 % ие болған. Ең төменгі көрсеткіштер Батыс өңірлерінде: Маңғыстау облысында 2,4%, Батыс Қазақстан облысында 5,3%, Атырау облысында 5,1% тіркелген.

Инновациялық өнім көлемі

          млн.теңге
2009 2010 2011 2012 2013
Қазақстан Республикасы 82 597,4 142166,8 235962,7 379005,6 578263,1
Ақмола 1 039,0 6959,6 9822,5 19902,1 18205,7
Ақтөбе 4 428,3 9792,3 16880,9 6542,4 8300,6
Алматы 419,5 521,0 5498,1 13288,0 13153,8
Атырау 55,3 126,1 1828,1 4772,2 38078,2
Шығыс Қазақстан 6 939,5 13854,5 33592,5 99332,1 109378,9
Жамбыл 2 190,4 723,8 11251,8 19181,2 19637,4
Батыс Қазақстан 728,7 24804,9 4399,3 9009,5
Қарағанды 14 412,4 14897,7 14388,6 30891,5 53731,2
Қостанай 1 848,3 1966,9 12453,0 29769,7 35728,9
Қызылорда 66,7 2281,3 3645,0 6641,7
Манғыстау 133,0 233,2 618,6 3609,0 1395,4
Павлодар 35 420,1 72592,6 73279,0 97620,0 83368,0
Солтүстік Қазақстан 2 751,0 2880,6 1469,5 6098,3 16028,0
Оңтүстік Қазақстан 4 422,5 4859,9 15374,0 22588,7 33177,5
Астана қаласы 31,1 72,2 1818,6 4787,0 119923,4
Алматы қаласы 7 711,5 12686,6 10601,4 12579,1 12504,9

Инновациялық өнім көлемі соңғы бес жылда 82597,4 млн. теңгеден 2013 жылы 578263,1 млн. теңгені құраған. Яғни өсім бес жылда 495665,7 млн. теңгеге өсіп, 86%-ға ұлғайған.

Соған қарамастан инновациялық қызмет саласында қазақстандық кәсіпорындар негізінен «қуып жету» стратегиясын таңдаған. «Қуып жету» стратегиясы шетелдік технологияны, өнімдерді көшіріп,оны жаппай өндіруді қарастырады.

Кәсіпорындардың инновациялық қызметті жүзеге асыруының төмен қабілеттілігі көбінесе ел экономикасының инновацияларды қабылдаудың төмен деңгейімен анықталады. Қазіргі уақытта сұраныс заманауи технологияларды қолдануға бағытталмаған. Барлық посткеңестік инновациялық жүйелердің ерекшелігі шағын инновациялық бизнестің әлсіз дамуы, ірі ғылыми сыйымды корпорациялардың аз көлемінде зерттеулер мен қайта жасауларда мемлекеттік сектордың жоғары үлесінің болуы болып табылады. Нәтижесінде ғылыми-техникалық шешімдердің жинақталған әлеуеті сұранысқа ие емес, ғылыми институттар мен ғалымдар қосымша табыс алуда мүмкіндіктері шектелген және тек мемлекеттік қаржыландыруға сүйенеді.

Отандық экономиканың инновацияларды қабылдағыштығының төмен болуының тағы бір себебі Қазақстандағы ғылымның даму мәселелері болып табылады [5].

Қазақстандық кәсіпорындардағы инновациялық белсенділікті арттырудағы олардың артықшылықтарына келесілерді жатқызуға болады:

-республикада мол табиғи ресурстардың болуы;

-университеттер, академиялық институттар мен басқа да ғылыми мекемелердің дамыған желісі;

-инновация саласындағы белсенді мемлекеттік қолдау саясаты;

-шикізат ресурстарына қолы жетімсіз бизнес-элитаның күшеюі.

Ал кемшіліктеріне:

-әлсіз инновациялық тәуекел-менеджменттегі, маркетингтегі жоғары тәуекел деңгейі;

-инновациялық қызметпен айналысатын мамандардың төмен үлес салмағы;

— шағын венчурлық бизнестің дамымағандығы;

-отандық өндірушілердің төмен инновациялық қабылдағыштығы (восприимчивость);

-отандық ғылыми жасаулардың төмен бәсекеге қабілеттілігі мен шетелдік ескі технологиялар мен жабдықтарды сатып алуы.

-шектеулі қаржылық және материалдық мүмкіндіктер.

Мүмкіндіктеріне:

-өңдеуші сала кәсіпорындарының жоғары ғылыми сыйымдылықпен дамуы;

-университеттер айналасында «инновациялық белдеулерді» қалыптастыру;

-жергілікті кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігін ынталандыру;

-жоғары технологиялық салаларға қаржылық және менеджерлік ресурстардың ағымы мен қызығушылығының жоғарылауы.

Қатерлерге:

-кәсіпорынның сапалы инновациялық дамуының «тоқтауы»;

-инновациялық үдерісті тиімсіз ұйымдастыру;

-жаңа идеялардың, технологиялардың шетелге «кетуі» және қазақстандық ғалымдардың шетел мемлекеттері үшін интеллектуальды донорларға айналуы;

-жаһандану жағдайында ел экономикасы салаларының бәсекеге қабілеттілік мәселелерінің тереңдеуі.

Бүкіл әлемде инновациялық даму кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілікті тұрақты түрде ұстап тұру мен жоғарылату қажеттілігімен байланысты. Сонымен бірге инновацияларды қолдану кәсіпорындарға нарықта тиімді бәсекеге түсуге, жаңа тұтынушыларды тартуға, қаржылық нәтижелерді жақсартуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілік деңгейі едәуір көлемде кәсіпорынның технологиялық деңгейіне тәуелді.

Инновациялық дамуда маңызды орынды шағын бизнес алуы қажет. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей шағын инновациялық бизнес өте жылдам өседі және салыстырмалы аз инвестицияларды қажет етеді. Дамыған елдерде шағын кәсіпорындар барлық инновациялардың жартысын қамтамасыз етеді. Шығынның бір бірлігіне инновациялар саны шағын фирмаларда орташа фирмаларға қарағанда 4 есеге жоғары, ал ірілерге қарағанда 24 есеге жоғары.

Қазақстанда экономикалық орта инновациялар үшін әлі де қолайсыз жағдайда қалып отыр. Ол ғылымның мемлекеттік және ЖОО секторының өнеркәсіппен байланысының дамымағанымен, инновациялық үдерістерді несиелеуде банк жүйесінің байланысының болмауымен, жеке капиталдың төмен инновациялық белсенділігімен, мемлекеттің инновациялық әлеуетті ескермей шағын бизнесті қолдауымен сипатталады [6].

Мемлекет инновациялық қызметті дамытудың арнайы ұйымдастырушылық-экономикалық механизмін қалыптастыруы қажет. Ол келесідей қағидаттарға сүйенуі қажет:

-инновациялық үдерістің барлық қатысушыларына салықтық жеңілдіктер мен ынталандырудың күшті жүйесінің болуы;

-инновациялық үдерісте нарық пен мемлекеттің бірін бірі толықтырушы ретінде қатысуы;

-инновациялық тәуекелдерді бизнес пен мемлекеттің арасында бөлу;

-инновациялық белсенділікті мемлекеттік қолдаудың орталықсыздандырылған каналдарын қолдану;

-даму институттары қызметінің ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз ету.

Қазіргі уақытта елімізде Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық дамуының тұжырымдамасы жасалуда. Қазақстанның әлемдік дамыған отыз елдің қатарына енуі инновациялық идеяларға сүйене отырып жоспарлануда.