Асан қайғы – XV ғасырдағы бүкіл Дешті қыпшақтың ірі жырауы.

Асан қайғының бізге жеткен мұрасы тым аз. Соған қарамастан оның жыраулар поэзиясында алатын орны ерекше.

Көңіл тоқтатып зерделейтін болсақ, мәселе жырау шығармаларының көлемінде емес, дүние-жалған, фани мен бақи туралы философиялық ойларының тереңдігінде, көркемдік деңгейінің биіктігінде жатыр.

Өз заманының кейпін көз алдымызға әкелетін Асан Қайғы толғауларының қайнар көзі тарих тереңінен сыр тартып ескі замандарға жетелейтін көне әдебиетімізден бастау алатыны даусыз. Жыраулар поэзиясындағы дәстүрлі сарындар Асан шығармаларында да молынан кездеседі. Мысалы, хандық үкіметті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру, адам, оның өзі мен ісінің сәні өмірі мен өлімінің мәні айналасындағы толғаулар Асан Қайғының жыраулық өнерінің асыл арқауы, өнімді өзегі болып табылады.

Асан Қайғының жырлары белгілі бір түйдекпен айтылып, бір бағыттағы пікір төңірегінде, не анық сезілер әлдебір жалғасып, ұласа дамып жатқан толғаныс маңында шоғырланған. Мысалы, “Көлде жүрген қоңыр қаз” деп басталатын толғауда барша ойдың басын біріктіріп тұрған күш – “Қадірін не білсін” деп қайталанып келіп отыратын тармақ болса “Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің” дейтін толғаудың өзегін ұстап тұрған күш ой, яғни тәубаға, татулыққа шақырған насихат.

Асан шығармаларындағы тармақ саны да әр түрлі. “Құйрығы жоқ, жалы жоқ” немесе “Таза мінсіз асыл тас” туындылары сегіз тармақтан тұрса, “Ай, хан, мен айтасам білмейсің” толғауы 40-қа жуық тармаққа созылған. Біздің ойымызша, Асан толғауларының тармағына бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарап, қосып не ажыратып, әйтеуір, әлденеше шумақ жасауға талпынудың қажеті аз. Тармағы аз болсын, көп болсын, жыраудың тасыған өзендей арынды ойы кейде жалғыз шумаққа сыйып кететін болса, кейде тұтас бір толғауға сыймай, әр тармақты керней түсіп, енді болмаса арнадан асып екпінге мән беру жырау поэзиясының ішкі мазмұнының қажеттерінен туған. Жырау туындыларындағы өр рух, зор пафосты беруде таза 7-8 буыннан немесе 11 буыннан құралған өлеңдер тарлық көрсетер еді” , дейді М. Мағауин.

Дұрыс айтылған пікір 7-8 буынды жыр үлгісінде жазылған Асан толғаулары екпінді. Бірақ бұл екпін дыбыстық құбылыс емес, жеке-дара табиғаты бөлек көркемдік-эстетикалық категория. Дәлірек айтсақ, бұл жерде ойдың лықсып сыртқа теуіп тұрған тегеуріні бар. Сондықтан тармақтың 7 немесе 8 буын болуы ойды серпінді, тегеурінді күйде толғауға өте-мөте ыңғайлы, оңтайлы секілді болып көрінеді.

Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

Асан жырау жырдың қасиетін шебер ашар ұтымды, ұтқыр бейнелеу құралдарын дәл таңдап қолданады.

Жыраудың шығармашылық ойлау қуаты мен даралығы тиек болып отырған тастың таза, мінсіз, асыл екендігінде де емес, оның су түбінде жататындығымен де байланыссыз. Жырау шығармасының қуат күші әр жұп тармаққа түйінделген ойдың әр келесі бір жұп тармақта айтылатын ойға қанаттас етіліп, біртіндеп күрделі поэтикалық тұтастыққа ұласуында. Жырау өнерінің таза, мінсіз поэтикалық тұтастыққа ұласуында. Жырау өнерінің таза, мінсіз де асыл қасиеттерінің ажары осы тұста ашылады. Екі тармақ аясында ұйыған ойдың маңызы мен мәні жырау өнерінің осындай тереңі мен осындай биігінде ғана жарқырап танылады.

