Абай Құнанбайұлы (1845-1904). Ақынның шығармашылық мұрасы.

Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл-ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері Абай Құнанбаев — өз ұлтының реалистік жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, қазақ поэзиясын қоғамдық дамудың озық деңгейіне бағыттап, өз кезінің шындығын дәл бейнелеп, дұрыс қорытынды шығара білген прогресшіл ақын. Ол халқының болашағы үшін жан аямай қызмет етті, оны мәдениет нұрына үндеді. Белгілі бір тарихи кезеңнің алға қойған сұрауына жауап беріп, елінің әдебиет көшін зор мақсатқа меңзеді.

  1. Дана ақын 1845 жылы тамыз айында, қазіргі Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауында туған.

Абайдың әкесі – Құнанбай — өз еліне атағы шыққан аға сұлтан. Зерделі, зерек ел ағасы, ірі тұлға.

Абайдың жас кезіндегі көңіл сергітіп, жүрегін жібіткен жылы құшақ кіші пейіл анасы – Ұлжанның мейірімді көңілі, көпті көрген әжесі Зеренің қойыны. Оқу жасына жеткеннен бастап, Абай ауыл молдасында, үйде оқыды. Сегіз жасар Абай өзінің зеректік қабілетімен әке көзіне ілігіп, үміт күтер, ата жолын ақтар бала болар ма деген ой салады. Міне, осы себептен әкесі Құнанбай Абайды Семей қаласына апарып, әуелі Ғабдулжаппар молдаға оқуға береді. Бұл молданың қарамағында екі жылдай оқып, мұсылманша бастауыш білім алады. Бұдан кейін, он жасар Абай, бір басқыш ілгері дәрежедегі, жабық оқу орны, мешіт жанындағы діни медресеге оқуға түседі. Осы медресе имамы Ахметризаның қарауында оқиды. Абай бұл медресе оқуын да меңгеріп, үздік көзге түседі. Абай молдадан оқып жүріп, өз бетімен көп ізденеді. Сол кезде көп тарап жүрген Орта Азия және тәжік, парсы халықтарының ұлы ақындары-Науаи, Низами, Фердаусилер шығармаларымен танысады.

Семейде болған аз жыл ішінде Абай тек медресе маңын, діни қауымды танып қойған жоқ. Абайдың сезімтал, жас, ынталы жүрегі оған қаланы тегіс танытты. Ол қала халықтарын, оның мәдениеті, тұрмыстарын күнкөріс тіршіліктерін, даладан өзгешеліктерін, тағы басқа жақтарын түгел танып, зердесін өсіреді. Қала халқының бойындағы игі қасиеттерді Абай сол оқушы кезінің өзінде-ақ таниды. Аздаған уақыт орыс мектебіне қатысып, сабақ алады. Мұғалім жалдап, үйден де оқиды. Сөйтіп, орысша оқуға жан сала кірісіп, сол тілдің қиындылығына қарамастан, еңбектене жүріп, біраз хабар алады. Орыстың тілін, жазуын меңгеру арқылы Абай өзіне кең дүниенің есгін ашып, мол қазынаға қолын жеткізгендей болады. Енді, ол қалалық кітапханадан шықпай оқып, білімге бой ұрады.

Осылайша, қала өмірін танып, жаңа дүниенің есігін тауып, ішіндегі нәрді тата бастаған оқушы Абайды әкесі Құнанбай оқудан айырып, елге алып келеді. Енді ол Абайға өз “өнерін” үйренуді ұсынады. Ел билеу ісіне баулу мақсатымен оны ру арасы, ел іші дау-жанжал, айтыс-тартысына қосады.

Абай осы қалыппен қыр қазағы, әке көмекшісі болып қала берген жоқ. Ер жете келе, өз бетімен қалаға қайтып оралып, жиі келіп жүрді. Абай классикалық әдебиеттерді оқыған сайын көзі ашылып, өмірдің, қоғамның сырларына түсіне бастайды. Абайдың медреседен кейінгі оқу жолы осындай өз бетімен іздену, үйрену дәрежесінде болды. Алыстан араласқан Абай өзіне жаңа орта-тың жол тапты. 17-18 жастан 28-29 жасқа дейінгі Абайдың өмірі осындай өз бетімен іздену, ал ел өмірін зерттеу, халық даналығы мен батыс әдебиетін меңгеру жолында өтті. Көбіне үйде отырып, кітап оқып, өз ойларын жазып, оқығандарынан халық арасында әңгімелер айтып, өз қалауымен жүріп, іздене түседі. Осылайша, Абай тек отыз жастан асқан соң ғана өз көңіл қалауымен қызмет етеді. Абай осы кездерден кейін творчестволық қызметпен де айналыса түседі.

