Ел бірлігін жоғары көтерген билердің қазақ тарихынан алатын орны

Қазақ халқының ежелгі рухани бай қазынасының, асыл өнерінің бірі-шешендік мектебі. Арнайы оқу орны, білім ордасы ретінде қызмет атқарған, халқымыздың ғасырлар бойғы сандаған ұрпағының тәрбиесінде отбасы, ошақ қасынан бастап, адамның бүкіл өмірінде ерекше орын алған, үзілмей келген тәлім-тәрбие, өнеге мектебі, Шоқан айтқандай “Шешендік институты” болған. Қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылған, ұлттық тіліміз бен әдебиетіміздің, мәдениетіміздің биік сатыға көтерілуіне ерекше үлес қосқан Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке би, Төле би сияқты айтулы шешендер өзінің үлкен шешендік мектебін ғана емес, халықтық ақыл-ойдың небір ғажап үлгілерін, шешендік өнердің керемет сөз маржанын қалдырды.

Төле би- қазақ халқының көрнекті қоғам қайраткерлерінің бірі, білікті би, білімдар шешен, Тәуке ханның тұсындағы атақты “Жеті жарғы” әдет-ғұрып заңы авторларының бірі.

Тарихи құжаттардың деректеріне жүгінсек, ол 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысының Шу өзенінің бойында, Әулие- Ата маңындағы Жайсаң жайлауында дүниеге келген.

Ұзақ өмір сүріп, қартайған шағында 1756 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданындағы Ақбұрхан-Орда деген жерде қайтыс болып, денесі өзі 12 жыл билеген Ташкент қаласындағы атақты Бабырдыңнағашысы Жүніс ханның қабірінің қасына жерленген. Қазір ол жерде Төле бидің басына арнайы кесене тұрғызылған.

Ол 15-20 жасында билікке араласып, әділдігімен, шешендігімен көпке танылды.

Төле би орта жүздің аға биі Қазыбек Келдібекұлымен, Кіші жүздің аға биі Әйтеке Бәйбекұлымен бірге қазақ ханы Әз-Тәуке ханның басты кеңесшісі болды. Тәукенің Түркістан қаласын Қазақ хандығының орталығы (астанасы) етіп, үш жүз ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп бір тұтас Қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар-ойрат шапқыншыларына қарсы бауырлас қазақ, қарақалпақ, қырғыз және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған шараларын жүзеге асыруға қатысады. Ол сонымен бірге Ресей мен Ұлы жүз қазақтары арасындағы қарым-қатынастарды қалыптастыруға және оны нығайтуға көп еңбек сіңірді.

Төле бидің басшылық, шешендік дарыны Қазақ хандығы ыдырап, соны пайдаланған жоңғар хандығы жойқын қолмен шабуылға шығып, қазақ халқын қырғынға, “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға” ұшыратқан кезде айқын көрінді. Ол сол кездегі қазақтың атақты Қабанбай, Бөгембай, Жәнібек, Жауғаш, Өтеген батырларымен бірыңғай халық майданын құрып, азаттық күресін басқарады. Қазақ жерін басқыншылардан азат етуге басшылық етеді.

Ел аузында Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар мен ертегі-әңгімелер сақталған. Оның атымен байланысты толып жатқан нақыл, мәтел сөздер, билік-кесімдер халық арасында кең тараған.

Төле бидің есімі тек Ұлы жүз ғана емес, сондай-ақ Орта жүз бен Кіші жүздегі ірі-ірі тарихи оқиғалармен де тығыз байланысты. Орта жүз бен Кіші жүз қазақтары арасында да ол жөнінде аңыз-әңгіме, өлең-жырлар көп сақталған. Демек, ол Ұлы жүздің ғана ру басы, Төле биі болып қоймай, бүкіл қазақ елінің саяси, мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген адам.

Төле би жас кезінде Әнет бабадан бата алған және сол кездегі белгілі батырлар мен билердің көбіне ақылшы болған.

Төле би соғысты емес, бейбітшілікті, алауыздықты емес,бірлікті, халықтар достығын, өзара ынтымақ, мәмлегерлікті жақтаған қайраткер, дипломант.

Төле би артына аталы сөз, үлгілі өсиет-өнеге қалдырған, өзінің даналық, тапқырлық әділ биліктерімен, шебер, көркем сөздерімен қазақ әдебиетін дамыту ісіне үлкен үлес қосқан айтулы шешен, кемеңгер ойшыл ретінде ұрпақтар жадында қала береді.

