Ахмед Яссауи –түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы аса көрнекті ақыны, есімі ислам әлеміне машһур болған ойшыл қайраткері. Ол мұсылман қауымының дәстүрлі қағидаларын жырлаған сопылық әдебиеттің түркі халықтары арасындағы мейлінше танымал, ірі өкілдерінің бірі болды. Ахмет Яссауи кезінде “жахрия” (экстаз) немесе “Яссауия” деп аталып кеткен сопылық-мистикалық ағымның негізін қалады.
“Диуани хикмат” (“Даналық кітабы”) – түркі тілді халықтардың XII ғасырдан сақталған әдеби ескерткіштерінің бірі саналады. Бұл өлеңдер жинағы қазақ әдебиетінің де орта ғасырлық нұсқасы болып табылады. Өйткені Яссауи Хикматтарының тілін ұзақ жылдар бойы зерттеген көрнекті совет ғалымы А.К. Боровковтың пікірі бойынша “Даналық кітабы” оғыз –қыпшақ тілінде өмірге келген әдеби туынды.
Бұл өлеңдер жинағының алғашқы түп нұсқасы сакталмаған. Ең ескі нұсқасы XV- ғасырдың орта кезінде араб емлесімен көшірілген. “Даналық кітабы” Қазан (1887-1901ж), Стамбул (1901), Ташкент (1902-1911 ж.) баспаларының бірнеше рет жеке-жеке кітап болып басылып шығады.
Ахмет Яссауи өлеңдер жинағының ең толық нұсқасы Қазан басылымы болып табылады. Мұнда 149 хикмат берілген. Соның 109 хикматы Яссауидің өзінікі екені даусыз. Қалғандары шәкірттері тарапынан жазылып жинаққа еніп кеткен жыр жолдары болса керек.
Түркия ғалымы М. Ф. Кепрюлю-заде Ахмет Яссауи хикматтарының жазылу тарихын, поэтикасын, әлеуметтік бағыт — бағдарын тұңғыш рет әдебиеттану ғылымы тұрғысынан жан-жақты зерттеп, ол туралы келелі ғылыми еңбек жазғаны мәлім. Ғалым 1928 жылы Ахмет Яссауи поэзиясын ғылыми негізінде жүйелеп, Стамбул баспаларының бірінен жеке кітап етіп шығарды.
Белгілі орыс ғалымдары А.Н. Самойлович, Е.Э. Бертельс, А.К. Боровков, Г.Ф. Благова, т.б. Ахмет Яссауи жырларын зерттей келіп, кезінде оны жоғары бағалады, әрі ақынның өзінен кейінгі сөз зергерлеріне тигізген әсері зор болғанын ерекше атап көрсетті.
Сондай-ақ Ахмед Яссауи поэзиясының зерттеу ісіне Э.Р. Рустамов, Н. М. Маллаев, В.И. Зохидов сияқты өзбек ғалымдары да едәуір үлес қосты.
“Даналық кітабында” негізінен төрт нәрсе мадақталады. Олар: “шариғат”-ислам заңдары мен әдет ғұрпының жинағы, “тариқат”- сопылықтың идеясы, мұрат-мақсаты, “маьрифат”- дін жолын танып, оқып білу; “хақиқат” құдай және оған жақындау. Ахмед Яссауидің ойынша, “Шариғатсыз”, “тариқат”, “тариқатсыз” ” маьрифат”, “маьрифатсыз” “хақиқат” болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады.
Әділдік жолына түсу, ақиқатты іздеп табу, адамның рухани өмірінің таза болуы сияқты құбылыстарды Ахмед Яссауи ислам дінінің шарттары арқылы түсіндіруге әрекет жасады . Соның өзінде, ақын әлеуметтік қайшылықтар мен теңсіздіктерді сынап, халық мүддесін ескергісі келмеген тәкәппар жандарды әшкерелеп отырады. Халықты ізгі қасиеттерге, адамгершілікке үндейді.