Ал, ер жетіп, ақыл тоқтатқан кезден бастап Абай жат тіл қолданып, жеңіл сөз айтудан аулақтай береді. Ол саралап сөз жиып, салмақпен тіл қатып, байсалды ой мен терең пікірлер қозғап отырады. Өз халқының тіл байлығын сарқа пайдалану мақсатын көздейді.

Кемеңгер ақынның ұлы мақсат-мүдделері бізге тамаша әдеби еңбектері арқылы жетті. Абай қалдырған бұл мұралар өз дәуірінің алуан түрлі мәселелерін қамтыды, сол кездегі қазақ қоғамының шын сырын ашты. Абайдың шығармалары — өз дәуірінің келелі мәселелерін реалистікпен суреттейтін, мазмұнға бай, ізгі ойға толы, шебер тілді көркем туындылар.

  1. Абай шығармалары қолдан көшіріліп, қолжазба күйінде не жатқа айтылу арқылы ғана таралды. Ақын өлеңдерін шағын жинақ ретінде 1909 жылы Кәкітай Ысқақов бастырған еді. Ал одан кейін 1917 жылы Құрманов дегеннің редакциясы бойынша Абайдың таңдамалы өлеңдерінің шағын жинағы Орынборда басылып шыққан-ды.

Абай 35-40 жастар шамасында өзінің ақындық талантын таныта бастайды.

Абай қалада айлап жатып, еліне арбалап кітап алып қайтады. Семейге айдалып келген, патша өкіметіне қауіпті деген адамдармен де кездесіп, олармен ұзақ кеңесіп, ішкі қоғам өмірінен алатын орнын дұрыс түсінді. Ол өлеңге жеңіл-желпі қарап, байларды мақтап, тілін безеп, мал үшін сатылып, өнердің қадірін кетіріп жүрген ақынсымақтарды қатты сынға алды.

Абай ақынды өмір оқытушысы, үгітші, үлгі берер азамат жыршысы болуы керекдеп білді. Өзі “көкірегі сезімді, тілі орамды” жастарға үлгі болды, оларға ақыл айтып, өлең жазудың тамаша шебер үлгілерін көрсетіп берді.

Абай шебер өлеңді, тәтті әнді мәдениеті жоғары, білімді ақын ғана бере алатынын ескертіп, “Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол-ақынның білімсіз бейшарасы” деп көрсетті.

Ақындық өнердің мақсатын, мәнін осылай терең түсінген Абай, өз кезіндегі әдебиетке батыл сын айтты.

Абай кезіндегі ел билеушілерге қарсы шығып, патшаның болыстық, билік тәртібін сынға алады. Олардың қылмыстарын бетіне басып, ел мұңын, халық тілегін білдіреді. Реңі кеткен қазақ елінің бейнесін айқын көрсете келіп, ол:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!…

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың,-

дейді.

Абай өзінің осы сияқты өлеңдерінде (“Болыс болдым, мінекей”, “Мәз болады болысың”, “Бойы бұлғаң”, “Сабырсыз, арсыз, еріншек”, “Адасқанның алды жөн, арты соқпақ”, т.б) өткір, сыншы-сатирик ақын есебінде бой көрсетті.

Абай қазақ жеріндегі теңсіздікті, тағы басқа қайшылықтарды түсіне білді. Оны өзінің бойындағы ақындық шабыттың бар күшімен жырлады. Бай мен кедейдің арасындағы тұрмыс қайшылығын, дәулет теңсіздігін көрді. Өзінің “Күз”, “Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай” деген өлеңдерінде қазақ кедейлері мен байларының өмірін салыстыра бейнелеп, кедейлердің аянышты халін айқын суреттеді.

  1. Абай өлеңдеріндегі негізгі, елеулі әлеуметтік мәселелердің бірі-қазақ әйелдерінің жайы, қазақ жастарының махаббат, еркіндік мәселесі.

Махаббат, әйел теңдігі тақырыбы Абай өлеңдерінде кең қамтылып, жалпы адамгершілік идеясымен қабысып келеді. Абай бұл мәселелерді көтеруде де өзінің жаңашыл, бұқарашыл ақын екенін көрсетті. Ол қазақ қыздарының теңсіздікте езіліп, сүйгеніне қосыла алмай келген ауыр халін көрді. Өзі бұған наразылық білдіріп, аянышты сезімге толы өлеңдерін шығарды.

