- Оқушыларды тіл мәдениетіне, ауызша және жазбаша тіл шеберлігіне баулу.
«Өнер алды – қызыл тіл», — дейді халқымыз. Мектепте берілетін бүкіл білім мен тәрбие ең алдымен сөз арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да оқушылардың тілін дамыту – тек әдебиетші, тілшілер мақсаты ғана емес, ол бүкіл мектептің, барлық пән мұғалімдерінің де басты мақсаты, борышы, барлығына тән бірыңғай талап.
« — Ең әдемі сөз – аз сөз» дейді халық. «Көп сөз көмір, аз сөз — алтын» дегені тағы бар. Мәдениетті, әдемі сөйлеу үшін, көп сөйлеу міндетті емес. Қай жерде болсын, айтарыңды қысқа айтуға тырыс. Сөйлемдерің шұбалыңқы, шашыраңқы болмасын. Мәдениетті сөйлеудің бір жолы – қыстырма сөздерді, жергілікті жерлерде ғана пайдаланатын сөздерді пайдаланбау, «әй, өй» деп, өзіңді, тыңдаушыны да мазалай беру әбестік болады.
Сөйлеу мәдениеті деген – ең алдымен әдепсіз, көргенсіз сөздерді қолданбау. Осыған абай бол. Екіншіден, айғайлап, дабырланып, екіленіп сөйлеме.
Пікір таластырып тұрсаң да, сабырлы басыңқы сөйлеуге тырыс. Басқаны толық тыңда, сөзін бөле берме. Өзің де айтарыңды жинақы етіп жеткіз.
Тіл дамыту — әдебиетті оқыту әдістемесінің ең бір күрделі де маңызды саласы. Ол жүйелі түрде шығармашылық бағытта жүргізіледі.
- Оқу бағдарламасында тіл дамытуға арнайы сағаттар бөлінген, бірақ оны тек сол сағаттарда ғана жүргізу керек деп ұқпау керек. Жоғарыда айтылғандай, тіл дамытуға мұғалім әдебиеттің әр сағаты, сыныптан тыс жұмыстарда үнемі көңіл аударып отырады. Әдебиет сабағындағы тіл дамыту оқытылып жатқан көркем шығарма негізінде, оның көркем тілін жаңғырту негізінде жүзеге асуы керек. Оқушылардың әдебиет сабағында көркем тілін дамыту үшін де басқа пәндермен байланыстырып оқытудың маңызы ерекше.
Тіл мәдениетіне дағдыландыру, көркем, әдеби тілін жетілдіруде қазақ тілі сабағының орны ерекше. Шебер мұғалім тіл дамытуда осы екі сабақты үндестіріп, бір бағытқа жұмсайды. Қазақ тілі сабағында да тіл дамытуға арнайы сағаттар бөлінеді, әрі әдебиетке бөлінген сағаттардан көп. Міне, осы сағаттарды тиімді пайдаланса, мұғалім оқушылардың көркем тілін қалыптастыруда біршама жұмыстар атқарады.
Әсіресе, оқушылардың ауызша тілін, сөйлеу мәдениетін, шеберлігін арттыруда пікірталасы, айтыс сабақтар, баспасөз конференциясы, брифинг, көзқарас сабақтарының маңызы ерекше. Ал жазбаша тіл дамытуда реферат қорғау, конференция, семинар, семинар-сабақ, т.б. сабақтардың орны зор.
Практикалық сабақтар тіл дамыту жұмыстарына қолайлы болып келеді. Мысалы, І. Жансүгіров шығармашылығын оқытып болған соң, қорытынды сабақты ақын поэзиясының тіл көркемдігі, поэтикалық, эстетикалық нәрі, табысы айналасында өтуге болады. Мұндай жұмыстар тек бала білімін тереңдетіп қана қоймай, тілін дамытуға қазақтың бай тілін меңгертуге, оны бейнелі, образды, көркем түрде пайдалана білуге де жетелейді.
Тіл дамыту жұмыстарын сондай-ақ тарих, биология, т.б. сабақтармен де байланыстыра жүргізуге болады.
Әдебиет сабағының басым көп уақыты оқушылардың да, мұғалімдердің де ауызекі сөйлеу тіліне кетеді. Оқыған әңгімелерін не басқа көркем туындыларын мәнерлеп оқу, мазмұндау — әдебиетті оқытудың дәстүрлі әдіс-тәсілдері.
Мұғалім 5-7 сыныптар оқушыларының көркем тілін, ауызекі сөйлеу мәдениетін дамытуда жауаптарының жоспарын жасап үйретулері керек. Ол жоспарды тиімді пайдалануға дағдыландыру – мұғалімнің басты міндеттерінің бірі. Жоспар, нұсқау немесе тезис құрылысы мынадай бөлімдерден тұрады:
- Кіріспе сөз.
- Негізгі ойлар. Ой мен кіріспе арасындағы байланыс.
- Негізгі ойды баяндау.
- Негізгі ойдың шарықтау шегі.
- Ойды аяқтау.
- Қорытынды пікір.
- Тіл тарихы – халық тарихы. Тіл халық тарихымен бірге дамиды, өзгереді, халықтың рухани дүниесінің жетістіктерін бойына сіңіреді. Ұлттық сананың дамуын сөз төркіндерінен іздеп, олардың сөз шежіресін келешекке жеткізіп, жаңа мағына беру, оларды ғылымиландырып, жаңа сапаға көтеру – мәдениетті, өркениетті елдердің ғылымы мен мәдениетін қалыптастырудың сара жолы. Б. Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту», — дейді. Тіл – сан сөздердің жиынтығы. Көркем әдебиеттің негізгі құралы тіл.
Сөйлеу тілі – адамның ой-сезімін басқаларға білдіру үшін көркем сөйлеуге әрекеттенеді. Тіл – қатынас құралы ретінде қызмет етеді.
Тіл дамыту жұмыстарының негіздері: тіл дамыту жұмысы оқушының әдебиеттен, қоршаған ортадан алған әсері негізінде жүргізіледі. Неше түрлі тақырыпта жазылған туынды, шытырман оқиға, кейіпкер әрекеттері шәкіртке әсер етеді. Сол әсер ойлануға әкеліп, ой қозғап, бейнелі сөз тілге оралады. Мұғалім әрбір оқушыға жаңадан танылған бейнелі сөздің мән-мағынасын ашып, толық меңгертуге жол, әдіс іздейді; тіл мәдениеті бір күнде жасалмайды. Оқыту үрдісін де жүйелілікті, дағдыландыруды қажет етеді. Ауызекі сөйлеу тілі, әдеби тіл бар.