Дулат Бабатайұлы – туған елінің тарихи бір кезеңін жырлап өткен қайталанбас ақын. Ол патшалық Россияның қазақ өлкесін күшпен отарлау кезеңін, одан туған зобалаңдарды өз көзімен көріп, соған барынша наразылық білдірген ел басы адамдарының бірі.
- Отарлау саясаты іске асуына байланысты қазақ елі бұрынғы дәстүрлі басшылықтан (хандық биліктен), ата-баба жайлаған жер-судан, ұлттық меншіктерден айрылып, салт-сана бұзылып, үйреншікті ғадет-ғұрып, наным-сенім өзгеріп жатқаны ауыр қасірет ретінде танылады. Қоғамның заңды өзгеруі жолынан тыс, күшпен, зорлықпен еніп жатқан жаңа қарым-қатынас, сауда-саттық, ақшалы алаяқтар әрекеттері қазақ шаруаларына қаншалықты ұнамаса, ақынға да соншалық жат құбылыс ретінде көрінеді. Сондықтан да, Дулат — өзі жасаған заманға, отаршылар зорлығына, ол қауымға қызмет еткен әкімдерге , аға сұлтандық билікке түбегейлі қарсы шыққан, халқының тәуелсіздігін көксеген әрі күрескер, әрі реалист ақын.
Дулат Балқаш пен Аякөз маңын жайлаған Найман-Сыбан елінен шыққан. Бізге жеткен өлеңдерінде кездесетін кейбір деректерге қарағанда, Дулат ескіше оқыған, сауатты ақын болған. Ол өз өлеңдерін кейініректе қолжазба кітап етіп тізіп жүрген.
Дулат-қазақтың көп жеріне мәлім ақын. Ол өзі туған өлкеде тұрып қоймай, Шығыс, оңтүстік Қазақстан жерлерін және Арқаны түгел аралаған. Ертедегі ақындар үлгісінде тәрбиеленіп өскен. Әуелі ақын айтыс, әзіл-оспақ ретіндегі өлеңдер шығарып айтып жүрген. Бірақ кейін ол ел арасы, ауыл іші, жергілікті тақырыпты жырлаудан гөрі саяси әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді жырлауға ойысқан.
Дулаттың өмірі туралы деректер және оның өлеңдері Кеңес дәуірінде жиналып, зерттеле бастады. Мәселен, ақынның кейбір өлеңдері мен өмірбаяны туралы деректі біз ең алғаш орта мектептің сегізінші класына арналған С.Мұқанов пен К.Бекхожиннің 1939 жылғы хрестоматиясынан ұшыратамыз. Онан кейін профессор Қ.Жұмалиев өзінің 1940-1941 жылдары мектеп оқушыларына арнап жазған қазақ әдебиеті оқулығында Дулаттың өмірі мен кейбір шығармаларын талдап, ақын туралы өз қорытындысын жасады.
- Біраз жылдар зерттеушілердің Дулатты нағыз кертартпа әдебиет өкілі санап келгені мәлім. Өз заманына орай ақын көзқарасына тән тарихи шындық сырын таныттық.
Қазіргі уақытта ақын туралы ғылыми жаңа түсініктер орнығып келеді.
Дулат өлеңдерінің қазіргі мөлшері оның басқа замандастарының өлеңдерімен салыстырғанда әлдеқайда мол. Олардың ішінде ұзақ арнау өлеңдер, нақыл-өсиет ретінде айтылатын дидактикалық терме, ертек-аңыз сюжетінде жазылған толғау және бірнеше мысал сөздер бар. Шығармаларының идеялық мазмұны да әр алуан. Олар негізінен қазақ қоғамындағы белгілі кезеңнің тарихи шындығын қамтиды.
- Дулат “Бірінші сөз” деп аталатын өлеңінде туған өлкесінің сұлу табиғатын ардақтап, өзін соны қорғаған қызғышқы теңейді.
Дулат өзінің “Бесінші сөз” немесе “Ата қоныс Арқада” деп аталатын өлеңінде Арқаны жайлаған қазақтардың бір кездегі тарихын баян етеді. Ол қазақ халқының жоңғарларға қарсы ерлік күрес жүргізу арқылы.елдігін сақтап келгенін, туған жерін қалмақтардан қорғай білгенін айтып, сол кездегі ерлікті, дербестікті мадақтайды.
Дулат шығармасынан елеулі орын алатын «Еспембет» атты толғау. Бұл өзінің көлемі, құрылысы жағынан халық жырлары үлгісіндегі ерлік дастан тәрізді. Ақын бұл шығармасында да жетім бала тағдырын сөз қылады. Дастан халық аузында жүрген Еспембет батыр туралы аңыз сюжеті бойынша жазылған.