Абай творчествосынан ерекше орын алатын ендігі бір үлкен тақырып — оның ағартушылық идеясы. Абай — өнер-білім, тәлім-тәрбиеге ерекше көңіл аударған, ұлы ағартушы ақын.

  1. Абайдың табиғатты суреттеп жазған бір топ өлеңдері тек түр жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да өзгеше. Ол өлеңдерінде ақын еліне, жеріне шексіз сүйсіне отырып, өмір шындығын кеңінен қамтып көрсетеді. “Желсіз түнде жарық ай”, “Қыс”, “Жаз”, т.б. өлеңдерінде жыл мезгілдерінің әрбір кезеңін қазақ аулының өмір тіршілігіне қабыстыра суреттейді.

Абайдың табиғат лирикаларының ішіндегі ең таңдаулыларының бірі — “Желсіз түнде жарық ай”.

Желсіз түнде жарық ай, Ауылдың жаны терең сай,

Сәулесі суда дірілдеп.Тасыған өзен күрілдеп,-

деп басталатын өлеңі табиғаттың түнгі көрінісін, махаббаты жарасқан екі жастың тулаған жүректері мен жылы құшағын ұштастыра бейнелейді.

Абай лирикалары — алуан сырлы, мазмұнға бай, адам жанын тебірентерлік нәзік. Ақын лирикасы — нәзік сезімді толғауымен ғана емес, сонымен бірге, өзінің әлеуметтік рухымен де, терең ойлылығымен де , асқан суреттілігімен де жаңа мәнді реалистік шығармалар.

Абай А.С.Пушкин мен М.Ю.Лермонтовтың реалистік әдістерін жете меңгерген еді. Абай — М.Лермонтов сияқты өзі өмір сүрген қоғам озбырлығына батыл қарсы шыққан кекті ақын. Абайдың көптеген тамаша шығармалары М.Лермонтов творчествосындағы азаматтық әуенмен үндес. Мұндай шығармалардың қатарына оның: “Жүрегім нені сезесің”, “Менсінбеуші ем наданды”, “Сегіз аяқ”, “Не іздейсің көңілім, не іздейсің?”, “Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын”, “Жүрегім менің қырық жамау” т.б. өлеңдері жатады. Абай аудармасы арқылы Лермонтовтың “Тұтқындағы батыр”, “Ой”, “Альбомға”, “Қанжар”, “Дұға”, “Теректің сыйы”, “Шайтан”, “Асау той, тентек жиын, опыр-топыр”, “Вадим”, “Бородино” және басқа өлеңдері қазақ арасында тұңғыш тарады.

Абай — терең ойдың ақыны. Ол әрбір шығармасын жүрек тебіренте тереңнен толғайды.Кемеңгер ақын өлеңдерін сыдыртып оқып шығып, толық түсінік алдым деу қиын. Әрбір өлең жолдарының өзіне үңіле, ойлана оқу ғана дегенге жеткізеді. Оқыған сайын бұрын оқыған Абай сөздерінің жаңа сырын ашып отырасың.

Шынын айтсақ, Абай- қазақ поэзиясында нағыз реалистік образ, шебер сурет, жаңа көрініс жасаған білімді, мәдениетті жазушылардың тұңғышы.

Абай суреттеген әзірейілдей қыс, жадыраған жаз бейнелері, күн-күйеу мен жер-қалыңдық, қалғыған тау, дел-сал дала, сыбдырлаған жапырақ, күлімдеген аспан, ойланған жер, ақ қардың үстінде түлкі алып жатқан бүркіт, т.б. нағыз реалистік әдебиетке тән шын өнерлік қасиет. Бұл тұстағы озық шығармалары оны сыншыл реализм өкілдері тобына қосты.

Абай өлеңдері – мазмұны мен түрі біріне-бірі сай , ең асыл сөзді поэзия . Ақын поэзиясы мазмұны жағынан қандай салмақты болса, түр жағынан да сондай көрікті. Абай өлеңінде артық сөз, орынсыз пікір кездеспейді. Бәрі де белгілі өлшемге сай, терең ойға құрылып, етек жеңі жинақы келеді.

Абай өлең теориясына қатысты бірнеше шығарма жазып, поэзияның мазмұны мен түріне ерекше көңіл бөлген. Өлеңнің көркемдік түрі мен мазмұнының бірдей тартымды шығуында екенін тереңінен ұғынды.

