Кезінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» тарихи шығармаға деген құлшынысты қатты оятты. Соларша жазып, соларша сыйлы болуға көп жазушы ұмтылды. Алайда тарихи шындықты көркем шындыққа шебер айналдырудың орнына, көркем шындықты қызықты етіп ойдан құрастыра беруге болады деген мақсатпен жазып, соның салдарынан тарихи шындықтың өзі күмән мен күдіктің астында қалған жағдай туды. Сондай күдік пен күмән Райымбек бабамызға да түсті. Қазір Райымбектің туған жылы туралы екі пікір тайталас: біреулер — «1705 жылы туды» десе, екіншілер — «1730 жылы туды» дейді.
1705 жылы туды деген пікір Қазақ совет энциклопедиясынан бастау алады. Онда: «(1705 ж.т. — ө.ж. белгісіз)… 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерен ерлік көрсетіп, батыр атанды» деп жазылған (1976. 9-том. 126-бет).
Энциклопедияның 9-томы жазылған, жарық көрген 1975 — 1976 жылдар — әлі Райымбек туралы пікір ашық, еркін айтыла бермейтін кез болатын. Батырдың бейіті басына қарапайым белгі орнатудың өзін әуре-сарсаңға салып қойған заман еді. Қожабеков Байұзақ ағамыздың сол қыспақ заманда Райымбек атын энциклопедияға енгізуінің өзін үлкен ерлік санауымыз керек. Терең зерттеп, жан-жақты талдап жатуға марқұмның мүмкіндігі де болмаған шығар. Алайда сол асығыста туған деректі негізге алып, күні бүгінге дейін басқа зерттеулерге құлақ аспай келе жатқан адамдар бар. Солардың басында жазушы Жолдасбай Тұрлыбайұлы ағамыз бен Рысбек Сәрсенбайұлы ініміз тұр. Ал «Райымбек батыр 1730 жылы туған» деген пікір отыз жыл бойы батыр бабамыз туралы аңыз бен әңгімелерді жинаған Қабылбек Сауранбайұлы ақсақалдан бастау алады. Оны жазушы Төлен Қаупынбайұлы қостайды.
«Батырлардың туған жылы — тарихи оқиғаның түп қазығы. Оны жұлып тастап, басқа жерге апарып қақсақ, тарихтың ойран-ботқасын шығарамыз. Шындықты іздеген жақсы, оны адаспай тапқан тіптен жақсы», — дейді Рысбек Сәрсенбайұлы ініміз («Райымбек» атты жинақ. Астана. 2005.175 бет).
Бұл — өте дәл айтылған орынды сөз. Алайда айту бар да, оны орындау бар. Шындықты іздеу шындықты тапқанша тоқталмайды. Өзінің қате сөзінен де қайтпай, өзгенің дәлелді сөзіне де тоқтамау — өтірік айтқаннан бетер қиянат.
Тарихи тұлғалардың туған жылын анықтау үшін, алдымен тарихи оқиғаларды куәге тарту керек. Тарихи оқиғалармен қабыспаған өмірбаянды шындық деп қабылдауға болмайды.
1723 жылы көктемде қалмақтардың қазақ жеріне жойқын күшпен тұтқиыл басып кіргені, содан қазақтың әйгілі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырап, Түркістан, Тәшкенге, тіпті одан да арыға дейін босып шұбырғаны — тарихта бекем дәлелденген шындық. Ал босып кетуге үлгермей, туған жерде қалып қойғандарының басқыншыларға құл болып, бодандықтың азабын ұзақ жыл тартқаны да шындық. Сол зұлматты өз көзімен көріп, өз халқын қорғауға қару алып қатысқан, ұлы жүз қолын ең қиын кезде басқарған қолбасшы батыр Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің 1776 жылы жазған «Түп-тұқыяннан өзіме шейін» атты естелік қолжазбасында: «Албан, суан 1101- қоян жылы (1723 -Б.Н.) қалмақ шапқыншылық жасағанда, көше алмай, жау қолында қалып қойды», — дейді ( Алматы. 1993. 411 бет). Есеңгіреген елге ес жиғызып, 1726 жылы әйгілі үш бидің Ордабасы жиынын өткізгені, сол жиында Бас қолбасы тағайындалған Әбілқайырдың сол жылы кейін «Қалмақ қырылған» аталып кеткен жерде алғаш айтулы жеңіске жеткені — тарих та, ел де мақтанышпен мойындаған шындық. Осы жеңістен басталған қазақтың азаттық күресінің тек 1758 жылы жоңғар мемлекетінің жер бетінен жойылып кетуімен аяқталғаны да шындық. Міне, осы шындықтарға арқа сүйеп қана Райымбек бабамыздың туған жылын ғана емес, қай ерлігін қай жылы жасағанын да өз орнына қоя аламыз. Ал оны жалпыхалықтық тарихтан оқшаулап, байланыстырмай қарау — ешқандай шындыққа жеткізбейді.