- Дастанның негізгі қаһарманы – жетім бала, Еспембет. Ол өз елінен жырақта, нағашы жұрты Қарасайдың қолында жылқы бағып жүреді. Ер жете келе Қарасай елінде, тамағы тойған жерінде жата беруді ар санап, жас жігіт өзі туған Арқаға кері оралмақ болады. Қарасай оның басына үй, алдына мал салып, қалыңдық әперіп, ырғап-жырғап аттандыруды ойлайды. Бірақ Еспембет оны қостамайды, Қарасай ұсынған дүние-мүліктің бәрін де алмай, тек жалғыз Ақбөрте деген тайды қалайды. Ақыры сол таймен елге оралады. Ел-жұрты әуелі баланы елемей, жалғыз ғана тай мінгізіп қайтарғаны не қылғаны деп Қарасай байды да кінәлай өсекке таңады. Бірақ Еспембет оның бәріне де мән бермейді. Ақбөртені баптап бағумен болады. Ақбөрте жақсы ат боп өседі. Еліндегі Сәтімқұл бидің ас берген тойында Ақбөрте бәйгеден жалғыз келеді. Бас бәйгеге келген жүз тайлақты Еспембет түгелімен бес арыс Сыбанға бөліп береді.
Дулат осы Еспембет ерлігін кейінгілерге үлгі етеді. Аталмыш дастан өзінің құрылысы жағынан да ерекшеленеді. Оқиғаның желісі жинақты, мазмұны тартымды.
Дастанда Еспембет бас кейіпкер ретінде, ерлік қимылдар үстінде танылады. Ол жауға аттанғанда тегін олжаға, опасыз дүние-мүлікке қызықпайды, елінің жауын жеңуді, дұшпанын мұқатуды армандайды. Сол асқақ арманына жетпей тынбайды:
Қалмақтың басы белінде,
Бақ құсы қонып басына,
Еспембет келді еліне.
Дулаттың «Еспембет» дастаны — өз кезіндегі әдебиетте елеулі орны бар, батырлар жыры үлгісіндегі патриоттық мәні зор шығарма.
Дулат қазақ әдебиеті тарихында алғаш мысал жазған ақын болып саналады. Оның бізге жеткен қызғылықты төрт, бес мысалы бар. Бұл жағынан оны әдебиетке жаңа бір форма әкелуші, жаңалық енгізуші деп қараған жөн.
Дулаттың мысал ретінде жазған шығармалары үлгі, өнеге беру, ақыл айту ретінде келіп отырады. Онда кіші пейілділік, бірлік, әділеттік жақталып, мақтаншақтық, мен-мендік, бейшаралық, орынсыз пысықтық саналады.
Нысапсыз патша туралы шығарған «Бір патшаның бір кезде» деп басталатын аңыз мысал өлеңінде ақын дүниеқор, баққұмар патшаның пайдақорлық жолында өз түбіне жеткенін мысқылдайды.
Дулаттың «Шымшық пен бөдене» туралы өлеңі де осындай мысал сөз ретіндегі шығарма. Ақын мұнда орынсыз мақтан, желбауыздыққа қарсы шығады. Кішіпейіл, адал болуға баулиды.
Мысал стилінде жазылған тағы бір шығармасы – «Шаштараз». Бұл да қысқаша сюжетке құрылған өнегелі, өрнекті туынды. Оның да оқушысына тәлім берерлік
мәні бар. Мысалдың мазмұнына халық арасына кең тараған Ескендір патша туралы бір аңыз негіз болған.
Аңыз бойынша Ескендірдің басында қос мүйізі болыпты – мыс. Патша оны жасырып жүріпті. Шашын қиып, тарап, күтіп тұру үшін сыр шашпайтын, аузына берік шаштараз таптырып, одан ант алып, сұрағанын беріп, шашын алдырып жүреді. Шаштараз уәдесін біраз күн ұстап жүргенмен күндердің күнінде уәдені бұзып алады. Қанша айтпайын деп жүрсе де, ол ішін кернеген сырды жасыра алмай, ақыры далаға оңаша шығып, жерге етпеттеп жатып: «Патшаның басында мүйізі бар» — деп қалады. Аузынан құпияның шығуы мұң екен, жел естіп, желден ел естіп тарап кетеді. Бейшара шаштараз аузына ие бола алмай басынан айрылады.
Ақынның бұл мысалы да адамгершілік тәлім береді. Уағдаға берік, ұстамды болуға үндейді. Бұл тұста Дулаттың аталмыш шығармасына ұқсас Мағжан Жұмабаевтың «Ескендірдің екі мүйізі» — атты мысал өлеңі бар екенін ескертеміз. Бұлардың екеуі сарындас. Сондықтан бұрынғы түсінік үстем кезінде біз аталмыш шығарма туралы аузымызды аша алмадық. Мағжанның қадірлі есімін атауға жағдай туған соң ғана біз «Шаштаразды» сөз ете бастадық.
Осылайша, Дулат өзінің мысал өлеңдерімен де халықты жұғымды мінезге тәрбиелеп, ақыл-кеңестер берген. Мысал жанрының алғашқы үлгісін жазып, қазақ әдебиетінде бұл жанрдың қалыптасуына септігін тигізген.