М. Әуезов Абай жайлы романдарын жазу барысында ұлы ақынның әдеби ортасы мен ақындық мектебі жайлы мәселеге оралып, көпжылдар бойы зерттеу үстінде жинақталған ойларын, өзінше екшеп алған танымдарын көрсетуді мақсат етеді. Осыған байланысты ол 1944 жылы қараша айында Абайдың ақындық мектебі туралы тақырыпқа арналған 9 бөліктен тұратын тезис жазады. М. Әуезовтің бұл тезисті жазудағы мақсаты болашақ эпопеяның сюжеттік желісіне арқау боп өрілер Абайдың әдеби ортасы мен Абай маңына топтасқан өнерлі жастардың озық өкілдері ретінде ақын шәкірттер бейнесін жасауды жоспарлау еді.Абайдың ақындық мектебі туралы М.Әуезовтің ғылыми ой-пікірлерінің негізгі бағыттары осы тезистен айқын көрінеді.
М.Әуезовтің осы тезистегі ғылыми ой тұжырымдарын көркем шығармаларында қалай жүзеге асырғандығы жөнінде М. Мырзахметов: «… Бұрынғы зерттеулерінде көбірек қарастырып, ойға түйген Абай ақындығының айналасы жайлы ойлар төркіні соңыра эпопея желісіне әр қилы көркемдік тәсілдер арқылы сіңісе бастады. Әсіресе Абай мектебі немесе ақын шәкірттері жайлы ой тұжырымдары әуелі «Ақын аға» романында мол көрінді».
Ғалымның осы пікірлері кең түрде таратып айтуды қажет етеді. Шындығында Абай ақындығының айналасы жайлы мәселе М. Әуезовтің көркем шығармаларның желісінде орын алған .
Төрт томдық эпопеяны оқытудың (санаулы сағаттар ішінде ) ерекше маңызды әрі, қиын мәселе екендігі түсінікті. Сондықтан суденттерге, ең алдымен, эпопеяны өзін оқытуды ұйымдастыра білу керек.
Үлгі:
«Абай жолы» — І кітап
Бөлімдер : «Қайтқанда ». Басты оқиғалар:
а) Абай Семейден елге оралады.
ә) Қодар мен Қамқа өлімі
б) Абайдың ауырып қалуы, ақын Байтастардың Ұлжан мен Зереде қонақта болуы.
Негізгі кейіпкерлер: Абай, Ұлжан, Зере, Құнанбай, Қодар, Қамқа, Майбасар, Бөжей, Сүйіндік.
Эпопеяны қалай талдау керек. Эпопеяны талдау барысында кейіпкерлерді жеке дара қарастырмай, бас кейіпкер, эпопеяның алтын тұғыры-Абай мен оның заманы-феодалдық қоғаммен байланыстыра талдау шығарманың негізгі мәні, қасиеті, құдіретін сақтай отырып, түсіндіруге жол ашады. Талдауға былай келуідің басты себебі, эпопеяда сөз болатын барлық мәселелер Абайға келіп тіреледі, барлығы Абай айналасында, олар өмір сүріп отырған замана қайнауында жүріп жатады:
- Абай жолының қалыптасу сатысы.
- Абай, феодалдық қоғам және Құнанбайлар.
- Абай, феодалдық қоғам және Дәркембайлар, т.с.с., деп жүргізудің, білімділік, танымдық жағынан болса да, маңызы зор болмақ.Себебі не ? Біріншіден, «Абай»- тарихи роман. Бас кейіпкер- тарихи тұлға . Оның сомдалуы, ұлы ақын, демократ, гуманист, ағартушы дәрежесіне жетуі сол өзі өмір сүрген қоғаммен, оның өкілдерімен күресте қалыптасады, күресте толысады.
Эпопеяның әр кітабындағы негізгі оқиғаларды теріп жазып пайдаланудың тиімді жағын : төрт кітаптың негізгі-негізгі оқиғаларынан хабардар ету, естеріне түсіру, әсіресе, кейіпкерді талдау барысында оның көмегі зор болмақ.
Жазушының «Абай жолы» романында көтерген күрделі проблемалардың бірі-жер дауы. Романдыға барлық оқиға осы проблема маңында өрбіп, топталып, түйнделіп келеді. Романдағы оқиғалардың байланысы болып есептелінетін Қодар мен Қамқаның өлімі де, басқа даулар да жер мен қонысқа байланысты.
Жазушы осы оқиғалардың бәрін де өз орнына қойып, көркемдікпен баяндай отырып, тіршілік тұрмысы тікелей малмен байланысты болған қазақ халқының өткен өмірінің толық қанды әсем картинасын жасайды.