Райымбек жайында әңгіме қозғаған адам міндетті түрде ол жайында отыз жыл бойы дерек жинаған Қабылбек Сауранбайұлы ағамыздың «Райымбек батырдың шайқастары» деген жазбасымен танысып шығуы тиіс. Ол жазба «Райымбек» атты жинақта (Астана. 2005), Төлен Қаупынбайұлының 2-томында (Алматы. 2008) жарияланған. Бұл жазбаны Мөкен Болысұлы ағамыздың «Райымбек батыр» дастаны толықтыра түседі. Тіпті Қабылбек ағамыздың қара сөзбен жазғандарын қысқартып, өлеңге айналдырғандай әсер қалдырады. Ол да аталмыш екі кітапта бар. Енді осы екеуіне сүйеніп, атамыздың туған жылын талдап көрелік.
«Райымбек анасынан рұқсат-батасын алып, жорықшылар артынан жүріп кетті», — дейді «Райымбектің бірінші сапары» атты тарауда Қабылбек Сауранбайұлы (Төлен Қаупынбайұлы. 2- том. 110 бет).
«Айналайын жан ана,
Рұқсат маған бер, ана.
Кеткен қолдың артынан
Мен де жетіп барайын,
Қалмақтан кекті алайын…
Атам кеткен ізімен,
Әлі-ақ қуып жетемін»,-
дейді Райымбек Мөкен Болысұлының дастанында (сонда, 180-бет). Жалпы, Райымбек жайындағы ауызекі әңгімелер ежелден осылай, немересі Райымбекті өзімен бірге жорыққа Хангелдінің алмай кетуінен басталады. Мұндағы «жорықшылар» немесе «қолдың» Хангелді атасы екені «Атам кеткен ізімен» дегеннен-ақ аңғарылып тұр. Бұл кез — Райымбектің 15-ке толған кезі. Атасының артынан қолды қуып жетсе, көктемде Іледен сең жүріп кетіп, олар содан өте алмай тұр екен. «Мен өткізем» дейді бала. Сөйтеді де, «Райымбек! Райымбек!» деп, өз атын өзі ұрандап, Көкойнақ атымен суға қойып кетеді. Ары өтіп шыққан соң, жер жағдайын білген соң, қайта өтіп келеді де: «Маған арқан және отыз адам беріңіздер» дейді. Баланың талабы орындалады. Ол қамысты көп қылып орғызады да, сонан соң ұзынынан-ұзақ жуан етіп жігіттерге будырады. Одан кейін арқанның бір ұшынан сүйреп, тағы Ілеге қойып кетеді. Ол арғы бетке қарай арқанды тартып отырады, жігіттер артынан буған қа_мысты суға итеріп сырғытып отырады. Арғы бетке жүзіп шыққан соң, арқанды мықтап байлайды да, қайта өтіп кеп, бұл жақтағы ұшын да байлап тастайды. «Ал енді ертеңге дейін демала беріңіздер» дейді сонан соң. Ертесі ағысын қамыс бөгеген су түнгі суықта қалың мұз боп қатып қалады да, қалың қол аман-есен өтіп кететін өткел-көзер жасалады. Содан жұрт бес-бестен жүріп өте шығады. Баланың тапқырлығына бәрі қайран қалады. «Мен ұлы жүздің албаны, оның ішінде руым — Алжан, Хангелді батырдың немересі, атым — Райымбек» дегенде, сонда ұлы жүздің батырлары Хангелді батырға: «Батыр-ау, кешеден бері бізге қалай айтпадың, Райымбек сіздің балаңыз екенін» дейді» Сауранбайұлының жазбасы (Т.Қ. 2- том, 112 бет).
Бұл — Райымбектің алғаш көзге түсіп, тұңғыш ел сөзіне ілігуі. Енді осыны сарапқа сап көрейік. Егер Райымбек 1705 жылы туса, 15-ке 1720 жылы келеді. Ал 1720 жылы тып-тыныш заманда Хангелді қай_дағы қолды басқарып жүр? «Ұлы жүздің батырлары» неғып Іле бойында бас қосып, неғып одан өте алмай жүр? Райымбек қайдағы «қалмақтан кекті алайын» деп жүр? Бұған өтірік құрастырып бірдеме айтпасаң, тарихи шындыққа сүйеніп ештеңе де айта алмайсың. Энциклопедияда жазылған 17 жас та ешбір қисынға келмейді: 17+1705 = 1722 жыл. «Ақтабан шұбырындының» басталуына әлі бір жыл бар. Қысқасы, «Райымбек 1705 жылы туды» деген дерек қазақтың жалпыхалықтық тарихымен қабыспайды. Бұл не туған жылы жалған, не батырлығы ойдан шығарылған деген күдік қана тудырады. Ал егер 1730 жылы туса, онда Райымбек 15-ке 1745 жылы келеді. Ол — «Ақтабан шұбырындының» басталғанына бақандай 22 жыл өткен кез. Енді мұны да сарапқа сап көрейік.