Буын саны жағынан да Абай бұрынғы формаларды өңдеп, жетілдіре түсті. “Сегіз аяқ”, “Сен мені не етесің”, “Бай сейілді”, “Ақылбайға”, “Көзімнің қарасы”, “Бойы бұлғаң”, “Оспанға”, “Антпенен тарқайды”, “Ыстықтан, суықтан”, “Я, құдай, бере көр”, “Қатыны мен Масақбай”, “Мен сәулем жазамын”, “Болды да партия”, “Жалын мен оттан жаралып”, “Тайға міндік” және басқа өлеңдері шумағынан жағынан да, буын саны, бунақтары мен ырғақтары жағынан да мүлде жаңа түр, соны құбылыс.

Тайға міндік,Үкі тақтық,

Тойға шаптық,Күлкі бақтық,

Жақсы киім киініп. Жоқ немеге сүйініп.

Осы келтірілген шумақтар буын саны жағынан да соны (3, 4, 5, 6, 7 буын аралас), шумағы 3 жолдан келген жаңа түр. Абай 3, 4, 5, 6, 9 буынды, шалыс ұйқасты өлеңдер түрін мейлінше көп қолданды. Бұл түрлердің көбі — Абай енгізген жаңалықтар.

Абай — XIX ғасыр ағартушыларының озық идеясын қазақ жеріне алғаш әкелуші, олардың тамаша шығармаларын өз халқы тіліне аударып, таратушы.

Абайдың қара сөздері мен нақылдары- ақын творчествосының елеулі саласы, өлеңдерімен мазмұндас, идеялас, бірін-бірі толықтыра түсетін маңызды шығармалары. Сонымен бірге, әдеби жаңа түр, алғаш көрінген проза, публицистика. Ақынның тереңнен толғаған озық ойларының шынайы туындысы.

Абай қарасөзге бет бұруы ойламаған жерден ойға алған кездейсоқ емес, керекті, заңды бетбұрыс еді. Таланттың өзін туғызатын тарихи әлеуметтік жағдай, халықтың қалың ортасының керегі болса, оның творчестволық ізденістеріне бастау да сол.

Көңіліндегі көрікті ойдың өңін қашырмай халыққа жеткізу, өнеге қалдыру, ақыл айту, оны терең толғантты, қиялы қанағаттанып, шабыт биігіне көтерілді. «Ақыры ойладым,- дейді Абай,- осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішішен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын , «керегі жоқ» десе, өз сөзім өзімдікі». Осы ойға кіріскен Абай , өзінің көтерген мәселесін ұзақ желіге құрып, оқиғасын көркем бейне арқылы ашуды мақсат қылмайды. Ол өзінің айтпақ болған ойларын, өлеңдерінде көтерген мәселелерін көлемі шағын, мазмұны бай, сөзі орамды, тілі өткір қарасөздер арқылы қысқа ғана әңгімелеп береді.

Жанрлық іздену жолында ол шығыстың ғылыми трактат, тастих ретіндегі шағын үлгілерін, Жәмидің қарасөзді ғаклияларын есте ұстағаны даусыз.

  1. Абайдың қарасөздерін негізінен прозаның шағын түрі деп атау керек.Абайдың қарасөздерінде шағын прозаның мынадай түрлері бар:
  2. Өсиет ғақлияға Абайдың адамгершілік мораль, мінез-құлық туралы мысал жөнімен келетін өсиет мазмұнды эссе ретіндегі сөздері және діни ғибрат ретінде жазған біраз дидактикалары жатады. Олар: «Он үшінші», «Жиырмасыншы», «Жиырма сегізінші», «ОТыз сегізінші» сөздері деуге болады.
  3. Тастих (утверждение) немесе философиялық трактат. Бұған Абайдың философиялық ойларын, дүниеге көзқарастарын білдіретін ғылыми пікірлер айтқан эсселері жатады. Мысалы, «Жетінші сөз» «Он жетінші сөз », «Қырық үшінші сөз», «Қырық бесінші сөз».
  4. Нақыл тұспал сөз. Қарасөздердің ішінде „Отыз жетінші сөзде” афоризмдері көп.
  5. Әңгіме, кеңес ретіндегі диалог, монологтарында Абай кейде екі адамды не адам мүшелерін сөйлестіріп, кеңестіреді. Мысалы: „Төртінші”, „Бесінші”, „Сегізінші”, „Тоғызыншы”, „Онынышы”, „Он екінші”, „Он алтыншы”, „Он тоғызыншы”, „Жиырма бесінші”, „Жиырма жетінші”, „Отыз бірінші”, „Отыз екінші”, „Қырқыншы” сөздері.
  6. Публицистикалары: «Бірінші», «Екініші», «Үшінші», « Он төртінші», « Жиырма төртінші», «Жиырма алтыншы», « Жиырма тоғызыншы», « Отыз үшінші», « Отыз тоғызыншы», « Қырық бірінші», « Қырық екінші» сөздер және «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» мақаласы.

