Қазақ жырауларының қай уақыттарда жасап, олардан қалған мұраның қалай сақталып жеткені, қандай қалыпта екендігі туралы ғалымдарымыздың еңбектерінен көп мәліметке қанығамыз.
Махмұт Қашқаридің сөздігінде Шөже дейтін жыраудың аты аталады. Ол XI ғасырда көшпелі түріктерден шығып, көп жыр білген жыршы болыпты.
IX ғасырда аты жеткен Қорқыт, түрлі деректерде XIII ғасырда жасаған Кетбұға, XIV ғасырдан Сыпыра жырау аталады.
Қытайда тұратын Зейнолла Сәнік “Тарих тұнығы тереңде” атты зерттеуінде (“Жұлдыз”, №3. 1993) қытай жазуында жазылып қалған сақтар мен ғұндардың; түркілердің әдеби мұрасы жайлы айтты.
Осы тұста Мағауиннің мына бір тұжырымы ойға оралады. “Қазақ әдебиеті қазіргі Қазақстан жерін жайлаған тайпалар туғызған бай рухани қазынаның заңды мұрагері еді. Ол өзіне дейін ғасырлар бойы жасаған мұрадан нәр алды, ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, соны соқпақ сараптар қалдыру нәтижесінде кемелденді.
“… Халықтың рухани өмірінде жетекші орынға шыққан поэзия әлденеше ғасыр бойы қазақ әдебиетінің жай ғана көшбасшысы ең басты жанры қызметін атқарды. Ал осы кезеңдегі Қазақ поэзиясының ең ауыр жүгін көтерген, сөз өнерінің жетекші өкілдері — жыраулар болды. Қазақ жыраулары XV-XVIII ғасырлар шегінде бүкіл әлемдік мәні бар аса құнды әдеби мұра жасады”.
Жырау кім? Оның өз қоғамда алған орны қандай еді? Жырау өнері қандай жағдайларда туып, қалай көрінеді, қай түрге (өлеңнің) қатысты не жайларды қамтыды, жырау қай кезеңдерде жасап, қай уақытта қоғамдық, әдеби өреден ығысты деген мәселелер, сөз жоқ, жырау поэзиясының табиғатына, жыраудың алабөтен айрықша қоғамдық статусына алып барады. Жырау поэзиясының көркемдік сипаттарын ашады, ғылыми негіздерін жүйелейді.
Зерттеушілер қазақ атымен аталатын әдебиеттің жасай бастаған уақытын қазақ хандығы құрылған уақытпен сабақтастырады. Бұл әдебиет, жыраулар поэзиясы түрінде жасады.
Белгілі бір себептерге орай қазақ әдебиеттану ғылымында жырау кім, жыраудың әлеуметтік тұлғасы, жыраулар мұрасының негізгі сарындары, жырау поэзиясының көркемдік негіздері дейтін мәселелер сол қазақ хандығы дәуірінде (XV-XVIII ғасырлар) жасаған қазақ әдебиетінің өкілдері, әдеби мұраның негізінде қарастырылып келеді.
Бұл дәуір поэзиясы бізге ата қоныс, құт мекеннен ауа көшудің қасіретін; қырық жыл қырғында ат үстінен түспеген жауынгердің жан мұратын; ел басқарған хандардың тура тартқан тұсы мен бұралаң бұрылыс – қате кеткен шалғайларын, т.б. толып жатқан, жазба тарихқа ауыс түскен құдырет шындықтарын қаз-қалпында жеткізді.
Қазақ қоғамында Жыраудың атқарған ісі көп; алған орны алабөтен. Көркем сөзді сүйеніш еткен өнерпаздың қазақ тарихында әсіресе аса бір беделді, аса бір өтімді болған тұсы Қазақ хандығы дәуірі болды.