Асанда көне түркі поэзиясынан келе жатқан бір ұйқас бар, ол өлеңнің бастапқы сөздерінің ұйқасуы. Жырау бұл көркемдік әдісті ұтымды қолданған. Мұны, әсіресе “Құйрығы жоқ, жалы жоқ” дейтін толғауындағы “құлан, жылан” немесе “таздар, қаздар” дейтін сөздердің ұйқасып келуінен байқауға болады.

Жырау өлеңдері айшықтауға да кедей емес.

Мысалы:

Бұл заманда не ғаріп?

Ақ қалалы боз ғаріп,

Жақсыларға айтпаған,

Асыл шырын сөз ғаріп.

Мұнда кезекті қайталаудың шебер үлгісі байқалады.

Жыраудың мұрасында көне әдебиетімізден келе жатқан параллелизм әдісінің психологиялық, синтаксистік түрлері де шебер пайдаланылған:

Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз,

Ой түбінде жатады.

Мұнда психологиялық параллелизмнің озық үлгілері бар.

Құлан мен жыланды қатар қою арқылы поэтикалық бейне тудырып тұрған жолдардан синтаксистік параллелизмнің сарыны сезіледі.

Құйрығы жоқ, жалы жоқ,

Құлан қайтіп күн көрер?!

Аяғы жоқ, қолы жоқ,

Жылан қайтіп күн көрер?!

Асан Қайғы шығармаларында жыраулар поэзиясында жиі кездесетін дәстүрлі көркемдік бейнелеу тәсілі дамыту да бар. Мысалы, “Ай, хан, мен болмасам, білмейсің” толғауы бұл сөзімізге толық дәлел бола алады.

Құладын құстың құлы еді,

Тышқан жеп жүнін түледі.

Аққу-құстың төресі,

Ен жайлап көлде жүреді,-

дейтін салыстыру, ұқсату, ауыстыру, алмастыру арқылы суреттеу, қорытынды жасау Асан Қайғыдан кейінгі жыраулар поэзиясынан берік орын алып, дәстүрге айналды. Жырау поэзиясының тілі бай. Метафораға, теңеуге, айшықты сөз тіркестеріне толы.

“Құладын – құстың құлы, аққу – құстың төресі” деуі, яғни құладынды құстың құлына, аққуды құстың төресіне балауы, қатар қоюы немесе “Ашу дұшпан артынан, Түсіп кетсең қайтесің” деп ашуды дұшпанға балауы жырдың мән-мазмұнын, көркін аша түседі.

Ойыл көздің жасы еді,

Ойылда кеңес қылмадың…

Метафоралық тәсіл бұл жерде де байқалып тұр.

Жайлы орынды жат басқан,

Жерді көрмей кетпекпін.

Бұл жерде жат сөзі метанимияның жақсы көрінісі емес пе? Дауыссыз дыбыстардың бірнеше мәрте қайталануы өлеңге ерекше ойнақы екпін беріп, мән-мазмұнын аша түседі.

Мысалы:

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген.

Екі семіз қолға алып,

Ерлер жортып күн көрген.

Немесе,

Көлде жүрген қоңыр қаз,

Қыр қадірін не білсін,

Қырда жүрген дуадақ,

Сөз қадірін не білсін.

Немесе,

Ойыл деген ойынды

Отын тапсаң тойыңды

Ойыл көздің жасы еді,

Ойылда кеңес қылмадың

Ойылдан елді көшірдің.

Дыбыс қайталаушылық өте сәтті қолданылған, соның нәтижесінде толғау үні асқақтап, жыраудың қайғы сарынымен ұласып ұлан-ғайыр байлық, мән мен мағына байлығы дарыған.

Біз сөзіміздің басында жырау шығармаларында көне дәстүрдің игі әсері бар екенін айттық. Сол дәстүр жалғастығы үзіліп қалмай, кейінгі жыраулар поэзиясында дамып, жаңа биікке көтерілгенін байқаймыз.