Абай қазақтың болыс, билерін, байларын келеке етті, елдегі қырсыздық, еңбексіздік, надандық, діншілдік тағы басқа жағымсыз істерді сынай сөйлеп, « Алтыншы», «Он бірінші», « Он төртінші», « Жиырма екінші», « Жиырма тоғызыншы», « Қырық бірінші» сөздерінде публицистиканың сын-сатира, эссе, очерк, мақала, памфлет жанрларын әдебиетке әкелді.

Қысқасы, бұл сөздер арқылы Абай өз заманының ірі бұқарашыл публицисі болды. Ол қазақ жазба әдебиетіндепублицистикалық прозаны бастады. Қазақ публицистиканың басы болды. Абай публицистикасы өз кезінің келелі мәселелерін көтереді. Феодалдық қоғамның кертартпа салт-санасына қарсы сын айтты. Өнер-білімге үндеді. Көрші орыс елінің мәдениетін үлгі етті.

Абайдың прозасы- қиял прозасы емес, өмір прозасы. Ол-обьективтік шындықтың шешендік қорытындысы, ғылымға негізделген терең ой тебіреністер, адам мінезін бейнелейтін әсерлі әңгіме, деректі эссе, көркем публицистика, насихатшыл дидактика.

Абайдың қарасөздері тек жанры- прозалығы жағынан ғана маңызды шығарма емес, сонымен бірге, ол өзінің тілі, стилі жағынан да аса маңызды еңбектер.

Абайдың қарасөздерінің қалың көпшілікке тән стильдік ерекшеліктерінің бірі-лаконизм (белгілі ойды қысқа, анық , нақты етіп айтып беретін қасиет).

Абайдың қарасөздеріндегі екінші бір стильдік ерекшелік, ол – нақыл сөзділік (афористичность). Тағы бір өзгешілігі, оның үгіт-өсиетшілдік мазмұнына лайық публицистикалық дидактизм. Абай шығармаларының негізгі стильдік өзгешеліктері- оның идеялық-мазмұнынан өрістейтін жаңалықтар.

Абай –музыкалық шығарма жазған композитор. Оның бізге жеткен көптеген әсем әндері бар. Ақынның музыка саласындағы өнерін А. Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдарында» (1963 жыл) кең талдап, танытқан болатын. Қазір Абайдың екі күйі де табылып отыр. Олар: «Май» және «Тор жорға» күйлері.

  1. Ақын творчествосынан елеулі орын алатын шығармаларының бір саласы- оның поэмалары. Олар: „Ескендір”, „Масғұт және Әзім әңгімесі”. Бұл- ақынның лирикадан- оқиғалы, көлемді шығарма жазуға ойыса бастаған кезеңін танытатын маңызды еңбектер. Абай өзінің поэмаларында да жоғарыда көрсетілгендей әлеуметтік, адамгершілік идеяларын көтерді. Мысалы, өзінің „Ескендір” поэмасында Александр Македонскийдің озбырлыған, соғысқұмарлығын, дүниеқорлығын әшкерлейді.

Абайдың „Масғұт” поэмасы да- жаңа идеяға негізделген шығарма. Ақын өз поэмасының негізгі кейіпкері Масғұтты адамгершілік үшін күрескер етіп көрсетеді. Абайдың аяқталмай қалған „Әзімнің әңгімесінің” сюжеті бізге араб ертегісінен „Мың бір түн” қаhарманы Шахризада хикаяларының бірінен мәлім Хасан зергердің әңгімесіне ұқсайды. Ақын хикаяны түгел баяндамайды. Тек алданған жас зергердің оқиға тарихын беретін жайлары ғана алынады. Сондықтан Абай ертегінің сюжетін ғана қайта жырлап бермейді. Мұнда да ақын өзінің адамгершілік идеясынан туғанпікірлерін уағыздаумақсатын көздейді. Пушкиннің орыс әдебиетінде романтикалық мектептің негізін қалағаны сияқты Абай да өз айналасына тілектес ақындар топтады. Шәкәрім (1858-1931), Ақылбай (1868-1904), Мағауия (1870-1904), Әсет Найманбай ұлы (1864-1923) сияқты ақындарды тәрбиелеп шығарды.Бұл жас ақындар Абай бастаған романтикалық поэма жанрын ілгері дамытты. Қазақ әдебиетінде бұрын болмаған жаңа поэмалар туғызды.