Орта ғасыр, дәлірек айтсақ, X-XII ғасырлар – Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ана тілі мен әдебиетінің өркендеп-өсуіндегі жаңа басқыш болды. Өйткені бұл кезде араб халифатының билігі жойылыпы, ел басқару ісін жергілікті жерлердегі феодалдар мен ақсүйектер өз қолдарына алған еді. Енді араб тілі бұрынғыдай міндетті мемлекеттік тіл болудан қалды.
Сонымен, X-XII ғасырларда түркі әдеби тілі жан-жақты дамып, жетіле түсті. Мұның өзі түркі халықтарының, соның ішінде, қазақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз, т.б. халықтардың этникалық құрамының қалыптаса бастауы мен олардың әлеуметтік-қоғамдық өмірдегі ролінің біртіндеп арта түсуіне байланысты болды.
Сөйтіп, “қыпшақ, оғыз, қарлұқ және ұйғыр тайпалары мен халықтарының тілдері негізінде X-XII ғасырларда араб графикасының түрік жазуы қалыптасты. Әдебиеттің көптеген ескерткіштері аралас қарлұқ-ұйғыр және қыпшақ-оғыз тілдерінде жазылды.”
Қазақстан территориясын мекен еткен түрлі тайпалар мен тайпалық бірлестіктердің қоғамдық, экономикалық және мәдени өмірінде X-XII ғасырда елеулі өзгерістер болды.
VIII-IX ғасырларда жаулап алған араб басқыншыларына қарсы халық жер-жерлерде көтерілістер жасады. Сондай көтерілістерді жергілікті, феодал-ақсүйектер пайдаланып араб халифаларының билігін жайып, әкімшілікті өз қолдарына алады. Соның нәтижесінде Жетісу жері мен Шығыс Түркістанда X ғасырдың орташенінде Қарахан мемлекеті пайда болады.
Қарахан әулетінің негізін салушы Сатуқ Боғра хан (915-955 ж) еді.
Ал XI ғасырдың бас кезінен қазақ жерінде қыпшақ мемлекеттік бірлестігі құрылып, ол бірте-бірте нығайып келе жатты. Қыпшақ даласын Шығыс елдерінде “Дешті-қыпшақ” десе, орыс жылнамаларында “Половецтер” даласы деп атайды.
Осы кезеңде өндіргіш күштер мен феодалдық қатынастар өз тарихи дамуының бұрынғыдан да биігірек басқышына көтерілді. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын көшпелі және жартылай көшпелі халықтың едәуір бөлігі отырықшы ел болды. Қалалар мен қолөнер өндірісі өркендей түсті. Қала тұрмысы өрлеп, қолөнер кәсібі, зергерлік, сәулетшілік өнері едәуір дамыды. Қарашоқы, Қарнақ, Қойлық, Ашнас,Баршынкент сияқты қалалар пайда болды.
Сол кездегі Қазақстан қалаларының ең ірісі Отырар мейлінше өрлеп тұрды. Отырар – көшпелі және отырықшы түркі тайпаларын өзара байланыстырып тұрған экономикалық қана орталық емес, сонымен қатар, ол аса ірі сауда, қолөнер әрі ғылым мен мәдениет ошағы да болды. Мұнда көптеген білім ордалары, медреселер, аса бай кітапхана, т.б. болды.
Сәулетшілік өнерінің озық үлгілері — Айша бибі күмбезі, Бабаша хатун мовзолейі, Аяққамыр, Алаша хан күмбездері бой көтерді.
Бұл кезде Орта Азия мен Қазақстанда Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан Беруни сияқты есімі мәшһұр энциклопедист ғалымдардың ішінде Әл –Фараби тұлғасы оқшауланып тұрды.
Сонымен қатар орта ғасырларда Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінеки, Ахмед Яссауи сияқты көркем сөз зергерлері мен тілші – ғалымдар түркі тіліндегі көркем әдебиеттің шарықтап, өсіп-өркендеуіне мол үлес қосты.
Орта ғасырдағы ең танымал әдеби туындылар- “Құтадғу білік”, “Диуани лұғат ат — түрік”, “Хибат үл-хақайық”, “Диуани хикмет” сынды шығармалар Қарахан мемлекетіндегі тайпалар мен халықтардың бәріне түсінікті, ортақ тіл болып табылатын түркі тілінде жазылды.