Әрине, жырау, ең алдымен ақын. Өз жанынан өлең шығарушы. Және соны белгілі бір күй аспабымен орындаушы … Яғни күй әуенін туғызушы Сазгер. Жырау бұл өнерінің барлығын белгілі бір мақсатқа бағыттап отырды. Өз қоғамының, қазақ мемлекетінің ішкі-сыртқы жағдайларына: ел басқарған хандардың ісіне, айнала көрші елдермен қарым-қатынас саясатына, сырт жаулармен соғыста бірлік, ерлік жайына, ел ішінің бітімшар тұтастығына, жеке адам тірлігіндегі дүние кезеңдеріне, ұрпақ тәрбиесіне т.б. мәселелерге бағыттады; қазақ қоғамының моральдік, провалық, діни нормаларын айқындау, насихаттау, қалыптастыру ісіне араласты.
Әрине, жыраулық өнер, оның табиғатын танытар басты сипаттар әлде де ғылыми тұрғыда негізделе береді. Сонымен бірге басы ашық, әдебиеттанушы ғалымдарымыздың барлығында да қажет, қисынды ой, тұжырым аз емес. Соның бұлтарпас басты айғағының бірі – ол жырау поэзиясында жаугершілік заман сарыны жатуы. Яғни, жырау поэзиясы – жауынгерлік эпос.
Қаһармандық жырларды туғызушылар – жыраулар. Бұған бір қисынды дәлел – батырлар жырындағы өлең өлшемінің жыраудың өлең ерекшелігімен аса ұқсастығы.
Сырт жауларға қарсы күрес, елдің сыртқы, ішкі жағдайы түскен саяси ахуал көрініс беріп жататын; қаһарман жауынгердің тұлғасы соғыс сәтінде сомдалған ерлік жырларды туғызушы Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Қожаберген, Ақтамберді, Бұқар, Үмбетай, Тәттіқара жыраулар емес еді деп айта алмаймыз.
Жыраулар өнернамасының негізінде біздің әдебиетімізде қазақ халқының қилы кезеңдердегі тағдыр-талайы, ел басқарған ұлы хандар тұлғасы, олардың төңірегіндегі ер жастанып жатып, қырық жыл қырғынның ортасында жүріп, халқының азаттығы мен ар-намысын қорғаған Дарабоз батыл тұлға-тұғырлар жайлы толып жатқан батырлық жырлар, дастандар, аңыз-әңгімелер, шежіре хикаялар, шешендік ағындар қалды. Әдебиетіміздің көп асылы, үлкен томдары осы дәуірлерде туды.
Үмбетай жырау қазақ әдебиетінде Алатаудай Ақша батырдан асып, болат туған Бөгембай бейнесін сомдады. Тәттіқара әр елдің атақты батырын дәріптейді. Қожаберген елінің күйініш, тілегі солар екенін толғайды…
Жырау – қаһармандық эпосты туғызушы, батырлар бейнесін сомдаушы ғана емес, қолбасшы батыр. Оның шығармаларының басты сарыны — жауынгерлік рух, ұлт-азаттық, бостандық арман.
Жырау поэзиясының негізгі сарындары ұлт-азаттық күрес, заман күйі, ұрпақ тәрбиесі, пенделік ғұмырдың жеке бас көңіл-күйі, адамның жас шамасы, опасыз жалған дүние-тірліктен табар тиянақ-тұғыр, т.б. жайлар. XV-XVIII ғасырлар арасында жасаған жыраулардың шығармаларынан осы сарындарды ұшыратамыз.
Жырау поэзиясындағы басты сарындардың бірі – туған жер, ата қоныспен қоштасу, қымбатын жоқтау, қимасын аялау. Бұл сарын сонау қазақ хандығы құрылудың алдындағы өткен тарихи жағдайлардан күйін шерткен беріде Бұқарды алаң көңіл еткен, онан беріде Дулатты аһ ұрғызып, Мұратты мұңға батырған, Нарманбетті нар түйедей шөктірген зар еді.
Туған жермен қоштасу сарыны, қоныс мекен жайы сонау XV ғасырдағы Асан жыраудан бар. Осы сарын әсіресе XVII ғасырға шейінгі жыраулар мұрасында басым көрінеді.
Еділ менен Жайықтың
Бірін жарға жайласаң,
Бірін қыста қыстасаң,
Ал қолыңды маларсың
Алтын менен күміске!…
(Асан)
Жырау поэзиясының басты сарындары туралы жалпы сөзбен басын қайырып айта салу мүмкін емес. Әр жыраудың әрбір жеке шығармасының ішіне еніп, сезіне білу керек.