- Ақылбай – Абайдың өзінің баласы. Абайдың алғашқы әйелі – Ділдәдан, әкесінің он алты жасында туған.
Алғашқы балалық шағын және жігіттікке жеткен кезін Ақылбай өз әкесінің үйінде өткізбейді. Үлкен әкесі – Құнанбайдың кенже баласы атанып, оның төртінші әйелі, ең соңғы тоқалы – Нұрғанымның қолында өседі.
Осындай тәрбиелік жағдайының есебінен Ақылбай Абайға көбінше іні есебінде қарап өскен. Абайдың анық ұлғайып, үлкен білім иесі, атақты ақын болған кезінде ғана Ақылбай оның өз тәрбиесіне ауысады. Бірақ жас кезі, жігіттік шағы Абайдай әкеден аулақта өткендіктен, Ақылбай орысша оқи алмай қалған. Оның оқу-білімі, ауылда оқыған мұсылманша, ескіше оқудың орташа дәрежесі болады.
- Бертінде Абайдың ақындығын танып, оның мәжілісі, өсиеті көп әсер еткен соң, Ақылбай өз бойындағы ақындық күшін жарыққа шығара бастайды.
Әуелгі кездерде, қысқа өлеңдермен өз өнерін байқатып жүріп, кейін бірнеше үлкен поэма жазады. Ақылбай Абайдың ортасына араласқан соң, ән-күй, музыка өнеріне көп ден қояды. Ол ірі домбырашы және скрипкашы болған. Соның үстіне композиторлық талантын танытқандай, әдемі бір ән шығарғаны да бар.
Ақылбайдың жазып шығарған үш поэмасы болған. Алғашқысы «Жаррах» деген поэма, бұның тақырыбын шығыс әңгімесі – «Жеті үй» дейтін ұзақ ертегіден алған.
Екінші поэмасы – «Дағыстан».
- Үшіншісі – Африкадағы зұлыстар тірлігінен алынған үлкен поэма «Зұлыс» еді. Бірақ «Жаррах» поэмасы мүлде жоғалып кеткен. «Зұлыстың» бас жағы ғана сақталып қалып, барлық поэма және де жалғыз сақталған қолжазба өртенумен жоғалып кетті.
Біздің қолымызда енді қалған Ақылбайдың жалғыз поэмасы – белгілі «Дағыстан».
Поэмаларын Ақылбай өз өмірінің соңғы кездерінде шығарған. Ақындық талантын ірі үлгілермен кесек еңбек тудырып, таныта бастаған Ақылбай өзінің ақындық өнерінің жаңа өрлеп келе жатқан кезінде қайтыс болады. Ол 1904 жылы әкесі Абай қаза болғаннан кейін, соның қырқын Семей қаласына жұрт жиып беріп болған түні, әкесінен соң қырық күн ғана өмір сүріп, өзі де қайтыс болады.
Ақылбайдың «Дағыстан» атты поэмасы Кавказдағы Дағыстанда болған бір тартыс әрекеттерді баян етеді. Ақылбай осы шығармада өзі қазақ ақыны бола тұрып, тақырыпты қазақ тіршілігінен ұзап барып, өзге ел тұрмысынан алып жазады. Абайдың антик дәуірінен «Ескендір» тақырыбын, араб ескілігінен «Масғұт» тақырыбын алып, ұлттық шеңберден кеңірек өріс іздеген дәстүрін танытады.
Ақылбай өз поэмасының басында Кавказ тауын баян етеді. Лермонтовтан Абай жасаған аудармада «Арыстанның жалындай бұйра толқын бар» Терек аталған еді.
Қазақтың Каф дегені Кавказ серек,
Құдайым сұлу биік еткен еркек.
Ақырын айдаһардай жүз толғанып,
Тасты ағызып, тау жарған долы терек, —
деп бастайды.
Солайша, өз поэмасының оқиғасы жүретін географиялық ортаны атап алған соң, дәл Дағыстанның елін мінездеп жырлайды. Олар қатал ерлігі бар, ашушаң, суық мінезді жұрт болып сипатталады. Ызада кекшіл, қатал, қанжар жұмсағыш мінездерімен Дағыстан елінің қазақтан басқаша екені айтылады.
Содан кейін ақын Кавказдың таң атып келе жатқан көрінісін суреттейді. Оянған табиғаттың алғашқы үнші-жаршысы құмыр бұлбұл сайрап, скрипканың квинтасындай жіңішке нәзік күй толғантқанын сипаттайды. Динамикалық суретпен өндімелі күйде баян етілген көрініс ішінде атыраптың әр алуан суретін атайды.
Ақылбайдың суретшілігінде, өзгеше бір өндімелі кеңдік пен үйлескен, анық дәлдік бар. Әуелі таңды одан тауды, содан ары қалаларды оқушы көзіне біртіндеп көрсетіп кеп, ақыры бір қаланың ішінде, бір «ханның» есік алдына көз тоқтатады. Оқиға да осы арадан туып, дамып кете барады.
