Шығыс классикалық әдебиетінің ғажайып үлгілері XIII-XV ғасырларда қыпшақ даласына кеңінен тараған еді. Фирдауси, Низами , Сағди сияқты есімдері әлемге мәшһур Шығыс ақындарының шығармаларын Алтын Орда мен Орта Азия түркілерінің сол кездегі әдеби тіліне көптеп аудара бастады.
Сарай қаласынан шыққан аса көрнекті ақындардың бірі Құтб еді. Ақын XIV ғасырдың орта кезінде өмір сүрген. Алғашта Құтб Сырдария бойындағы мәдени орталықтардың бірі Сығанақ қаласында тұрады. Кейін Сарай қаласына қоныс аударды.
Құтб ақынды қыпшақтар арасында “Құтбы” немесе “Құтып шайыр” деп те атай берген. Құтбтың біздің дәуірімізге дейін сақталып қалған жалғыз шығармасы бар. Ол – “Хұсрау уа Шырын” дастаны. Бұл шығарма-азербайжан халқының кемеңгер ойшылы, ұлы ақыны Ілияс Жүсіпұлы Низамидің “Хұсрау мен Шырын” атты поэмасының аудармасы. Оны түпнұсқадан, яғни парсы тілінен қыпшақ-оғыз тіліне еркін аударма жасаған ақын Құтб болды.
Құтб ақынның бұл дастаны қазақ оқырманы арасында ерте кезден-ақ тарағаны жақсы мәлім. Азербайжан халқының кеменгер ақыны Низамидің “Хұсрау мен Шырын ” поэмасын Құтб ақын қыпшақ-оғыз тіліне 1341-1342 жылдары аударған болса керек.
Құтбтың “Хұсырау- Шырын ” дастанының жалпы көлемі-120 парақ, яғни 240 бет. Дастан 4740 бәйіттен тұрады (Низамиде 7000 бәйіт). Соның 4685 бәйіті Құтб ақынның өзі жазған жыр жолдары. Қалғандары шығарманы көшірушілер тарапынан қосылған өлеңдер болып келеді. Құтб дастаны 91 тараудан тұрады.
“Хұсрау Шырын” дастанын алғаш зерттеушілердің бірі поляк ғалымы А. Зайончковский болды.
Көрнекті совет түркологы Ә. Нәжіп парсы тіліндегі “Хұсрау уа Шырын ” түпнұсқасы мен қыпшақ-оғыз тіліндегі “Хұсрау уа Шырын” нұсқасын салыстыра зерттеді.
“Хұсрау уа Шырынның” көркемдік және тілдік ерекшеліктеріне кезінде А. Н. Самойлович , А. М. Щербак, Э. Р. Тенишев т.б. ғалымдар назар аударған болатын. Поэманы қазақ тілі тұрғысынан жан-жақты зерттеп, бұл дастанның ғылыми сөздігін жасап шыққан ғалым А. Ибатов болды.
Дастанның басты қаһарманы — Шырын, ол — тек сұлу қыз, адал жар ғана емес, әділетті патша, халық қамқоршысы.
Шырын өз елінде ғана емес , сүйген жігіті Хұсраудың мемлекетінде де әділдік, тыныштық орнатуға күш салады. Құтб осы Шырын образы арқылы мемлекетті қашан да әділ, білімді, инабатты, мейірбанды, жандар басқаруы керек деген пікір айтады.
Дастандағы күрделі образ- Хұсрау бейнесі. Ол шығармада екі түрлі қырынан көрінеді: бірі- махаббатқа опасыз, залым Хұсрау, екіншісі — елге қайрымды, әділ патша Хұсрау.
“Хұсрау — Шырын” дастаны қазақтың лиро-эпостық жырларымен сарындас, үндес, мұны дастанның идеясы мен мазмұны, композициялық құрылысы мен баяндау тәсілдері, көріктеу құралдары дәлелдейді.
Сайф Сарай- Алтын Орда әдебиетінің XV ғасырдағы аса көрнекті өкілдерінің бірі. Ол — лирик және эпик ақын, жазушы және аудармашы.
Сайф Сарай творчествосын ұзақ жылдар бойы зерттеген көрнекті ғалым Ә. Нәжіп. Ақынның бізге жеткен жалғыз көлемді еңбегі- “Гулистан бит-турки” (“Түркі тіліндегі Гүлістан” ) дастаны.
Ақын өзі ұстаз тұтқан Сағди ақынның “Гүлстанын” аудару барысында шығарманың композициялық құрылысын бұзбай, сол күйінде сақтауға әрекет жасайды. Шығарма сегіз тараудан тұрады. Олар:
- Ел билеушілер туралы.
- Халық бұқарасы жайында
- Қанағат-ынсаптың пайдасы жөнінде
- Тілге сақ болудың пайдасы туралы.
- Жігіттік шақтың көріністері хақында
- Кәріліктің адамды кәріп етіп қоятыны туралы.
- Тәлім-тәрбиенің әсері жайында
- Әңгімелесудегі әдептілік мәселесі туралы
Бәрі прозалық қисса-хикаят түрінде айтылады.
Сайф Сарай шығармасы — әлемдік әдебиеттің алтын қорынан орын алған көркем туынды.
Алтын Орда дәуірі әдебиетінің тағы бір көрнекті өкілі — Дүрбек ақын. Ақынның бізге жеткен жалғыз туындысы-“Жүсіп-Зылиха” дастаны. Дастан 1409 жылы жазылған.
Дастанның негізгі идеясы-ел билеушілер арасындағы тәж бен тақ үшін, байлық пен мансап үшін жиі-жиі болатын қанды соғыстардың, ағайын адамдар арасындағы бақталастық пен алауыздықтың зардаптарын паш ету. Ақын ел басқаратын адамдардың әділ, ақылды, мейірімді, жомарт болуын көксейді. Ол өз оқырманын алға қойған мақсатқа жету үшін күреске үндейді. Адам бойындағы ең асыл қасиеттерді-махаббатты, ақыл мен парасатты, мейірімділікті, бауырмал болуды көкке көтере жырлайды.