Ұлы жүз қазақтарының қолын Аңырақай шайқасынан кейін Наурызбай батырдың басқарғаны белгілі. Райымбектің атасы Хангелді Аңырақай шайқасында қалмақтың батырын жекпе-жекте жеңген. Қазыбек бектің айтуына сүйенсек, ол сонда 35 жаста, 1694 жылы ту_ған. Аталмыш кітабынде Қазыбек бек: «1123 — жылдың (1745 — Б.Н) көктемінде Наурызбай қолы Сапы — Саты көлі арқылы жартысы Доңызтауға, жартысы Мұзартқа қарай бет қойды… Құмтекейге жетпей тұрып, Жалағаш мойнағында, Орта Меркіде екі-үш рет шайқас болды… Рамат төлеп, әбден ыңыршағы айналған Албандар да атқа мінді. Оны енді Хангелді бастады» дей келіп (Алматы. 1993. 315, 316-бет), «Сонымен, Жетісудың түстік жағы жаудан тазарды. Албандар екі жүз үй тігіп, үш күн бойы сарбаздарды сыйлады», — деп түйіндейді (сонда, 319-бет).
Міне, бұл оқиғаға мән берсек, 1745 жылғы көктемде Іледен он бес жасар Райымбек өткізіп жіберген «жорықшылар», ішінде Хангелді батыр бар «қол» мен ондағы «ұлы жүздің батырлары» осы сарбаздар болып шығады. Тарихи шындыққа бұл оқиға қайшы келмейді. Қайта нақтылап, толықтыра түседі.
«Көкпектіде Секер деген жоңғар ханы ордасын орнатты. Соның қарауында Түргенге Қорын дегенді хан етіп жар салды. Жалағашқа Ағанасты хан етті. Темірлік, Көмір_шіге Арыс дегенді хан етті. Осылардың үшеуі де Секер ханға ба_ғынысты. Ал мұнан бөлек, Жаркент, Көкталда Төрехан деген бар» дейді Қабылбек ақсақалдың жазбасы (Төлен Қ. 2-том, 107-бет). Ал бұл қай кез? Әрине, 1723 жыл емес. Албан, суан тайпаларының жерін қалмақтар алдақашан басып алған кез. Егер Райымбек 1705 жылы туса, «Ақтабан» басталған 1723 жылы 18-ге толса, атағы шыққан әйгілі батыр болса, сол жасында қалмақтарды өз жасағымен қырып-жойып жүрсе, онда албан тайпасының елі «Ақтабан шұбырындыға» ұшырамаған болып шықпай ма? Әлде, сонау Түркістан, Тәшкенге дейін басып алған жау албандарды айналып өткен бе?
Егер Райымбек 1705 жылы туса, 18 жасынан атағы шыққан айтулы батыр болса, атасы Хангелді батыр ақ патша әйелге 1733 жылы хат жазғанда, ол хатқа атақты батыр Райымбек неге қол қоймаған?
Сөз жоқ, мұның бәрі сол жылдардың тарихымен жымдаспайды. «Неге? Неге?» деген сұрақты тудыра береді, тудыра береді. Не Райымбектің 1705 жылы туғаны, не 1723 жылы албан жерін қалмақтардың басып алғаны жалған болып шығады. Ал Қ. Сауранбайұлы мен М.Болысұлының жазғандарына қарасақ, Райымбек 15-ке толған кезде албан жерін қалмақтар бұрыннан билеп-төстеп тұрған. Ол ел шетіне басып кіріп келе жатқан жаумен емес, елін ежелден езіп-жаншып отырған жаудан атамекенін тазарту үшін соғысқан. Бұл жағдайды мойындасақ, онда Райымбектің 1705 жылы тууы тарихи шындыққа жанаспайды. Өйткені 1729 жылғы Аңырақай жеңісінен кейін де, 1731 жылы қалмақтың бас батырлары Қаскелең мен Шамал ханды Наурызбай, Боралдайды Қасқары Алматының батыс маңында жекпе-жекте өлтіргеннен кейін де кеудесін бастырғысы келмеген қалмақтар өз жасағымен Түргенде, Көкпекте, Жалағашта, Көміршіде қалмақтарды қырып жатқан Райымбекке арнайы әскер жұмсамай, тып-тыныш шыдай беруі мүмкін бе? Меніңше, мүмкін емес. Ендеше не мүмкін?