Сюжет құрылысында Ақылбайдың бұл поэмасы анық орыс классик поэзиясындағы қызықты оқиға туғызу дәстүрін шебер түрде жалғастырған. Поэманың басында қайғылы Жүсіп қарт көрінеді. Оның жүзінде жас:
… Жуан, қалың білектей бурыл мұртқа,
Домалап улы жасы барып жеткен…
Қарттың жүзі жасқа, жүрегі қазалы өкінішке толған. Болашақ геройының осы халін сәл баяндап, ақын әңгімені бұл арадан үзеді де, енді осы қарт Жүсіптің дәл жаңағы қайғыға неден түскенін баяндауға ауысады. Содан ары поэманың барлық оқиға тартыстары дағдылы жолмен өрбиді де, ең ақырында барып, кезегімен дамып келген оқиға жаңағы поэманың басында қайғылы жаспен отырған Жүсіптің өзіне оралып кеп аяқтайды.
«Дағыстан» поэмасы адам образын көрсетуде, қызық оқиғалы тартыс түйіндерін туғызуда өте шебер қалыптанған. Бұнда Жүсіптің жас жігіт кезінен басталатын бір тартыс бар. Оның есебі қызғаныш болатын. Жүсіп қызғаныштың үстіне жазықсыз жақсы жігіт, ер, мерген Ыбырайымды қапыда өлтірген. Ыбырайымның шешесі де баласының қазасынан қиналумен өледі. Бірақ Жүсіпті қарғап өледі. Содан кейін ұзақ мезгіл өтеді. Жүсіп үйленіп, одан бес ұл туады. Және сол бес ұлдың ортасындағы жалғыз гүлі – Зайра сұлу өседі. Осылайша, Жүсіп тірлігі толықсып, бағына жеткен шағында баяғы өлген кемпірдің қарғысы енді келе бастайды.
Содан поэманың ішінде қызық әңгімеленген тартыстар арқылы Жүсіптің бес ұлы қаза болады. Ең соңында Жүсіптің қан кегін қуған қызғанышы арқылы қызы Зайра және өлімші боп жатады.
Сол ең соңғы қалған жалғыз нәсілінің өлім шағында, Жүсіп кешірім сұраған. Бірақ махаббаты үшін шерленіп, өлім халіне жеткен Зайра әкесіне кешпей жатыр. Поэманың басында қайғылы Жүсіптің өкінішпен жылап отырған себебі осы еді.
Бұл шығарма – анық өмірлік романтика үлгісінде жазылған. Бұрын қазақ поэзиясында үлгісі болмаған, өзгеше шығарма. Романтика тартыс оқиғаларға араласқан адамдардың мінездерінен, іс-әрекеттерінен айқын көрінеді. Ол стильдің ерекшелігі – адамдағы белгілі бір сезімді, мысалы, қызғаныш, кек, махаббат сияқты күйлерді алады да, соларды аса зорайтып жырлайды.
Сюжеттік құрылыс пен суреттік идеяларының өзгешеліктері «Дағыстан» поэмасында анық мәдениетті романтикалық поэмалардың қалпынан аумай, бар талабына сай шыққан.
Бірақ осымен қатар ақынның санасында шығыстық немесе жалпы дінге нанған адамдардың бәрінде болатын бұлдырға нанғыштық, суевериеге бой ұрғандық айқын көрінеді.
Осымен «Дағыстан» поэмасы ұлы ақын Абайдың өзі жазбаған үлгідегі шығарма болады. Басталу негізінде, үлгі алуда, орыс классик әдебиетіне Абайдың барғанындай Ақылбай да барады. Бірақ Абай орыстың анық классиктік қасиет пен сананы танытқан реалистік әдебиеттің ұлы дәстүрін өзіне үлгі етіп алса, бұның жолын қуған және де ізденгіш жас ақын орыстың романтикалық стиліне көбірек еліктеген болады.
- Мағауия – Абайдың жиырма бес жасында, Ділдадан туған кенже баласы. Жас шағында Абай баласын ауылда мұсылманша аз оқытқаннан кейін қалаға апарып, Семейдегі Городское училище дейтін орысша мектепке түсіреді. Мағауияның алдында орысша оқуға берген ағасы Әбдірахман Түмен қаласында оқып жүреді. Мағауиямен бірге Абай Күлбәдан деген қызын да орысша оқуға береді. Мағауия екі-үш жыл оқығаннан кейін науқасқа шалдығады. Содан амалсыздан оқуын тоқтатып, ауылға қайтады. Осыдан соң, үнемі Абайдың қасынан қалмай, әкенің өз тәрбиесінде болады.
- Бұның жастық шақтарында Абай орысша кітап оқуға барынша еңсесін беріп, өздігінен мол ізденеді. Сонда Абаймен ілесіп Мағауия мен Кәкітай екеуі де орысша кітапты Абайша қатты зер салып оқиды. Жаз сайын келіп жүретін Әбдірахманның да оларға көмегі көп болады.
