- Кіріспе жұмыстар. Мұғалімнің алдына қойған оқу-тәрбие мақсаты, көркем шығарманың өзіне тән ерекшелігіне қарай кіріспе жұмыстары әр түрлі болып келеді. Оған кеткен уақыт мөлшері де соған байланысты болады. Кіріспе жұмыстары өтілгелі отырған тақырыпқа оқушыны қызықтыру, эмоцияларына әсер ету мақсатында жүргізіледі. Оны әңгімелеу, сол тақырыпқа байланысты қызықты қосымша материалдарды, көрнекіліктерді пайдалану арқылы немесе кинофрагменттерді көрсету, күйтабақ тыңдау т.б. жұмыстар негізінде ұйымдастыруға болады. Мысалы, М. Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» бойынша кіріспе жұмыстарда мұғалім оның жазылу тарихы, бас кейіпкер Бақтығұл тағдыры, атақты қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың әкесі – Рысқұл тағдырынан алынғаны, жазушы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романы туралы шағын әңгіме, Рысқұлдың, Тұрардың суреттері, қырғыз фильмі туралы деректер пайдалануға болады. Бұндай эпизодтар, сөз жоқ, оқушыны елең еткізіп, өтіліп отырған шығармаға деген қызығушылықты, ынтаны туғызады. Көркем туынды, оның авторы арқылы да осындай жұмыс жүргізудің маңызы зор. Автор туралы өлеңдер, оған берілген бағалар, өтілгелі отырған шығарманың әдебиет тарихындағы алатын орны жөнінде де көптеген жұмыстар жүргізудің тиімділігі зор болады.
- 7 сыныпта Қ. Аманжоловтың «Көкшетау» өлеңі беріледі. Кіріспеде мұғалім Көкшетауға сырттай саяхат өткізуге болады. Эпипроектордан Көкше баурайының түрлі түсті суреттерін (открытка, картина т.б.) көрсету. Сәкеннің атақты «Көкшетау» поэмасындағы Бурабай, Оқжетпес, Жұмбақтас, Көкше бейнелерін суреттейтін жерлерді мәнерлеп оқу, оқу үстінде суреттерін көрсетіп, түсінік берудің тиімділігі сол, бұл тәсіл әрі балалардың сезіміне әсер етеді. Бұл кіріспе жұмыс тіпті артынан өлеңді талдап болғаннан кейін де (Қасымның) іздендіру бағытындағы салыстыру жұмыстарын жүргізуде нәтижелі болып келеді. («Көкшені жырлаған қай ақын Көкшенің бейнесін нағыз суреткер ақын ретінде дәп басып бейнелеп берген?» немесе «Өзіңе қай ақынның Көкшесі ұнады?» деген сұрақтар арқылы).
- Табиғат лирикаларын өтпес бұрын, оқушыларға суреттер (пейзаж) беріп, сол арқылы немесе өздерінің білім тануы, бақылауы бойынша табиғат көріністеріне алдын ала шағын шығарма-суреттеме беру де пайдалы. Жоғары сыныптардағы кіріспе жұмыстар оқушылардың сезімі, қызығушылығын арттыру мақсатында ғана емес, ең бастысы, өтілгелі отырған тақырып, көркем туынды жайындағы білімдерін кеңейту, дүниетанымын арттыру мақсатында да жүргізіледі.