Қалмақ әскері қаша-қаша Қарқараға келгенде, 1745 жылы көктемде Наурызбай басқарған ұлы жүз қолы қалмақтарды сол арада жеңгенін жоғарыда айттық. Содан кейін сол арадағы қалмақтардың жүні, сөз жоқ жығылады. Себебі олар арқа сүйеп келген қалмақ әскері быт-шыт болып жеңілді, енді тек өздерін өздері қорғауы тиіс. Олар әлі де болса өзін өзі қорғай алатынына сенді. Өйткені қазақтың да әскері бұл арадан кетіп, өздері билеп-төстеп келген тұрғылықты адамдары ғана қалған-ды. Міне, дәл осы кезеңде жас Райымбек жасақ құра бастаған. Солай ету керегін атасы Хангелді батыр айтты ма, әлде өз ақылымен ұйғарды ма, оны кесіп айту қиын. Алайда Іледе артынан қуып жеткен батыр немересін Хангелді атасы не деп жұбатып, нендей уәжбен ел ішінде қалуға көндіруі мүмкін? Тек: «Балам, сендей ер жігіт ел ішіне де керек. Біз Қарқарада қалмақтың әскерін ғана жеңдік. Халқымызды езіп отырған Қорыны мен Секері, Ағанасы мен Арысы аман-есен қалып барады. Соларды атамекенімізден сен, сенің қатарларың қуып шықпағанда, кім қуып шығады?» деген болар-ау. Намысты жүрекке атасының осындай ақылы дөп тиген соң ғана батыр ұл ауылына қайта оралған болар деп ойлаймын. Қалай болғанда да албан, суан азаматтарын қол астына жинап, жауға жоспарлы түрде шабуыл жасағанына қарағанда, Райымбекті өз өжеттігі ғана емес, атасы мен өзінің ақыл-айласы да қолдап отырған-ау. Осының бәрін жүйелеп қарасақ, «Райымбек 1730 жылы туды, 17 жасынан батыр атанды» деген пікір халқымыздың жалпы тарихымен ың-жыңсыз жымдаса кетеді. Әйткенмен, қосымша дәлелдерге де жүгініп көрейік.
Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай қолындағы атақты батырларды жырға қосқан әйгілі өлеңінде Бұқар бабамыз Райымбекті атамайды. Бұл өлеңін ол 1757 жылы шығарған. 1705 жылы туса, Райымбек ол кезде 52-де, аты әбден-ақ шыққан кез болуы тиіс. Ал 1730 жылы туса, 27-де. Бұл жас та аз жас емес. Бұқар бабамыз дәл сол жастағы Молдабай батырды жырына қосқан ғой. Енді Молдабайдың кім екеніне аз тоқталайық.
Бұқар жыраудың өз аузынан жазып алдым деген Қазыбек бекте Бұқардың бұл өлеңі бастан-аяқ толық келтірілген және ұлы жүз батырларының аты-жөні де дұрыс берілген:
— Сіргелі қара Тілек,
Қарақалпақ Қылышбек.
Текеден шыққан Сатай, Бөлек…
Батырлардың асқары —
Қазыбекұлы Қасқары,
Қаумен, Дәулет қасында,
Бақ-дәулеті басында.
Сеңкібай мен Шойбек бар,
Таңсық қожа, Мәмбет бар
Осылардың қасында.
Қасқарыұлы Молдабай,
Қара күші мол Бағай.
(«Түп-тұқияннан…». 1993. 368-бет). Мұндағы Қасқарыұлы Молдабай — Қазыбек бек Тауасарұлының немересі.
Жоғарыдағы өлең туған 1757 жылғы оқиғаны айта отырып: «Осы кезде билікке жаңа араласа бастаған Суан Бөлек би де қызынып кетті. Оныкін мен кешіре салдым. Өйткені ол менің Қасқарымның Молдабайы қатарлы еді», — дейді Қазыбек бек (сонда, 1993. 170-бет). Ал бұл Бөлек — кәдімгі Райымбекпен бірге соғысып жүрген Бөлек. Бір ол ғана емес, Райымбек қолындағы Сатай да, Аралбай да суанның батырлары.