Сонымен, Мағауия оқымысты жастың бірі болады. Ол әкесіне ел жұмысында да үлкен серіктік етеді. Ел көпшілігі Абайдың билігімен қатар , бертін кездерде Мағауияның әділ көмегін де көп көреді.
Әкесінің ақындық еңбегін аса қадірлеп, жақсы білген, ұғынған Мағауия өзі де Ақылбай, Көкбай сияқты ақындық еңбекке беріледі Ол жазған поэмалар: “Еңлік-Кебек”, “Абылай” және “Медғат-Қасым”.
“Еңлік-Кебек”, “Абылай” поэмалары қолжазба күйде сақталса да, оқушыларға тарамаған.
М. Әуезовтің Абай жайлы монографиясындағы тағы бір тарау ұлы Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушы, талантты шәкірті Мағауияның шығармашылығына арнаған. Өмір дәлдік демекші, поэма жалпы романтизм сарынындағы шығарма болғанымен, оның реалистік шындықпен өмірге жанасымды қонымды тұстары да бар. Мысалы, Қасымның Мұрат бай мен Медғаттан кек алу мақсатымен қарақшылық жолға түсіп кеткеніне дейінгі оқиғалардың суреттелуінде реалистік сипаттар мол.
Поэмадағы романтизм бойын кек алу сезімі билеп алған бас қаhарман Қасымның ой-қиялынан, мінез-құлқынан, іс-әрекетінен жан-жақты көрінеді. Ол сезім Қасымды үнемі күтпеген іс-әрекетке, дағдыдан тыс оқиғаларға жетелп отырады. Қасымды романикалық қаhарман етіп тұрған да осы сезім.
- Мағауияның ең көлемді және көркем поэмасы -“Медғат-Қасым”. Оның ақындық ерекшелігін анық, айқын көрсететін де осы “Медғат-Қасым” поэмасы.
“Медғат-Қасымнан” бұрын Мағауия ақын ағасы Шәкәріммен жарысқа түскендей болып, „Еңлік-Кебек” дастанын да жазады.
Зерттеушілер „Еңлік-Кебекті” көркем шығарма ретінде жеті нұсқасы бар дейтін болса, оның екеуі поэма екен. Оның бірі – жоғарыда талданған Шәкәрімнің дастаны болса, екіншісі- осы Мағауиянікі. Бұл жолы да тақырыпты шәкірт достарына ұстаз ақын Абай берген болатын.
М. Әуезов „Еңлік-Кебек” поэмасының жанрлық тұрғыдан алып қарағанда махаббат драмасы болып табылатындығын айтады. Мағауияның махаббат трагедиясына, Еңлік пен Кебектің өліміне, жазықсыз сәбидің жетім қалуына себепкер болған адамдар тұлғасын жасағандығын, қатал заманның бет бейнесін ашқандығын атап көрсетеді.
Поэмадағы бас кейіпкерлер Кеңгірбай би, қос ғашық Еңлік пен Кебек және т.б . кейіпкерлер өмірде болған адамдар. М.Әуезовтің шәкірті Қ. Мұхамедханов ұстазының осы пікірлерін жалғастырады.
“Медғат-Қасым” поэмасының тақырыбы да қазақтан жырақ, алыс елдер өмірінен алынған. Ақылбай ізденген жолменен тың тақырып пен мазмұнды Мағауия да Африка елінің болмысынан алады.
“Медғат-Қасым” поэмасы романтизм сарынындағы поэма. Бірақ негізгі стилі солай бола тұрса да, бұл поэманы реалистік шындықпен өмірге жанасымды, қонымды берген тартыстары, мінездері дәлелді көркемдікке сүйенген.
Абай берген бағыт бойынша ізденген шәкірт ақын Мағауия осы шығармасында Абайдың өзі жазбаған анық сюжетті поэманы туғызады.
Ақылбай мен екеуі де, романтикалық поэманың стилін қазақ әдебиетіне әкеліп кіргізгенде, анық соны, жаңа, жақсы ағым әкеп қосты деу керек.
Мағауияның осы поэмасының орны қазақ әдебиетінде ХІХ ғасырдың соңында шыққан жаңалықтардың көркенті тұрғысының бірі деп атауға жарар еді.
“Медғат-Қасым”- Мағауияның ең соңғы поэмасы. Бұдан бұрын Абайдың тақырып етіп, шәкірт достарына тапсырып беруі бойынша , Мағауия қазақ өмірінің өзінен алып, тағы бір поэма жазған. Бұл- қазақ тарихындағы салттық болмыстан туған «Еңлік-Кебек» жайындағы қоспа поэма болатын.
Мағауияның бұл поэмасын қазақ әдебиетінде XIX ғасырдың соңында шыққан жаңалықтардың бірі деп атауға болады. Абай берген бағыт бойынша ізденген шәкірт ақын осы шығармасында Абайдың өзі жазбаған анық сюжетті поэманы туғызды. Бұл тұрғыдан алғанда, Мағауияны романтикалық поэманың стилін қазақ әдебиетіне әкеліп кіргізген және жаңа, жақсы ағым әкеліп қосқан ақын ретінде бағалауымыз керек.