Мақта әлемнің 70-ке жуық елінде өндіріледі, оның аумағы тропиктік және субтропиктік елдермен шектелген 47° солтүстік ендік пен 35º оңтүстік ендікте таралған. Мақта-шикізатын өндіруші жетекші мемлекеттер: Қытай, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Өзбекстан, Бразилия т.б. Ең көп мақта егістік алқабы Үндістанда – 10 млн. га, ал Қытайда – 6, АҚШ-да – 5,8, Пәкістанда – 3, Өзбекстанда – 1,4 және Бразилияда – 1,3 млн. га. Әр жылдық мақта талшығы өндірісі Қытайда – 6,7 млн. т жуық, АҚШ-да – 5,4, Үндістанда – 2,7, Пәкістанда – 2,19, Өзбекстанда – 1,25 және Бразилияда – 1,24 млн. т құрайды. Бұл елдердің үлесіне әлемдегі 87% мақта талшығы өндірісі тура келеді[1].
Қазақстан мақта шаруашылығы бойынша дүние жүзіндегі солтүстік елдер қатарына кіреді. Сондықтан мақта өнімін өндіруде ең тәуекелді ел болып есептеледі. ОҚО негізінен ортаталшықты мақта сортын өсіруге мамандандырылуда. Республикамызда көп жылдардан бері (1980-1990 жж.) мақта шаруашылығын механикаландыру астық шаруашылығын механикаландырудан қалыспаған. Соңғы жылдары (1995-2010 жж.) мақта жинауда қолмен теру басымдылық танытуда. Мақтаны машинамен жинау күн тәртібіндегі өзекті мәселе.
Қазақстанда мақта-шикізатының түсімділігі нарық сұранысы мен ауа райы жағдайының өзгеруіне тәуелді. Соңғы жылдары мақта егістік алқабы 223,7 мың гектардан 134,2 мың гектарға дейін қысқартылды, жалпы мақта-шикізатын жинау 467,1 мың тоннадан 239,8 мың тоннаға төмендеп, 227,3 мың тоннаға кеміді (1 және 2-суреттер). Ауа райы жағдайының қолайлылығы Түркістаннан Шардараға дейін мақта өсіру мүмкіншілігіне ие. ОҚО-да мақтаны 8 ауданда өсіреді: Мақтарал, Шардара, Түркістан, Сарыағаш, Ордабасы, Отырар, Арыс және Бәйдібек (3-сурет). 2012 жылы ОҚО-ның мақта өсіретін аудандарында мақта шиті 137,7 мың га егістік алқабына егілді, соның ішінде Мақтарал ауданының үлесі – 95,8 мың га (70%). Әрбір мақта өсіретін аудандарда өздерінің ерекшіліктеріне, топырақ және ауа райы жағдайына бейімделген шиті мақта өсімдігі сорттарының түрін өндіруді ұйымдастыру жағдайлары бар.
Соңғы 20 жылда Қазақстанда мақта-шикізатытүсімділігі орташа 18…21 ц/га шамасында және оның өсу үрдісі байқалмайды. Қазақстан мен Өзбекстанда мақта-шикізаты түсімділігінің орташа салыстырмалы көрсеткіші 4-суретте, ал Мақтарал ауданы бойынша 5-суретте келтірілген.
Қазіргі уақытта бәсекелестікте тек қана кешенді механикаландыруды кең қолданған шаруа қожалықтары ғана шыдай алады. Сонымен бірге, мақта шаруашылықтарында механикаландыру деңгейін көтерумен жаңа, жетілдірілген агротехникалық әдістерді қолдану мақта өнімділігін арттыру мүмкіндігіне себеп болады [2]. Шағын шаруа қожалықтарында қажетті техниканың жоқтығынан қорүнемді (ресурсүнемді) және озық технологиялар ғана емес дәстүрлі технологияларды да қолдана алмайды, ал жер және еңбек мүмкіндіктерін тек жартылай ғана қолданады. Олар техникалық жаңғырту және қорүнемді технологияларға өтуде несие алу үшін несие берушілердің талаптарын өндіру үшін уақытын өткізеді және олардың қойған талаптарына көнуге мәжбүр.
ОҚО-ның аудандарында мақта шаруашылығын механикаландыру деңгейі бір қалыпты емес әртүрлі екенін атап өткен жөн. Мақта өсіру Мақтарал ауданында жоғары деңгейде, ірі шаруашылықтар және тегіс алқаптарда жақсы дамыған.
1-сурет. Қазақстандағы мақта егістік алқабының ауданы
2-сурет. Қазақстанда жалпы жиналған мақта-шикізатының көлемі
3-сурет. Оңтүстік Қазақстан облысының мақта өндіретін аудандары бойынша мақта егістік алқабының ауданы (2012 ж.)
