- 1. XIX ғасырдағы қазақ халқы мәдениеті тарихынан елеулі орын алатын ірі ақындардың бірі – Біржан.
Біржаннан қалған мұралар – салмағы, қадір-қасиеттері, шынайы өнер туындыларына лайық, шын мәнінде ғажайып туындылар. Қандай күшті өнерпаз болмасын, ол өзін өнердің бірер саласында ғана тыңдата алса керек-ті. Ал қазақтың бұл тұстағы бірнеше өнер иелері дәуірі ұсынған өнердің барлық түрлерін игеріп, соның әрбір салаларынан өздерінің талант-күштерін көрсете біліпті.
Ол қазақ поэзиясына зор үлес қосқан табан асты өлең нөсерін ағылтар ақпа ақын, халқымыздың ақындық өнерінің шебері(импровизатор).
Біржанның бізге дейінгі өмірбаянында, оның туған-өлген жылдары туралы екі-үш дерек ұсынылып келеді. Біржанның басына қойылған ескерткіште оны 1835-1897 жылы жасаған деп көрсеткен. Ал өзі Теміртас деген баласымен бақұлдасқан (қоштасқан) сөзінде 65 жасқа келгенін айтқан: “Жасына алпыс бестің келгенімде, құдайым берді науқас ғаріп басқа”,-депті. Сол сияқты қолда бар деректі зерттеу үстінде, біз Біржан 1831-32 жылдары туып, 1897 жылы қайтыс болды деген пікірлерді қостаймыз. Ол Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы, Степняк қаласының тұрған жерінде, ата-мекені – Қожағұл бұлағында туыпты. Біржанның өз әкесі Тұрлыбай-момын, шаруа болған. Ал, атасы-Қожағұл дәулетті адам. Біржанды жас шағында бауырына басып, өз тәрбиесіне алған, оның маңдайынан қақпай, масайрата еркін өсірген, жасынан ауыл молдасына беріп, оқытып, өзі жиған өмір тәжірибесін үйреткен осы беделді шешен-би – Қожағұл болса керек.
Біржан — өзі жасаған заманының перзенті, өзі өмір сүрген дәуірдің өнерпазы: ақыны, әншісі, композиторы. Өнер адамының өрге жүзуі өз бойындағы творчестволық күшке, өзі өскен ұлттық ортаға, өнер – білім дәмін сепкен жанға рухани азық беріп, ой- қиялын дамытқан туысқан халықтардың озық адамдарының ізгі ықпалдарына тығыз байланысты. XIX ғасырдың екінші жартысында жасаған революцияшыл — демократтар идеясына сүйенген орыстың бай классикалық әдебиеті, өнері. Шоқан, Ыбырай, Абайларды туғызған әдеби орта қандай десек, Біржан, Ақан т. б өнерпаздардың жетістіктері де, сол қауымға ұштасады. Ұлы Абай қазақ поэзиясына жаңалық жаршысы болып оның реалистік бетін ашса, музыка өнерінің қазақ топырағындағы жаңа бағытын Біржан мен Ақан бастап келеді. Біржан да өз бетімен ізденіп, өнеріне жаңа ырғақ, әуен тауып, оны халқының жүрегіне жұмсайды. Көршілес елдер, халықтар өмірімен танысқан. Қызылжар, Көкшетау, Семей, Омбы, Орынбор сияқты қалаларда болды. Көп нәрсені көріп білді. Өзінің дер шағындағы талант табыстарын түгел дерлік жас ұрпаққа арнап, солардың жүректерін тебірентер тамаша туындылар жасады.
Біржан поэзиясының асыл арнасы қазақ халқының бай ауыз әдебиетінде, музыкалық фольклоры қазынасында жатыр. Жасынан ел аралап ділмар шешендермен кездесіп, сөз сымбаттарын үйреніп шешендік дәстүрлерін игереді. Төкпе ақындар өнеріне де жетік болып, талай айтыстарға қатысады. Олардың табан асты өлең шығару әдістерін, сергек қабілеттерін меңгереді. Әсіресе, Шөже мен Орынбай сияқты төселген төкпе аға ақындармен дидарласуы әсерсіз болмаса керек. Біржан творчествосының дұрыс бағыт ұстануы оның ұлы Абаймен кездесуін зерттеушілер жоғары бағалайды.
Біржанның “Тентек”, ”Жаймашуақ”, “Айтбай”, “Ләйлім Шырақ”, “Бурылтай”, т. б әндерінің шығу жағдайларын А. Жұбанов зерттеуші автордың өмірімен ұштастыра жеткізе түсіндірген. Оларға тән дыбыстылық, әуен ырғақтары талданып, ән бойындағы дыбыс қуаты жастық жалынға сәйкес келетіні көрсетілген.