Бүкіл әлемдегі түркі тілдес халықтарға ортақ мұра саналатын Ахмед Яссауидің ғажап жырларын оқып – үйренуге, зерттеуге, жариялауға біздің елімізде соңғы кезге дейін тиым салынып келгені мәлім. Тек елімізде қызу жүріп жатқан қоғамды қайта құру, жариялылық процесінің арқасында ғана Ахмед Яссауи туралы ашық сөйлесуге мүмкіндік туды. Ақын жырларын зерттеу, тәржіма жасау істері шындап қолға алына бастады.
Бұған 1990 жылы қазан айының 23-27 жұлдызында Түркістан қаласында ЮНЕСКО-ның бағдарламасы бойынша “Яссауи әлемі” деген атпен өткізілген халықаралық ғылыми конгрестің материалдары толық дәлел. Ахмед Яссауи мұрасын танып – білу, оны қоғам игілігіне пайдалану қажеттігі осы халықаралық маслихатта ерекше атап көрсетілді.
Белгілі әдебиет зерттеушісі Р. Бердібаев қазақ көркем сөз өнері мен Ахмед Яссауи поэзиясы арасындағы дәстүр жалғастығы туралы айта келіп, “түркі әдебиетінде жиі ұшырайтын “иман нұры” , “захар көзі”, “сырдың көзі”, “табиғаттың ләззаты”, “махаббат майданы”, “маьрифат бостандығы”, “хақиқат дариясы”, “ғашықтың дерті”, “махаббат бостандығы”, “гүл шарабы”, “көңіл кәбәбі”, “Дәрислам сарайы”, “ақиреттің азығы”, “махаббат жүгі”, “маьрифат бұтағы”, “үміт құрығы”, “шариғаттың көйлегі”, “ғашық дүкені”, “мехнаттың дариясы”, “дүрдің кені”, “жан даласы”, “шайтан жолы”, “нәпсі шайтан”… тәрізді бейнелік қатарлар бұрыннан келе жатқан тамаша дәстүр айдынына апарды ”, — деп жазды.
Ахмет Яссауидің сопылық – мистикалық сарындағы ой-пікірлерін оның шәкірттері жалғастырып, кезінде көптеген хикмат – жырлар жазғаны мәлім.Ғұлама ақынның ел ішінде ең танымал болған дарынды шәкірттерінің бірі Сүлеймен Бақырғани еді. Ақынның туған жылы белгісіз, 1186 жылы қайтыс болған. Оны жұрт Хакім ата деп атаған.
Сүлеймен Бақырғани да өзінің гуманистік бағыттағы ой — түйіндерін ислам діні қағидалары тұрғысынан түсіндіруге әрекет жасайды. Ал біз соңғы кезге дейін дін атаулыға сыңаржақ қарап, оның адамды ізгі қасиеттерге үндейтін ілгерішіл ролін теріске шығарып келдік. Сол себепті Сүлеймен Бақырғани өлеңдері де күні бүгінге дейін зерттелмей, жарияланбай келеді. Бертін келе Бақырғани жыр-жинаған “Бақырғани кітабы” деп атайды. Бұл жинақтағы өлеңдер өзінің тақырыбы, мазмұны, құрылысы жағынан Ахмет Яссауидің “Даналық кітабына” ұқсас болып келеді.
Бақырғани өлеңдері кезінде ел арасында ауызша да мейлінше кең тараған. Әсіресе оны ел аралаған дәруіштер көп айтатын болған. Бертін келе Бақырғани жырлары ел аузынан жиналып, 1877 жылы Қазанда жеке кітап болып басылып шығады.
Сүлеймен Бақырғанидің “Ақыр заман кітабы” және “Бибі Мариям кітабы” деп аталатын екі дастаны бар. Олар негізінен діни аңыз-әңгімелер сюжетіне құрылған. Сопылық – мистикалық ой-пікірлерді уағыздайды. Сонымен бірге, бұл дастандарда оқырманды ізгі қасиеттерге үндеу сарыны да бар.
Кезінде күллі түркі тілдес халықтарды тамсандырған Ахмет Яссауи мен Сүлеймен Бақырғанидің хикмат-жырлары қазақ әдебиеті тарихынан тиісті орнын алып отыр.