4-сурет. Қазақстанда және Өзбекстанда жиналған мақта шикізатының орташа түсімділігі
5-сурет. Мақтарал ауданында жиналған мақта-шикізатының орташа түсімділігі
2012 жылы ОҚО-ның мақта өсіретін аудандары бойынша мақта егіс алқабы құрылымында 5 га дейінгі шағын шаруа қожалықтарының үлесі 51,9% құрады, 10 га дейін – 6,4%, Мақтарал ауданында бұл көрсеткіштер – 74,5% және 22,5% болды (6 және 7-суреттер).Шағын тауарлы шаруа қожалықтарында мақта-шикізаты өндірісі технологиясының барлық сатыларында, операцияларында қол еңбегі басым орындалады. Тек топырақты егіс алдында дайындауда, тұқым себуде және қатар (жүйек) араларын баптауда (культивациялауда) машина мен құралдар қолданылады. Шағын шаруа қожалықтарында мақта-шикізаты өндірісін механикаландырудың маңызды ерекшелігі – жер үлестерінің шағын аумағы және олардың пішіндемелерінің күрделілігі.
Саны басым шағын шаруа қожалықтарында мақта егісі көп жылдар бойы тек қана бір жер үлесінде өсіріледі, ауыспалы егіс жүйесі қолданылмайды. Сол себепті мақта-шикізатының түсімділігі жыл сайын бір деңгейде. Жыл сайын өнім алу органикалық және минералдық тыңайтқыштарды енгізумен жүзеге асырылады. Сонымен бірге, тиеу-түсіру және органикалық тыңайтқыштарды шашу қол еңбегімен орындалады. Негізгі шағын шаруа қожалықтарының басым көпшілігі отбасы негізінде ұйымдастырылған, ал жанұяда 2-3 толық жұмыскер бар және олар еңбек қорларымен шектелген. Келешекте бұл өзекті мәселені шешу одан ары қиындайды. Себебі, еңбек құны мен айрықша білікті мамандарға (механизаторлар, сушылар т.б.) талап артады.
6-сурет. Оңтүстік Қазақстан облысы мақта шаруашылықтарындағы егістік алқабының құрылымы
7-сурет. Мақтарал ауданының мақта шаруашылықтарындағы егістік алқабының құрылымы
2012 жылы Мақтарал ауданы мақта қожалықтарының егіс алқаптары құрылымында шағын шаруа қожалықтарының үлесі 100,8 мың га (85,8%), акционерлік қоғамдарда – 9,9 мың га (8,4%), өндіріс кооперативтерінде – 6,8 мың га (5,8%) құрайды (8-сурет). Осы уақытта шағын шаруа қожалықтарының орташа жер телімдерінің өлшемі 4,81 га, акционерлік қоғамдарда – 408,3 га, өндіріс кооперативтерінде – 485,7 га құрайды (9-сурет).
Қазақстанда 1 ц көлемде мақта-шикізатын өндірудің еңбек шығыны айтарлықтай жоғары деңгейде. Ол ірі шаруашылықтарда 27 адам-сағ/ц (800 адам-сағ/га), ал шағын шаруа қожалықтарында 68 адам-сағ/ц (1500 адам-сағ/га) құрайды, яғни АҚШ-на (2,1 адам-сағ/ц) қарағанда 13…32 есе көп. 1 ц көлемдегі мақта-шикізатының өзіндік құны: ірі шаруашылықтарда (егіс алқабы 500 га-дан астам) 2980 тг, ал орташа шаруашылықтарда (егіс алқабы 100…300 га) – 3110 тг, шағын шаруашылықтарда (егіс алқабы 10 га дейін) – 3730 тг [3]. 1 ц көлемде мақта-шикізатын өндіруде жинау жұмыстарының үлесі барлық еңбек шығындарының 60%-нан астамын құрайды. Соңғы жылдары мақта жинауды механикаландыру деңгейі төмендеп, 1981 жылы машинамен жинау жалпы терімнің 85%-ын құраған, ал қазіргі уақытта 25%-дан аспайды [13].
Қазіргі уақытта мақта егуші шаруашылықтарда қозаны өсіруде дәстүрлі технологиялармен қатар басым жағдайда ескірген аз өнімді ТМД елдерінің техника түрлері мен конструкцияларын қолдануда. Мақта шаруашылығын механикаландырудың орташа деңгейі 20…30% құрайды, соның салдарынан еңбек өнімділігі өте төмен деңгейде. Қолмен терумен салыстырғанда машинамен жинау еңбек шығынын 25…30 есеге азайтуы мүмкін. Мақтаны машинамен жинау – күн тәртібіндегі өзекті мәселе.
Мақта шаруашылығы өндірісінің техникалық жабдықталу жағдайының нашар болуы технологиялық кешендердің толық жинақталмағандығына, техниканы жасап шығару сапасының төмендігіне және сенімділігінің жеткіліксіздігіне байланысты. Сонымен бірге, мақта шаруашылығы үшін техникалардың уақытында жеткізілмеуі технологиялардың бұзылуының негізгі себебі болып есептеледі. Агротехникалық іс-шаралардың өз уақытында орындалмауы және технологиялық операциялар мерзімдерінің созылуы нәтижесінде мақта өнімділігінің шығыны 20%-ға дейін жетеді.