1745 жылғы бір жағдайды Қазыбек бек былай жазады: «Менің бәйбішем Қасқарыдан туған үлкен немересі Молдабайды сапқа қоспақ болып, ақсарбас айтып, құдайы берді. Енді әкелі, балалы, немерелі болып ұрысқа кірмекпіз» (сонда, 311 бет). «Содан 1088 — барыс жылы ( 1710 — Б.Н.) суық күзде менің тұңғышым Қасқары туды», — дегені бар (сонда, 410-бет). Алайда Молдабайдың қай жылы туғанын айтпаған. Бірақ «сапқа қосылған» 1745 жылы ол 18-ге толған болар деп шамалауға болады. Қазыбек бек 1692 жылы, Хангелді 1694 жылы туған қарайлас адамдар. Қасқары — Қазыбек бектің тұңғышы, ал Райымбектің әкесі Түке — Хангелдінің Мөңке, Дөңкеден кейінгі баласы. Сондықтан одан туған немересі Райымбектің Молдабайдан бірер жас кіші болуы, әлі сапқа қосылмауы, соп себепті Бұқар өлеңіне ілікпеуі заңды. Хангелді мен Қазыбек бектің жас шамасын анықтай түсу үшін, шежіреге жүгініп көрейік.
Қазыбек бектің бір баласы — 1. Қозыбай 2. Жандос 3. Қиқым 4. Ораз 5. Әли 6. Ораз 7. Нұрлан (шежіреші Асқар Селеубайдың та_ратуы), 8. Нұрланның баласы.
Хангелдінің бір баласы — 1. Қойбас 2. Мәнжі 3. Дәлі 4. Қамысбай 5. Мақатай 6. Сүлеймен 7. Мұқағали 8. Жұлдыз («Бәйдібек баба…» 2003. 491 бет), 9. Жұлдыздың баласы.
Көріп отырғанымыздай, екеуінің қазір сегізінші, тоғызыншы ұрпағы өмір сүріп жатыр екен. Кей баласынан 10 ұрпақ та бар. Мұның өзі Хангелдінің 1794 жылы туғандығына, 1792 жылы туған Қазыбек бекпен қатарлас екеніне қосымша дәлел бола алады.
Өкінішке қарай, Қасқарының баласы Молдабайдан ұрпақ қалмаған. Бірақ ол 1745 жылы 18-де болса, 1727 жылы туған болады. Суан Бөлек батыр Молдабаймен қарайлас болса, онда онымен бірге соғысып жүрген Райымбек те олармен қарайлас болады. Үшеуінің аралары бір-бірінен 2-3 жас қана алшақ болуы мүмкін. Олай болса, «Райымбек 1730 жылы туды» деген дерек тарихқа қайшы келмейді. 1727 мен 1730-дың арасы 3-ақ жыл. Мұны шежіре дерегі де теріске шығармайды. Мәселен, Райымбектің бір баласы — 1. Қожағұл 2. Тілеуқабыл 3. Ақби 4. Құтел 5. Балапан 6. Келгенбай 7. Оразбай («Бәйдібек баба…» 494, 495-бет) 8. Оразбайдың баласы. Ал Бөлектен — 1. Жауғаш 2. Едіге 3. Қабылтай 4. Түктібай 5. Сабанқұл 6. Мейманкелді 7. Бекбосын 8. Ыбыраш (С.Ешмұқанбетов «Суан шежіре». 1993. 93 бет). 9. Ыбыраштың баласы.
Қарап отырсақ, Райымбек пен Бөлектің 8-9 ұрпағы өмір сүріп жатыр екен. Ал егер Райымбек 1705 жылы туса, жап-жас, 1757 жылы 30-ға толып отырған Молдабай батырды жырына қосқан Бұқар жырау 52-ге келген, Аңырақай шайқасына қатысқан атақты қарт батыр Райымбекті неге қоспайды? Тіпті, басқаны былай қойғанда, онысы көз алдында жаумен арпалысып, қысы-жазы қасында жүрген атасы Хангелді батырдан ыңғайсыз болмас па? Ең сорақысы, алалап, Қазыбек бектің немересін атап, Хангелдінің немересін атамай қоюы қалай болады?
Бұған қарағанда, Райымбек, біреулер жазып жүргендей, Аңырақай шайқасына қатыспаған, Наурызбай батырдың қолында соғыспаған. Себебі 1705 жылы тумаған. Егер ол сол жылы туса, атасы Хангелдінің күнде қасында жүрген, ұзақ жыл қалмаққа қарсы бірге соғысқан Қазыбек бек ондай атақты батыр жайында неге жазбаған? Білсе, көрсе, жазатындай жөні бар еді ғой. Себебі ол: «Сырымбет білікті, билікті кісі болды. Мен өзім ол кісіні көрдім, сөйлестім, бірге тамақ іштім. Сырымбет екі әйелінен Мақар, Барақ, Хангелді деген үш ұл көрді. Хангелдінің шешесі Керімбүбі қолынан дәм таттым. Мен білетінде, Хангелді төрт әйел алып, одан он шақты балам бар деп жүретін. Балаларын мен көрген емен, тек Мөңке деген бір ұлы ұрыста өліп қалған жерінен табылған» деп жазған ғой (сонда, 313-бет). «Райымбек бабамызды неге жазбаған?» деп, Қазыбек бекті жерден алып, жерге салғанша, оның жазғандарына құлақ асып, әруаққа қазақы ілтипатпен қараған дұрыс болар еді, әрине.