Біздің баса көңіл аударғалы отырғанымыз – Біржанның музыка салаларындағы туындыларынан гөрі, оның ақындық еңбектері — өлең, толғау, айтыс ретінде жеткен жырлары, жалынды лирикалары. Оның әдебиетіміз тарихындағы орнын таныту.
- Біржан – ақын, лирик. Біржан өлеңді көбіне ән үшін, әнді өлең үшін шығарған. Сондықтан олар — өзара біте қайнап, бірігіп кеткен туындылар. Олардың жігін ашамын, егізді жұбынан айырамын деп әлектену — бос әурешілік. Айталық ақынның ілгерідегі туындысы саналатын “Біржан сал” шығармасын алсақ осы өлеңде өз бойындағы асқақ талантпен таныстырудан өзге ұғым жоқ сияқты. Ал сол жолдарды әніне салып құйқылжыта орындасыншы ! Одан алар әсерді айтып та, жазып та жеткізу қиын болар еді. Ақын лирикалары ақиқат өмірден туып әлеуметтік қорытынды жасайды. Адамгершіл ақылдар ұсынылады. Қазақ жастарының өмірге көзқарасын дамытқандай ой тастап, кейбір мағынасыз өмір кешетіндерге наразылық білдіреді. Жас шақта, қоғамға, елге пайдалы істерге, өнімді еңбекке, өнер – білім ізденгіш талапкерлікке толы болуды қалайды. Мысалы : “Сырғақты” – деген өлеңінде ақын ең алдымен өмірдің мағынасын түсіне білуді керек қылады:
Бозбала, саған айтар өсиетім,
Жақын жүр әлпештеген ардақтыға.
Жанып тұрған жас өмір – ал қызыл гүл,
Сипаттауға қызығын жетпейді тіл,
Жауқазын желбіреген жастық шақта.
Өмірдің мағынасын түсіне біл.
Басқа халықтар өмір тіршіліген, әлем сырын тануда, тыныш жатпай тырбанып, талпынуда жанаярлыққа, еріншектікке жол бермей, талмай ізденіп тынымсыз еңбектеніп, дүниетанымын кеңейте түсуде деп, “Жастарға арнауында” бұл пікірлері жүйелі баяндалады :
Дүниеде үйде жатып босқа өлгенше,
Жан–тәнің бірге жанып күйген артық.
Ер жігіт дүниені кезгені артық,
Дүниенің не бар–жоғын сезген артық.
Түскендей аспан жерге іс болғанда.
Бел байлап, тәуекел деп, төзген артық.
Ақылға, білімге билік беріп, әділет жолын, береке – бірлік, қарекет тірлік жолын меңзеп, жоғары адамгершілік пікірлерін жырлайды. “Жақсы мен жаман” арасын ажыратар қасиеттерді термелейді.
Біржан өзінің Асыл, Ақық, Теміртастай балаларын өте жақсы көріп тәрбиелейді. Өлең — әндеріне де қосады. Сондықтан Біржанның сұлуларға арнаулары мен Сараны іздеу себептерін басқаша түсіну абзал.
Алыстан тоят іздеген ақиық мінезді Біржан қиядағы қызыл түлкіге құмартты. Өзіне тең түсер сөз жүйрігін, өнер саңлағын тауып, соны сөз тұғырына іліп түсті.
Қазақтың негізгі ескі өміріндегі жұғымсыз салттарға құрбан болған арулардың аянышты тағдырына жоқшы болып, Арқаның дауылпазы Біржан Алатау алқабына жыр төкті. Сарадай асыл жанның азаттығын аңсап өтті. Адамгершілікке, адал достық, таза махаббатқа үндеді. Аруды есекке қосақтамай, Жиенқұлдай азғынға қор қылмай теңіне қосып күңдіктен құтқаруды талап етті. Ақынның бұл ниеттері – оның талай сұлуларға арналған жырларынан да, Сара қызбен айтысынан да айқын көрінетін өзекті идеялары, асқақ армандары Сарадай мінсіз жан, дана қыз көрінгеннің қанжығасына ілініп кете беруі өкінішті.
Қыз екен Тастанбектің, ақын Сара,
Бәйгеден күнде келген жалғыз дара.
Қыз да болса адамның жүйрігі екен.
Көрмедім сөзді адамда мұндай дана….
Шіркін – ай, мұндай жүйрік туармысың
Сөйлейсің алтын жай ғып сөздің жезін.
Қанатын күн шалмаған ақтұйғынның
Жапалақ иемденер басқан ізін…..