Шағын шаруа қожалықтары жағдайында жоғары еңбек сыйымдылықты үрдістерді механикаландыру деңгейін көтеру мәселесін шешуде оларды ірілендіру немесе бірлесу (кооперация) арқылы ұжымға ауыл шаруашылығы техникаларының топтамасын сатып алу және пайдалану тиімді болып есептеледі. Шағын шаруа қожалықтарының соңғы жылдардағы іс-әрекеттерін талдау – инженерлік-техникалық қамтамасыз етудің жетіспеушілігі олардың іс-әрекетінде өндірістік көрсеткіштердің төмендеуінің негізгі себептерінің бірі екенін анықтады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда мақта шаруашылығы төмен дәрежеде механикаландырылған және ауыл шаруашылығының көп шығынды саласы болып табылады. Бәсекелестіктің артуы – ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін мақта шаруашылығын жандандыру үшін барлық жаңа мүмкіншіліктерді іздестіру арқылы мақта-шикізатының өзіндік құнын төмендетуге, соның есебінен өнімділігін көтеруге және өндірісте еңбек шығыны мен құралдарды қысқартуға мүмкіндік жасайды.
8-сурет. Мақтарал ауданының мақта шаруашылықтарының түрлері бойынша мақта егістік алқаптарының ауданы
9-сурет. Мақтарал ауданының шаруашылықтарындағы мақта егістік алқабы жер телімдерінің орташа ауданы
Мақта шаруашылығын технологиялық, инженерлік-техникалық және экономикалық ұйымдастырудың қалыптасқан деңгейде қамтамасыз етілмеуі мақта-шикізаты өндірісін көбейтудің стратегиялық тапсырмасының шешімін тежеуде.
Мақта-шикізаты өндірісі үшін Машиналар жүйесін жасау ТМД елдерінің ішінде тек қана Өзбекстанда әр 5 жылда қайта қаралады және ол осы елдің табиғи-шаруашылық жағдайында қолдануға бейімделген [4-5]. Мақта өсімдігін өсіру және мақтаны машина мен құралдарды пайдаланып жинап алу, сонымен бірге техникалық құрал-жабдықтарды жасап шығару сияқты негізгі мәселелер бірқатар еңбектерде келтірілген. Мақта шаруашылығы дамыған АҚШ, Қытай, Бразилия, Өзбекстан, Түркия, Израил, Аргентина т.б. елдерде мақта өндірісі үшін техникалық құралдарды жасап шығару бойынша бірқатар жұмыстар орындалған, оларды біздің еліміздің жағдайында талдау және тиімді пайдалану мақсатында сынаудан өткеру қажет[6-7].
Әлемдік ауыл шаруашылық машина жасау өндірісі өсімдік шаруашылығы үшін әртүрлі өнімділіктегі үлкен топтамада ауыл шаруашылық техника-құралдарын ұсынады. Мақта шаруашылықтары үшін Машиналар жүйесін қалыптастыру, мақта өнімділігі мен сапасын көтеріп, оны өндірудегі ең төменгі шығынға жеткізу қажеттігін қамтамасыз ететін агротехникалық талаптарға сәйкес ұсыныстар жасау керек. Машиналар жүйесі құрамына тек қана ТМД елдерінің техникалары ғана емес, сонымен қатар алыс шетелдердің заманауи техника-экономикалық көрсеткіштерге ие машиналары кіруі мүмкін.
Мақта жинау машиналары және олардың жұмыс аппараттарын, динамикасын, жобалауын, техникалық деңгейін, өндірісін, пайдалануын, жетілдіруін т.б. негізін жасау мәселелері бірқатар ғалымдардыңжұмыстарында баяндалған.
Сонымен мақта шаруашылығы үшін шетелде жасалған техникалық құралдарға талдамалық бағалау, жаңа машиналарды сынақтан өткеру, біздің мемлекетіміздің табиғи шаруашылығына және ұйымдастыру түрлеріне сәйкес етіп өндіріске енгізу қажет.
Сол себептен, ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне мақта-шикізаты өндірісі үшін тиімді технологияларды және заманауи техникалық құралдарды таңдау үшін ұсыныстар жасау қажет. Ағын су, энергия және қорүнемді технологияларды, үдемелі агротехникалық тәсілдер мен ауыл шаруашылығын механикаландыру деңгейін көтеруді қамтамасыз ететін технологияны жасау және енгізу үшін тозығы жеткен ескі техникаларды сапалы заманауи техникаға ауыстыру қажет. Бұл үшін мақта-шикізаты өндірісінде Машиналар жүйесін жасау және оны жүзеге асырумен орындалады.