Хангелді атасы 1694 жылы туса, ал оның немересі Райымбек 1705 жылы туса, сонда оның әкесі Түке қашан туады? Атасы мен немересінің арасы 11-ақ жас қой. Ол кезде қаншама ерте үйленген десек те, ата мен немере жасының арасы 11-ақ жыл екенін миға сыйғызу тым қиын-ау! «Хангелдінің ұлы Түке өмірін жоққа шығару тарихқа, адамгершілікке, баба үлгілеріне қиянат болады» деп, Төлен Қаупынбайұлының ашынуы бұл арада орынды-ақ! (2008. 2-том. 67-бет).
1705 жылды дәлелді ету үшін, біреулер Райымбекті Түкеден емес, Хангелдіден тудырды, ол шындыққа жанаспай, қателігі шежіреден көріне берген соң, енді Хангелдінің туған жылын арыға жылжыта бастағандар пайда болды. Өстіп, Рысбек айтқандай, «тарихтың ойран-ботқасы» шықты.
Қазыбек бек Хангелдінің ауылы 1745 жылы Сөгетіде болғанын айтады («Түп-тұқияннан…» 1993. 312 бет). Ал Албан шежіресінде Райымбектің «Туған жері — Алматы қаласының басындағы Медеу мұз айдынының күншығыс қапталындағы Албан сайы (Юбилейная елдімекені — ертедегі Албансай, қатарындағы аңғарды Суансай деп атаған). Көктеуі, күздеуі төменгі Алматы қаласы ауданындағы ыстық, суық су ағатын жер болған. Алматы қаласындағы Абай даңғылының астындағы бұрын (1950 жылға дейін) Басарық аталған тоған «Райымбек тоғаны» делінгенін білетіндер дүниеден өтіп, естігендер ұмытқанымен, тарих ұмытпайды. Жайлауы Асы болған» деп жазылыпты («Бәйдібек баба — алып бәйтерек». Алматы. 2003. 568 бет).
Алматының шығыс жағындағы екі сайдың бұрын Албансай, Суансай аталғаны рас. Суансай қазір Сулысай аталады, кеңес дәуірінде «Восход» болды, сонда менің саяжайым бар, сондықтан білем. Кезінде «Горный Гиганттың» бригадасы болған, қазір ол ауылда мыңнан аса адам тұрады. Ал Албансайды қазір Көлсай деп атады. Абай даңғылының астындағы Басарық мен Алматыға алғаш келген 1958 жылы да солай аталатын.
Мен өзім Райымбектің туған жері, қалай болғанда да, Түргеннің шығысында емес, батыс жағында болуы керек деп шамалаймын. Өйткені ол шығыстан батысқа қарай беталып, өзінің жауға қарсы алғашқы жорығын Түргендегі қалмақтарды қуудан бастаған ғой. Солай екенін Қ.Сауранбайұлы мен М. Болысұлының жазғандары бірдей қуаттайды.
Және өзінің алғашқы жорығын 17 жасында Түргеннен бастауы да оның 1705 жылы тумағанын дәлелдей түседі. Өйткені Түргенді қалмақтар 1705+17=1722 жылы басып алған жоқ қой. Сондықтан ол өз жорығын тек Наурызбай басқарған қазақ әскері қалмақ әскерін бұл арадан біржола қуып тастаған 1745 жылдан соң ғана бастауы мүмкін. Себебі ол ешқашан қалмақтың әскери қолымен шайқаспаған, тұрғылықты қалмақ жасақтарымен ғана соғысқан.
Жоғарыда аталған екі жазбаның дерегіне қарағанда, ол жылдары Түргенді қалмақтың Қорын деген ханы билеп тұрыпты. «Хан Қорын атқа мінуге жараған еркек адамын бірде-бірін қалдырмай соғысқа баруға жарлық беріп, қазақ жауынгерлерінің алдынан шықты» дейді Қ.Сауранбайұлы (Төлен Қ. 2-том. 116-бет). Райымбектің, яғни қазақтың сол кездегі жауы кім болғаны және оның қай арада тұрғаны осыдан-ақ айқын көрініп тұрған жоқ па?!
«Қорын ханның сол жерде,
Алмадай басын ұшырды.