Ұлттың сана мен тілінің, рухы мен арман- мұратының ұшан-теңіз ұлылық қасиеттерін ересен қуат-құдіретімен көрсете білген, тәуелсіздік жолында қабырғасы қайысып еңбек еткен көрнекті мәмілегер, мемлекет қайраткері- Қаздауысты Қазыбек би.

Тарихи жазба деректерді сөйлетсек, кемеңгер би 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген, 97 жасында, яғни 1764 жылы көз жұмған. Қаздауысты Қазыбектің тегіне, затына, сүйегіне зер салсақ, Орта жүздің Арғын тайпасының Қаракесек (Болатқожа) руынан шыққан. Әйгілі ділмар Шаншар абыздың немересі, Бұлбұлдың шөбересі.

Қаздауысты Қазыбек би аумалы –төкпелі күрделі қиын заманда ғұмыр кешті. Кең байтақ қазақ жерінің бір бүйірден Жоңғар хандығы, екінші бүйірден Ресей империясы, үшінші жақтан Бұқар мен Хиуа хандықтары әбден мазасын алып, әзәзілдік көрсетіп отырды. Жан-жағынан анталаған алпауыттарға қарсы Тәуке хан икемді саясат жүргізді.

Қоғамды небір дерттерден сауықтыру мақсатында Тәуке хан Үйсін Төле биді, Алшын Әйтеке биді және Қаздауысты Қазыбек биді “Жеті жарғы” ережесін жасауға жұмылдырды.

Қаздауысты Қазыбек Жоңғария хандығына елшілік, мәмлегерлік жолмен үш рет барған. Бұған ел аузындағы аңыз-әңгімелер куә. Жол бастаған көсемнің, сөз бастаған шешеннің атақ-даңқы бірінші рет атқосшы ретінде барғанда-ақ шыққан.

Қаздауысты Қазыбектің әділдікке, дұрыстыққа, туралыққа суарылған келісті кесім-биліктері, сұлулық пен мөлдірлікке ие алғыр-тапқыр лебіздері өлшеусіз тереңдігімен, өнегелі пайым- парасатымен, даналық қорытындыларымен ерекшеленеді.

Әдебиет өнер тарихында рухани таза болмысымен, турашылдығымен, даналығымен, күйлі-қуатты әрі сымбатты сөздерімен аты аңызға айналған ақыл-ой алыптарының бірі.

Әйтеке би Тұран мемлекетінің негізін қалаған Әмір-Темірдің жеті кеңесшісінің бірі- заты Кіші жүз Алшынның Әлімінің Айыртау ұранды Төртқара бұтағынан өрбіген. Ораз қажының (1299-1385) ұрпағы, сегіз баласы бар қараш Сейітқұлдың, Ақшаханның Бәйбегінен туған. 1644 жылы өмірге келген. Ол он екі жасына дейін ұлы әкесі Ақшаханның тәрбиесінде болып, ел басқару мен әскери өнерді меңгерген.

Ел аузында “Әйтеке жарып айтады, Қазыбек қазып айтады, Төле тауып айтады” деген ұлағатты сөз бар. Әділ сөйлеу , ойды шегелеп, нақты, жарып айту батырлық пен батылдықтан, даналық пен білімпаздықтан туады.

Әйтеке бидің мәні мен сәні үйлескен мына бір лебіздерінде дүниетаным тереңдігі, алысты болжар көрегендігі көрініс тапқан:

Ағасы келсе , ардақтап атын байлағандай,

Қонағы келсе, құрметтеп жайлағандай,

Тындырымды інісі болса,

Қанат-құйрығы сай болып,

Көңілі жай болып,

Ағаның алар тынысы болса :

Інінің міндеті- басқару,

Ағаның реті- бас бағу емес пе ?

XV-XVIII ғасырлардың данагөй билері мен айбынды, айтулы шешен ділмарлары біртұтас мемлекет құру жолында жан-тәнімен батырларша аянбай күресті. Олар Отанын, жер –суын көздің қарашығындай сақтап, қаһармандықпен қорғады, әрі сот ғұрыптарына, заң ережелеріне жетік, билік, төрелік айтуға аса жүйрік, аузының дуасы бар шынайы өнерпаздар еді.