- Көркем шығарманы талдауға берілген сағаттарды мұғалім қай талдау түрімен жүргізбесін, қандай әдіс-тәсіл пайдаланбасын, соның ішінде қорытынды жұмысқа арнайы сағат бөліп, қорытынды сабақтарды өткізудің маңызына ерекше көңіл бөлуі керек. Қорытынды жұмыстарда оқушылар мәтінді қайталап оқып, не болмаса уақыттың бәрін оны талдауға жұмсайды. Балалар оқыған сайын дүниелеріне қайта айналып соғады.
- Қорытынды жұмыстарда оқыған көркем туындының мазмұны емес, оның идеясы, тақырыбы, көркем тілі, маңызы туралы мұғаліммен біріге отырып, бір тұжырым, қорытындыға келеді.Қорытынды оқушылардың бұрынғы білімін жаңғыртып, эмоциясына қайта әсер етумен шектеліп қана қоймай, оларды тың мәселелерге де жетелейді. Мысалы, 7-сыныптағы Ғ. Мүсіреповтың «Ананың арашасы» әңгімесіндегі қорытынды жұмыстарды мына мазмұнда жүргізуге болады:
- Оқушылардың эмоциясына, сезім қылына әсер ету.
- Ең басты оқиға, негізгі эпизод (идеяны ашатын) – Антоновтың Нағима ананы жазалауынан шағын инсценировка дайындау, соны көрсету.
- Әдеби айтыс, пікір таласына жетелейтін сұрақтар әзірлеу. Әңгіме неге «Ананың арашасы» деп аталады? Антоновтың өлімі туралы не айтар едіңдер? Нағима ана жеңісінің мәні, себебін ойлан.
Осы қорытындыда Ғ. Мүсіреповтің ана туралы әңгімелеріне берілген сыншы, әдебиет зерттеушілерінің бағасы оқылса (не жазылып қойса), ол да тиімді болған болар еді. Оқушылар талдау негізінде алған білімдерін ғылыми пікірлермен толықтырар еді, жазушыға, оның шығармашылығына деген қызығушылығы беки түсер еді. Жоғары сыныптарда қорытынды жұмыстар онда атқарылатын мәселелерімен күрделене түседі.
- Жоғары сыныптарда қорытынды сабақ өткізудің тиімділігі:
- Оқушылар оқып кеткен шығармасына қайта үңіледі, оған басқа мақсат, басқа көзқараспен қарай бастайды.
- Өз беттерімен іздену жұмысына кіріседі, проблемаларды шешуге бұрынғы білімдерін, икем-дағдыларын жұмылдырады, оны жаңа біліммен ұштастырады.
- Мұғалім оқушылардың алған білімдерін жаңа, тың мәселелер көтере отырып, толықтырады, байытады.
- Оқушылардың икем-дағдысы, іскерлігін арттыру жұмыстары жүреді.
- Оқытудың жалғаспалық, жүйелілік, ғылымилық принципі тоғыса келіп, оқушыларға терең білім беру жүзеге асады.
Қорытынды сабақтарды қалай ұйымдастыру әр мұғалімнің ізденісі, шеберлігіне де байланысты болмақ. Көркем мәтінді талдау жұмыстарын тиімді жүргізе білу, оның тиімді әдіс-тәсілдерін іздене білу әдебиетті оқытудың ең басты мәселелерінің кілтін таба білумен барабар болмақ.