Тігіп қойған жалауын
Сындырып жерге түсірді», —
дейді М. Болысұлы «Райымбек батыр» дастанында (сонда, 189-бет).
«Бұрынғы шабындыда қалмақ қолына түсіп кеткен қазақтың ұлдары мен қыздары қойдай жамы_рап, қозыдай шулап табысып жа_тыр» депті Қ.Сауранбайұлы (сонда, 120 бет).
«Бұрынғы шабынды» деп отырғаны, әрине, 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» зобалаңы. Осының өзі-ақ қалмақтың албан жерін енді басып алуға келе жатпағанын, ал Райымбектің қалмақтар бұрыннан иеленіп алған жерді азат етуге барғанын ап-айқын-ақ айтып тұрған жоқ па? Тіпті, дау тудыратын мәселе ме осы? Тек «Батырлардың туған жылы — тарихи оқиғаның түп қазығы» екенімен санаспай, «оны жұлып тастап, басқа жерге апарып қағып», сөйтіп «тарихтың ойран-ботқасын шығарып» жүргеміз жоқ па?!
Түрген мен Асыны қалмақтардан тазартқан соң, Райымбек қолы Көкпекті билеп тұрған Секерге қарсы аттанады. «Райымбек батыр… мұнарада тұрған Секер хан мен Барақ батырды көздеп… тартқанда, Барақтың садағының оқ мойнын жұ_лып өтіп, Секер ханның оң иығын қақыратып жіберді… Секер хан тірідей қолға түсті. Секер ханның басын шауып, оның қанын Аманжол ішті» дейді Қ.Сауранбайұлы (сонда, 126, 127 бет).
«Сөйлеп тұрған Секерді,
Садақпен атып құлатты.
Барақ деген батырын,
Қылышпен шауып сұлатты», —
дейді М.Болысұлы (сонда, 196 бет). Сәл-пәл айырмашылығы болғанмен, екеуінің нәтижесі бірдей. Бұларды мұқият оқыған адам Райымбектің өмірбаянын көкпарға салатындай ілік таппайды.
Алайда, менің бір байқағаным, Қ.Сауранбайұлы мен М.Болысұлы ол ара ежелден солай аталып келе жатқандай жазып, Ойрантөбе ұрысына арнайы тоқталмайды. Бала күнімде өзімнің Ешмұқанбет атам (1879 — 1956) Райымбек жайында өте көп әңгіме айтушы еді. Мен ол кезде оларға онша зер сал маппын, көбін ұмыттым. Бірақ Хангелдінің өз балаларын қалай сынағаны, Ойрантөбенің неге олай аталғаны жайында айтқаны әлі есімде. Атамның айтуы бойынша, тауға жақын жазық жерде қалмақ қолы дамылдап жатады. Айналасы ашық болған соң, қазақтар көрінбей келіп, тұтқиыл шабуыл жасай алмайды деп сенеді. Содықтан бейқамдау болады. Қазақтар келеді-ау деген шығыс жақ сонадайға дейін көрініп жатқан ашық жер екен. Алайда Райымбек айласын асырып кетеді. Шығыстан — Көкпек шатқалы жақтан келмей, түнде Бұғыты тауынан бұғынып өтіп, қалмақтардың батыс жағындағы тауға келіп жасырынып жатады. Жазық жердегі аласа ғана екі төмпешікке бас сүйеп ұйықтап кеткен қалмақтарға таңғы құлқынсәріден «Райымбек!» деп атой сап, ту сыртынан лап қояды. Алдыңғы бір топ әдейі шошып оянған қалмақтар мен үріккен аттарының ортасымен кесе шауып өтеді. Екінші топ аттарына жете алмай қалған жаяу қалмақтарды ат бауырына алып баудай түсіреді. Сөйтіп Райымбек қалмақтардың ойранын шығарған жер «Ойрантөбе» аталыпты деуші еді.
Ойрантөбе жеңісінен кейін қалмақтар Райымбекпен келісімге келеді. Сол келісім бойынша, Шарын өзенінің шығыс жағы қалмаққа, батысы қазаққа қарайтын болады. Суықтоғай, Жіңішке, Таушілік, Қарабұлақ, Жалағаш (Жалаңаш), Үш Меркі, Көктөбені (Көкбиік) түгелдей билеп отырған Ағанас хан ол араны үш жыл ішінде босатып беруге уәде қылады (сонда, 132-бет). Алайда ол уәде бұзып, ол араны жеті жыл бойы босатпайды.
Осыны бір есептеп көрейік. Егер Түргенді Райымбек шамамен 17 жасында жаудан босатып батыр атанса, 18-інде Көкпекті азат етсе, жеті жылдан кейін 25-ке келеді. Бұл — 1755 жыл.
