Шалкиіз жыраудың философиялық ой-толғаныстарынан туған афористік сөздері

Халықтың сан ғасырлар бойы тәжірибесінде, сол тәжірибеден қорытылған мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерінде тәкаппарлық пен менмендіктің өрісі тар, өмірі қысқалығы әйгіленетін “асқанға-тосқан” деген нұсқалы сөз бар. Шалкиіз жырларында бұл идея нақты мысалдармен дәлелденгендей.

Атадан алтау тудым деп,

Салмақтама немеңді,

Салмақтасаң немеңді,

Тәңірі тесер төбеңді.

Жырау осы шумақтағы үшінші, төртінші жолдардағы ойды бекіте түсу үшін өзі өмірде сезіп, байқаған, яки көрген көріністерінен сан салалы мысалдар келтіреді. Шалкиіз шамалауынша, жүйріктігіне желіккен ор қоян да, ретсіз сөйлеген желбуаз, дарақы кісі де көлді тастап қырға ұшқан сан үйрек те, үдере шұбырған қыр құланы да, мезгілсіз жусаған жылқы да бір тосқауылға – пәлеге жолығуы мүмкін. Бұл тұста жыраудың өмірде беталды, бағытсыз құбылыс жоқ, әр нәрсенің жөні, жүйесі, орны, уақыты, шамасы, шегі бар, өлшеусіз тасқан төгіледі, аса асқынып кеткен тосқауылға кезікпек деген ойын аңғарамыз. Олай болса, әр нәрсенің де асып-тасқан, болған-толған шағы мәңгілік емес, уақытша-өткінші. Жыраудың бұл пікірлері оның өмірдің өтпелілігі туралы ойларымен сабақтаса түседі. Өмірдің үнемі өзгеруде, дамуда екенін сезіну “Би Темірге айтқаны” толғауындағы “Еділден шыққан сызашық” шумағында да байқалады. Кешегі тебінгіге жетер-жетпесе сызашық – бүгін жарқыраған айдын теңіз. Кешегі қыршын тал – бүгін жапырағы жайқалған жасыл терек. Кешегі тең атаның ұлы – бүгін дәрежесі артық өмір иесі. Шәлкиіз пікірін жинақтасақ, кешегі кішік – бүгінгі зор. Демек, осылайша әр нәрсенің өсіп, өркендеуін, оған керісінше болып-толғанның, асып-тасқанның төгілуі мен тоқырауын суреттеуі – Шалкиіздің табиғат пен адам өміріндегі мәңгі құбылыс — өніп-өсуді, керісінше өліп-өшуді тануы еді.

Өмірдің үздіксіз дамуда екенін, дүниеде бір қалыпта өзгермейтін мәңгілік болмыс жоқ екенін мол сезінген Шалкиіздің өзінен бұрынғы және кейінгі дәуірлермен үндесіп жатқан бір пікірі – ұлы адамның өлмейтіндігі, өзі өлсе де сөзі өлмейтіндігі. “Жақсының аты өлсе де, хаты өлмейді” деп келетін халық даналығы Шалкиізде “Жақсылардың өзі өлсе де, сөзі сау” күйінде келеді.

Шалкиіз жырларында философиялық толғаныс, тебіреніс ретінде келетін дидактикалық өнеге-өсиет, мақал-мәтел, ақыл-нақылды шумақтар мол. Жырау өнеге-өсиеттік бірқатар жолдарында өмірден түйген өрісті ойларын Жақсы мен Жаманды салыстыра отырып суреттейді:

Құсты жисаң, бүркіт жи,

Қыс тоныңды түлкі етер.

Бір жақсымен дос болсаң,

Азбас-тозбас мүлкі етер.

Бір жаманмен дос болсаң,

Күндердің күні болғанда,

Жімле ғаламға күлкі етер.

“Жақсыдан – шарапат, жаманнан — кесапат” дегендей, бұл шумақтағы Жақсы – шарапатты шын дос та, Жаман – жалған дос, екіжүзді сатқын бейнесінде.

Бір жаманға сөз айтсаң,

Есікті кетер сарт ұрып.

Сол жаман елден кетер деп,

Артында жақсылар қалар шарқ ұрып.

Ал, бұл жерде Жаман – сөз қадірін білмес дөкір, дүңк, кекшіл кейіпте де, Жақсы – көл қорыған қызғыштай байыз таппай бәйек болған бағалы ер. Міне, осылай Шалкиіз жырларындағы Жақсы – жалы биік жайсаң азаматтың, ел мерейін көтерген айтулы ердің, халқының қамын ойлаған қабырғалы батырдың бейнесінде беріледі де, Жаман – көңілі көрінім жерді барлай алмас бейшара, күйбең тірлік кешкен тоғышар, Жақсыны етектен тартар күншіл, баққұмар, қызғаншақ, ақылы артынан кірер ақымақ, сыр сақтамас желауыз, дос боп жүріп екіталай кезде қас боп шыға келер екіжүзді сатқын бейнесінде суреттеледі.

Шалкиіздің бірқатар жыр жолдары халық мақал-мәтелдерімен үндес келеді. Мысалы, мақал- мәтелдердегі “Әлін білмеген әлек” деген пікірді Шалкиіз:

Бар күшіңді сынамай,

Балуандармен күреспе,

Таң боларсың әлемге,

Сөз боларсың күлемге,-

түрінде тарата түсіндіріп, нанымды насихатқа айналдыра толғайды. Ал, “Жақсының өзі өлгенмен, сөзі өлмейді, сөзі сау” күйінде кездеседі. “Жаманға сырыңды айтпа, сырыңды айтсаң да, шыныңды айтпа”, “Жаманға сырыңды айтсаң, жарға жығар”, “Жақсыда жаттық жоқ” сияқты мақал-мәтелдер мен Шалкиіздің:

Жаманменен дос болсаң,

Жазымда басың қалмас па?!

Жат туғанды сөз етсең,

Жақсыларды дос етсең,

Ғұмырың ұзақ болмас па?!

Жаманға жақыным деп сыр айтпа,

Күндердің күні болғанда,

Сол жаман өз басыңа айғақ-ты,-

деген жолдары мағыналас. Немесе “Қырық күн қырғын болса да, ажалды өледі” деген ойды жырау:

Жалаңаш барып жауға ти,

Тәңір өзі біледі,

Ажалымыз қайдан-дүр,-

деп толғайды.