Біржан мақсаты, оны орынсыз даттап жеңу ғана емес. Ол өзінің азаттық идеясын, дана сұлу аруды қорғау, махаббаттың тот баспауын көздеп отыр, Біржан мен Сара айтыстары осындай әлеуметтік теңсіздік мәселелерін көтере білулерімен де, ерекше мазмұнымен де маңызды. Білімді, дана ақындардың әрбір сөзінде қазақ өлкелерінің байлығы, тарихи адамдары, қоныс мекендері, әр елге тән әдет жоралғылары білгірлікпен баяндалған. Әрқайсысы өз елдерінің жетістіктерін шолып, ұлылы – кішілі ауызға ілінген азаматтарын бетке ұстаған.
- Біржан мен Сара айтысының мазмұн байлығын танытар фактілер көп. Олардың әрқайсысы өз ойларын ұзақ толғайды. Елі, жері, адамдары, өнерлері мен толық таныстырмай тынбайды. Қарсы дауларын да дәлелді, бұрылтпастай логикаға құрылады. Тарихи деректілік, ұтымды логика бұл айтысқа қана тән құбылыс. Осыған орай, айтысты түгел алғанда тарихи әлеуметтік дастан, лирикалық поэма дәрежесіндегі шығарма деуге де келеді. Айтыстың тілі де шешен. Неше алуан халықтық поэтикалық, тіл, образ, сөздер бірінен бірі асып түседі.
Біржан халық поэзиясы үлгісін, қара өлең формасын қолданған. Оның поэтикалық тілі де негізінен халық ақындары үлгісінде. Ол ақынның арнау өлеңдерінен де, ән әуенді лирикаларынан да, сөз болып отырған айтыс текстінен де айқын. Тағы бір атап өтетін өзгешелігі – ақындық–шешендік тұжырымды ойларын түйіндеп, афоризм арқылы, үлгі-өнеге болар нақылға айналдыра білуі. Бұның бәрі ақынның өлең техникасына жетік екеніне куә болады. Нақыл үлгісі ретінде төмендегі жолдарды келтіре кетелік:
Алтынмен тең түспейді інжу – маржан.
Асылдан кем болмайды алмас – бірлан,
Әніме сегіз дуан таңырқаған,
Баласы Қожағұлдың атым – Біржан….
Камзолдай қысқа пішкен дөңгеленіп,
Дүние өтерінде шыр айналды…
Жігіттік бойға таққан бір гауһар тас,
Қартайсаң қайта айналып тағылмаған.
Қара нар жүк көтермес саздаған соң.
Су шықпас ойпаң жерден қазбаған соң .
Көрсетілген нақылдардың асыл түбі-халықтық екендігін дәлелдеудің қажеті бола қоймас.
Біржан поэзиясы — өткір тілді образды көркем шығарма. Адамды кейіптеуге, сұлу суреттер жасауға шебер. Ашық, айқын сөз бояуын өте қонымды қолданып нәрлендіріп, құлпыртып жібереді. Шабытты түстарында ол өлең шығаруға да, жаңа ән әуенін табуға да қиналмайды. Поэзияда Абай жаңалық жаршысы болды десек, музыкадағы жаңа бағыт Біржаннан басталса керек. Ақан, Ыбырай, Ғазиз, Естай, Мәди, Балуан Шолақ т.б. жас буын Біржан бастауларынан сусындап, оны ілгері дамытты деген Е. Ысмайылов пікірлерін қостау абзал. Тынымсыз ізденіс, үздіксіз шығармашылық еңбек жас Біржанды бір кезде жетілткен бірден бір күш болса, сан салалы өнер салмағын жалғыз көтеру, тоқ мейіл, топас топтың жазықсыз жанның бойына салған дерт азабын көтеру, әсіресе, жасы үлғайған шақта әсте оған қиын тиді. Аяусыз қуғын жан азабы, өсек-өтірік, жазықсыз жазаға төзе алмаған ардагер азамат ақыры айықпас ауруға шалдықты.
Біржан деп атым шықты алты алашқа
Құдайым берсін ғұмыр Теміртасқа.
Жасына алпыс бестің келгенімде
Құдайым берді науқас ғаріп басқа.
Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,
Не болады демеңіздер адамзатты.
Үкідей желпіндірген құлындарым.
Шешсеңші білегіме арқан батты, —
деп, өзінің Теміртас, Асыл, Ақық атты балаларымен қоштасты. 1897 жылы 65 жасында, осы бір дертінен дүние салды.
Біржан шығармаларын қазіргі өнерге құштар ғалым оның әрбір сөзін, әуен ырқақтарын қалт жібермей, халық қажетіне асырып келеді. Құмарта оқиды, құлақ құрышын қандыра тыңдайды. Олар сүйікті өнерпазының шығармаларын көзінің қарашығындай сақтайды, келешектің керегіне жұмсайды. Біржан поэзиясы ұрпақтан – ұрпаққа ауысып, мәңгі жасай береді.