Енді Райымбек Ағанасқа қарсы аттануға даярланады. Бұл кез — оның әбден толысқан кезі. «Райымбек!» деген атының өзі жауға өлердей үрей туғызған шағы. «Қалайша?» дейсіз ғой. Оның мәнісі былай.
Қалмақ хандары Қорын да, Секер де, Ағанас пен Арыс та және олардың батырлары мен жауынгерлері де — ешқайсы бұрын-соңды Райымбекті бетпе-бет көрмеген.Тек ол жайындағы бірінен-бірі өткен үрейлі әңгімелерді ғана естіген. Шапқанда қазақтың бәрі «Райымбек!» деп шабады, ал оның қайсысы Райымбек екенін ешкім білмейді. Бүкіл қазақ түгелдей Райымбек болып кеткен сияқтанады. Ешкім білмеген, ешкім көрмеген қазақ батыры туралы сан түрлі әңгіме туып, соның бәрі Райымбектің өзінен бұрын қалмақ арасына тарап кетеді. Ал ондай әңгіме қайдан туады?
Жоғарыда айтқан екі ақсақалдың жазбаларына қарағанда, Райымбек өте жүректі адам болған. Өйткені ол үнемі жаудың ортасына күні бұрын кіріп алып, солармен араласып жүріп соғысады. Қасына бір топ қалмақша білетін батырды іріктеп алады екен де, бәрін қалмақша киіндіріп, қалмақша қару-жарақ асындырып, өзі де қалмақша киініп, жауының ортасына қалмақ боп кіріп кетеді екен. Ал негізгі қолын жақын маңайға жасырып қойып, іштен өзі соғыс ашқан кезде олар да сырттан «Райымбектеп» лап қояды екен. Іші де, сырты да — бәрі Райымбекшілеп кеткен кезде, қай жақтан сақтанарын да, қазақтардың қай жақтан шыға келгенін де білмей, қалмақтар қатты сасады екен. Сасқан қалмақ, сөз жоқ, бас сауғалап қашады. Ал «қашқан жауға — қатын ер» деген, қазақтар қуа жүріп қырады.
Осыдан барып: «Ойбай, Райымбек деген көзге көрінбейді екен, оның қайдан шыға келгенін ешкім көрмейді де, білмейді де. Аты да көрінбейді, ұшады екен. Аяқ астынан шыға келеді екен» дегенді бірінен-бірі естіген қалмақтар «Райымбек!» деген ұран естілгеннен-ақ зәрелері ұша бастайтын болған. Тіпті олар «Райымбек!» деп айқайлаған адам өлмей қалады екен дегенге сеніп, қазақтар лап қойғанда, өздері де «Райымбек!» деп ұрандап қоя беретін болған. Ақырында «Райымбек!» деп ұрандап жүргендердің қайсысы қазақ, қайсысы қалмақ екенін ажырата да алмайтын зәрезеп халге жетеді. Бұл — ертегі де, аңыз да емес, тарихи шындық. Жүректі жауынгерлердің батырлығы мен айласынан туындаған таңғажайып жағдай. «Райымбек әулие екен» деп тараған сөздің төркіні осы жағдайды жөндеп түсіне алмауда жатыр. Алайда Райымбек атамыздың көріпкелдігі, болашақты болжағыштығы болған, ол ерекшелік атасынан дарыған болар деп ойлаймын. Өйткені Хангелді батырдың жауырынға қарап айналадағы жағдайды болжайтынын Қазыбек бек жазған ғой. Аздаған болжағыштық қасиет ұрпағы Мұқағалидан да байқалатын.
Райымбектің тағы бір жұртты өзіне табындырған қасиеті — әділдігінде, дүниеге қызықпайтын тазалығында болған. Сол кездің дәстүрі бойынша, жауды жеңгеннен кейін одан түскен олжаны бөлісу керек-ті. Сондайда Райымбек батыр өзі ештеңе алмай, өзіне тиесі үлесті кембағалдарға түгелдей бөліп беріп отырған.
Ол қалмақтармен тек соғысып қана қоймай, сан рет келісім жасап, қазақ мүддесін үнемі үстем етіп отырған. Көреген мәмілегер, өз заманына сай саясаткер болғаны ерлігі мен істерінен әрдайым көрініп тұрады.
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесі қарсаңында еліміздің азаттығы үшін алысып, 30-ға толар-толмас жасында Іленің екі жақ бетін жаудан тазартып, ата-бабамыздың жер-суын өз ұрпағына қайтарып әперген батыр бабамыздың ерлігі мен азаматтық ірілігін дұрыстап тани білгеніміз, оның мақтауға да, мақтануға лайық істерін ұрпаққа үлгі ете білгеніміз абзал-ау!